Ғапылдық пен бойкүйездікке берілмей дұға ету

Фетхуллаһ Гүлен: Ғапылдық пен бойкүйездікке берілмей дұға ету

Сұрақ: Дұғада бойкүйездік пен салғырттықтан арылу үшін қандай кеңес бересіз?

Жауап: Дұға еткісі келген кісінің Жаратушы алдында тұрғанын сезініп, қолын жайып, аузынан шыққан сөздерін саналы түрде айтуы, бос сөз, бөстекі әңгімеден аулақ тұруы өте маңызды. Өйткені Расулалла (саллаллаһу алайхи уә сәлләм) бір хадисінде:

إِنَّ اللهَ لَا يَقْبَلُ دُعَاءً مِنْ قَلْبٍ غَافِلٍ لَاهٍ
«Алла не тілеп тұрғанын білмейтін, не айтып жатқанынан хабарсыз жүректің дұғасын қабыл етпейді»(әл-Хаким, әл-Мүстадрак 1/670)

деу арқылы ғапылдық жағдайында әрі санасыз түрде жасалған дұғалардың қабыл болмайтындығын ескерткен. Осы тұрғыдан бойкүйездік пен салғырттық дұғаның қадірін қашырып, ауыздан шыққан сөздерді әсерсіз етпеуі үшін әуелі дұғаның діндегі орны мен маңызын жақсы білу керек.

Дұға – құлшылықтың беломыртқасы

Адамзаттың мақтанышы (саллаллаһу алайхи уә сәлләм),

اَلدُّعَاءُ مُخُّ اْلعِبَادَةِ
«Дұға құлшылықтың беломыртқаы, негізі» (Тирмизи, Дағуат 2)

деген. Дене үшін омыртқа өте маңызды. Омыртқада бір ақау болған жағдайда адам сал болады, төсекке таңылады не өмірмен қош айтысады. Тура сол секілді дұға Алла мен адам арасындағы құлдық қатынасын ұстап тұратын омыртқа секілді. Пенденің Аллаға шынайы құл болып -болмағаны тек дұға арқылы анықталады.

Дұға Жаратушы иеден қалыптан тыс жайттарды сұрау деген сөз. Бұл өзі шынайы тәухидке жету тұрғысынан өте маңызды. Неге десеңіз, адам қолын жайып Аллаға бет бұрған уақытта онымен Алланың арасында ешқандай себеп болмайды. Себептер Жаратушы иенің айбары мен ұлылығын перделейді. Алайда дұға еткен жан бүкіл осы перделерден аса отырып, тіке хазірет Азизи Жаббардың қақпасын ұрғылайды. Сұрағанын тек содан сұрайды, сөйтіп шынайы тәухидке бет бұрады.

Міне, себептерді ысырып, Алланың алдында тұрмын деген сезіммен дұға еткен мүмин аузынан шыққан бүкіл сөздердің жүрегімен де үйлесім табуына мән беруі тиіс. Аузынан шыққан сөз жүрегінің де қалауы жағдайына келтіруі керек. Басқаша айтар болсақ, ол көңілі мен тілінің арасында қайшылық кездесуіне мүмкіндік бермеуі керек. Тілі не десе, жүрегі де соны терең ойлануы тиіс. Мәселен, ол «Алла тағалам, мені өзіңнің разылығыңа жеткізе гөр!» деген кезінде жүректің дүрсілі де сол сөздермен үйлесіп, жүрек соған қарай соға бастауы тиіс. Егер бұл екеуінің арасында қайшылық туындап, тіл басқаша сөйлеп, жүрек басқаша ойласа, бұлардың қайсысына жауап беру мәселесі белгісіз болып қалады. Осы себепті адам Алланың алдында тұрғанда дуалистік әрекеттен бойын алыс ұстап, тілі мен жүрегінің екі бөлек өмір сүруіне орын бермеуі керек. Әсілі адам тек дұғада емес, басқа құлшылықтарын атқарғанда да үнемі саналы түрде әрекет етуі тиіс. Айталық, намаз оқыған адам жүректің мұраты болған ниеті арқылы амалдың ішіне кіріп, қолынан келгенше осы ғибадатын жүрек ісі жағдайына келтіруі тиіс. Өйткені адамның істеген істері жүрегіндегі изан мен яқинның (терең иман) және Аллаға байланысының сыртқа көрініс бергеніне сай Алланың алдында мәнге ие болады.

