Иманның ләззатын сезіну үшін...

Фетхуллаһ Гүлен: Иманның ләззатын сезіну үшін

Сұрақ: Алла елшісінің сүннеті саналатын әр күні таңсәріде өзіміз оқитын дұғалардың бірінде «Аллаһуммә хәббиб иләйнәл имәнә уә зәйинһу фи қулубинә уә кәрриһ иләйнәл куфра уәл фусуқа уәл исиәнә уәжәлнә минәр рашидин» дейміз. Бұл дұғаның мағынасын және оны оқыған сәтте не нәрсеге мән беруіміз керектігін ұғындырып берсеңіз?

Жауап: Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) саналы ғұмыры түгел дерлік дұға-мінәжаттан тұрғанын айта аламыз. Ертеңгісін ұйқыдан оянғанда, кешті батырғанда, дәрет алуға беттегенде, азан естілгенде, әр құлшылығының ішінде, тамақтану, ұйықтау, жолға шыққанда, сапардан оралғанда, көк пен жерден төнетін бір пәлеге жолыққанда, ауруға шалдықса, мазасызданса, қуанғанда, қайғырғанда үнемі қол жайып жалбарынатын. Құран кәрімде таңғы және кешкі уақыттарда Алланы зікір ету ерекше аталатындықтан болар, осы уақыттарға өте-мөте көңіл бөліп, таңғы-кешкі мезгілдерді дұға үшін берекелі уақыт деп есептейтін.

Күн сайын әсіресе таң намазынан кейін қайталағандарының бірі жоғарыдағы сұраққа арқау болған осы дұға еді:

«Уа, Алла тағалам, бізге иманды сүйдір және онымен жүрегімізді ажарландыр, көңілге жағымды ет. Сондай-ақ, бізге күпірлікті, күнәні және өзіңе бағынбауды ұнатқызба, бізді тура жолды тапқандардың қатарына қоса гөр».

Байыптылық Құдайдан, асығыстық шайтаннан...

Әсілі бұл дұға «Хужурат» сүресінің 7-аятынан алынған. Тәпсіршілердің айтуынша, бұл аят Бәни Мұсталиқ тайпасына қатысты оқиғамен байланысты. Бірде мұсылмандар арасында Бәни Мұсталиқ тайпасы зекет беруден бас тартып, пайғамбармен соғысуға беттеп келеді деген хабар тарайды. Бұны естігенде кей сахабалар тыз етпе мінезбен дереу шабуылдайық, пайғамбарға қарсы келгендерді жазалайық дегенді алға тартты. Сахабалардың бұл мінезі Жаратушыға қалтқысыз мойынсұнғандықтан, жүрегі иманға толып, күнә мен қарсы келуге (исиян) деген жеккөрушіліктен туындаған. Мұсталиқ руының Алла елшісінің әміріне немқұрайлы қарап, зекеттан бас тартқанын естір-естімес дінге деген ықыласпен дереу өретүрегеліп, расулаллаға қарсы шыққан бұл тайпамен шайқасайық деген ниет білдірген.

Алайда, Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабалардың соғысайық деген шешімін бірден құптамаған. Әуелі істің анық-қанығын білу керектігін ескертіп, бұны Халидке тапсырды. Хазірет Халид (р.а.) түнгі мезгілде Бәни Мұсталиқ аймағына барып, араларына тыңшыларын жіберіп, өзі де маңайды бақылайды. Бір уақытта тыңшылар кері оралып, Мұсталиқ тайпасының исламнан ауытқымағанын, азан шақырғанын естігендерін, намаздарына куә болғанын айтып келеді. Таң атысымен хазірет Халидтің (р.а.) өзі де Мұсталиқ тайпасына кіріп, олардың берген сертті бұзбағанын, зекетті парыз деп білетіндігіне көз жеткізеді. Қайтып келіп, көргенін баяндағанда, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Сақ әрекет ету Алладан, асығыстық шайтаннан» дейді.

Міне, осы оқиғаның себебінен үкімі қияметке дейін өзгермейтін, осыған ұқсас мәселелерде мұсылмандарға шамшырақ болар осы аят түскен.

Араларыңда Алла елшісі бар...

