ХАДИС РИУАЯТ ЕТУДЕГІ АСҚАН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Сахабалар болсын, олардың сұхбатын тыңдау бақытына ие болған табиғин мүминдер немесе сахабаларды көргендерді көрген тәбәи табиғин деп аталатын мүминдер болсын – қай-қайсысы да естігендерін естіген күйі жүрдім-бардым қабылдай салатын жай адамдар емес еді. Бұлар жүрегі пәк, жаны нәзік болумен қатар, естігендерін елеп-екшейтін, ақыл мен қисын таразысына салатын қырағы, ұқыпты жандар еді. Олар сүннетті зерттеп, зерделеп, елеп-екшеп барып қабылдаған. Риуаяттардың дұрыс-бұрыстығын асқан мұқият-тылықпен тексеріп барып, өздерінен кейінгілерге жеткізген. Осы айтылғандарға қатысты көптеген мысалдан тек бірнешеуін ғана баяндап өтпекпіз.

1. Пайғамбарымыздың ескертуі

Алдымен мынаны жақсылап ұғып алуға тиіспіз: Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бір хадисінде: مَنْ كَذَبَ عَلَيَّ فَلْيَتَبَوَّأْ مَقْعَدَهُ مِنَ النَّارِ «Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлейтін болса, жаһаннамдағы орнын дайындай берсін» немесе басқа бір риуаятта مَنْ كَذَبَ عَلَيَّ مُتَعَمِّداً فَلْيَتَبَوَّأْ مَقْعَدَهُ مِنَ النَّارِ «Кімде-кім менің атымнан қасақана жалған сөз айтса, жаһаннамдағы орны дайын деп білсін»[1] деген.

Шындық пен жалғанның арасы Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) пен Мусайламатул-кәззабтың немесе жер мен көктің бір-бірінен алыстығын елестеткендей сол дәуірде ең басты ізгілік шындық болғанын ескерсек, сонау нұрлы ғасырда ешбір мүмин, әсіресе, сахаба мен табиғин Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) атынан жалған сөйлеу тұрмақ, жай өтірік сөздің өзін айтпайтын. Мұны хазірет Алидің мына сөздері дәлелдей түседі: «Мен сендерге Расулаллаһтан естігенімді баяндағанда барынша абай болуға тырысамын, өйткені оның атынан жалған араластырып сөйлегенше биіктен құлап күл-паршамның шыққаны артық»[2].

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) өзі де бұл тұрғыда «Кімде-кім жалған екенін біле тұра менің атымнан бір сөз риуаят етер болса, ол – өтірікшінің нақ өзі»[3] деп ескерткен. Олай болса, шыншылдығымен, адалдығымен танылған, аз ғана уақыт ішінде Ислам дінін айдай әлемге таратып, адамзаттың ізгі тәрбие-шілері атанып үлгерген осынау жамағаттан жоғарыдағы хадиске қайшы келетін әрекеттің шығуы мүмкін бе?!

2. Сахабалар мен табиғиндердің ыждағаттылығы

Сүннетке аса қырағылық танытудың қажеттігін терең түйсінген сахабалар бұл іске аса мұқияттылықпен қарайтын, тіпті кейбіреулері хадис риуаят етуден қорқатын. Мәселен, алғашқы мұсылмандардың бірі Абдуллаһ ибн Мәсғудтың хадис риуаятындағы ықтияттылығы айта кетуге тұрарлық. Сахабалар ол туралы «Біз Абдуллаһ ибн Мәсғудты (р.а.) таныған сәттен бастап Аллаһ расулының отбасының бір мүшесі шығар деп ойлайтынбыз» деген, өйткені Ибн Мәсғуд Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) үйіне емін-еркін кіріп шығатындай жақын қарым-қатынаста болған. Хазірет Омар да (р.а.) халифалығы тұсында оны Куфаға Исламның өкілі ретінде аттандырып тұрып, Абдуллаһ ибн Мәсғудтың қаншалықты қымбат екендігін мына сөзімен білдірген: «Уа, Куфалықтар, егер сіздерді өзімнен артық көрмегенде, Абдуллаһ ибн Мәсғудты арнайы жібермес едім»[4].

