Жұмыс уақыттары және отбасылық өміріміз

Фетхуллаһ Гүлен: Жұмыс уақыттары және отбасылық өміріміз

Сұрақ: Аллаһ елшісі (саллаллаһу алайхи уә сәлләм) пайғамбарлық пен мемлекет басшылығы міндетін атқарумен қатар аяулы әке, сүйікті жар, әрі сахабаларына жақын дос еді. Уақытын үнемді пайдаланғандықтан, бәріне де көңіл бөле алатын. Осы тұрғыдан келгенде мұраты биік жандар (мефкуре инсаны) айналасындағыларға жеткілікті көңіл бөлуде уақытын қалай реттеуі керек?

Жауап: Уақытты жүйелеу дегеніміз: атқарылуы тиіс барлық істі назарға ала отырып, ең маңыздыларын анықтап, өмірін соған сәйкестендіру деген сөз. Бұл жоспарда намаз, зікір, дұға секілді өміріміздегі құлшылықтар да қалыс қалмауы, отбасы, бала-шаға секілді тікелей жауапкершілігіміздегі адамдарға деген міндеттеріміз де қамтылуы керек. Мәселен, мүмин қызмет етіп жүрмін деп түнгі құлшылығына немқұрайлы қарай алмайды, қарамауы тиіс. Иә, көңілі құдайдағы жан екі рәкаттық намазбен болса да түнін сергек өткізуге үлес қосуы тиіс. Негізі түнде тұрып, 10-15 минутын тахажжуд намазына әрі дұғаға бөлген адам қызмет өмірінде ештеңеден де ұтылмайды, қайта көп нәрсе ұтады. Неге десеңіз, түнді сергек өткізе алған адам тірілу жолына қадам басты деген сөз. Түнгі құлшылық көктегі рухани иелерді қуанышқа бөлейтін жайт. Ол жерде жасалған дұға басқа дұғалармен салыстыруға келмейтіні секілді түннің терең тыныштығында маңдайын сәждеге тигізу, сәждеде жүздесу, Жаратушы иесінің алдында қол қусыру, көзіне бір-екі тамшы жас алу басқа уақыттарда атқарылған ғибадаттармен салыстыруға келмейтіндей зор іс болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде бір күндік уақытты жүйелегенде түнгі құлшылықты ескермей кетуге болмайды.

Әркімнің тиісті ақысын ескер

Адам жүрегі мен рухани өмірін қуаттап тұратын құлшылықтарға ешқашан салғырт қарамай, әлеуметтік өміріндегі жалпыға тән міндеттеріне бір көз жүгіртіп, әрбірін өз салмағына қарай реттестіріп, әрбіріне деген міндетін орындауға күш салуы керек. Мәселен, Расулалла (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) құлшылыққа беріліп, отбасыларына қарауды ұмытқан сахабаларына былай деген: «Тәнге де борыштысың, отбасыға да борыштысың, Аллаға да борыштысың. Әрбірінің алдындағы міндеттеріңді орындаңдар (Бұһари, әдеп 86).

Хадис шәріптен байқағанымыз, құлшылықпен айналысудың өзі адамның тәнге, жарына, балаларына т.б. деген міндеттерін орындауға кедергі келтірмеуі тиіс.

Әсілі намаздың бес уақытқа бөлінуі мүминдер үшін уақытты жүйелеу тұрғысынан маңызды сабақ ұқтыруда. Күн мен түннің алмасуы секілді жаратылыс хикметтері айтылатын аяттарда да осы тұрғыда ескертілген маңызды жайттар жоқ емес. Айталық, «Қасас» сүресінде былай делінген:

وَمِنْ رَحْمَتِهِ جَعَلَ لَكُمُ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ لِتَسْكُنُوا فِيهِ وَلِتَبْتَغُوا مِنْ فَضْلِهِ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ
«Ол рақымының белгісі ретінде түн мен күндізді жаратты: түнде тынығарсыңдар, күндіз тіршілік үшін әрекет етіп, Алланың игілігінен несібе іздерсіңдер, әрі берген нығметтеріне шүкір етерсіңдер» (Қасас сүресі, 28/73)