Сіз сұраған дұғаның негізі саналатын аяттың мағынасы мынандай: «Араларыңда Алланың пайғамбары бар екенін біліңдер. Егер ол көп істе сендерге бағынса, жағдайларың оңбас еді. Бірақ, Алла сендерге иманды сүйдірді әрі оны жүректеріңе әдемі етіп көрсетті. Сендерге күпірлікті, пасықтық пен Құдайға қарсы келуді жек көрінішті етті. Онсыз да тура жолдағылар Алланың осындай игіліктеріне қол жеткізгендер» (Хужурат, 49/7)

Алла тағала өздігінше шешім қабылдап, өз бетінше әрекет еткісі келетін пенделерге өте маңызды ақиқатты еске салып, оларға алдымен «Ойланыңдар, Алла елшісі көзі тірі, араларыңда» дейді. Барлық нәрсені көретін, барлық нәрсені еститін Жаратушымен әрдайым байланыста болатын Алла елшісінің (өзіндік парасат-пайымымен аздап мүлт кету кездессе де) жеке өзі шешім қабылдап, әрекет жасамағанын, әрдайым уахидың қадағалауында болып, Алла тағаланың қорғауында жүргенін, сондықтан ешқашан үмбетін қауіпке итермелемейтінін, оларға қате қадам жасатпайтынын білдіруде. Егер біреу жасырын іс істесе, қайсыбірі өтірік айтса, арадағы сырды ашса, қитұрқылық ұйымдастырса, бұлардың барлығын Жаратушы иенің бақылап тұрғанын әрі қаласа пайғамбарына білдіретіндігін ұқтыруда. Кейбірі сезімге беріліп, әлдебір ақиқатты бір мезет естен шығарып алатындықтан, оларға қандай жолбасшының соңында екенін естеріне салады.

Кейіннен Алла тағала «Егер пайғамбар көп істе айтқандарыңа бағынса, жағдайларың оңбас еді» деу арқылы оларға өз ұсынысын алға тартып табандап тұрып алмауды, қандайда да бір мәселеде ардақты пайғамбар таңдаған жолдың міндетті түрде дұрыс шешім болатындығын, пайғамбарға бағынған жағдайда көптеген ауыртпалықтар мен қиындықтарға ұшырамайтындығын ескертеді. Расулалла көрсеткен бағытпен жүрудің оларға үнемі қайырлы, әлдеқайда жеңіл әрі қиындықсыз болатындығын, осы шындыққа қарамастан, өз айтқандарына қоярда қоймай расулалланы көндіруге тырысса, көптеген қиындықтарға кезігетіндіктерін білдіруде. Барлық істе Алла мен елшісінің әміріне бас иіп, соған сай қадам басып, беріліп әрі тәуекелмен өмір сүру керектігін, соңында Ұлы Алланың жазғанына разылық танытуды аңдатуда.

Жүрегіне иман сіңірген жандар

Алла тағала бұл ескертуінің ізін ала саңлақ сахабаларды қорғаштауда. Олардың арасынан кейбірі әлдебір мәселеде ағаттық жасап, өз сөзін өткізуге әрекеттенсе де сахабалардан басым көпшіліктің байыптылық танытқанын, көпшілік ардақты пайғамбардың әмірі мен нұсқауын күтіп, шынайы мүминге жарасымды мінез көрсеткенін білдіруде. Сахабалардың арасында кейбір жастар мұнафықтардың «егер бізді тыңдағанда, мұндай күйге ұшырамас еді» деп әжуалаған сөзінің әсерімен уақытша өзгелерге өз кеңестеріне жүгінуді мақұл санап, асығыстық жасап, дөрекілеу сөздерімен Алла елшісін мұңайтқан. Бірақ біршама уақыт өз пікінде табандап тұрып алуымен істі ауырлатқандардың саны тым аз болғаны, басым көпшілік сахабалардың өздеріне жарасымды түрде байыптылық танытқаны көрсетілген. Артынан олардың иманның дәмін алған, жүрегіне иман сіңген, күпірлік, пасықтық пен Құдайға қарсы келуге тіксініп қарайтын, ниеті қалыс мүминдер екендігі әрі алған бағыттарының дұрыстығын назарға береді. Жастық шақтың албырттығы мен оған қоса иманнан туындаған тебіреніс себепті сәл бір сезімге ерік беріп асилермен шайқасу үшін Алла елшісіне түрлі ұсыныстар тастағандардың да артынан дереу ес жиып, аптығын басқаны, иләһи нығмет әрі жақсылық ретінде жүрегіне сіңген иманға деген махаббат пен күпір, пасықтық, Құдайға қарсы келу (исиян) секілді күнәларға жиренішпен қарап, ақыл толыстырып, ақиқатқа қанық сахабалардың арасына қосылғанын ишаралап жеткізеді.

