Хазірет Алварлы Ефенің тұлғасы

Хазірет Алварлы Ефенің тұлғасы

Сұрақ: Алварлы Ефенің жеке басы, рухани өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгімелесеңіз?

Cevap: Жауап: Шыны керек, ол кісідей ұлы адам жайлы әңгіме қозғау менің шамам келетін дүние емес. Сол үшін өзімнің ондай рухани дәрежеге жете алмағанымды алдын ала айта кеткім келеді. Оның үстіне ол кісінің кемелдікке келіп, толысқан шағында мен он алты-он жеті жасар бозбала едім. Өмірге енді ғана араласып, ол кісінің тау суындай таза шығармашылығынан нәр алсам да, құнды шығармаларды өз дәрежесінде түсіну мүмкін емес еді. Сондықтан шамамның жеткенінше, өзімнің дәрежемнің жеткен жеріне қарай түсіндіруге тырысамын, сіздер осыны ескере отырыңыздар.

Хазірет Ефе өте тақуа отбасында дүниеге келді. Әкесі Хүсейін мен бауыры Уәһди танымал кісі болған. Өз басым Хүсейін мырзаны көрмедім, алайда ол кісінің тақуалығы мен ілімін айта аларлықтай білімге иемін дей аламын.

Пайғамбарымыздың ұрпағы болып келетін имам Ефе мен әкесі Хүсейін Кындығы Күфреви пірдің мектебінен тәлім алмақ болып Битлиске барады. Пір оларды өзіне баулып, ерекше ықылас көрсетеді. Одан кейін қырық күндік оңашалану, сәйрү сүліктен өткізу мен басқа сынақтарға салмай бірден екеуіне де хилафеттік мәртебесін береді. Жауһардың қадірін асыл тасты тани алмайтын адам білмейді. Сол секілді пір де әкелі-балалы екі тақуа кісіге ерекше ден қойып, халифалық береді. Сол кезде Пірдің тәлімінде жүрген өзге де шәкірттері әкелі-балалы екеуді сынап, сырттай сөз айта бастайды. Мұны сезген хазірет Күфреви шәкірттеріне: «Негізінен ол екеуінің маған деген мұқтаждықтары жоқ, олардың кәмілдігі менің алдыма келуіне сеп болды» дейді.

Бауыры хазірет Уәһди де дариядай мол білімге ие кісі еді. Көпсөздіктен аулақ, көбіне үнсіз жүретін. Әке-шешем екеуін де ерекше құрметтейтін. Біздің үйге келіп жиі қонақ болатын. Имам Ефе қайтыс болғанда мен бес жасар бала едім. Қазірде ол жайлы сол кісінің өзінің «Жақсы нәрселерден қол үзіп барам» деп келетін өлең жолдары еске түседі.

Имам Ефе рухани әлемі кемелденген, ғашық адам еді. Иман орталарындағы хәлі рухани дәрежесінің биіктігін көрсеткендей. Нақшиді де, Қадириді де ұстанған. Ол кісі келгенде мешіт ішінде ине шаншар орын болмайтын. Сондағы руханияттан әр жер-әр жерде талып қалып жатқан кісілер де көрінетін. Сол кездері денсаулығы сыр беріп жүрген хазірет ауруына қарамастан екі-үш сағат бойы «Хүлісатул хақайқ» атты еңбегінен үзінділер мен дұғалар оқитын. Сол кезде хазірет бастаған мешіт ішіндегі халайық руханиятқа беріліп, өздерін өздері ұмытып ерекше толқитын.

Мәдинаға алғаш барғанда «бір уыс топырағың үшін бүкіл әлемді қияр едім» деген сөз аузымнан еріксіз шыға берді. Ал хазіреттің ол жерге деген ғашықтығы мүлде бөлек болатын. Біреу келіп оған «Ол жерден бір жиіркенішті мақұлық көрдім» десе, «Олай деме, Мәдинаның бұралқы иті жайлы да әдепсіз сөз айтпа. Мен пайғамбарға деген құрмет үшін сол мақұлықтарға да жанымды қияр едім» дер еді. Осы сөзді айтқан кезде ол кісі пайғамбарымыздың болмысына еріп жоқ болып кетер еді.

Ол өлең сөзді өз дәрежесінде игере білген ақын да еді. Ақындығы оның илхамымен астасып жатқандай. Онымен қоса өзге де ақындардың өлеңдерін өзінің мәжілістерінде айта жүретін соның бірқатары Кетенджизаде, Сейід Нигари, Байбуртлу Зиһни, Фузулидің өлеңдері.

