Армандағы болашақ

Адам табиғатын белгілі бір аралыққа сыйғызып, нақты кезеңмен ғана баға-лап, уақыттың тар шеңберімен шектеу мүмкін емес. Сондықтан да, адам баласы өзі өмір сүріп жатқан уақыт тынысын сезінгені секілді өткен дәуір мен болашақты да түйсіне алады. Көкірек көзі ашық әрбір адамның бүгінгісін ғана емес, ертеңін де ойлайтыны анық. Адамның бойында болашағының жарқын да баянды болуын қамтамасыз ете алатын парасат та, күш те бар. Сондықтан да өткеннің тағылымынан сабақ алып, баянды болашақты армандауы орынды. Ендеше, жүректегі иманның, үміттің, ерік-жігердің жемісі болып табылатын ілім, мәдениет және тамыры тереңде жатқан руханиятымызға сүйене отырып, жарқын болашақ туралы ой толғауға болады...

Ата-бабаларымыздың артта қалдырған асыл мұ-расына ой салып қарасақ, ізгілік пен тағылымды дүниелерге кенде болмағанына, материалдық әрі рухани тұрғыдан өркениетті өрге сүйреген өнегелі өмір сүргеніне тәнті боламыз. Дәл осы секілді жарқын болашақтың бақытты күндері де бір кезде қимай шығарып салған, сағындырып барып қайта айналып соққан таныс та бейтаныс досымыздай табалдырықтан аттайтынына бек сенімдіміз. Қазірдің өзінде пейіштің лебіндей нұрлы, шуақты сол күндердің жылуын алыс-тан шым-шым сезініп, шат-шадыман күндерді іштей қуана ойлап, тәтті қиялға берілеміз. Нұрлы болашақтың шуақты күндері бірінен кейін бірі қуаласпақ ойнаған көбелектей көз алдымызда көлбеңдеп, терең руханияттан қанып ішкен болашақ ұрпақтың жарқын үндері мен мағыналы сөздерін естіп, өнегелі өмірлерін тамашалап жатқандай ғажап күйге бөленеміз. Иә, өткен дәуір мен сол дәуірде өмір сүрген адамдар туралы терең ойлағанда, олармен бір бөлмеде тыныстап, бір дастарханнан дәм татқандай күй кешесің. Дәл осы секілді түбі бір боталайтын болашақ заманның рухани һәм материалдық жетістіктерін көзбен көріп, қолмен ұстап тұрғандай, сол дәуірге ағымыздан жарыла сәлем беріп жатқандай ақжарқын күй кешеміз.

Осы сарындас ойлар мен сезімдердің жетегінде көзімді жұмсам болғаны, жүректегі иман мен үміттің үйдей қуаты, арман-қиялдың көкжиегінде көңілге көктем сыйлар болашақтың көркем көріністері бар сыр-сымбатымен көз алдыма келеді. Адамдықтың төрге озған қадір-қасиетінен санамызда мәңгілік өмір жайлы түсініктің мықтап орын алғанын, тән тоғышарлығының орнын рухани құндылықтар бас-қанын тасадан тамашалағандай боламын. Бәрінен маңыздысы, әлімсақтан бері аңсар-арманымызбен шарқ ұра іздеген «жоғалтқан жұмағымыздың»[1] алтын арқауы «заманның алтын кезеңін» көкірек көзімен тамашалап, осынау кәусардың мөлдір бұлағы арманыма, қиялыма қанат бітіреді. Осындай сезімдердің тұңғиығына бойлаған сайын жарқын болашақтың бақытты жандарының кәміл иман, болаттай берік ерік-жігерлері арқасында рухани ләззат пен бақыттың шырқау шыңында өмір сүргендерін көремін. Олардың жүректері қашанда ізгілік деп лүпіл қағып, айналасына мейірім шуағын төгеді. Бұл дүниені бейне бір пейіш бағындай қастерлеп, мәнді ғұмыр кешеді. Ғаламға таңдай қақтырып таңдандырған өнегелі өмірлерін көңіл сарайымда тамашалаған сайын қазірдің өзінде үмітім толқынды теңіздей буырқанып, болашақ ұрпақтың ғаламат ізгіліктерінен қуат алып, олардың бағы жанған бақытты дәуіріне қызыға қараймын...

Өткеніміз қандай тамаша болса, болашағымыз да дәл сондай жарқын болатынына сенімім мол. Жарқын болашақты көз алдыма елестетсем, «Алтын ғасырдың»[2]шұғыласына шарпылғандай боламын. Жан дүниемде сол дәуірдің терең әрі тағылымды рухани атмосферасымен тыныстап, мейірімділіктің, сүйіспеншіліктің, өзара түсіністіктің ыстық құшағына шомғандай тебірене түсемін. Жан дүниемде жаңадан бір көктем толғатып жатқандай болашақтың нұрлы бейнесі анық, айқын сезіледі. Осы атмосферадан ыстық әрі жүректі елжіретер ғажап бір нұрлы сәуленің көкейіме құйылып, арман-қиял жетпейтін пейіштің таңғажайып тұңғиықтарын сезінгендей толқып кетемін. Мұндайда тұтас тіршілікке мейіріммен құшағымды айқара ашқым келеді. Барша адамзатты махаббатпен бауырыма басқым келеді. Сонан соң іштей «Аллаһтың ғаламды жаратудағы асыл мақсаты осы болса керек» деген оймен терең толғанысқа түсемін...

