Адам болмысының тереңдігі туралы

Сана-сезім иесі болу, өз-өзін басқара білу – адам баласының ең елеулі қасиеттерінің бірі. Өкініштісі, адам баласы көбіне осы қасиетін ескермей, көзден таса, көңілден жырақ қалдырып жатады.

Мәселен, бүгінгі таңда өз-өзіне сыралғы емес, сын көзбен қарап, сын айта алатын, сын айтқанда да бетің бар, жүзің бар демей, тік қарап шын айта алатын қанша жан бар деп ойлайсыз? Кем-кетігі мен қарым-қабілетін, әлсіз тұстары мен күшті жақтарын, өмірде ұтылған тұстары мен қол жеткізген толағай табыстарын күн сайын ой таразысына салып, кісілік келбетін жаңадан танығандай жалына тарақ салып, адами тереңдіктің мәнін ұққан қанша жан бар екен бұл дүниеде? Әрине, өз-өзін ой елегінен өткізгенде де рухани дүниесіне уақытша ғана көңіл бөліп, өз-өзін жанына батырмай сипай қамшылап қана қоятын, алайда одан қорытынды шығармайтын атүсті әрекет туралы айтып отырғанымыз жоқ. Айтпағым, кеуде керген менмендігін жеңу үшін білгір дәрігердің науқасты қарағаны секілді өз нәпсісін жөнге сала алатын қанша жан бар бұл дүниеде?

Сократ мектебінің маңдайшасына «Ей, адам! Өзіңді таны!» деген ұлағатты сөз жазылған болатын. Сократтың өзі де осы сөзді аузынан тастамай жиі қайталаған деседі. Бара-бара оның бұл сөзі қанатты өсиетке айналады. Біздің тасаууыф (сопылық) мектептерімізде де Сократтың осы бір ұлағатты сөзі сәл-пәл өзгертіліп «Өзін таныған жан Раббысын да таниды» деп қолданылғаны тарихтан мәлім. Әлемде бүгін осы сөздің мән-мағынасын ұққан қанша жан бар? Маған салсаңыз, бұл сөздің астарын аңғарған адамдардың саны некен-саяқ. Өз болмысы өзіне беймәлім, өзінің кісілік келбетін өзі тани алмайтын ойы таяз жандардың өзгелерді танып-білуі мүмкін емес. Адамды былай қойғанда, дүниедегі құбылыстардың ішкі дәнегін аршып, мәнін түсіне алмайды да. Ұлан-байтақ ғаламдағы таңғажайыптар, асқақтаған асқар таулар, мәңгілік туралы сыр шертіп, гүрілдеп аққан өзендер, бірде түнеріп, енді бірде жайдары мінезімен ғажап бір үйлесімді паш етіп, жанды жадырататын, бойды елітетін тұңғиық көк аспанның жұмбақ сырларынан ешбір тағылым таппайды. Шын мәнінде ғаламның осынау сән-салтанаты біздерге тылсым ақиқаттан сыр шертіп, жанымызға қашанда мәңгілік әлем туралы ой тастап отыратыны анық. Адам осылардың шынайы мәніне, қадір-қасиетіне ішкі дүниесіндегі Хақ тағала туралы танымының тереңдігі арқылы бойлай отырып, қол жеткізе алады. Әйтпесе, ләухы-махфузда[1]  белгілі бір пішінмен мән иеленген ғаламдағы мәнді де мағыналы барша жаратылыс тапа-тал түсте адасқан жолаушыдай мағынасыздыққа ұрынып, хаос орнар еді.