Салих Өзжаннан естіген мына бір оқиға оның портретін толық ашып береді. Салих аға 1950 жылдардың басында Ерзурумға келіп хазіретке: «Хазірет, ұстаз Бәдуиззаман деген кісі бар. Біз сол кісінің рисалелерін оқып, жолын ұстанамыз. Сол рисалелердің барынша кеңінен таралуына қызмет етеміз» дейді. Сонда хазірет оған: «Шіркін-ай, менің де көзім көріп сендердің қызметтеріңе ортақтасқанымда ғой» дейді. Артықшылық дегеніміз өзгенің артықшылығын қабылдау арқылы болмақ.

Он төрт-он бес жасымда бір досым маған: «Стамбулда адамды алты айда биік дәрежеге жеткізіп, білімін толықтырып, елге уағыз айта алатын дәрежеге жеткізетін медреселер бар екен» деді. Мен ұстазымнан рұқсат алмастан заттарымды жинап вокзалға кетіп қалдым. Билет алайын деп тұрғанымда ағам келіп үйге алып кетті. Ертеңінде ұстазым маған «Уаллаһи, сол жаққа кетіп қалғаныңда көзің құритын еді» деп ұрысты.

Мен жылдар бойы соншама құритындай жаман нәрсе істемекші болған жоқпын ғой деп хазіреттің айтқанын түсіне алмай жүрдім. Бірақ уақыт өте келе мағынасы ашыла бастағандай болды. Менің ойымша, ол кісі кішкентай бала, менің, Стамбулдай үлкен қалаға жалғыз кетіп қалудың қаупін ойлаған болуы керек. Оның үстіне ол кісінің мектебінен кетіп қалуым менің кері кетуіме себеп болуы мүмкін еді. Егер ұстазыңыз сізді сыртыңыздан бақылап, сізді әлденеге дайындап жүргенде сіз өз бетіңізше әрекет етсеңіз, дұрыс болмайды. Мен осыны ойлап күні бүгінге дейін ол кісіге алғыс айтамын.

Ұстазым маған ұрысқаннан кейін балалықпен мені ренжіп қалар деп ойлады ма, бұрынғыдан да көп мейірімділік танытып, ілтипатын асыра түсті. Содан кейін мен де көңілденіп, медреседе оқуымды жалғастыра бердім. Кәміл адамдардың кісімен қарым-қатынас ұстауы ерекше болып келеді. Менің ұстазым да кісіні терең тани алатын өте дана адам еді.

Тағы бір оқиға ойыма оралып отыр. Бір күні Ефе хазіреттің жанына Ерзурумның ең бай деген кісілері жиналып отыр екен. Мен келгенде хазірет: «Шәкіртімнен мен қазір сұрақ сұраймын, егер ол жауап берсе, сендер осыншама ақша бересіңдер» деді. Сосын менің білетін тақырыптарымнан сұрақ қойды. Мен жауап бердім. Ана кісілер маған ақша берді. Қазіргіше шамамен екі жүз лирадай болды. Бұл ақша олардың қажылыққа баруына да жететіндей мөлшерде еді. Ұстазым маған: «Сен үшін мына ақша өте көп, мен оны Осман ұстазға берейін, медресесіне жұмсасын» деді.

Ерзурумда медреседе оқып жүргенде екі-үш күн қатарынан нансыз аш қалатын кездер де болды. Әкем имамдықтан тапқан үш-төрт лирасын маған беретін. Ол маған жетпейтіндей тым аз еді. Сондай аштық қысқан күндердің бірінде екі-үш бала болып Ефе хазіретке бардық. Ол кісі бізге қарбыз кесіп берді. Міне, осындай кісі жағдайын ұға білетін жан еді. Ол кісіні өз дәрежесінде түсіндіре алсам, мен үшін ол үлкен бақыт, ол үшін Раббыма мың шүкір етуге дайынмын.

Бір күні Ефе хазірет қайтыс болыпты деген хабарды естідім. Дереу медресеге тұра жүгірдім. Сол жақтан хазіреттің үйіне бардым. Жан-жақтан игі жақсылар жиналып жаназасын оқыды.

Аллаһ тағала ол кісіні пайғамбарымызбен бірге Фирдаусқа жіберсін! Әмин!

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.