Әсіресе, бұл аятта сүйіспеншілік пен иманның қажеттігіне де баса назар аударылған. Сахабаларға бейне бір былай делінгендей: «Алла тағала сендерге иманды сүйдірді, оны жүректеріңе ұнамды етті, сол себепті иман еттіңдер. Көңілдеріңді баураған бұл иманды уақыт өте келе тіпті әсемдеп, жан сарайларыңды сол арқылы байытты. Иман сендерді пайғамбардың жанына үйірсектеп, мейлінше ізгі істер жасауға итермеледі. Осы ниетпен Алла елшісіне серт етіңдер. Ақыры иманды сүйгендерің, сол арқылы жүректеріңнің ажарлана түскенін сездіңдер, ардақты расулды сүйдіңдер соның жолында боламыз деп уәде бердіңдер. Ендеше, оған бағыныңдар, барлық айтқандарын қалтқысыз орындаңдар. Құранда «Егер де Алланы сүйсеңдер, соңымнан еріңдер. Сонда Алла да сендерді сүйеді, деп айт» (Әли Имран 3/31) делінгендіктен, Алла елшісіне ілесуге міндеттісің, сонда Алла тағала да сендерді сүйеді.

Күпірлік, пасықтық және Құдайға қарсы келу (исиян)

Алла тағала иманды айтқаннан кейін пендені опат қылар үш қылықты атайды: «сендерге күпірлік, пасықтық және Құдайға қарсы келуді жек көрсетті» деу арқылы бұларды ұнатпаудың өзі иләһи нығмет екенін білдіреді.

Анығы сол, күпірлік – иманға қарсы ұғым. Күпірлік дегеніміз, Алла тағалаға иман етпеу, ақиқатты мойындамау және Жаратушының берген жақсылықтарына көз жұмып қарау. Асылында жүрекке иманды сүйдіру үшін оны алдымен күпірліктен тазарту қажет. Иманның дәмін татқан адам сөзсіз күпірліктен тіксінетін болады. Оған қоса, адамзаттың мақтанышы пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай дейді: «Кімнің бойынан мына үш қасиет табылса, ол адам иманның ләззатын сезінеді: Алла мен елшісін баршадан артық көру; біреуді Алла үшін жақсы көру; Алла тағала оны күпірліктен құтқарғаннан кейін сол күпірлікке қайта ұрынуды отқа түсердей болып жек көру, одан мейлінше қашу».

Иә, иманның дәмін татқан жан Алла мен елшісін баршадан артық жақсы көреді. Өзгелерді де тек Алла үшін жақсы көреді. Алла жолындағы қызметке өмірін арнаған, тақуалықты шамшырақ еткен Гейлани, имам Раббани секілді тұлғаларды Алла үшін жақсы көреді. Басқа адамдарға, күллі жаратылысқа деген сүйіспеншілігі де Хақ тағала үшін болмақ. Жаһаннамға себеп болар күпірлік атаулыға жақындаудан оттан қашқандай қашады, оны тіпті елестетіп көруге дәті шыдамайды. Тура жолдан тайып кетпес үшін Ғаффар, Сәттар Аллаға сиынады. Күпірлікке бастайтын жолдардан барынша сақтанады. Пасықтық пен исиян да күпірлікке бастайтын жолдар. Иманын сақтау үшін адам бұл екі қатерден мейлінше алыстауы керек.