Иман мен дұға

Негізінде бұндай саналылық тереңдігі әр мәселеде болғаны секілді дұғада да әуелі Аллаға берік сенуге қатысты. Адам Аллаға қаншалықты сенсе, жасаған дұғасында да соншалықты терең болады. Сенімде селкеуі бар не яқин әлсіздігі барлар пенденің жүрегі мен тілінің біртұтастығына қол жеткізе алмайды. Осы тұрғыдан мынаны айтуға болады: егер бір адам айтқандарын шынайы айта алмай, дұғаның толқынысы мен тебіренісін толық сезіне алмаса, онда әуелі иман, яқин және мағрифат (Алланы тану) турасында шикіліктері бар деген сөз. Кең тарқатып айтар болсақ, күпірге мән бермей, адамдардың адасуына еш жүрек ауыртпайтын болса, олардың иман етуіне, жоқ дегенде, жанұя құру, бала сүю дәрежесінде маңыз бермейтін болса, қолын жайып «Уа, Алла тағалам, әлемдегі барша адамдардың жүрегін исламға бұр. Өзіңе жалбарынамын, қажет болса менің жанымды ал, бірақ адамдардың жүрегіне иман сіңір» демейтін болса, бір тұрғыда ол иман мәселесінде шикілікке жол беріп жүр деген сөз. Бұндай адамның әуелі иман негіздері тұрғысында айтарлықтай оңалуға зәрулігі бар.

Анығында бәріміздің де иман негіздері мәселесінде айтарлықтай шикіліктеріміз бар, соларды дұрыстауымыз керек. Өйткені өзіміз байқасақ та, байқамасақ та хазірет Пірдің айтқанындай, өкінішке қарай, бүгінгі күні пән ғылымдарынан келіп отырған адасушылық пен күпір сананы қатты ластады. (Бәдиуззаман, Мектубат, 20 б. (Бесінші хат)); Жасалған әр күнә, жүрекке түскен әрбір күмән мен күдік адам жанын жаралайды (Бәдиуззаман, Ләмалар, 9 б. (Екінші Ләма)) Екіжүзділік, надандық пен менмендік заманында ақиқат толықтай күйреді. Тіпті жақсыға еліктеу деген де қалмады. Иә, бұрынғылар көз алдарында жол көрсетуші ұстазды көретін, соның істегенін істеп, әйтеуір жоқ дегенде еліктеп болса да иманды айналсоқтап, өздерін сақтайтын. Өкінішке қарай, қазіргі адамдардың көбі бұндай мүмкіндік те таппауда.

Әсілі бір адам өзін тыңдаса, маңайында болып жатқан оқиғаларға қараса, кейіннен оларды дұрыс зерделесе, барлық нәрседе Алланы сезетін еді. Жәнап Шахабаддин секілді «Сен барсың, Аллам, барсың, иә барсың. Ойымда, қиялымда, сезімімде үнемі барсың» дейді. Әр айнада Алланың жамалын тамашалаған пенде реті келгенде ағашқа жүгіріп, оны сүйеді, жасыл шөпке жата кетіп, құшырлана топырақты сүйіп, кейде Алланың Нұр есімінің қою сұлбасы іспетті Күнге бетін бұрып, бір жағынан есуасша өмір сүреді. Бұндай адам Алланың бар екендігін терең ұғып, ихсан түсінігімен өмір сүреді, Алланы дәл бір көріп тұрғандай іс-әрекет жасап, өзін Алланың көріп тұрғанындай әрекет жасайды. Міне, тек осындай яқин өресіне жеткен адам қол жайғанда бойкүйездік пен салғырттыққа жол бермейді, Алла мені көріп тұр деген сезіммен беріле жалбарынатын болады.

Ішкі тебіреністің үні

Иә, ихсан түсінігінде тұрып дұғада хузур, худу және хушу (берілу) өте маңызды. Тіпті адам бар назарымен Аллаға бет бұрып, дұға еткенде өзін ұмытуы тиіс. Мен хазірет Пірдің шәкірттерінен Тахири Мутлу, Ахмед Фейзи ағаларды көрдім. Олар дұға еткенде ішкі тебіреністерін айтып, қиналып, қозғалақтап, естен танатын. Әсілі олар ұстаздарынан көргенін істейтін.

Осы тұста сіздерге сылтауға жарайтындай бір мәселеге де назар аудартқым келеді. Өкінішке қарай, біз дұрыстап намаз оқитын, шынайы көңілмен дұға жасайтын, бар ынта- шынтасымен Аллаға бет бұрған адамдарды текке мен медіреседе, тіпті мешітте де көрмедік. Бұл тұрғыда бізге үлгі болатындай өремізді биіктететін, ақиқатты жарқыратып көрсететіндей жолбасшыларымыз болмады. Әрбіріміз үмми ретінде тұрған жерімізден аспадық. Сәйіт Құтып бұндай мәселелерді қозғағанда, «Біз өзі мұсылманбыз ба?» деп ойлантатын.