Осынау саңлақ сахаба Абдуллаһ ибн Мәсғудтан хадис риуаят етуін өтінгенде, көзі жасаурап, басын төмен иіп قَالَ رَسُولُُ اللّٰهِ «Расуллалаһ былай деді» деп бас-тайтын. Сәлден кейін қайта өз-өзіне келіп басын көтеріп, терең тыныс алатын. Сосын жейдесінің түймелерін ағытып, кеудесін ашып сонан соң ғана хадисті риуаят ететін. (Ең соңында أَوْ دُونَ ذَلِكَ، أَوْ فَوْقَ ذَلِكَ أَوْ قَرِيباً مِنْ ذَلِكَ، أَوْ شَبِيهاً بِذَلِكَ (Мен жадымнан айтып шықтым, алайда мынаны да қаперге алғайсыздар), Расулаллаһ осы менің айтқандарыма өте ұқсас, жақын мағынада сөздер айтты»[5] деп ескерту жасауды да ұмытпайтын.

Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) хауариі, яғни жақын жәрдемшісі саналатын, қаһарман апасы хазірет Сафияның (р.а.) ұлы, тұңғыш мұсылмандардың бірі, көзі тірісінде жаннаттық екендігі сүйіншіленген он сахабаның арасында аты аталған Зүбәйір ибн Аууам да өте аз хадис риуаят еткен. Бір күні ұлы одан: «Әке, сен неге хадис риуаят етпейсің?» – деп сұрағанда, ол: «Аңдаусызда Пайғамбарымыз айтпаған сөз қосып қоямын ба деп қорқамын, себебі Расулаллаһ: «Менің атымнан жалған айтқан адам, жаһаннамдағы орны дайын деп білсін»[6], – деген еді деп жауап қатқан.

Табаны күректей он жыл бойы Расулаллаһқа қызмет жасаған Әнәс ибн Мәлік (р.а.) те: «Егер қате жіберем деп қорықпасам, Аллаһ елшісінен мұнан да көп хадис жеткізер едім»[7], – деген.

Бес жүз сахабамен жүзбе-жүз танысып, халық арасында «Бес жүз сахабамен кездескен адам» ретінде танылған табиғиннің алдыңғы қатарлы ұстаздарының бірі, Имам Әбу Юсуфқа, тіпті Әбу Ханифаға Куфада үлкен ықпал жасаған Абдуррахман ибн Әбу Ләйла: «Жүз жиырма сахабамен таныс болдым. Жүз жиырмасы түгел мешітте бірге отырғанда, олардан бір мәселе жайлы сұрай қалсаң, әуелі бәрі бір-бірінің жүзіне қарасады, ондағылары – Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) сөзіне артық бір сөз қосып алам ба деген қауіп: ешқайсысынан жауап болмаған соң ақырында біреуі батылданып, әуелі Аллаһқа сыйынып, Ибн Мәсғуд сияқты أَوْ دُونَ ذَلِكَ، أَوْ فَوْقَ ذَلِكَ، أَوْ قَرِيباً مِنْ ذًَلِكَ، أَوْ شَبِيهاً بِذَلِكَ деп алдын-ала ескертіп барып риуаят жасайтын»[8], – деген.

Пайғамбарымызбен сұхбаттас болумен қатар, Әбу Бәкірмен, Омармен (р.а.) етене жақын араласқан Абдуллаһ ибн Әрқам (р.а.) халифалардың тұсында қаржы істерін басқарып, қалтқысыз адал қызмет жасады. Алайда күндердің күнінде Османның (р.а.) қазынаға өткізген өз малынан бір бөлігін алып, жақын туыс-тарының біріне бергенін көріп, қазынаның кілтін хазірет Османға (р.а.) тапсырады да, «Уа, мүминдердің әміршісі! Халық осы істегеніңді көрсе, сен туралы да, мен туралы да жаман ойлайтын болады. Мені бұл жауапкершіліктен мұнан былай босатсаңыз», – деп, соған дейін атқарып келген ісінен өз еркімен бас тартады.

Міне, осынау абзал жаннан Абдуррахман ибн Әбу Ләйла бір хадис риуаят етуін өтінгенде, ол: «Қарағым, қартайдық, ұмыттық қой... Расулаллаһтан хадис риуаят ету өте ауыр әрі қиын шаруа»[9], – деп, қынжыла жауап берген.

