Ертегіге бергісіз өткеніміз

Тарихымыз тағылым тұнған жыр-дастанға бергісіз еді. Өткен күн-дердің асқақ рухы бүгінде қожырап, рухани таяздық төл дәстүрлерді тірідей жұтуда. Дүниетанымымыз адам танымастай өзгерді, тұны-ғымыз лайланды. Ұлттық салт-сана мен идея сал болып, ғаріптің күйін кешіп отыр. Әдебиет рух пен идеядан жұрдай. Өнер – өз болмысын өзі менсінбейтін маргиналдар мен әулекілікке салынғандардың тақымында кетті. Өркениетке өріс болған қала сәулеті бір-біріне мінгесіп, ұшқасқан жартас секілді, мұз құрсанғандай суық әрі сұрықсыз. Темір мен бетон үйіндісі десе болғандай. Архитектура – құмырсқаның илеуі секілді эстетикалық талғамнан жұрдай, қалай болса солай соғылған тас орман ба дерсің, ойқы-шойқы. Қалалар мен ауыл-аймақтар индустриялық даму деген ессіздіктің құралына айналып, табиғатқа ойран салатын ошақтар дерсің. Егіс алқаптары, шабындықтар жыл өткен са-йын табаны кеуіп, тақыр шөлге айналуда. Бау-бақшалар мен саябақтар, өзге де бір сәт бой жазып, серуен құрып демалатын мәдени-қоғамдық орындар пендешілік пен күнәнің ордасына айналғандай. Көшелер бірөңкей құз-құздың арасында ішектей созылған тас-түнек туннельдер тәрізді салқын қабағымен сары уайымға салатын, еңсеңді езіп, егініңді таптайтын сұрқай дүние. Терезелер сырттағы сұқ көздерге отбасы ошақ қасының бар құпиясын әшкерелейтін экран десе болғандай. Мұны «өз үйің, өлең төсегің» деп атаудың өзі ыңғайсыз.

Алайда, қарт тарихқа бір сәт ой жүгіртсек, өткен-іміздің мүлдем басқаша екенін көреміз. Жан жадыратар құтты қоныстарымызға, сәулет өнерінің нәзік қиылысынан адамзат аңсарының асқар тауына ұмтылған өмір философиясының тереңдігіне, өнер кереметіне таң-тамаша қаласың. Қала өмірі мен табиғат бір-бірімен үйлесім тапқандықтан, қоныстар мен елді мекендер көзге оттай басылып, ыстық көрінуші еді. Ынтымағы жарасқан, ырысы мол көшелерде дүниетанымыңды таразылап отыратын терең тағылым болатын. Көшелер – мектеп-медресемен, ілім мәжіліс-терімен, ғибадатханалармен бірге жасасып, біте қайнасып, мәңгілік өмірге бастайтын дәліз сынды айрықша сезімге бөлейтін. Береке бесігіне айналған мұндай мекендерде адам шұлғауын орап, шылауыш тартқан күйбең тіршіліктің жетегінде кетпей, әрқашан мәңгілік өмірдің тылсым сырларына үңіліп, өзінің жаратылу мақсаты жөнінде ой кешетін. Төл мәдениетіміздің күні бүгінге аман жеткен аз да болса жәдігерлері бар. Көненің көзіндей өткеннің асыл құндылықтарынан көңіліміз марқайып, рухымызға қанат бітеді.

Ертеректе Ұлы Жаратушының «сұлулық» сипатын сан қырынан тамашалап, табиғатпен етене жақын өмір сүретінбіз. Сондықтан болар, сұлулықты сезінбей қалған кезіміз болған емес. Адам мейлінше табиғат аясында өмір сүрді. Үй-жайдың есік-терезесін шалқасынан ашып тастаушы едік, құлпыра құшақ жайған табиғаттың шұғыласы үйдің ішін шуаққа бөлеп жататын. Үй-қоныстарымыз ғаламның ең құтты мекеніндей ыстық көрінуші еді-ау. Осындай мәуілжіген мекенде адам жаны қашанда рақат пен ләззатқа бататын. Қоғамдық тіршілік пен табиғат арасында тамаша үндестіктің орнығуы арқасында адам рухы ғалам туралы терең ой өрбітіп, жаратылыстың өзіне тән әсем сазына құлақ түріп, көңіл көкжиегі қашанда мәңгілік әлемнің қымтаулы құпиясына құмартып тұратын.

Бау-бақшалардан айрықша эстетикалық талғам мен нәзіктікті көруге болатын. Күнделікті тіршілік те жаннат бақшаларын еске салушы еді. Көз жауын алатын сән-салтанаты мен ию-қию хош иісінен тынысың ашылып, жаның жадырайтын.