Бірақ барлығына қарамастан шынайы иманға қол жеткізуді ауыр деп санамаңыздар, қол жетпейтіндей көрмеңіздер. Сіздер іштей қайғы етіп көріңіздер, мұң арқалаған кейіпте Аллаға бет түзеңіздер. Міне, сол кезде көреміз. Жаратушы әр ісін керемет істейді. Өздеріңізге дайындалған тосын сыйларды көресіздер.

Ендеше, келіңіздер, ішіміздегі қаттылықтар кетуі үшін, құл болу біздің жанымызды жадыратсын деп, иманда тереңдей түсу үшін түнде тұрайық. Төрт рәкаттық қажет намазын оқиық. Артынан «Алла тағалам, сенен осы түні мені ихсан түсінігіне жеткізуіңді сұраймын. Сенен керемет те, сый да ештеңе сұрамайын. Бар қалауым, сенімен қатынаста тереңге баруды қалаймын. Сен ойыма келген сайын басқа нәрселерді ойламауды, сенің мағрифатыңа бөленіп өмір сүруден басқа ештеңе қаламаймын» дейік. Осыны айтқанда, аузымыздан шыққан әрбір сөзді саналы түрде айтуға мән бермейік. Түндерде табанды түрде Алладан осыны сұрайық. Бір түнде, екі түнде, үш түнде... тұрайық, есі ауысқан адамша Аллаға жалбарынайық. Мен мұнда сіздерді қинағандай «Араларыңызда Алладан мағрифат, махаббат және ғашықтық сұрау үшін бір апта бойы үзбей түнде тұрып Қажет намазын оқып, артынан осыны тілегендеріңіз бар ма?» деп сұрағым келмейді. Өйткені бұл сұрағыма оң жауап беретіндер көп болмас. Бұл да біздің осы мәселеге қаншалықты мән беріп жүргенімізді байқатуда. Бірақ ұмытпау керек. مَنْ طَلَبَ وَجَدَّ وَجَدَ «Бір нәрсені сұраған сұрағанында табанды болып, қажетті талпынысты көрсетсе, сұрағанына қол жеткізеді».

Кейде қажылық үшін Қағба, Арафат, Мүздалифа мен Минаға барған адамдардың жағдайына қарап, осы түсініктегілерін іздеймін. Араларында есі ауысқан адамша Аллаға дұға еткен, қатты толқығандарының бар-жоғына қараймын. Егер ол жерде мың адам шынайы түрде қол жайып, мың ауызбен ұлы тілектер тілесе, көпшіліктің аузынан айтылған бұл тілек кері қайтпас еді. Тіпті менің бұл туасындағы сенімім мынадай: Егер сол жердегі үш миллион қажы қол жайып, «Аллам, мына жер шарын өзгерт» десе, аяқ басып тұрған жер шары демде өзгеріп кетер еді. Бірақ қайдан! Ислам әлемі бүгінгі күнге дейін дәл осыншалықты қадірсізденіп, бей-берекетсізденбеген еді. Демек, адамдар бұл жамандықтарды тиісінше сезінбейді. Егер сезінсе, жоқ дегенде, дұға етіп болса да ол жағдайдан арылуға тырысар еді. Адамдар осы қайғыны сезбеумен қатар маңайдағы күпір толқындарының келіп өздерін ұруына да селт етпеуде. Сондықтан жалпылай дұға ету қажеттігін сезінбеуде.

Соңғы бір мәселе ретінде мынаны да айтайын, бұндай қайғыны сезінуге адам бір демде қол жеткізбесе де өзін қинап, осы бағытта шынайы талпыныс жасауы тиіс. Қолын жайғанда «Берсең берерсің, бермесең өзің біл» дегендей дұға етуі болса, Алланың алдында тәрбиесіздіктің белгісі. Анығында адам дұға еткенде тура бір сұрағанда жанды суырып алардай қайыршы секілді болуы керек, бар іс-әрекетімен «Берші, Аллам, жолыңда құрбан болып кетейін, берші! Өтінем, мені өлтірсең де сұрағанымды берші» деуі тиіс. Иә, мүминнің мұраты асыл болуы тиіс. Сұрағандарын шын жүрегімен сұрауы тиіс, сонда барып Алла тағала оның тілектерін жерде қалдырмайды. Өйткені бір адамның бетбұрысы қаншалықты болса, өзіне де соншалықты көңіл бөлінеді, өзі қаншалықты назар аударса, оған да соншалықты назар аударылады.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.