Пасықтық Алланың әмірін пысқырмау, хақ жолдан таю және үлкен күнәларды тартынбай жасау немесе кіші күнәларды жалғасты түрде жасау арқылы иманнан азу деген мағынаға келеді. Шариғаттың шегінен асқан адамға «пасық» делінеді. Пасықтықтың көп зиян тигізу, сөз тыңдамау және жалғасты түрде жамандық жасау деген де анықтамалары бар. Сол себепті әртүрлі риуаяттармен келген бір хадисте бес түрлі хайуанға «пасық» сөзі қолданылады. Тесіктерден шығып үйдің астаң-кестеңін шығарып зиян беретіндіктен тышқандар солардан. Исиян бұл қарсы шығу деген сөз. Алланың әміріне қарсы келу, күнә жасау дегенді білдіреді.

Иә, аяттағы күпірлік иманды бұзады, ал пасықтық пен исиян иманның реңін бұзатын нәрселер. Сондықтан да пасықтық деген бұл өтірік айтушылық, туралық пен бағынудан сөз жүзінде алшақтауды білдіреді, ал исиян болса, Алланың бұйрығын орындамау арқылы іс жүзінде құлшылықтан алыстауды білдіреді.

Жасы жетпісті алқымдаса да

Біз сөз еткен аят «Міне, дұрыс жолдағылар, расында есейгендер (рушд) осылар» деген аятпен аяқталады. Демек, есейгендер (рушд) тек иманды сүйіп, сонымен жүрегін ажарландырған жандар. Күпірлік, пасықтық және Құдайға қарсы келуді теріс деп біліп, одан сақтанған әрі әрдайым иманның көрсеткен жолымен жүріп, туралық пен мойынсұнушылықтан айрылмағандар. Демек, есею, ақыл тоқтату жасқа қатысты емес. Жетпіс жастағы небір қарттар бар, он бес жасар баладай ғұмыр кешеді. Алды-артын танымаған, әуестікпен күн сайын тонналап күнә жасайтын бұндайлар көзіне, құлағына не тіліне ие бола алмайды. Рушд: жақсы-жаманды айыра білу, хақ жолында табанды, сабырлы, алған бағытымен тіке жүру деген сөз. Осы себепті есейген (рушд), өзін таныған, тура жолды тауып іздесеңіздер, онда иманды сүйетін, сонымен көңілін ажарландыратын, күпірлік, пасықтық және Құдайға бағынбауды жек көрген жандарға қараңыздар.

Егер адам иман еткенін айта отыра күпірлікке сақ қарамаса, пасықтық пен жамандыққа беріліп, Құдайға бағынбаушылыққа бет алса, көз-құлағы мен тілін күнәмен былғаса, қай жаста болмасын оны есейді, ақылы толысты (рушд) деп айту қиын. Ондай адамды ессіз, ақымақ, түйсіксіз деуге ғана болады. Неге? Өйткені, ол жүрегін жаралауда, иманын күйретуде, ақыретін оңдырмауда. Жасаған күнәларымен жаннат сарайларын күл-талқан еткен адамды қалай есейген, есті (рушд) деп айта аламыз? Әр күнәсімен жаннаттағы сарайын зақымдап, қиратып жатқан адамды қалай жақсы мен жаманды айыра алады деп айта аламыз? Ғалымдарымыз «Осы дүниеде «әлхәмдулилләһ» десең, ол жерде (о дүниеде) жаннат жемісін жейсің» демейтін бе еді? Ендеше, бұл жерде намаз оқысаң, ол жерде өзіңе жаннат сарайын даярлап жатырсың..., ал бұл жерде күнә жасасаң, ол жерде өзіңе берілейін деп тұрған үлкен сарайдан құр қалғаның. Иә, жоғарыдағы аятта осы мәселеге де ишарат бар. Есеюдің (рушд) белгілерін санап, тура жолда болудың талаптары білдірілген.

Міне, өмірінің әр сәтін дұғамен өткізген Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жоғарыда аяттың мағынасын дұғаға айналдырып, «Аллаһуммә хәббиб иләйнәль имән уә зәйинһу фи қулубинә уә кәрриһ иләйнәль куфра уәль фусуқа уәль исиән уәжәльнә минәр рашидин» деп жалбарынған.