Әр өрнегі өзінше сыр шерткен үй-ғимараттардың, көше-орамдардың, ауыл-аймақтардың уыздай ұйыған бейбіт тіршілігі жан толқытар, тән балқытар өмір сүру салтының айнасындай тым ыстық еді. Бұл айнаға қарағандар қоғамдық сананың мақсат-мұратын, тамыры тас жарып, тереңге бойлап, төрден орын алған төл мәдени құндылықтарын көріп, тамашалай алатын. Осы тұрғыдан алғанда, талай ғасырға төтеп берген, жауын-шашын, жел мүжіп, күн қақтаған ғимараттардың сымбатына сызат түссе де, өткеннің мәні терең дүниелерінен сыр шертетін көненің көзі, асылдың сынығы болып, талай ұрпақтың ұлттық танымын, талғамын қалыптастырған маңызын әсте жоғалтпады.

Бақан ұстап, бармағын жалаған біздер үшін бал татитын сол дәуірдің тыныс-тіршілігін ойша елес-тетсек, сондағы көретініміз: қала тұрғындары мен көше жүргіншілерінің сыпайы, қойдан қоңыр мінезі, парасаттылығы. Ата-бабамыздың тыныс-тіршілігі сырт көзге жайдақ судай жұпыны көрінгенімен зер салып, бойлаған сайын тереңдей түсетін, мәңгілік өмірдің немесе жаннат өмірінің шық жуымайтын шағылы тәрізді исламдық дүниетанымға негізделген шығыстық стильді анық байқауға болады.

Көне ғимараттардың маңызы мұнымен шектеліп қалмайды. Олардың көбісі мектеп-медресе, ғибадатхана қызметін қоса атқаратын еді. Осы тұрғыдан зер салсақ, үйлердің тұрғындары бейне қор қыздары мен  ғылмандар[1]  тәрізді адамды еріксіз елітіп әкетеді. Өйткені, мұндай елді-мекендерден, оның тыныс-тіршілігінен жасампаз жарасымдылық пен шарапатты шаттық шуағы сезілетін. Отбасы, ошақ қасында әр алған тынысың лебізге айналып, терең мағынаға, даналыққа толы кемелдіктің бүршік атып, жапырақ жаятын жері нақ осы құтты мекендер екеніне көз жеткізіп, ынтыға түсесің.

Алайда, мұндай берекелі әрі бейбіт тірліктің бесігін өрт шалып, өңі кеткенін немесе ескіріп, тозғанын байқап жүрміз. Сөйтсе де, қанша жерден тозығы жетсін бәрібір, өзінше өмір мектебіне айналған мұндай мекендер терең дүниетаным, өмір философиясы өткеннің тағылымды дүниелерін көз алдымызға көлбеңдетіп, шежіреден сыр шертіп, санамызда тарихымызды жаңғыртады.

Мәселен, осы жәдігерлерге қатысты ой толғаған адам ар-ұятына шаң жуытпаған ақ жаулықты аналардың аяулы болмысын, киіну салтын, кимешектерінің киелі келбетін елестетіп, өткенге деген ізеттілік пен құрмет сезімі маздап, тәнті болады.

Құс ұя салып, құт қонған көне ғимараттарда бейнеленген раушан гүлі, райхан гүлі және басқа да сан алуан гүлдердің көз жауын алатын бейнесінен, әр түстің астарлы мағынасынан терең эстетикалық талғамды аңғарасыз. Осынау талғампаздық қала тұрғындарының парасатынан хабар беріп, олардың әдемілік, нәзіктік, кемелдікке қатысты дүниетанымының айнасындай айрықша әсерге бөлейді.

Ауыл мен қаладағы өмір салты мен қоныс тебу мәдениетінен ата-бабаларымыздың ақырет өмірінен тамыры ажырамаған арман-қиялы, парасат-пайымы, иман тереңдігі, елгезектігі мен қағілездігі, аса бай мәдениетінің сан қырлылығы, дүниетанымы атой салып, бірден аңғарылады. Ғибраты мол ғимараттар мен үйлердің салыну ерекшелігінен ата-бабаларымыздың қолтаңбасын, өнер өрісін, әсемдікке іңкәрлігін тамашалап, тамсанасың. Сәулет өнерінің сәні мен сәукелесіне айналған ғимараттардың табиғатпен үндесіп, бой түзеуі теңіздей толқыған көгорай шалғында тербетілген алтыбақандай көзге оттай басылады. Осыларды тамашалаған сайын адамның арман-қиялы түпсіз қиянға самғап, ләззатқа батады.

