Діннің атынан жасалатын қылмыстардың обалы (2)

Фетхуллаһ Гүлен: Діннің атынан жасалатын қылмыстардың обалы

Осман мемлекеті жығылғаннан кейін ислам әлемінде көптеген күйреушіліктер орын алды. Қазіргі күні жаңадан ес жию, қайтадан өз болмысымызды табуға деген талпыныс бар. Ислам жағрапиясына тұтастай емес, мәселеге тек Түркия тұрғысынан қарағанның өзінде, барлық нәрсенің кешегіндей болмағанын, соңғы қырық, елу жыл ішінде көптеген нәрселердің өзгергенін көресіз. Міне, ислам әлеміндегі осы даму мен өзгерістерді жақамаған кейбір күш иелері діннің негізгі динамикаларынан хабарсыз өз өлшемдерін білмейтін, бұған қоса, сезіммен әрі өшпендікпен әрекет ететін кейбіреулерді қимылға көшіріп, оларды өздерінің нашар пиғылдарына қолданғысы келген.

Параноя қажеттігі және алданған бұқара

Өкінішке қарай, шындығы сол, бүгін ислам жағрапиясында өмір сүрген адамдардың барлығы сау ақылмен тең ойлай білетін, өз қайнар көздерін білетін адамдар емес. Параноя сезімін түркілеп, өз пайдаларына қарай әлемде пікір қалыптастырғысы келгендер болса, надандық пен кедейліктен туындайтын біздегі осы осалдықтарды көріп, белгілі сценарийлер әзірлеген. Нәтижеде ыңғайға көнген адамдарды не алдап, не дәрілермен роботқа айналдыру арқылы осы сценарийлерде кейіпкер ретінде қолданған. Иә, ескерілмеген, надандықтан көз ашпаған ұрпақты қолданып, бұқараларды алдатқан. Алданбаудың жолы болса, ішкі дене құрылысымызды мығым ұстауға байланысты. Егер иммунитет жүйеңіз күшті болса, ағзаға кіретін вирус пен микроптардың бәрін жеңе аласыз. Алайда ағзаның ішкі жүйесі әлсірегенде, басқалары үнемі вирус жіберіп ағзаны құлатуды қалайды, сіз онда бұған кедергі бола алмайсыз.

Бұл тұрғыдан кішірейіп, қусырыла түскен қазіргі әлемде Аллаһ елшісінің жолына бас қойған мұсылмандардың өте бір ақылмен әрекет етуі, әр қадамын ойланып басуы, бір сөз айтпай тұрып, ол сөздің кері әсері қалай болатынын, естігендерге қандай әсер беретінін ескеруі керек. Сөйлемей тұрып табыс пен шығынды жақсы ескеріп, он рет ойланбастан бір сөз де айтылмауы керек. Әсіресе өзі атқарған жұмысымен көпшілікке уәкілдік жасайтын адамдардың бұл мәселеде өте мұқияттылық танытуы қажет. Өйткені олардың жіберетін бір қатесінің жазасын өзі өкілі болып табылатын көпшілік бірге өтейді. Мәселен, жай бір адамның аузынан «Пәленшелер сендердің мешіттеріңе мынандай құрметсіздік танытты. Сендер де барып олардыкін құртыңдар» деген сөз шыққанда, бұған ешкім де көңіл аудармайды. Бірақ сол сөз сөзі тыңдалатын әлдекім тарапынан айтылғанда, тыңдаушылар оған көңіл бөледі, оның соңы түрлі қиындықтарға апаруы мүмкін. Иә, батылдық пен өжеттікке қоса, ілім, хикмет, көрегендік пен парасаттылық болмаса, бұндай батылдық пен өжеттік, адамды ессіздікке ұрындыратыны сондай, жіберілген қателіктерді жөндеп, қайта қалыпқа келтіру мүмкін болмайды. Осы себепті тап болған пәлекеттерге қарсы жақты ғана кінәлау дұрыс емес. Әсілі Исламның әсемдіктерін өмірде ұстануы мен көрілуін қаламаған қарсы жақ бұндай тұзақ пен айла-шарғыларды исламның алғашқы кезеңдерінен бастап істегісі келген. Алайда Әділетті халифалар мен оларды үлгі тұтқан көреген басшылар бұған мүмкіндік бермеген. Әсіресе, соңғы екі-үш ғасырдан бері шетелдік жағдаяттар, арамыздағы кейбір ыңғайға келген бірқатар адамдарды қолданып, табысқа жетіп, өкінішке қарай, Исламның жарқыраған келбетіне күйе жаққан. Мынаны айтуға болады, Исламның ешбір кезеңінде қазіргідей дін атынан іске асырылған жыртқыштыққа ұқсас айуандық кездеспеген. Бәлкім, бір кезеңде Муаххидин, бір кезеңде Карматилер мен басқа бір кезеңде Батинилікке берілген әлдекімдер бұндай айуандықтарға барған. Алайда олардың өзі тірі бомба болып жарылмаған, әйел, кәрі, бала-шаға деместен, жаппай қырғынға жол ашатын өзін өлімге қию әрекеттеріне бармаған.