а. Сөзбе-сөз жеткізудегі ықтияттылық

Хадисті риуаят етуші, яғни рауи алдымен тілді өте жақсы білуі керек. Кей жағдайларда Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) аузынан шыққан сөзді қаз-қалпында болмаса да, мағынасынан ауытқымай жеткізуге рұқсат етілгенімен, сахабалар Расулаллаһтың аузынан шыққан сөзді дәлме-дәл, сөзбе-сөз, бірде-бір сөзін, тіпті бірде-бір әрібін өзгертпестен жеткізуге тырысып баққан. Мысалы, Убайд ибн Умайр бір күні Абдуллаһ ибн Омардың қасында мынадай хадисті риуаят қылады: مَثَلُ الْمُنَافِقِ كَمَثَلِ الشَّاةِ الرَّابِضَةِ بَيْنَ الْغَنَمَيْنِ «Мұнафық екі отардың арасында қалып қойған (қайсысына қосыларын білмей әрі-сәрі күй кешкен) қой сияқты», яғни мұнафық – кәпірлер мен мүминдердің арасында не әрі емес, не бері емес екі ортадағы екі жаққа да жақпайтын сүйкімсіз жан. Мүминдермен бірге болғаны үшін кәпірлер оны жек көреді, иманды бойына толық сіңіре алмағандықтан, мүминдер арасында да ол өзін жайсыз сезінеді.

Мұны естіген Ибн Омар (р.а.) дереу ашуланып: «Жо-жоқ, Расулаллаһ олай демеген», – деп қарсы дау айтады. Умайр: «Ал қалай деді?» – дегенде, Ибн Омар тұрып «Мен Расулаллаһтан бұл хадисті былайша естіген болатынмын», – деп, өзі естігені бойынша, مَثَلُ الْمُنَافِقِ كَمَثَلِ الشَّاةِ الْعَائِرَةِ بَيْنَ الْغَنَمَيْنِ деп айтып шығады. Сондағы екі сахабаның риуаятындағы айырмашылық тек اَلرَّابِضَةِ мен اَلْعَائِرَةِ деген сөздің айырмашылығында ғана туындады. Осы хадис «Мүснәдта» былайша баяндалған:

Убайдуллаһ ибн Умайр:

إِنَّ مَثَلَ الْمُنَافِقِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ كَالشَّاةِ بَيْنَ الرَّبِيضَيْنِ مِنَ الْغَنَمِ، إِنْ أَتَتْ هَؤُلاَءِ نَطَحَتْهَا، وَإِنْ أَتَتْ هَؤُلاَءِ نَطَحَتْهَ

«Мұнафықтың жай-күйі екі отар арасында қалған қойға ұқсайды: бір отарға қосылмақшы болса, оны сүзіп шығарып тастайды, екіншісіне барса, олар да сүзеді»[10], – деп риуаят етеді. Ал Абдуллаһ ибн Омар كَالشَّاةِ بَيْنَ الرَّبِيضَيْنِ – дың орнына كَالشَّاةِ بَيْنَ الْغَنَمَيْنِ болуы керектігін айтады, өйткені ол Пайғамбарымыздан солай естіген еді.

Сахабалардың хадис риуаятындағы мұқияттылығын табиғин де, тәбәи -табиғиндер де берік ұстанған. Мысалы, мәшһүр Суфиян ибн Үйәйна мынадай хадис жеткізген: نَهَى رَسُولُ اللّٰهِ e عَنِ الدُّبَّاءِ وَالْـمُزَفَّتِ أَنْ يُنْتَبَذَ فِيهِ

«Расулаллаһ іші шайырмен сыланып, қауақтан жасалған ыдыстарда (жүзім, құрма секілді) жеміс шырынын құйып, ашытуға тыйым салды». Дәл осы хадис бірде Суфиянның жанында сәл өзгертіліп أَنْ يُنْبَذَ فِيهِ деп айтылады, сондағы айырмашылық – хадисте етіс-тіктің басқа формасының қолданылуы, яғни мағынада ешқандай өзгеріс болмаса да, Суфиян мұны естіп тұрып үнсіз қала алмайды, Расулаллаһтан естігенін сол күйінде оқып береді.

Иә, шынында, сахабалар болсын, табиғин немесе тәбәи-табиғин дәуіріндегі мүминдер болсын, хадистерді риуаят еткенде, Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) аузынан шыққан сәттегідей, еш өзгеріссіз болуына баса мән беретін.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, баз біреулердің «Сахабалар, табиғин және тәбәи табиғин заманындағы мұсылмандар Аллаһ расулынан естігендерін өз сөз-дерімен жеткізген, сондықтан хадистер шариғат үкімдеріне негіз бола алмайды» деп айтқан жайдақ пікірлерінің қаншалықты негізсіз екенін өздеріңіз бағамдай беріңіздер.

