КІРІСПЕ

Он төрт ғасырдан бері хазірет Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) салған нұрлы жолда, көңіліміздің оған ынтықтығына қарай рухымыз бен ішкі жан дүние-мізде сәт сайын сол бір ең абзал жаратылыстың қадір-қасиетін қал-қадарымызша сезініп келеміз.

Бұл сезімнің шынайылығы соншама енді бір қадам аттасақ, бейне бір өзімен бетпе-бет келіп, қасиетті демінен құшырлана жұтып, жан дүниеміз тіріліп сала берердей.

Әлемде аласапыран өзгерістер орын алып, адам табиғатына жат түрлі идеологиялардың аяғы аспаннан келіп, тарихтың күл-қоқысына айналып, адамзаттың қайтадан дінге бет бұра бастағаны байқалған бүгінгі күні проваславтар шіркеулеріне, буддисттер ғибадат-ханаларына, брахмандар өз сенімдеріне қайта оралып жатыр. Жай ғана оралып қоймай діндарлыққа жаппай бет бұруда. Осы орайда, қаншама ғасырдан бері өзгенің бұғауында бодан болып, бодан болмаса да бордай тозып, бет-бетімен кеткен мұсылман үмбеті де қайтадан Пайғамбарымен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қауышуға бет түзегені анық байқалады.

Иә, ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін алдымыздан қарсы соққан долы дауылдай бет қаратпаған оқиғалар мен дәуір тынысын Хақ тағала қайта өзгертіп, қайта құрғандай хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жолына жаппай бет бұру басталды. Бүгінде Хақтың рақымы түсіп, ой-пікірге бостандық берілгенін, рухани құндылықтарымыздың көктей-көгере бастағанын көріп, тамашалаудамыз. Көк мұзды жарған бәйшешектей көктемнің тынысы анық сезіледі. Ақ пен қараның, нұр мен қараңғылықтың ара-жігі ашылып, бір-бірінен ажырағанын байқайсың. Әрбірі өз жолы мен төл арнасын тапқандай әсер береді. Ізгіліктің шуағы артқан сайын жамандықтың көк сең мұзы ери түскенін көрудеміз.

Бір жақтан бір кездері төрткүл дүниені руханияттың кәусар бұлағымен сусындатып, Мұхаммеди жалынды жаққан хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ізгі үмбеті бірнеше ғасырдан бері ұмытып, көз жазып қалған құбыласын қайта тауып, осынау асылын ерекше сезіммен асқақтата дәріптеп жатса, екінші жақтан осының жолын бөгеп, қарсылық танытпақ болғандардың дәрменсіз әрі беймаза күйі байқалады.

Бүгінгі таңда түрлі идеологиялардың, әсіресе, бір кездері үлкен дүрбелең тудырып барып, шырағы сөнген коммунизмнің орнына балама жүйелер қарастырылуда. Расында да, кезінде руханият пен пайғамбарлық әлемінің шоқтығы биік шоқжұлдыздары хазірет Иса (а.с.), хазірет Мұса (а.с.) мен хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) орнына Паскальды, Бергсонды қойып, сұңқарлар қонған тұғырды сұғанақ құстардың саңғы-рығымен былғағандар бүгінде дінге балама ретінде спиритуализмді, әруақ шақыруды, реанкарнацияны және тәнәсухты (рухтың бір денеден екінші бір денеге ауысуы) дәріптеп, рухани құндылықтардың тұнығын лайлау үшін жанталасуда.

Иә, бүгін де жағдай айтарлықтай мәз емес. Дін атын жамылып, ойдан шығарылған дүниелерді тық-паламақ болғандар өздерінше әлек. Бұл мұндайлардың табиғатына тән әдеттері болып табылады. Алайда ең сорақысы – өз арамыздан шыққан базбіреулердің осындай арам пиғыл, жат дүниелерге елігіп, ориенталистердің шашбауын көтеруі, яғни, сүннетті сынап-мінеуге барғандығы.

Мұндай жөнсіз желпінулердің басталғаны бір бүгін емес. Олар әуелі белгілі сахабаларды, әсіресе, хазірет Әбу Һұрайра, Әнәс, Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) секілді сүннетті көздің қарашығындай сақтап, біздерге жеткізген тұп-тұнық қайнар бастауларды сынап-мінеуден бастады. Жүре келе хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзін сынай бастаған мұндайлардың жетесіз желпінісі мен сыни пікірі күні ертең қай жерлерге дейін барып тоқтайтынын бағамдау қиын болмаса керек. Уахиды жеткізушіні, «мират мүжәллә» болып табылатын уахидың аманатшысын сынайтындар бір күні адасқан бір мәзһаб ретінде Жәбірейілді (а.с.) сынап-мінеуі де ғажап емес.

Алайда өміріміздің нұры мен шуағы, адасып бет алды кетпеу үшін жолымызды жарқыратар шамшырақ болған сүннеттің маңызы сол – ол болмағанда ең үлкен әулиелердің жол көрсетуінің өзі адам баласын жаннатқа жетелеп, Аллаһтың жамалын тамашалауға апаратын осынау ұзын-сонар жолда адаспай тура жүруімізге жетпес еді. Сүннет болмаса, әулие-ғұламалардың өнегелі өмірлерінің ешбір мәні болмас еді.

Имам Раббани сынды көптеген айтулы ғұламалар осынау шындықты былай түсіндіреді: «Сәйру-сулук руханида»[1] болғанда, сүннетте айрықша бір нұр мен ерекшеліктің бар екенін тамашаладым. Көкте шарық-таған ең үлкен әулиелердің руханият кеңістігі мен өнегесі ең кішкене деген сүннеттің нұрының көлең-кесінде елеусіз күйде көрінбей қалады»[2]. Иә, әулиелік аспанында қаншама үлкен әулиелер болғанымен, олардың барлығы хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) атты күнді айналып ұшқан ғаламшарлар секілді ғана болмақ. Күнді айналып ұшқан ғаламшарлардың сәулесі күннің нұры мен шуағы жанында қаншалықты күрең тартса, әулие-ғұламалардың нұры да «фәйз-ақдас» (ең үлкен мағрифат) және «фәйз-муқаддастың» (ең қасиетті мағрифат) қайнар бастауы болып табылатын Пайғам-барымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) нұрының жанында дәл сондай елеусіз қалмақ.

Бұл ақиқатты ақын Бусири мына бір шумақта айқын бейнелеген:

«Ол ізгіліктің жарқыраған күні тәрізді,

Өзгелер жұлдыз,
Қараңғылықта адамзатқа шуақ шашады»

Қалт-құлт етіп жер басып жүріп, көктегі күнді тұмшаламақ болған байғұстар көктен түскен ақиқат пен бақиға тиесілі інжу-маржандарды сынап-мінеу арқылы өздерінің надандықтарын паш етуде. Олар қанша жерден надандық танытсын, бәрібір, сүннет өз биігі мен тұғырында асқақтаған үстіне асқақтай бермек. Ал, біздер күн санап оның тереңдігін жан-жүрегімізбен сезіне түсетін боламыз. Болашақта «сүннет жылы», «Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жылы» және «Құран жылы» жарияланып, оның мәні мен маңызы арта түсетініне кәміл сенімдімін.


[1] Исламдағы тасаууыф (сопылық) ілімінде көп қолданылатын ұғым. «Сәйру-сулук рухани» – рухани танымның тереңдігі және бірқатар діни-психологиялық тәжірибелерден кейін адамның руханиятқа көкірек көзінің ашылып, рухани әлемдерде саяхат жасауына айтылады.
[2] Имам Раббани, Мәктубат, 1/240 (260 мәктуб).