ЖАЙ ҒАШЫҚТЫҚ ПЕН ШЫНАЙЫ ҒАШЫҚТЫҚ

Адамдар арасындағы ғашықтық сезімді Аллаһ тағалаға деген шынайы ғашықтыққа ұластыруға бола ма? Бұл мүмкін болса, ол қалай жүзеге асады?

Сезімнің арнасына сыймай асып-тасуын ғашық-тыққа балаймыз. Махаббат – білудің, танудың немесе нағыз кемелдікті түйсінудің нәтижесінде пайда болады. Жалпы, пенделер арасындағы әдемілік, сырт келбеттің ұнамдылығы сияқты жайттардың негізінде туындайтын сүйіспеншілік сезім адам табиғатына тән құбылыс.

Адамзат баласы өзі танымаған жанды жатсынады. Ал оны танып, жақсы көруге тұрарлығын түйсінсе, іштей жылы қабылдайды. Жүрегі сүйеді. Кәпірлердің Аллаһты ұнатпауы, Пайғамбарымызға құрметпен қарамауы осындай білмеуден, танымаудан туған.

Сүйіспеншіліктің шыңы «ғашықтық» деп аталады. Қарапайым махаббатта кездеспесе де ғашықтықта түрлі оғаш қылықтар орын алып жатады. Сүйген адамның сүйіктісінің бойынан кемшілік көрмеуі, ғашығына көзі байлануы, есі кетіп, аласұрып, өзге ештеңені ойлай алмауы, ешкімді оған теңгермеуі заңдылық тәрізді. Айталық, сүйіктісін сөз еткенде: «Ғашығымның қасында хор қызының өзі жолда қалады», немесе, «Сүйіктімнен басқа маған жұмақтың да қажеті жоқ» деген секілді т.б. асыра айтылған сөздер адамға деген ғашықтықтың нышаны. Көп жағдайда мұны ақыл мен қисынға сыйдыру қиын. Мәжнүнді ен сахарада тентіреткен, Фархатқа толағай шабытпен тау ойдырған да – міне, осы ғашықтық сезімі еді.

Аллаһ тағаладан басқаны сүю жадағай сүйіспеншілікке жатады. Мәжнүннің, Фархат пен Зылиханың махаббаттары – осыған дәлел. Бұдан бөлек, жаратылысынан бойға біткен тағы бір ерекше сезім бар. Ол – ата-ананың бауыр еті баласына деген мейірлі махаббаты. Негізі мұндай мейір-шапағат Жаратушының Рахман, Рахим есімдерінен бастау алады. Аллаһтың адамдар мен жаратылған жалпы тіршілік иелеріне деген сүйіспеншілігінің (әрине, пенденікі кем-кетікті) адам жүрегіне түскен бір ұшқыны «мейірім» деп аталады.

Иә, Мағбуд Мұтлақ[1]  сипатына ие Жаратушыдан басқаға деген ессіз құштарлық шынайы махаббатқа жатпайды. Шынайы ғашықтық − бар жан-тәнімен Аллаһ тағаланы ғана сүйе білуді білдіреді. Бір ескерте кетерлігі, Аллаһқа ғашықтық үлкен мәртебені қажет етеді. Мүминдер Расулаллаһты жақсы көру арқылы мүминдік мәртебеге, анығырақ айтқанда, мүминдегі сүйіспеншілік мәртебесінің ең айтулы биігіне шығады. Алайда мұның өзі кәміл мәртебе саналмаса керек. Мысалы, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) атын естіген жерде теңіздей толқып, бір орында тағатсыздана байыз таппайтындай халде болуыңыз мүмкін. Дегенмен, мұнан да жоғары тұрған дәрежелер бар. Хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), соған тән жайттарды, сондай-ақ сахабаларды жақсы көру – махаббатың алғашқы мәртебесі болып есептеледі. Неге десеңіз, бұларды пенделік өлшемдермен сезуге, түйсінуге, таразылауға болады. Яғни, сіз өзіндік ой қорытып барып, ол кісілерге ішкі махаббатыңызды арнайсыз. Бір қызығы, сол шеңберге кіріп, көзталдырар көкжиектерге солар секілді көз жіберген кезіңізде махаббатыңыздың тіпті тереңдеп, ғашықтықтың басқа бір тереңдігіне бойлай түскеніңізді байқайсыз. Аллаһты сүйесіз.

Аллаһты сүю − махаббаттың ең биік шыңы. Осынау махаббаттың ұшқыны шарпығандардың сезімінің өзі тілмен айтып жеткізгісіз небір кереметтерге куә болары хақ. Олар махаббат атаулының бәріне басқаша көзқараспен қарайды. Аллаһты неғұрлым сүйген сайын пенденің өзгеге деген сезімі соғұрлым солғын тарта бастайды. Ол өзгені аса мейірімді Жаратушы Ие жаратқаны үшін ғана жақсы көруге көшеді. Мысалы, хазірет Әлиді − Пайғамбарымыздың күйеу баласы, Хақ жолының қаһарман күрескері, Хайдар-ы кәррар, шахмардан әрі қан майданның азулы арыстаны болғаны үшін ғана жақсы көре бастайды. Осылайша, Аллаһқа деген махаббаттың көкжиегі кеңіп, шарықтау шегіне қанат қаққанда, тіпті, хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Хақ тағаланың елшісі болғаны үшін ғана жан-тәніңізбен сүйесіз. Хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Жаратушы құзырынан ойып алар орны мен міндеті, елшілік қызметі туралы ілімнің теңізіне терең шомған сайын жүрек лүпілі таңғалысқа жетелеп, сүйіспеншілікпен тулай бастайды. Мұның жай-жапсарын Хақ нұрының шәрбатын ішкендер ғана біледі. Махаббаттың бал дәмін тата алмағандар біле алмайды.

