Дінге белсенді қызмет ету

Фетхуллаһ Гүлен: Дінге белсенді қызмет ету

Сұрақ: Дінімізде мейлі жеке адам, мейлі қоғамдық өмірде мұрат етілген үнемі сергек болу мен белсенділік таныту өресіне қалай жетуге болады?

Жауап: Ислам дініндегі дүниетаным мен өмір түсінігінде болбырлыққа орын жоқ. Адамнан топыраққа, заттардан уақытқа дейін барлық нәрсе белсенділік танытуда. Айталық, Ислам жеке адамның ізгі іс істеуі мәселесінде үнемі белсенді болуын бұйырғаны секілді ақшаның, жердің, уақыттың т.б. қатар қолданылуы, оларды өте тиімді пайдаланып, көп кәдеге жаратуды да бұйырады.

Бір мұсылманның белсенді әрі сергек болуы үшін қажетті ең маңызды мәселе иманға тән негіздер. Сол үшін біз дұғаларымызда үнемі رَبَّناَ زِدْنَا عِلْمًا وَإِيمَانًا وَيَقِينًا «Раббымыз, ілімімізді, иманымызды және яқинымызды арттыра гөр!» деп тілейміз. Осы тұрғыдан бір мүмин кейде кітаптарға жүгініп, кейде сәлаф салихинның берекетті өмірін зерделеп, кейде терең оймен, кейде Алланы түсіндіретін сұқбатпен, кейде зікірлермен үнемі иманын сергек ұстап, яқинын арттыру үстінде болуы керек. «Құлубу дария» атты дұғалар жинағындағы дұғаларға көбірек назар аудару, олардың тереңдігіне біршама үңілудің өзі адамның ой- өрісін кеңейтеді.

Негізі сергек, тың әрі белсенді болу ислам әлемінің соңғы бірнеше ғасырдан бері қордаланған ғасырлық проблемаларының шешілуі, олармен есеп айырысу және иманды жандардың ешкімнен құқай көрместен, тәуелді болмастан өмір сүре білуі тұрғысынан өте маңызды. Өкінішке қарай, мұсылмандар бірнеше ғасырдан бері осындай көңіл тебіренісі мен белсенділігін жоғалтып алғандықтан, әлемді реттеудегі бұрынғы салмағын жоғалтып, әуелі ұстаған жүгенінен айырылып, кейіннен саяси, мәдени, экономикалық және т.б. қамқорлыққа алынған.

Тек ескек есуден аспайтын қоғам

Ғалым Бәдиуззаман «Міне, ей, екі өмірдің рухы іспетті исламды көзге ілмеген екі аяқты көрге лайықтылар! Келе жатқан жаңа ұрпақтың есігінде тұрмаңдар. Сендерді көрлерің күтіп тұр, былай тұрыңдар. Одан да ислам ақиқаттарын лайықты түрде әлемге жаятын жаңа ұрпақ келсін» (Бәдиуззаман, Тарихче-и хаят, 82 б.) деген сөзімен осы ақиқатқа назар аудартқан. Неге десеңіз, бұл соңғы әрі ғаламдық дін селқостық, тұманды ой және бойкүйездікпен тарала алмайды. Осы себепті хазірет Бәдиуззаман болашақ ұрпаққа нашар үлгі болатын жүрегінде шын тебіренісі жоқ, бойын салғырттық басқандарға жолды бөгемеуді айтқан. Неге? Олардан кейін келетін ұрпақ өте белсенді әрі сергек күйде өмірдегі өз орнын тезірек тауып, өздеріне тән міндеттерді орындауы үшін.

Иә, нашар үлгі болмау өте маңызды. Мен бұл жерде ата-бабаларымыздың кемшіліктерін теріп, күнәға қалғым келмейді. Алайда бір ақиқатқа назар аударту үшін мына тұсты тілге тиек етейін. Біздің бүгінгі тым шабандығымыз бен енжарлығымыздың астарында бір жағы ата-бабаларымыз бен әже-апаларымыз тұр. Ол кісілердің қателіктерінің астарында өздерінен бұрынғылардың обалы жатыр. Өйткені олар Аллаға сеніп әрі құлшылықтарын орындауы тұрғысынан өз міндеттерін орындаған. Алайда оқиғаларды зерделеуде қарабайырлықтан аспауы әрі жаңа заманға жаңаша көзқараспен қарай алмағандықтан, ой- пікір мен белсенді өмір емес, құрғап кеткен шөлейтті дәуір кешуге себеп болған.