Иә, жарқын болашақтың негізі өткен дәуірлерден тамыр тартып, «алтын ғасырдың» руханиятынан күш алатындықтан, ол ұрпақтың дүниетанымында қаталдық, қатыгездік, қанағатсыздық, сабырсыздық, талас-тартыс, қанды қырғындар мен соғыс, қиянат, опасыздық, жалған құмарлық, залымдық, әділетсіздік, сыбайлас жемқорлық, көптің игілігін талан-таражға салу секілді ұғымдар мүлдем болмайды. Керісінше, ол дәуірде жомарттық, сыпайылық, ақыретке деген құштарлық, адам өміріне деген құрмет, төзімділік пен өзара түсіністік, қара қылды қақ жаратын әділеттілік, аманатқа қиянат жасамайтын туралық, адалдық, тура жолдан таймайтын табандылық секілді адамгершілік құндылықтардың мерейі үстем болады. Олардың дүниетанымында өшпенділік пен соғыс секілді ұғымдардың сарқыншағы да қалмайды. Өмірлік ұстанымдары – адамға деген сүйіспеншілік, жұмсақ мінезділік, ізгі қарым-қатынас жасау болмақ. Әралуан дүниетанымға, өмір сүру салтына құрметпен қарайды. Мұндай әралуандылықты араздасудың құралы деп емес, қайта ой-пікірдің көкжиегін кеңейтетін мүмкіндік ретінде пайымдап, дүниеде нағыз адам ретінде ғұмыр кешудің тәлімін үйретеді.

Бұл дәуірде барлық ілімді Мұхаммеди рух кернеп, ілім мәжілістері жаратылыстың негізі және Құран Кәрім туралы терең ойлармен, пікірлермен үлкен мәнге қауышады. Басқосулар немесе пікірталас мәжілістері Иса Мәсіхтің[3]  руханиятынан сыр шертетін болады. Мұндай ілім мәжілістеріне жолы түсіп бас сұққандар бір сәтте-ақ бейне бір сахабалар[4]  секілді рухани дүниесінің көкжиегі кеңейіп сала бермек. Мұндай жан ілім мәжілісінен шыққанда, тұтас тіршілікке сүйіспеншілікпен құшақ ашу қажет екенін көкейіне түйіп шығады. Ал енді біреулер мұндай мекендерден «бірлік барда тірлік болатынын» жан-жүрегімен сезініп, тұтас жаратылысты мейіріммен бауырына басатындай көңілін дарқандық кернейді.

Тағы да көзімді жұмып, көңіл құсын ұшырдым. Арайлап атқан ақ таңдай жасампаз өмірдің қайта туғанын көрдім. Айнала масатыдай құлпырып, қызыл, сары, қызғылт түсті гүлдердің көз жауын алатын әсем көрінісі бойды балқытып, көңілді шалқытады. Бейне бір гүл атаулы қуаныштан асыр сап би билегендей әсер береді. Көк аспан көңілді шаттыққа бөлеп, мәңгілік туралы ойлардың санадағы серпілісіне дем бергендей. Тіптен қозы мен лақтың маңыраған сүйкімді үндерін, құстардың мәуілжітіп салған сазды әуендерін, жапырақтардың сыбдырын, сулардың сылдырын, ана мен баланың мәз-мейрам қуанышты күлкісін анық естігендей күй кешесің. Қайта тірілудің құпиясына құмартқан үстіне құмарта түсесің. Жаратылысты ыстық ықыласпен сүйген мейірімді жандардың жүрек лүпілі мен ішкі сырларының тереңдігін тамашалап, тәнті бола түсесің. Мұндайда өмір сүріп жатқан заманның тар қыспағынан сытылып шығып, болашақтың таңға-жайып дәуіріне өз-өзімді тастап кеп жібергім келетіні және бар. Алайда сол бір жарқын болашақтың айтулы нышандары қазірдің өзінде сезілуде. Болашақ дәуірдің ет жүректі елжіретер шуақты күндері арманымның көкжиегінің әрісінде емес, берісінде екенін анық сезініп, көңілім көркейіп, бақыттан төбем көкке жеткендей боламын...