Үздіксіз байланыс

Пайғамбарымыз (алейһис салату уә сәлләм) бұл дұғасында аяттағы маңызды бір мәселені де назарға алған. Алла тағала мүминдердің жүрегінде иман шырағын жағатын, оларды күпірлік, пасықтық әрі Құдайға қарсы келуден сақтайтын, ақыл толыстырып есейтетін, тура жолды нәсіп етуші өзі екенін еске салуда. Расул «Раббым, бізді есейген, естілерден ете гөр» деп дұға еткен кезде «ижәлнә» (қыла гөр) деген. Бұл тура жолды табу тек Жаратушының соны істетуімен болатын іс екендігін білдіруде.

Құран кәрімде әрі дұғаларда жиі кездесетін «жәәлә» етістігі пенденің үнемі Хақ тағалаға бет түзуін, дұғаның үздіксіз жасалуына ишарат етеді. Өйткені, хазірет Адамның (а.с.) жер бетіне халифа етілуі Ұлы Жаратушының солай етуімен болғандығы секілді адамдардың бұл дүниеде жақсы мұсылман болуы да Алланың қалауымен, кеңшілігі, мейірімімен болмақ. Міне, бұл өте маңызды ақиқат. Дәл осы сөздің таңдалуының мәні мынада: сіздің қандай да бір жақсылыққа қол жеткізуіңіз немесе бір ізгілікті іске себеп болуыңыз сол нығметті жекелей иеленуге себеп емес. Бір қызметке тағайындалған болсаңыз, сол жерде әрдайым отыратыныңызға кепілдік жоқ. Уақытша берілгендіктен, сонда ұзағырақ болу сіздің сол міндетке лайықтығыңызға байланысты. Сондықтан да берілгені секілді одан қол үзіп қалуыңыз да ықтимал.

Мәселен, адамға берілген жер бетінің халифалығы мәртебесі адамның толық меншігінде емес. Бұл тек аманат. Кез-келген уақытта бұл оның уысынан шығып кетуі мүмкін. Шайтан қалай өзіне берілген азды-көпті мәртебені өзімдікі деп ойлап тәкәппарлыққа бой алдырса, алданып, тозаққа лайықталса, сондай қауіп хазірет Адамның (а.с.) да басында бар еді. Алайда тиісті әрекетті тиісті жасау арқылы халифалық мәртебесін сақтап қалды. Адам (а.с.) «Жасаған ием, біз өзімізге кесір жасадық. Егер кешіріп, мейіріміңе бөлемесең, біз де сөзсіз қасіретке ұшыраймыз» (Ағраф, 7/23) деу арқылы нағыз құлға тән әдептілік көрсетті. Өз халқына ренжіп, олардан жырақ кетіп, содан кейін түннің, теңіздің, толқынның және балық ішінің қараңғылығында қалып, «Уа, Раббым, өзіңнен басқа тәңір жоқ. Сен мінсізсің. Мен расында өзіме жамандық жасадым» деген Жүніс пайғамбар да ықыласты құлға лайық мінез танытқан.

Аятта таңдалған сөздер, пайғамбарлардың іс-әрекеті, әсіресе Мұхаммед пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сөздері бізге дәл қазіргі жағдайға сеніп қалмауды, енді жаманшылыққа ұрынбаймыз деп қарамауды, үнемі жалбарынып, Аллаға арқа сүйеу керектігін ұғындыруда. Демек, кәміл адам деңгейіне ұмтылу, жоқ дегенде, мүминдік қасиеттерден айрылып қалмау бұл үнемі Жаратушыға көңіл бөліп тұрумен байланысты.