Адам мәселесі бағзыдан бері баршаның назарын өзіне аударып, жан-жақты зерттеу нысанына айналғаны мәлім. Мұндай зерттеулердің кейбірі тым үстірт, жақ ашпайтын жалпылама әрі тұнығы лайланған тұрпайы болса, енді бірі жан-жақты қолға алынған тыңғылықты әрі терең зерттеулер. Жалпы адам – ақылы мен сезімі, тәні мен руханияты сан қырынан зерттелген аса маңызды жаратылыс екендігінде дау жоқ. Адам болмысына, қадір-қасиетіне ой жүгіртсек, бір-біріне мүлдем кереғар екі қыры барын байқаймыз. Мәселен, кейде бал-қаймақтай тартымды қасиеті менмұндалап көрінсе, енді бірде жүректі лоқсытатын жиренішті кездері де болады. Кейде арғы дүниеге көкірек көзі ашылып, мәңгілікпен біте қайнасқандай қаздай мамырласа, енді бірде ой-өрісі тарылып, артымен сүңгіген үйректің керін келтіреді. Кейде киімін шақтап тігетін кішіпейілділігімен іші-бауырымызды елжіретсе, енді бірде өркөкіректікке салынып, үй ішінен үй тігіп, жалғыз қалады. Кейде бақайшағына дейін барып тұрған арамза әрі опасыз болса, енді бірде ішкі дүниесі айнадай жарқырап, адамға сенім ұялататындай ашық-жарқын боп көрінеді. Кейде өзімшіл, пайдакүнем болса, енді бірде өзгелер деп өзеуреп тұратын жомарт. Кейде жасып ойнатып, жауыздыққа бой алдырса, енді бірде мейірімді әрі әділ. Кейде екіжүзді, айлакер көрінсе, енді бірде шынайылығы, ықыласы және мәрттігі байқалады. Кейде парасатты, саналы болса, енді бірде санасыз, парықсыз көрсоқырға айналады. Адам баласы жаратылысындағы осынау қарама-қайшылықтарға қарамастан бәрібір адам деген ардақты атқа лайықты. Өйткені, аталмыш қарама-қайшылықтар адамның таза табиғатына тырнақтай кір келтірмейді. Базбіреулер адам болмысындағы аталмыш қайшылықтардың мәнін одан әрі шиеленістіріп, бұларды адамның табиғи инстинктілерімен, өз-өзін қорғау үшін қажетті реф-лекстерімен немесе сананы билейтін санасыздық яки психоанализбен түсіндірсе-дағы мұның ешбірінің таза адами болмыспен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сонымен қатар, адамның субьективтік танымын обьективті ақиқат ретінде алға тартып, «адам өз-өзін қалай танығысы келсе, солай болғаны» дегенге саятын экзистенциалистік көзқараспен түсіндіру де мүлдем қате.

Адам табиғатының рухани және нәпсілік қырлары бар екені белгілі. Бұлар бейне бір топыраққа тасталған дән секілді адамның рухани дүниесінің қай бағытта дамитынына қарай бүршік жарып өз жемісін береді. Адам болмысындағы осы бір құбылмалылық факторының ішкі мәнін «альаиы-иллийн»[2]  және «әсфәлә-сәфилин»[3] мәртебелері арасында рухани шарықтау мен рухани құлдырауға бейім тұратын адам табиғатының ерекшелігінен іздеген жөн. Мәселен, адам баласы пайғамбарлар көрсетіп кеткен жолда жүріп, мәңгілік өмірді мақсат-мұрат етті ме, жоқ әлде мұндай мақсаты болмады ма? Рухындағы адамгершілік құнды-лықтарды жарыққа шығара алды ма, әлде шығара алмады ма? Табиғатындағы әлеуетті сезіп, оны орынды қолдана алды ма, әлде орынды қолдана алмады ма? Болмысындағы сырларға қатысты ізденістер барысында жүрегінің тереңіне бойлай алды, ма әлде жоқ па? Ықтиярын толығымен қолдана алды ма, әлде қолдана алмады ма? Сана мен түйсіктің астарындағы жұмбақ сырларды сезіне алды ма, әлде жоқ па? Сезімдерін арғы дүниеге бағыттай алды ма, әлде бағыттай алмады ма? Адамдағы ар-ұжданның түпкі мәнін біле алды ма, әлде жоқ па? Міне, осы сауалдар «мыңмен жалғыз алысқан» адамның құрыққа көнбейтін құбылмалылығын түсіндіріп бере алатын факторлар болып табылады.

Рухани дүниесі мен жүрегіне дақ түсірмей, ар-ұжданын асқақ ұстап ғұмыр кешетін жандар әлсін-әлсін о бастан бойына біткен мінез-құлқы сыр беріп, босаңдық танытқанымен әрдайым «альайы-иллийнге» (жоғарылардың ең жоғарысына) қарай ұмтылумен болады. Ал енді құйынның ішінде шыр айналған қаңбақтай тәннің тойымсыз тоғышарлығы төңірегінде ғұмыр кешкендер сәт сайын тозақтың тұңғиық тереңіне бойлап, «әсфәлә-сәфилинге» қарай құлдырай түседі.