Осы секілді аяттарда Құран кәрім уақытты жүйелеу тұрғысынан бізге мынандай жайттарды ұғындыруда: Егер өмірлеріңді жүйелеп, күндіз күндіз атқарылуы тиіс істерді, түнде түнде атқарылуы тиіс істерді істесеңдер, түнді өз тұңғиықтығымен, күндізді де өз кеңдігінде бағалай алсаңдар, шатасты өмір сүруден арылып, жоспарсыз, әрі жоспарсыздықтан туындайтын кедергілерге тосылмай, әлдеқайда берекелі өмір сүресіңдер.

Бір тәулікті жоспарлау

Ретті әрі пайдалы уақыт жүйесі үшін жиырма төрт сағаттық уақытты қағазға түсіруге болады. Осы негізде Алланы айту үшін (сохбети жанан) достармен бас қосудан бастап бірге кітап оқуға дейін, бөлмемізді реттеуден зікірмен шұғылдануға, отбасы, бала-шағамызбен кейбір мәселелерді ақылдасудан тынығуға дейінгі қай істі сол күннің қай уақытында жасау керектігі нық анықталатын болады. Тіпті шай мен ас-ауқаттың да уақытын осының аясында қарастыруға болады. Мәселен, тамақ үшін жиырма минут жеткілікті болса, сонымен шектелу керек, тамақтан кейінгі бос сөз, бөстекі әңгімемен уақытты ысырап етпеу керек. Тіпті жұмыс уақыттарын реттегенде, ойламаған жерден шыға келетін істер бағдарламамызды бұзбауы үшін оған керекті уақытты да бір тәуліктің ішіне сыйғызу керек.

Үлкенді-кішілі барлық іс егжей-тегжейлі осылай жүйеленсе, уақыттың сондай бір берекеленгенін, атқарылған іс нәтижелерінің бірден онға артқанын байқауға болады. Өйткені өмір осылай жүйеге келтірілген жағдайда адам уақыт барысында толықтай ережеге бағынып, белгілі бір бағдарлама негізінде әрекет етуге дағдыланып, сол құлшыныспен істерін қиналмай атқарады. Ешкім қате түсініп қалмасын, бұлайша әрекет ету робтқа айналу деген сөз емес. Керісінше бұл өмірді ережеге бағындыру деген сөз. Бұндай тәртіппен жүрген адам құлшылығында да ақау жібермейді, зікірін де кемітпейді, өзінің басқа міндеттерін, отбасына деген міндеттеріне де салғырт қарамайды.

Бірге жол алған адамдарды көндіру

Уақытты жүйелеуде тағы бір мұқият мән берілуі тиіс нәрсе мынау: Адам іске асырғысы келген уақыт жүйесін әуелі жақындарын айтып, олардың көзқарас, пікірлерін де алуы керек. Іле атқарылуы керек міндеттердің маңызын оларға түсіндіріп, ақыл мен жүрек тұрғысынан оларды көндіруі керек. Яғни, жұбайына, ата-анасына деген міндеттерімен қатар Алланың да, Құранның да алдында өзінің міндеті бар екенін, осы міндеттердің бәрін де қатар алып жүруі тиіс екенін шамасы жеткенше оларға айтып түсіндіруі тиіс. Адам бір шаңырақ астындағы адамдармен осы мәселеде келісімге бара алса, онда өзінің басқа да міндеттерін атқаруда отбасы мүшелері тарапынан кедергіге ұшырамай жеңіл атқаратын болады.