Осы тұрғыдан біз өзімізге бір жағынан қараусыз қалған ұрпақ ретінде қарауымызға болады. Неге десеңіз, өз дәуірімізге сай жетілдірілмегендіктен, болашақтың аманатшылары болу қасиетіне қол жеткізе алмадық, үнемі артқа ысырылдық. Сондықтан кемеде бізге үнемі ескек естірді. Мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарасақ, сіз мемлекеттермен терезені тең ұстап, кеменің рульінде боласыз, не артта тек ескек есуден аспайсыз. Бұл мәселенің ортасы жоқ. Иә, басшы болмасаңыз, басшылыққа бас иген қалыпта өмір сүруге мәжбүр боласыз. Бірақ басқаша айтар болсақ, сіздер не әлемдегі тепе-теңдікті ұстаушылардың бірі боласыздар немесе басқалардың көрсетіп берген шектеуі ішінде өмір сүресіздер. Егер тепе-теңдікті анықтап беруші сіздер болсаңыздар, белгілеуші боласыздар, кері жағдайда «белгіленуші» кейпінен аспайсыздар. Белгілену болса тұтқындық деген сөз, яғни қол-аяғы кісендеулі құл жағдайына түсу деген сөз. Негізі бұл жағдайдың Африкада тізімге алынып, Батысқа апарылған құлдардан ешқандай айырмашылығы жоқ. Өкінішке қарай, бірнеше ғасырдан бері біз, мұсылмандардың жағдайы осы.

Исламды дәріптеуде тиісінше үлгі бола алмауымыз себепті осындай жағдайға ұшырау анығында исламның абыройы мен беделін сақтай алмау, мұсылмандықтың қадірін кетіру деген сөз. Егер осындай аянышты жағдайымызбен исламның қадірін қашырған болсақ, онда Алланың алдында біздің де қадіріміз болмасы белгілі. Осы себепті неде болса лайықты дәрежеге келе білуіміз керек. Ол үшін адам үнемі биікке ұмтылып, бар күшін соған салып, мақсатын биік қоя білуі керек.

Жігерлі ерлер және исламның абыройы

Алла пендесіне ықтияр берген. Адам айуан да емес, жансыз зат та емес. Адам өзіндегі дербес ықтияры мен өзіне берілген күш-қуатын ұтымды пайдалана алған жағдайда Алланың қалауымен әлемге тұтас тіршілік лебін үрлей алады. Қожанасыр секілді теңіздерді шайқап май алуға тырысады. Егер адамдардың еркі бірігіп, әркімнің жаққан жарығын қоссақ, бүкіл әлем мерекелік орын секілді жарқырап шыға келуі мүмкін. Қаласаңыздар, Бақытты ғасырға осы тұрғыдан қарап көріңіздер: ардақты расулымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) бірнеше ғасырға сыймайтындай істерді небәрі жиырма үш жылға сыйдырған жоқ па? Хазірет Әбу Бәкір жиырма мың адаммен екі алып империяны тізе бүктірмеді ме? Бұдан бөлек, ол осы уақыт аралығында он бір діннен шыққандардың жағдайымен арпалыспады ма? Анығында бұлардың тек біреуі Мүсәйламатул-кәззабтың өзі еліміздегі көп жылдардан бері шешілмей келе жатқан террористік ұйымның күшінен он есе үлкен күшке ие еді. Міне, хазірет Әбу Бәкір ерекше жігер танытып, Алланың қалауымен, бүкіл осы проблемаларды шешкен, оның бұл жағдайы сергек, тың әрі белсенділікке нағыз мысал бола алады.

Сергек болудың негіздері

Белсенді әрі сергек бола білудің негіздеріне келсек, тұжырымдап мынаны айтуға болады:

Баршаға жүре алатындай жол көрсету, орын көрсету, әрі «сенің міндетің осы» деу адамдарды белсенді етудің маңызды факторларының бірі. Адам менмендіктен арылып, ұжым болып еңбек етсе де психологиялық тұрғыдан өз істеген ісін, шама-шарқын және жеткен өресін білгісі келеді. Еткен еңбегін бағалау да адамдағы құлшынысты арттырады. Кейбірі түрлі жетістіктерге жеткен сайын сол іске өз менмендіктерін араластырса да, бұл жерде жасалуы керекті іс оларды тиімді тәсілдермен ықыласты бола білуге бағыттау.

Келесі жағынан басқалардың тірілуіне жүгірсеңіз, өзіңізді тірі ұстайсыз. Әлемді тірілткен адамның өзінің өлі кейіпте болуы мүмкін емес. Өйткені сіздер біреуді демеп, старт беріп жарысқа қосқандай болсаңыз, олар жүгіргенде өзіңіз де артта тұрып қана қарай алмайсыз.

Уақыттың шынайы бағасын білу де сергек әрі белсенді болумен байланысты. Біз ұзақ уақыт бойы уақыттың өзінің де бағалы екенін аңғармадық. Бірақ негізінде ол ұтымды пайдаланған жағдайда жұмаққа қол жеткізуге болатындай таңдессіз қазына. Иә, тиімді пайдалана білген жағдайда аз ғана уақыт шексіздікке ашылады әрі онымен мәңгілік бақытта табуға болады. Осы тұрғыдан уақыттың қадірін біліп, оның әр сәтін ізгі істерге толтырып, белсенділік таныту дінге қызмет ету үшін өте маңызды негіз.

Pin It
  • жасалған.
© 2020 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.