Нәпсі, шайтан және Ағрафтағылар (Жұмақ пен тозақтың арасы)

Нәпсі, шайтан және Ағрафтағылар (Жұмақ пен тозақтың арасы)

Сұрақ: Құран кәрімде ақиқатты табу үшін аяттар берілгенде теріс айналып, шайтанға еріп азғындыққа ұшыраған адам жайлы айтылады (Aғраф сүресі, 7/175). Хақ жолында келе жатқан адамның осылай тура жолдан тайып кетуіне не себеп?

Жауап: Хақ жолында келе жатып теріс жолға түсіп кетудің басты себептерінің бірі – бұл дүниенің сынақтардан тұратынын ұмыту. Сөйтіп нәпсі мен шайтанның алдауына түсіп қалуы. Адам баласының ақыретіне қауіп төндіретін факторлардың бірі жаратылысында бар нәпсі болса, екіншісі қай жерде, қай уақытта, қандай түрде келетіні белгісіз мың айлалы шайтанның азғыруы да иманға шабуылдаумен болады. Көбіне адамзаттың осынау қос дұшпаны кісіге дос болып көрініп, дұрысты қате, қатені дұрыс етіп көрсетеді. Мұндай азғыруға ұрынбау үшін адам баласы шайтанның уәсуәсаларына қарсы дәйім сақ болуы керек. Әйтпесе бір сәттік ғапылдықтың өзі адамды үлкен қасіретке соқтыруы мүмкін.

Нәпсіміз бен тәнімізге жағымды мына дүниенің қызылды-жасылды алданыштары шайтанның адамзатты ақылынан адастыру үшін қолданатын бірегей қаруы десе де болады. Иә, шайтанның қулығына құрық бойламайды.

وَعَسَى أَنْ تَكْرَهُوا شَيْئًا وَهُوَ خَيْرٌ لَكُمْ وَعَسَى أَنْ تُحِبُّوا شَيْئًا وَهُوَ شَرٌّ لَكُمْ وَاللّهُ يَعْلَمُ وَأَنْتُمْ لَا تَعْلَمُونَ
“Кейбір сүймеген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал ұнатқан нәрселерің сендерге кесірлі болуы мүмкін. Сендер білмейсіңдер, Аллаһ біледі” (Бақара, 2/216)

аятында айтылғандай, нәпсімізге жағымды нәрселер біз үшін зиянды. Борсық егеуді жалап жатқанда тілінен аққан қан ол үшін тәтті болып көрінеді. Алайда аздан кейін тілінген тілі ауырғанда ғана бағанадан бері ішіп жатқан қанның өзінікі екенін түсінеді. Сол секілді кісінің алдынан шығатын кей жағдайлар басында тәтті болуы мүмкін. Керісінше кейбір қиындықтар мен сынақтар ол үшін ауыр болғанымен, нәтижесі қайта қайырлы болып, рухани өсе түсуі мүмкін. Мысалға, шайтан есік алдында ағып жатқан өзенді сізге қорқынышты көрсетеді. Алайда сіз сау ақыл, сау сезім, сау жүрекпен мәселеге қараған кезде судың ешқандай да зияны жоқ екенін, керісінше сіз су арқылы тазаланатыныңызды көресіз. Міне, шайтан кейде сізді ашықтан ашық күнәға шақырса, енді бірде жоғарыдағыдай өтіріктен сізге пайдалы көрінген болып оң жағыңыздан да шабуылдайды. Өйткені ол Құранда айтылғандай «мүсәууил» және «мүзеййін», күнәні әдемілеп, жақсы етіп көрсетеді.

Шайтанның ғапылдық сәтін күтуі

Адамзаттың ата жауы шайтан тынбай адамды өзінің тұзағына түсіретін ұрымтал сәтті аңдумен болады. Адамның шәхуатқұмарлық, қорқыныш, атаққұмарлық секілді кемшіліктерін пайдалануға тырысады. Егер мүмкіндік тауып жатса, екі сөзге келмей бірден жолдан тайдыруға тырысады.

Құранда шайтанның адамзатты қаншалықты жеккөретіні былай баяндалған:

فَبِمَا أَغْوَيْتَنِي لَأَقْعُدَنَّ لَهُمْ صِرَاطَكَ الْمُسْتَقِيمَ ثُمَّ لَآَتِيَنَّهُمْ مِنْ بَيْنِ أَيْدِيهِمْ وَمِنْ خَلْفِهِمْ وَعَنْ أَيْمَانِهِمْ وَعَنْ شَمَائِلِهِمْ وَلَا تَجِدُ أَكْثَرَهُمْ شَاكِرِينَ
“Сен мені аздырғаның секілді мен де Сенің құлдарыңды өмір бойы жолдан тайдырумен боламын. Оларға тұзақ құрып, алдынан, артынан, оңы мен солынан азғырамын. Сөйтіп көбісін шүкір етпейтін құл қыламын” (Ағраф, 7/16-17).

Дәл осы секілді «Сағд» сүресінде де:

فَبِعِزَّتِكَ لَأُغْوِيَنَّهُمْ أَجْمَعِينَ
“Мен олардың бәрін адастырамын” (Сағд, 38/82)

деп, шайтанның адамзатқа деген өшпенділігі көрсетіледі. Осыларға қарап отырып, адамның әр адасуы мен жолдан таюы, Аллаһқа деген құрметінің азаюы мен ғапылдыққа баруының астарында шайтанның уәсуәсаларының жатқанын көреміз.