Бір адамды ойлаңыз, уақытының маңызды бөлігін ила и келиметуллаһ (Алланың есімін асқақтату) жолында жұмсауға өзін іштей көндірген әрі бұған шын жүректен сенген. Ол бұл міндетті қайткенде де орындауға іштей нық бекінген. Тіпті сол үшін барлық жан аямастықтарға баруға бейіл. Алайда жанындағы кісілер Алланың алдындағы міндеттің, оның есімін дүние жүзіне паш етудің маңызын, ислам дінінің аманат екенін, сол аманатты көздің қарашығындай сақтау керектігін, ғасырлардан бері мүжіліп біткен бір ғимаратты қайтадан басынан бастап күрделі жөндеуден өткізудің өміршең мәселе екендігін ұғына алмаса, оған жолдас болып жарытпасы анық. Сондықтан олармен бірге өмірлік жол жүру үшін қосымша талпыныс көрсету керек. Бұл болса, біршама уақыттан кейін ол кісінің тез шаршауына алып келеді.

Ал шын мәнінде адам өзінің биік мұратын жанындағы адамдармен бөлісіп, оларға түсіндіре алса, оларға да сол түсінікті бере алса, істерін реттеу мәселесінде айтарлықтай жеңілдік туғызады. Тіпті атқаруы керек міндеттерді ақсатқанында, мәселен, баруы керек мәжіліске бармаған немесе қатысуы керек бір кітап оқу бағдарламасына бармаған жағдайда алғашқы реакцияны сол өз жанындағылардан көретін болады. Бұл да өзі үшін ынталандыруға сеп болары сөзсіз.

Кері жағдайда егер жарыңыз, балаларыңыз немесе бірге өмір сүріп жатқан басқа кісілер сіз ойша жоспарлаған жұмыс жүйесінен және осыны іске асырудың маңызынан хабары болмаса, біршама уақыттан кейін сана-сезім, ой мен көзқараста келіспеушіліктер болатыны сөзсіз. Бұл жағдай иләхи көмектің тоқтауына апарады. Неге десеңіз, Алла тағала табысқа жетуді бірлік пен ынтымаққа байлаған. Егер сіз Алладан табысқа жеткізсін десеңіз, қай шеңберде болсаңыз да әуелі араңыздағы бірлік пен ынтымақты қалыптастыруыңыз керек.

Жұмыс уақытынан жасалатын жанқиярлық (месаи химмети)

Бұл жерде тоқталу керек тағы бір тұс, биік мұратқа жұмсайтын жұмысқа бөлетін уақыт мөлшері. Мемлекеттік қызметкер не жұмысшы секілді күніне жеті-сегіз сағатын ғана жұмысқа арнаған адамның биік мұраты тұрғысында атқаратын ісі де сол қисын тәрізді шектеуліліктен аспайды. Егер адам биік мұраты тұрғысында өзіне 3-4 жұмыс алған болса, әрі бұлардың атқарылуы 13-15 сағаттық уақытты қажет етсе, адам уақытын өте тиімді пайдалану арқылы бұл істі атқаруға тырысуы керек. Яғни бір жағынан секундттарын бекерге жібермей, жұмсай алғанынша уақытын Алла жолында жұмсауы керек. Екінші бір жағынан істерін реттеу үшін бұл уақытын өте тиімді пайдалануға тырысқаны жөн.

Әсіресе қазіргі уақытта ғасырлардан бері қаңырап, қирап қалған рухани ғимаратты қайта жөндеу мәселе болғандықтан, Құран мен иман қызметіне ниет білдірген қазірге дейінгі болған жанаямастықтардан да өткен жанаямастық пен бұл мәселеде өте мұқият болуы тиіс. Осыны қалыптастыру үшін өзара «месаи химметін» (жұмыс уақыттарынан қию) жасай алуы тиіс. Мәселен, әлдекім күннің он екі сағатын ұлтына қызмет жолында бөлетінін айтады, басқа біреуі он үш сағаттық уақыттың жауапкершілігін арқалайды. Енді бірі он төрт сағаттық уақытын Алла жолына арнайтынын айтады. Әсілі әркім шын көңілімен қаншалықты жұмыс уақытын қиса, сол уақытты қызмет бағытында жүйелеп бағалауға тырысады. Шынайы мүминнің түсінігіндегі жұмыс уақыттары осындай болуы тиіс. Бүгінгі күні жұмыс түсінігі осылай қабылданбаса, мұсылмандықтың осы бір қыры ашылмауда деген сөз.