Адамды тек ақылы, санасы, түйсігі, физиологиясы мен қоғамдық-экономикалық тіршілігі тұрғысынан ғана қарастырып зерттегендер адамның шынайы болмысын ақи-тақи аша алмағанымен қоймай, дәйекті тұжырымдар да жасай алмаған. Дәйекті тұжырым жасау былай тұрсын, адам мәселесін құпиясын ашпайтын құмырсқа илеуіндей көріп, күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы ұғымдардың шырмауында түсініксіз, мәнсіз құбылысқа айналдырып жібереді. Мұндай көзқарасты ұстанғандардың кейбірі адамды «ойлайтын мақұлық» десе, енді бірі ас ішіп, аяқ босататын «тұтынушы мақұлық» ретінде түсіндіруге күш салады. Тағы бірі адамның мәнін тән рақатына негіздеп бағады. Яғни, адамның санасын санасыздық билеп-төстейтінін алға тартып, мұны «либидо»[4] ұғымымен дәйектеуге күш салады.

Сондықтан да, адамды тек ақылы, санасы, физиологиясы және қоғамдық-әлеуметтік ерекшелігі тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз. Адам баласының шынайы табиғаты өзінің жаратылудағы мәніне қауышса, рухани дүниесі ең заңғар асулардың өзін бағындыра алатын қарым-қабілетке ие болмақ. Тарихта мұндай биікке көтерілгендердің көптеп кездесетінін айта кеткен жөн. Иә, адам баласы өз табиғатында жасырын жатқан рухани күш-қуатын, мүмкіндіктерін дөп тауып, қайнар бастауына бағыттай білсе, материяға байланған әлсіздігінен, яғни көңіл көкжиегіндегі пәнилік шек-теудің шырмауынан құтылып, рухани дүниесі қыран қанаты талатын зау биікке самғай алады. Міне, сонда ғана шіріп, ыдырап жоқ болатын материялық болмысы белгілі бір мәнге қауышып, жан-дүниесі мәңгілік өмір туралы таным-түсінігімен айшықтала түседі.

Адам баласының қарым-қабілеті көктегі най-зағайдың қуатын көптің игілігіне жаратуға, материяның көзге көрінбейтін бөлшектері – атомдар мен партикулдар әлеміне кіріп, сырын ашуға, миллиондаған жыл қашықтықтағы әлемдермен байланыс орнатып, сол бір ұзақ әлемдегі жаратылыстарды көруі, естуі, тіпті көз алдымызда бейнелеп көрсететін жағдайға жеткен болуы әбден мүмкін. Ендеше, адамзат сана-сезімі, ой-пікірлері, ашқан жаңалықтары, білім арқылы қол жеткізген жетістіктерімен белгілі бір дәрежеге өскені аян бола тұра, өз болмысының ішкі мәнін жан-жануарларға тән инстинктіден іздеуі, табиғатындағы асылды бағалай алмауы, өзін түсіне алмауы болса керек. Бүгінде адамзат дүниетанымындағы осы бір қайшылықтың салдарынан үлкен тоқырауды бастан кешіп отырғаны анық. Қатыгездік, өзімшілдік, менменшілдік, ашкөзділік, тоғышарлық, қанағатсыздық, селқостық, тәнқұмарлық, салғырттық секілді әлеуметтік індеттердің астарын аталған тоқыраудан іздеген жөн.

Иә, бойындағы тамаша парасат пен қарым-қабілетіне қарамастан, өз болмысының мәнін ағат түсініп, адам баласының қате пайым жасауы өкінішті-ақ...



[1] Ләухы-махфуз – Аллаһ тағаланың шексіз ілімімен барлық нәрсенің тағдыры жазылған иләһи кітап.
[2] «Альаиы-иллийн» – ең жоғары, періштелердің мәртебесінен де жоғары мәртебе
[3] «Әсфәлә-сәфилин» – хайуандардың дәрежесінен де төмен, ең төменгі дәреже
[4] «Либидо» (лат. libido құштарлық тілек) – жыныстық құмарлықты, махаббат түйсігін, психикалық қажыр-қайратты білдіретін ұғым. Бұл ұғымды философия мен психологияға Зигмунд Фрейд енгізген. Ол осы ұғымы арқылы адам табиғатын түсіндіруге талпынады. Либидо теориясы адам тіршілігінің рухани-әлеуметтік қырларын мүлдем ескерусіз қалдырып, адамның мәнін биологиямен ғана шектеген. (Ауд).

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.