Негізінде, осындай ойлардың толғанысымен рухани ізденіске түскен талай жан өткеніміз бен жарқын болашағымызды көңіл сарайында көріп, сезген де болуы мүмкін. Мұндайда адамның жан дүниесінде әрбір тылсымнан көкірек көзі ашылып, әрбір бейнеден шабытты сезімдер туады. Жүректегі иман мен үмітке иек артқан арман-қиялымыздың тереңдей түскенін, руханият пен мәңгілік өмірге қатысты жүректе жасырын жатқан талай ойдың рухани ізденістің түрткісінен оянғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Мұндайда адам өткен дәуірдің ізгілікке тұнған бақытты күндерінде рухани саяхат жасағандай жанға ләззат беретін алтын сәттерді бастан өткереді. Сол дәуірдің руханиятқа бай әлеміне құшағымызды ашқан сайын рухымыздың терең қатпарларында қалың ұйқыға кеткен көптеген сезімдеріміз қайта оянып, серпіліп сала береді. Осылайша шектеулі ғұмырымызда шексіз-шетсіз ләззатпен нағыз бақытқа бөленеміз.

Жарқын болашақ туралы көкейдегі асыл арманы-мыздың кей сәтте әсем саз, назды әуендей ғажап үнін естіп шалықтай түссек, енді бірде ұзатылар қыздың жасауындай көз жауын алатын әсемдіктерін көзбен көріп тамашалағандай боламыз. Мұндайда қазіргі жағдайымызды ойлап қамықпаймыз. Өйткені, бұл күндердің жарқын болашақтың жолында аялдайтын бекет тәрізді екенін ұғынған сайын іштей жұбаныш тауып, ойымыз серпіліп, нық қадаммен болашаққа қарай ұмтыла түсеміз. Сондықтан да біздің ұғымымызда үмітсіздікке орын жоқ. Аңсаған арманымыздың бос қиял боп қала беруі біздің ұғымымызға мүлдем жат. Сол үшін көкейдегі асыл армандар өмірдің шынайы жағдайларында шыңдалып, жарқын болашақтың іргетасы ретінде қапысын тауып қалана бермек. Біздің дүниетанымымызда салиқалы салмақтылық пен жалындаған жігер зау биікке бет алған құстың қос қанатындай қатар алып жүретін қойындас ұғымдар. Мұндай жанның мамыражай халі әрекетшілдікпен астасқан болса, әрекетшіл халі салиқалы салмақтылықпен ұштасып, ғажап бір үйлесімділік құрайды. Рухани әлемі қашанда Жаратушысы туралы ой-пікірлердің саясында самалдайды. Армандары жалындап жанып тұрғандай... Рухани танымы арқылы көзі жеткен, білген дүниелері ішкі әлемін сексеуілдей қыздырып, рухына серпін береді. Өлім туралы ой мен мәңгілік әлемге деген құштарлық көңіл көкжиегін құлпырта түседі. Адам рухының терең қатпарларында қымталып жатқан мәңгілік өмір туралы сезімдерін қайта оятып, ғайыптан хабар жеткендей немесе көңіл сарайына құйылған кәусардайын жан-жүректі жарыққа бөлейді. Мұндай танымға қол жеткізсек, небір қайғы-қасірет пен төбеден төнген қара дауылдар біздің қабырғамызды қайыстыра алмайды. Қайта керісінше, өміріміздің ең шуақты, мағыналы, әсерлі, ләззатты кезеңдерін өткізгендей күй кешеміз.

Мұндай сәтте әрбір дыбыстан жаңа өмірдің лебізін тыңдағандай үміттеніп, толқи жөнелесің. Ал өмір болса соншалықты мәнді, мағыналы құбылыс секілді өзіне баурай түспек. Мұндайда рухани танымымыз тұтастай ашылып, арман әлемінде киелі саяхат жасағандай боламыз. Сонан соң, жан-жүрегімізде иләһи махаббат пен мәңгілік өмірге құштарлықтың ғаламат сезімдерінен от боп жанып, тылсым бір күштің тұңғиық иірімдерінде шыр айналып жатқандай күй кешеміз. Сайып келгенде, осынау таңғажайып әлемнің мызғымайтын, солмайтын тамыры өткеннен бастау алғанын ұғамыз. Қазірлері көзіміз көріп, көзайым боп жатқан қайта оянудың мың-сан нышаны мұның айқын айғағы емес пе?...



[1] Автор Адам атаның жұмақтан жер бетіне түсірілуін «жоғалтқан жұмағы» ретінде барша адам баласының көкейіндегі асыл арманы ретінде сақталып қалғанын меңзеуде. (Ауд.)
[2] Пайғамбарлық міндеті жүктелген кезден бастап мәңгілік дүниеге көшкенге дейінгі Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) мен кейінгі төрт халифа кезеңдерінің атауы. (Ауд).
[3] Мәриямұлы Иса пайғамбар (а.с.).
[4] Көзі тірісінде Мұхаммед пайғамбарды (с.а.с.) көріп, онымен сұхбаттасып, иман келтірген жандар. (Ауд).


 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.