Егер кейбіреулер мүмкіндігі болғанына қарамастан, күтілгендей деңгейде жұмыс уақытын қимаса, онда жеткілікті ұғындыра алу үшін әлі де санамен жұмыс істеу керек деген сөз. Бұл мәселеде келісіп алу өте маңызды. Алайда бұндай келісімнен кейін ешкім дау айтпауы керек. Өзіне алған жауапкершілікті алып жүруде әркімнің мұқият болуы керектігі соншалық, ерлі-зайыптылар бір бірінің құқықтарын аяқ асты етпеуі керек, балалардың да құқықтары аяқ асты етілмеуі керек. Жұмыс беруші мен жұмыскердің құқықтары да аяқ асты етілмеуі керек, жұмыс орнындағы жауапкершіліктерге де салғырт қаралмауы керек.

Жоқ әлде біз жұмыс уақыттары дегенде мемлекеттік қызметкер тәрізді 7-8 сағат жұмыс істегеннен кейін жантайып жату, ішіп-жеу, көңіл көтеріп қыдыру, кафелерде, ойын ойнап, тәнқұмарлық не шайтани іс-шараларға қатысуды түсінсек, мәселені қате пайымдаудамыз деген сөз. Осындай ойда жүрген адам қазіргі адамзат үшін жасалуы керек істің онда бірін де жасай алмайды. Тіпті жұмыс уақыттарын бұлай кемшілікті түсінетін адам ең керек кезінде демалысқа кетуден тартынбайды, өте маңызды мәселелердің жасалуы қажет жерде рұқсат сұрап, осы негізбен атқарылуы керек өміршең мәселені ақсатады деген сөз.

Қызмет адамдарының жұмыс уақыты турасындағы түсінігі бұндай емес. Олар ақиқатқа қызмет үшін өз жауапкершілігіне алған істерін міндетті түрде орындауға тырысады. Бастаған істерін ешқашан шала қалдырмайды. Осыны істей жүріп егер жанұясы, бала-шағасының алдындағы міндеттерін орындай алмай қалып жатса, оны да реттестірудің, басқа да ренжіткен адамдары болса олармен да татуласудың жолын табады. Айталық, кейде гүл сыйлауы мүмкін, кешіккенінде кешірім сұрайды, іле уәдесін дереу орындап, қасақана болмаған қателіктерін жуып-шаяды.

Бұған қоса, міндетті түрде атқарылуы тиіс іс себепті кешігулерге ерлі-зайыптылар бір біріне түсіністікпен қарауы керек. Ешқашан ұмытпауы керек, бұндай күту мерзімінде сағаттар, минуттар, секундттардың өзі күткен адамдын құлшылық сауабына кенелтеді. Өйткені бұндай күтудің өзі үлкен жанқиярлық. Бір шаңырақты бөліскен ерлі-зайыптылар бір-бірінің көмегіне зәру. Бір-бірімен сырласып, ақылдасып шешетін мәселелері болады. Міне, сондықтан өзі қажетсініп тұрса да қызмет үшін бір жерге кеткен өмірлік серігін күткен адамның да әр секундттық уақыттары жылдарға тең құлшылыққа айналып қабыл болуы мүмкін. Неге десеңіз, мүминнің ниеті амалынан қайырлы (Қараңыз: әт-Табарани, әл-Мұғжамул-кабир 6/185-186) Егер ерлі-зайыптылардың бірі жақсылықтың соңында жүріп, екіншісі де оған үнемі дем берсе, Алланың қалауымен, екеуі де сол жақсылықты істен болған сауапты бөліседі.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.