Жер мен көктің бар сұлулығын рухына дарытып, осы дүниетанымнан туған сәулет өнері, архитек-туралық үлгі, пейзаж талғампаздығы адамның аңсар-арманын паш етеді. Жаннат бақшаларындай сағыныштың самалымен тербелген ауладағы шынар ағаштары неткен ғажап десеңізші? Тіптен Пьиер Лотти[2] секілді батыстық мәдениеттанушылар дәл осы шынар ағаштарының түбінде жерленуді армандағанының өзі көп жайды аңғартса керек.

Өйткені, үйлер, көшелер, ғимараттардың бейне бір ғаламның таңғажайыптарын рухымызда бейнелейтін нысандар тәрізді ерекше міндеті бар еді. Аспан асты мен жер бетінің бар қадір-қасиетін бойымызға дарыт-қан мұндай құтты мекендер ғалам жайлы ой-өрісіміздің тереңдеуі үшін, шексіз-шетсіз әлемнің алтын қақпасы тәрізді айрықша қызмет атқарды.

Ауыл мен қаланың сән-салтанаты айрықша еді-ау. Бір-бірімен наздана иық түйістіріп, сәнмен сап түзеген үйлер, үй мен үйді жалғаған жалғыз аяқ жолдар, асқақтаған сұлбасымен менмұндалаған еңсесі тік, айбынды қонақ үйлер мен зәулім сарайлар, бәрі жарасымды, бәрі керемет көрінетін. Алайда осынау сән-салтанаты жарасқан, бір-бірінен бой асырған барлық нысанның, қала сәулетінің жан-жүрегі – ғибадатханалар еді. Қаланың тыныс-тіршілігі, сән-сәулеті дәл осы ғибадатханалардың төңірегінен бастау алатын. Мешіттің айналасына жайыла түсіп, терең мән мен мағынаны бойына жиған кішігірім күмбездердің астында тағылымды тіршілік қайнап жататын. Дүниедегі ең ұлы ақиқатты күн сайын жар салатын мешіттердің қабырғасынан көкке шаншыла қадалған мұнаралардың сән-салтанаты неткен ғажап десеңізші?! Анасының айналасын өре жайылған балапандар тәрізді мешіттің айналасын қаптаған кішігірім нысандар – медреселер, шипаханалар, қайырымдылық қорлары болатын. Мұндай нысандардың әрқайсысының атқаратын қызметіне қарай өзінше сәулеті бар еді. Кейбірі тыныштық пен үнсіздікке шомғандай әсер берсе, енді бірі қайнаған қарбалас тіршіліктің күре тамырындай еді. Мешітпен жапсарлас өзге бақшалар мен кішігірім қорымдар, саябақтар мен бұлақтар, шадырвандар[3]  шатырлармен алыстан көзге ұратын алып бәйтеректер, осынау салтанат сарайыңды аша түсетін саумал аңқыған самалдар, міне, мұның барлығы адамға сиқырлы перілер елінде жүргендей әсер беретін.

Адамдар қаланың қарбалас тіршілігінен қажығанда, бір сәт бой жазып, тынығу үшін ауылдарға ат ізін салатын. Ауыл-аймақтан көңілі сергіп, жаны жадырап қайтатын. Базбіреулер ауылдың тыныштық орнаған оңаша тыныс-тіршілігінен «ұзлет», яки «қылует»[4] ләззатын іздейтін еді. Ауылдан қалаға қатынайтындар қаланың қырмандай қызу тіршілігінен ақыл мен парасатқа жеңдірген салмақтылықты сезінетін. Қоңыртөбел қойторы тірлігін қанағат ететін ауылға қарағанда ілім мен парасатқа тұнған қала тіршілігімен етене жақын танысатын. Бұл ой-өресінің өсуіне септігін тигізетіндіктен, ауыл тұрғындары қалаға осындай ізгі ниет, игі тілекпен жиі ат басын бұратын.

Ауыл мен қалада жалпыға ортақ мәдениеттің, ортақ сана-сезімнің, ортақ ой-пікірдің табы анық сезілумен қатар, ел ішінде белгілі бір деңгейде кемпірқосақ секілді әралуандылық та байқалатын. Әр елді мекеннің өзіне тән елеулі ерекшеліктері болды. Мұндай әралуандылық қала мен далада өзіне тән дара келбетімен біртұтас дененің бірегей бөліктері тәрізді құрақ көрпенің қиықтарындай бір-бірін толықтырып тұратын. Қан-шама ғасыр бойы халықтың қолөнері, сәулет өнері, ой-пікірі, даналығы, эстетикалық талғамы алшысынан түскен асықтай өзіндік келбетімен айшықталып, соның негізінде адамзат игілігіне айналған рухани әрі материалдық құндылықтар пайда болды.