Бұхаридің «Китабуд-дағуат» тарауында Бәра ибн Азиб былай дейді: «Расулаллаһ маған «Жатар кезде намазға дәрет алғандай дәрет ал, сосын оң жағыңмен жатып мына дүғаны оқы деді:

اَللّٰهُمَّ أَسْلَمْتُ نَفْسِي إِلَيْكَ وَفَوَّضْتَ أَمْرِي إِلَيْكَ وَأَلْجَأْتَ ظَهْرِي إِلَيْكَ رَغْبَةً وَ رَهْبَةً إِلَيْكَ لاَ مَلْجَأَ وَلاَ مَنْجَى مِنْكَ إِلاَّ إِلَيْكَ آمَنْتُ بِكِتَابِكَ الَّذِي أَنْزَلْتَ وَبِنَبِيِّكَ الَّذِي أَرْسَلْتَ

Мен осы дұғаны Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) құзырында жақсылап жаттап, қайталап шықпақ болдым да وَبِرَسُولِكَ الَّذِي أَرْسَلْتَ «Уә би расуликәл-ләзи әрсалта» дедім, Пайғамбарымыз وَبِنَبِيِّكَ الَّذِي أَرْسَلْتَ «Уә би нәби-икәл-ләзи әрсалта» деп түзетті»[11].

Осы мысалдан байқағанымыз, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) жоғарыдағы жағдайда бізге мәлім я беймәлім себептермен «расул» атауынан гөрі «нәби» сөзін қолданудың дұрыстығын ұқтырған.

Иә, адам баласы ұйықтағанда не түс көргенде, нәбиліктің қырық алтыдан біріне сапар шегеді, өйткені ұйқы мен түс көру бір жағынан алғанда, нүбууатқа (пайғамбарлыққа) қатысты, алайда рисалетке мұның қатысы жоқ, рисалет – көздің ашықтығы мен көңілдің ояулығын қажет етеді. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) жоғарыда айтылғандай, ыждағаттылығын сахабалар да қал-қадарынша сақтап, хадистерді асқан ықтияттылықпен қабылдап алып, дәл солай өзгелерге де жеткізген.

ә. Өзара талқылау

Сахабалар Расулаллаһтан (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) қабылдап алғандарын өзгелерге таратып, жеткізумен ғана шектелмей, үйренген, бойларына сіңірген мәліметтерді өз араларында ортаға салып, пікірлесіп, өз көзқарастарын білдіретін. Өздері пікір білдіргені сияқты, кейіннен шәкірттерінен де ортақ мәселеге қатысты көзқарас білдіруін талап еткен. Мысалы, сахабалардан Әбу Саид әл-Худри мен Ибн Аббас шәкірттеріне: «Осы хадистерді жаттап алыңдар, ол жайлы ойларыңды ортаға салыңдар. Бір хадисті қозғағанда, басқа бір хадис еске түсуі мүмкін. Сол себепті хадистерді өз араларыңда ұдайы еске түсіріп, жеке көзқарастарыңды білдіруді әдетке айнал-дырыңдар»[12], – дейтін.

Хадис пен сүннеттің маңыздылығын жете түсінген әрі хадисте баяндалғандай, періштелердің ілім иелерінің жолына қанаттарын төсеп, құрмет қылатынын жақсы білетін сахабалар әр хадисті сөзбе-сөз жаттап, оның мағынасын түсіну үшін өз араларында пікір таластырып, содан кейін ғана басқаларға айтатын.

Міне, хадистер осындай ортада адамдардың жадында жатталып, өмірдің мәні мен мағынасына айналып, саф халде бізге дейін жеткен...

3. Сахабалар мен табиғиндердің хадистерді анықтауы (тахқиқ)

Сахабалар хадистерді өзара талдаумен қатар кез келген діни мәселе қозғалғанда, әуелі сол мәселеге қатысты сүннеттің үкімі бар-жоғын толық қарастыратын. Қай-қайсысы да өтірікке жуымайтын шыншыл бола тұра, сүннеттің маңызын, шариғат үкімдерін белгілеудегі рөлі зор екенін білгендіктен, естігендерін бірден қабылдай салмай, әуелі дұрыс-бұрысын нақтылағанды жөн көретін. Яғни олар есте сақтау қабілеті мықты болумен қатар анық-қанығын зерттеуді де өздеріне әдет еткен.