Пенденің Жаратушыны сүюі – ізгілікті іс. Әсіресе, адам жан жүрегімен тани алса, онда сөзсіз Аллаһты ес-түссіз жақсы көрер еді. Өйткені, махаббаттың бірден-бір көрікті мекені – жүрек. Жүректің ең маңызды тағаны – зейін. Жүректің көзі ашылып, Хақтың нұрына асық болған жанның рухани түйсіктері осыны көреді. Ерік-жігерін, күш-қуатын Жаратушының мәңгілік мұратына бағыттайды. Ақыл безбеніне салып, махаббаттың мәнін саралайды. Ал, жүрегі болса, Хақ нұрына деген сүйіспеншілігін тамырландырып, тереңдете түседі.

Егер адам шынайы махаббаттан мақұрым күйде тек қана жай махаббаттың соңында сергелдеңге түсіп жүрсе, онда оны шынайы махаббатқа бет бұрғызған жөн. Фәни сүйіктілерінің өткінші екенін дәлелдеп, шынайы Бақиға, яғни Жаратушыға деген мәңгілік махаббатқа арналған жүрек түкпіріндегі сезімін ояту керек. Иман мен мағрифатты тереңдетіп, Жаратушы жайлы арқа-жарқа әңгіме-дүкен құратын рухани орталарға тартып, оны жүректі кірлететін күнә-қателіктерден алыстатқан дұрыс. Хақты таныған сайын Жаратушыға деген сезімінің пердесі ашылып, рухани байланысы күшейе түседі. Уақыт өте келе, Аллаһтан басқа мән-мағынасы жоқ нәрсенің бәрін ысырып қойып, لاَاُحِبُّ اْلاٰفِلينَ “Мен батып (көзден ғайып болатын) кететіндерді жақсы көрмеймін. Маған мәңгілік – Бақи дос керек!»[2]  – деп, Жаратушыға тағзым жасап, құлшылығын махаббатпен әрлейді.
Құранда хазірет Ибраһим ай, жұлдыз, күннің туып-бататынын, осы арқылы жаратылыс атаулыны пәниге балап, өткінші дүниені жүрекпен ессіз сүюдің орынсыздығын халыққа паш еткені баяндалады. Жансыз жаратылыс ештеңені естімейді, ештеңені сезбейді. Ал, адам баласы болса, жүрегіндегі махаббатын естімейтін меңіреу, сезбейтін, сезімсіз көздің құрты болар дүниеге емес, өзін жер бетінің иесіне балаған теңдессіз Хаққа, жүрек зарын еститін, сұрағанын беретін бір ғана Жаратушыға арнағаны жөн.

Санасында сәулесі бар жан: «Махаббатымды мен кімге арнауым тиіс?» деген сауалдың жауабын іздесе керек. Адам баласы ғұмырындағы өткен-кеткен естеліктерін білетін, дұға-тілектерін қабыл алатын, дүниеуи әрі ақыреттік мақсаттарына жеткізетін, мәңгілік аңсар-армандарын орындайтын, жалғыздығын ұмыттырып, көңілді шаттыққа кенелтетін, адамның жеке басын ғана емес, дос-жаран, жақын-жуықтарын нығметке бөлейтін құдіретті күшке мұқтаж. Адамға осындай өмір соқпағында сенімді серік, адал дос, сүйікті, басын тау мен тасқа соққан сәттерде жай-күйін түсінер жансерік керек. Ендеше, оның махаббаты тек осындай досқа арналуы тиіс.
Әйгілі Молла Жәми бұл мәселе туралы:

«Тек Хақтан сұра, өзгелерден тілеме,

Тек Хақты шақыр, келмейтіндер тұр әне!

Тек Хаққа жүгін, өзгелер одан садаға,

Фәни жырдың жетегінде жүр әне!

Тек Хақты біл, өзгесі Хақ жол емес-ті,

Басқалар ма, басқаның бәрі көмескі?!» дей келіп, шынайы ғашықтықтың тек Аллаһқа арналуы керектігін айтқан. Одан өзгені сүюдің соңы, әйтеуір бір пәнилік құшады. Жолы қиылады. Жүрекке азап тартқызады.

Қорыта келгенде, күнбе-күн көзден ғайып болып жатқан фәни нәрселер жүректегі шынайы сүйіспеншіліктің мәңгі тірі Аллаһқа ғана арналуы керектігін ұқтыратындай.

 


[1]    Құлшылық жасауға лайық абсолютті құдірет иесі, Аллаһ тағала
[2]    «Әнғам» сүресі, 76-аят.

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.