Болдым-толдым деудің қасіреті

Осындай қауіпті жауымен өмір бойы алысып өтетін адам әрқашан ағрафта (жұмақ пен тозақ арасында) тұрғандай барша болмысымен, ақыл-зердесімен, жүрегімен Құран мен сүннетке ұйып, “негізінде иман етіп Раббыларына сенген және төзімділік танытқандар үшін шайтаннан қауіп жоқ” (Нахл, 16/99) аятындағы сүйіншіге сай Аллаһқа сиыну мен құлшылықтан ажырамауы керек. Өскен ортасындағы мәдениет пен өзге де бөтен құндылықтармен сусындаған, Исламның ақиқаттарын болмысына сіңіріп, өзімсіне алмаған адамның шайтани тұзақтан құтылуы қиын. Міне, жоғарыдағы сұрақта айтылған жолдан тайған адам Құранда былай сипатталады:

وَاتْلُ عَلَيْهِمْ نَبَأَ الَّذِي آَتَيْنَاهُ آَيَاتِنَا فَانْسَلَخَ مِنْهَا فَأَتْبَعَهُ الشَّيْطَانُ فَكَانَ مِنَ الْغَاوِينَ
“Кезінде аяттарымыз берілген азғындардың қиссаларын да айт. Олар бәрін біле тұра жолдан тайды. Сол кезде шайтан оларды өзіне баурап алды. Олар сөйтіп шайтанның артынан еріп кете барды” (Aғраф, 7/175)

Құран ғибрат алу үшін әлдебір адамның оқиғасын мысал етіп түсіндіреді. Аллаһ тағала әлдебір құлының көзін ашып, көкірегін оятып, тілі мен жүрегін туралыққа салады, алайда ол мұның бәрінен бас тартып теріс айналады. Демек, бұл адам белгілі бір дәрежеге жеткенімен, толық кәмілдікке жетпей, аяғын нық баспай, рухани күші толық қалыптаспай, ағрафтан шыға алмаған. Өзінің бұрынғы сеніменен толық айырыла алмай, Исламды өзінің табиғаты мен болмысына сіңіре алмаған. Сөйтіп таз қалпынан танбаған бұл адам имани ойлау мен Ислам дәстүрлерін толық қабылдай алмай, ерік-жігерін басқара алмай, өмірге деген көзқарас пен дүниетанымын толық Ислам негізінде өзгертпей, сырттай ғана иман еттім дей салу әлгіндей аянышты ақыретке алып барады. Демек, иман еткеннен кейін адам баласы өзінің тұтастай ойлау дүниесі, сенімі мен күнделікті тұрмысы, өмірге деген көзқарасы мен кез келген нәрсені бағалауда, дұрыс-бұрысын анықтауда тек исламның белгілеген шеңберімен ой жүгіртуі керек. Кейбір тәпсіршілердің айтуынша, адамның құрғақ білімі, неше жерден дінді жатқа соқса да ешбір пайда бермейді. Өйткені құрғақ білім оның мінезі мен руханиятын, тұтастай өмір салты мен өмірге деген көзқарасын өзгертпегендіктен, ол білім кісіге тиесілі емес. Осы тұрғыда кез келген адам өзінің білгенін іске асырып, амалға айналдырмайынша, ол білім шайтан үшін тіпті уәсуәса етудің бірегей жолына айналмақ.

Үздіксіз уағыз-насихат

Құран кәрімде ағрафтан құтыла алмаған адамның жағдайы былай да сипатталған:

وَلَوْ شِئْنَا لَرَفَعْنَاهُ بِهَا وَلكِنَّهُ أَخْلَدَ إِلَى الْأَرْضِ وَاتَّبَعَ هَوَاهُ
“Егер Біз қаласақ, оны құлаған жерінен қайта тұрғызып көтерер едік. Алайда ол өзі сол құлаған жерінен тұрғысы жоқ, өзінің құмарлығынан аса алмады” (Aғраф, 7/176).

Яғни, мұндай адам жан рахатын, тәнқұмарлық пен нәпсіқұмарлығына еріп берілгендердің барлығының Аллаһқа тиесілі екенін естен шығарды. Осылайша ол өзін де естен шығарды дейді. Одан кейін тағы:

فَمَثَلُهُ كَمَثَلِ الْكَلْبِ إِنْ تَحْمِلْ عَلَيْهِ يَلْهَثْ أَوْ تَتْرُكْهُ يَلْهَثْ
“Oлардың жағдайы иттің хәліне ұқсайды. Тап берсең де, жөніне қоя берсең де тілін салақтатып тұрғаны” (Aғраф, 7/176). Одан бірнеше аяттан кейін тағы: “олар хайуан секілді, тіпті одан да төмен” (Aғраф, 7/179)

дейді.

Байқағанымыздай, ең мәртебелі жаратылыс адам періштелерден де жоғары тұру мүмкіндігіне ие болғанына қарамастан, егер тура жолдан тайса, тереңнің тереңіне құлдырайды. Яғни, өзінің құмарлықтарына ерік бергенде өз орнында қалмай, хайуаннан да жаман болады. Енді осындай адамның жағдайын айтып жатқанда Аллаһ тағала барынша жұмсартып, хайуаннан да жаман емес, хайуан секілді дейді.

Асылында, адам баласы өзінің тура жолында аяғын нық баса алмаса, рухани азығы жеткіліксіз, өзін жиі жаңаламайтын болса және

جَدِّدُوا إِيمَانَكُمْ بِلَا إِلٰهَ إِلَّا اللّٰهُ
“Имандарыңызды «Лә иләһә илаллаһ» деп жаңалаңыздар ” (әл-Хаким әт-Тирмизи, Нәуадирул-Усул 2/204)

ақиқатымен өмір сүрмейтін болса, иманынан айырылып жолдан тайғандардың қатарынан көрінбеуге кепілдігі жоқ. Олай болса, адам алдымен өзінің рухани өрлеуіне мән беріп, ғибадат пен имани орталарда барынша жиі болып, иманын алынбас қамалдай етіп құруы керек.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.