Мүминше күресу кейпі

Реті келгенде осы тұста бір естелігімді айта кетейін. Қалымды сұрап келген бір кісі исламафобияны тілге тиек етті. Батыстықтардың мұсылмандарға жыртқыш ретінде қарайтындығын, карикатурлары мен газет, теледидарларында исламға қарсы ақпарат жариялағандықтарын әңгімеледі. Мен оған бір жерде исламға қарсы шабуыл жасағанда, өкінішке қарай, эмоциямен әрекет ететін кейбір мұсылмандардың да дәл солай қарсылық жасап, исламмен сыйыспайтын әрекеттерге баратынын, осы себепті өзімізді түгелдей ақтаудың жөн еместігін айттым. Бұл еш күтпеген әрі оны таңғалдырған жауап болса да, бұлтартпайтын шындық. Шынтуайтында, біз жасалған жамандықтарға қарсылық берерде, бізге жарасатындай әрекет етіп, мүминге жарасатындай күрес кейпін көрсетуіміз керек еді. Кері жағдайда жасалған жамандықтар жер бетіндегі бүкіл мұсылмандарды қиын жағдайға қалдыруда. Өйткені бұндай әрекеттер белгілі күштердің қолына мұсылмандарға қарсы қолданатын мүмкіндік беруде. Жасалуы қажетті болған әрекет кейпі болса, тәсілімізді арымыз деп біліп, діннің негіздерінен кетпей ғана шабуылдардың бетін қайтару.

Жыртқыштық жасағандардың мұсылмандықтан нәсібі жоқ

Қаттылық, қара күшке салумен, ашу-ызамен дінді сүйдіру, адамдардың көңіліне Исламды жағымды ету қайдан көріліпті? Өздеріңіз білетіндей, діннің анықтамасы жасалғанда былай делінеді:

الدِّينُ وَضْعٌ إلَهِيٌّ سَائِقٌ لِذَوِي الْعُقُولِ بِاخْتِيَارِهِمْ الْمَحْمُودِ إلَى الْخَيْرِ بِالذَّاتِ
«Дін – Аллаһ тарапынан реттелген жүйелер топтамасы, ол ақыл иелерін өздеріндегі ерікті қалаумен ізгілікке бағыттайды» (Абдулазиз әл-Бұхари, Кәшфул-әсрар, 1/13)

Меніңше, дінге жасалған бұндай анықтама, ең дамыған демократиядан да артық тұр. Өйткені дін адамның дербес қалау, жеке ықтиярын негізге алуда, оған ерік беруде. Ислам бойынша, адам – жаратылысы тұрғысынан ардақты болмыс. Егер дінді дұрыс насихаттап, оның адам болашағына тигізер оң ықпалы дұрыс түсіндірілсе, бұқараның таңдауы онсыз да соған ауар еді.

Иә, егер сіз діннің әсемдіктерін көрсетіп, сүйдіріп, жүректе соған деген құмарлық оята алсаңыз, адамдар да дербес ықтиярымен соны таңдайды. Ешкім бұған ләм-мим дей алмайды. Әркім өзі қалаған дінді таңдау еркіне ие. Маңыздысы, дінді дұрыс ұстану, үлгілі өнеге көрсете білу. Білгендеріңіздей, Адамзаттың мақтаулы тұлғасының дінді ғажап насихаттауымен тең жүрген басқа бір қыры оның үлгілі өнеге көрсете білгені. Ол (саллаллаху алайхи уә сәлләм) айтқан әрбір ісін мұқият өзі орындап, сол арқылы жүректерді жаулаған. Анығында, мұсылман үмбеті ретінде біз де бір кездері сондай едік. Бірақ соңғы бір-екі ғасырдан бері әлдекімдер біздің генімізді де, тегімізді де бұзды. Өкініштісі, әрі дін атына небір жамандықтар жасалды. Шынтуайтында, жыртқыштық жасаған адамдардың мұсылмандықтан нәсібі жоқ. Бұдан бұрын да түрлі себептермен тілге тиек етілгендей, террорист мұсылман бола алмайтынындай, шын мұсылман да террорист бола алмайды. Мұсылмандардың арасынан террорист шықса да, бұндай адам мұсылмандық қасиеттерінен жұрдай болған деген сөз. Бұндай адамды ешқашан дұрыс мұсылман қатарына қосуға болмайды. Қалай қоспақпыз?! Соғыстың өзінде де өміршең кейбір қағидалар бар. Бір жасаққа соққанда Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уәсәлләм) айтқанындай, дініміз әйелдерге, балаларға, ғибадаттарды паналаған адамдарға соқтығуға тыйым салған. Сондықтан қазіргі уақытта діннің атынан жасалған бұл қылмыстарды Құран мен Сүннеттегі қағидалармен байланыстыру мүмкін емес.

Әсілі, біздің міндетіміз, дінді дұрыс ұстанумен қатар баршаға құрмет көрсету әрі барлық түсінік иелеріне сыйластықпен қарау. Өйткені өзгелерге өз жүйеңді таңу – діннің өзегіне қайшы. Қару-жарақ, ашу-ыза, қара күшпен адамдарға тарпа бас салудың, өзінше соғыс ашып, барып сауда орталығын басып алудың, жазықсыз адамдарды тұтқынға алудың мұсылмандықпен сыйысатын ешқандай жағы жоқ. Бейбітшілік пен есендік дініне мойынсұнған біздер дәл солай қарсылық танытуды қиянатшыл залымдардың әдеті ретінде қабылдаймыз. Сондықтан барлық жағдайда да адамгершілік танытуды айуанша әрекет етуден артық көреміз. Онсыз да сенетін адамдар бұндай жабайы әрекеттерге баратындай төмендемейді, төмендей алмайды.

Жаратушы ие жүректерімізге хикметпен әрекет еттірсін.

Өз қалауымен сыйыспайтын өрескел қимылдарға барудан сақтасын.

Пайғамбар жолында болуды, сол жолда жүргендермен бірге жүре алуды бәрімізге нәсіп етсін!

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.