Бірде әлдебір әйел немересінің мирасынан өзіне үлес алмақ ниетпен Әбу Бәкірге (р.а.) жүгінеді. Әбу Бәкір (р.а.): «Құранда немеренің мирасынан саған үлес тиетіні жайлы ешбір аят жоқ, сонымен қатар Расулаллаһтың да бұл мәселеге қатысты пәтуасы жоқ деп білемін», – дейді. Мұны естіген Муғира ибн Шуғба (р.а.): «Расулаллаһ әжелерге немересінің мирасының алтыдан бірін беруші еді», – дейді. Әбу Бәкір (р.а.) «Бұл мәселеге куә болған, айтқаныңды айғақтап, нақтылайтын басқа адам бар ма?» – деп сұрайды. Сонда Мұхаммед ибн Мәслама: «Мен де Расулаллаһтан дәл осылай естігенмін», – деп Муғира ибн Шуғбаны қолдайды. Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) мәселені нақтылаған соң, әлгі кейуанаға немересінің мирасының алтыдан бір бөлігін бергізеді.

Әлсіз хадистердің бірінде Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) «Дін-деріңнің жартысын мына Хумайрадан үйреніңдер»[13] деп көрсеткен асқан зерек әрі ақылды, әрбір нәрсенің түп негізін барынша нақтылап зерделеуде алдына жан салмайтын Айша анамыз (р.а.) Аллаһ расулының «Есепке тартылған кісі міндетті түрде азапқа душар болады» дегенін ести сала, «Сіз солай дейсіз, бірақ Құранда кейбіреулерді меңзеп فَسَوْفَ يُحَاسَبُ حِسَاباً يَسِيراً «Сосын есеп береді де, жеңіл тергеуге алынады»[14] делінген емес пе?» – деп жоғарыдағы хадисін нақты түсіндіріп беруді өтінеді. Сонда Пайғамбарымыз: «Уа, Айша, сенің айтып отырғаның – арз мәселесі (яғни есеп беру, қолда барды тапсыру дегенді білдіреді). Баршаның есебі Аллаһқа апарып тапсырылады. Ал менің айтқым келгені – тергеу, есеп алу сәтінде Аллаһ алдында құл істегендерін мойындамай қарсылық білдірсе, сонда Аллаһ оның істегендерін жеке-жеке санамалап шығатын болады, мұндайда әлгі құлдың шаруасы бітті деген сөз»[15], – деп жауап береді.

Осы орайда сахабалардың естігендерін міндетті түрде нақтылап, айқындайтындығына қатысты және Құранның 7 түрлі оқылу түрімен (уәжһ) түсірілгендігі туралы көптеген қайнар көздерде баяндалатын бір оқиғаны мысал ретінде келтіре кеткенді жөн санаймын.

Бұл оқиғаны жеткізген көптеген хадисшілердің қатарында, Бұхаридің риуаятында хазірет Омар былай дейді: «Бір күні намазда Хишам ибн Хакимнің «Фурқан» сүресін оқып тұрған сәтіне тап келдім. Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бұл сүрені маған бөлектеу, басқаша әріптермен, өзгеше мақаммен үйреткен болатын. Намазын бітіріп, сәлем бергенге дейін қасында күтіп отырдым. Сәлем бере салысымен, жағасынан алып: «Бұл сүрені осылай оқуды саған кім үйретті?» – дедім. Ол сүренің оқылуын Расулаллаһтан естігенін айтуы мұң екен, мен оған дес бермей: «Өтірік айтпа, өйткені Расулаллаһ маған бұл сүрені басқаша үйреткен», – деп оны қолынан жетектеген күйі Аллаһ расулына алып келдім. Келе салысымен, «Уа, Расулаллаһ! Мына кісі «Фурқан» сүресін сенің маған үйреткеніңнен басқаша әріптермен оқыды», – дедім. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) «Қоя бер оны» деді де, Хишамға қарап: «Уа, Хишам, қане, «Фурқан» сүресін оқышы», – деді. Хишам әлгінде оқығанындай, мен естігендей қылып, сүрені аяғына дейін оқып шықты. Оқып болғанда, Пайғам-барымыз: «Дұрыс оқыды, сүре осылай түскен», – деді. Сосын маған қарап: «Ал, енді сен оқышы, Омар!» – деді. Мен де әуелде маған өзі үйреткендей етіп, оқып шықтым. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бұл жолы да «Иә, осылай түсірілді», – деді де, «Күдіксіз, Құран кәрім жеті әріптің негізінде түсірілді. Сендерге қайсысы оңай тисе, солай оқыңдар», – деп сөзін аяқтады»[16].