Әсіресе, өркениет өрісіндей, мәдениеттің мәйе-гіндей алып қалалардың өзіндік сәулеті, эстетикалық, пейзаждық ерекшеліктері бейне бір қолдан отыр-ғызылып, арнайы күтіп, бапталған саябақтай тартымды еді-ау. Гүл бақтарының көз жауын алатын көркем көрінісі жан сейілтіп, шабыт шақыратын. Жазира далалардың айхай шаттықтан шалқуы, асқар таулардың алып сілемі, сылдырап аққан өзен-сулардың көңіл марқайтар назды үні еріксіз еліктіріп әкететін. Шартарапты масатыдай құлпыртқан жауқазындар, ертеден бері есіміз кете құлай сүйген, жанымызға ыстық көрінетін жұпар аңқыған раушан гүлдері, хош иісімен қоса тікенімен де тартымды қалампырлар, бағзыдан бері жеріміздің ерке гүлі болып жанымызды жадыратқан түймедақ, қарапайым түрімен-ақ өзіне тартып, баурап алатын шегір гүлдер, көрінген жерде көктей бермейтін сырбаз да кірпияз лала, жүректің өзіндей сезімтал әрі құралайдың көзіндей жәудіреген магнолия, жақын туысымыз яки құдайы көршіміздей боп кеткен сүмбүлшаш, елімізге жат жерден келгеніне қарамастан жерсініп, сүп-сүйкімді шуақ шашқан камелья, хош иісімен көңіл сарайыңды ашып, бақи өмірдің сұлулықтарынан сыр шерткен орхидея адам жүрегіндегі мәңгілікке деген құштарлықтың құсын ұшырып, алға жетелейтін. Гүлдердің сабағына ілініп, сағағын түзген әдемілік әрдайым біз аңсап, армандаған әлемді – мәңгілік өмірді еске салады. Бұған қоса төгілдіре ән салған, құйқылжытып сайраған құстардың үнінен, жәндіктердің ызыңдағанынан, қой-ешкінің жамырай маңыраған үнінен, бірін-бірі Аллаһ үшін жанын үзіп берердей жақсы көрген жандардың шынайы ықыласынан төгілген ыстық лебіздерінен айнала жаннат бақшасына айналғандай шалқар шаттыққа бөленетінбіз.

Ал енді жасыл-желегі мен орман-тоғайы жер-жаһанның желкеніне айналатын жаз маусымында айнала Ирем[5]  бақтары  тәрізді жайнайтын. Жан-жануарлар да жадырап, жайнаған дүниеге айрықша сән беріп, алабөтен ыстық көрінетін.

Еліміздің барлық түкпірінде уақыт тынысы мүл-дем басқаша сезілетін еді-ау ол кезде. Бір сағатың жылға бергісіз мәнді әрі берекетті болатын. Сондық-тан болар, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандыратын өткен уақыт тағылымды сәттерімен ұмытылмастай жадымызда мәңгілік жатталып қалатын.

Ата-бабамыздың тасқа қашаған таңбасындай өткен шақ естеліктеріне бойлап, жадымда жаңғыртып, жазиралы шақтың жасыл өлкесіне талпынғаныммен сол көзден бұл-бұл ұшып, көңілден көмескі тартқан асылмен қайта қауыша алар ма екем? Белгісіз... Бұл сағым ғана. Көзден бұлбұл ұшқан жаннат сағымы. Жайнаған бақтары, бағбандары – барлығы мен үшін сағындырған сағым болып қала бермек...


[1] Жаннаттағы бозбалалардың атауы
[2] Пьиер Лотти (1850–1923) – француз мәдениеттанушысы, әдебиетшісі. Пьиер Лотти (шын аты – Льюис Мари Джулиан Виауд) Таяу Шығыс елдерінде мұсылман мәдениетін зерттеп, көптеген ғылыми еңбектермен қоса романдар да жазған. Осман мемлекетінің мәдениетіне тәнті болып, ұзақ жылдар бойы Стамбулда өмір сүрді. (Ауд). 
[3] Дәрет алу үшін соғылған, өзіндік дизайнымен ерекшеленетін арнайы орындар.
[4] «Ұзлет» немесе «қылует» – көпшіліктен жырақ, оңаша қалу арқылы Жаратушы туралы терең толғанып, ғибадат жасайтын орынның атауы. (Ауд).
[5] Ад қауымының патшасы Шәддаттың жаннат бақтарына ұқсатпақ болып салдырған таңғажайып бағының атауы.


Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.