Иә, шынымен иман келтірген, есті мүмин кез келген күнәны жек көріп, одан бойын алыс ұстайды. Күнә жасаса, айнадай таза иманы кірлейтінін, тіпті сол айнаны сындырып алуы мүмкін екенін жақсы біледі. Бір жерде күнә істеп қойса, дереу қайта есін жиып тәубе мен истиғфарға (кешірім тілеу) асығады. Тәубемен тазаруды кейінге қалдырмайды, себебі Қап тауын арқалағандай арқасына жүк болған бұл күнәлармен Жаратушының алдына барғысы келмейді. Күнәға бір сәт ерік берудің өзіне қаншалықты зиян тигізетінін жақсы біледі. Оның сенімінде ешбір күнәға алданбау керек. Себебі, ол тәубе арқылы дер кезінде тазармаса, жүрегіне түскен дақ үлкейе бермек. Тәубесі кешіккен сайын әрбір күнә келесі бір күнәға шақырады. Олай болса шынайы мүмин күнә жасап қойса, мәселен, көзімен харамға қараса, бір түйір харам ас жесе немесе өтірік сөйлеп қойса... дереу бұл қатерлі жағдайдан арылуға ұмтылуы керек. Маңдайын сәждеге тигізіп, тәубе мен истиғфар арқылы тазаруы қажет, сол арқылы тазарып, Жаратушы иенің алдында тұруға дайындалып құлшылыққа қайта кірісуі ләзім.

Өзің сүйген істерді бізге сүйдір...

Қорыта келгенде, жоғарыда тілге тиек етілген Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) іс-әрекеттері мен қасиетті аяттан түйген мағына мынаған саяды: пайғамбарымыз үнемі қалдырмай оқыған таңғы-кешкі дұғаларды оқып жүруді біз де өзімізге міндет деп білуіміз керек әрі ондағы ескертпелерге көңіл қойып Раббымызға бет бұруымыз қажет. Рахман һәм Рахим Алла тағалаға былайша үн қатып жалбарынуымыз ләзім:

Уа, Алла тағалам, бізге иманды сүйдір. Иманды жанымыздан, өмірімізден де артық жақсы көруді нәсіп ет. Раббым, жүрегімізді иман арқылы күшейт. Көңіл сарайымызды, көкірегімізді өзіңе деген махаббатқа толтыр, сүйікті елшіңді де бізге сүйдір. Өзің сүйген істердің бәрін сүйдір. Бізді адастыра көрме, әрдайым дұрыс сөзді, ақиқатты айтуды нәсіп ет. Өзің білдірмесең, біз еш нәрсе білмейміз, өзің айтқызбасаң айта да алмаймыз, өзің жақсы көргізбесең жақсы көре алмақ емеспіз. Бізге өзің сүйген істерді сүйдір, бізді өзіңе бойұсындыр әрі өзіңе бойұсынғандарға жолдас ет. Жандүниемізді сүйіспеншілік пен махаббатқа толтырып, рухымызды иман арқылы безендір. Жан қалауымызды тек иманға бағыттау арқылы бұл дүниенің көз тартар әсемдіктері де, ақыреттің қиял жетпес нығметтері де, тіпті жұмақтың өзі көңілімізді өзіне бұра алмайтындай ете гөр.

Әлбетте иман бұл бүкіл ақиқаттардың, барша нығметтердің өзегі. Біздің Жаратушымен және пайғамбарымызбен байланысымыз, жаннат нығметтеріне, мәңгілік бақытқа қол жеткізуіміз т.б. мұның барлығы иманға тікелей қатысты. Ендеше, иманға деген сүйіспеншілік және рухтың онымен безенуі дүниелік ләззәттардан да, жұмаққа қол жеткізуден де, жаһаннамнан құтылудан да алдында тұратын баға жетпес иләһи нығмет. Міне, осы ақиқатқа сүйене отырып жалбарынамын, Раббым. Барлық әсемдіктің негізі болған иман арқылы рухымызды жадырат. Бізге иманды сүйдір.

Раббым, күпірлікке және оған апаратын барлық күнәларға деген жүрегімізде жек көрушілік сезімін бере гөр. Бізді иман, Ислам жолынан, дінге қызмет етуден табанымызды тайдыра көрме, пасықтардан, күнәһарлардан бізді алыс ет. Иманның дәмін татқаннан кейін бізді күпірлік жолына түсіп кетуден сақта. Мәңгілік қасіретке ұшырататын тозақ отына тасталмау үшін тәнқұмарлықты тежеуді жеңіл ет. Бізді ақиқатты ақиқат етіп көріп, оған еретін, жалғанды жалған деп біліп одан аулақ жүретін ізгі құлдардан ете гөр... әмин.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.