Бір күні Әбу Мұса әл-Әшғари хазірет Омардың үйіне келеді. Табалдырыққа жақын келіп, есікті үш рет қағады. Іштен «кір» деген дауыс естімеген соң, келген ізімен кері қайтады. Омар (р.а.) шаруасын бітірген соң «Абдуллаһ ибн Қайстың даусын құлағым шалғандай болды, рұқсат етіңдер, ішке кірсін», – дейді. Қасын-дағылар оның қайтып кеткенін айтады. Хазірет Омар (р.а.) артынан адам жіберіп, Әбу Мұсаны шақыртып алады да, «Неге күтпедің?» – деп сұрайды. Сонда Әбу Мұса (р.а.) тұрып: «Расулаллаһ бізге: «Бір жерге кірмек болсаңдар, алдымен есікті үш рет қағып рұқсат сұраңдар, егер рұқсат берілмесе, кері қайтыңдар», – деген еді» – дейді. Хазірет Омар: «Мен бұл айтқаныңды естімеппін, бұған куәң бар ма?» – деп сұрайды. Әбу Мұса (р.а.) Пайғамбар мешітіне келіп, мән-жайды сол жерде жиналған сахабаларға баяндайды. Үбәй ибн Кағыб: «Мұны нақтылау үшін жасы үлкендерді жіберіп әурелеудің қажеті жоқ, өйткені мұны жастардың өзі жақсы біледі», – деп куәлікке Әбу Саид әл-Хұдриді Омарға (р.а.) жібереді.

Омар (р.а.) мән-жайдың анық-қанығына көз жеткізген соң: «Мен саған кінә артайын деген ниеттен аулақпын. Бар ойым кез келген біреудің «Расулаллаһ айтқан» деп өтірік қауесет таратуынан қауіптенемін»[17], – дейді.

а. Хадисті нақтылау үшін жасалған саяхат – рихлә

Сахабалар хадистерді нақтылауда әрі риуаят етуде осыншалықты ықтият көрсетіп қана қоймай, керек кезде бір хадис үшін ұзақ жолға арнайы сапарға («рихлә») шығудан да бас тартпаған. Табиғин дәуірінің ең үлкен фақиһы саналатын зәңгі мұсылман Ата ибн Әбу Рабахтың жеткізуінше, бірде Әйюб әл-Ансари бір хадиске анық көз жеткізе алмай дал болады. Сол сәт есіне Мысырда тұратын Уқба ибн Амир (р.а.) түседі. Себебі бұл хадисті тікелей Расулаллаһтан естіген көзі тірілерден Уқба ибн Амир екеуі ғана қалған еді. Әйюб әл-Ансари көп кідірместен, Мысырға сапар шегеді. Бір хадис үшін, онда да өзі біле тұра, соның анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Мәдинадан Мысырға баруды қиынсынбаған ардақты сахаба алдымен Мәслама ибн Махладтың үйіне соғады. Ол жерден қасына осы өңірді жақсы білетін біреуді ертіп алып Уқбаға барады. Бір қызығы, Әйюб әл-Ансари досы Уқбаны ойламаған жерден кездестіреді. Екеуі көрісіп, құшақтасып мауқын басқан соң, іздеп келудегі бұйымтайын жеткізіп:

مَنْ سَتَرَ مُؤْمِناً فيِ الدُّنْيَا عَلَى خِزْيِهِ سَتَرَهُ اللّٰهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Кімде-кім дүниеде бір мұсылманның айыбын жасырар болса, Аллаһ та қиямет күні оның айыбын жасыратын болады»[18] деген хадисті Хақ елшінің (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) аузынан тікелей естігендерден екеумізден басқа ешкім қалмады, бірақ көңіліме күмән ұялап, хадистің дұрыстығын нақтылағым келді», – дейді. Уқба да хадисті дәлме-дәл қайталаған соң, Аюб әл-Ансари: «Менің келгендегі бар шаруам осы еді»[19], – деп басқа ешқайда қайырылмастан, келген ізімен кері қайтады.

Сол сияқты Бұхаридің риуаятында, ансардың алдыңғы толқыны Жабир ибн Абдуллаһтың «Абдуллаһ ибн Унайс айтты» деген бір хадистің дұрыс-бұрысына көз жеткізу үшін айшылық алыс жолға шығып, «Пай-ғамбардың өз аузынан естімеген бір хадисті сенің риуаят еткеніңді есіттім. Екеуміздің біреуміз о дүниелік болып кетпей тұрғанда, осы хадистің анық-қанығына көз жеткізейін деп асығыс сені іздеп келдім» дейтіні бар. Хадисті Абдуллаһ ибн Унайстың өз аузынан естіген соң, көңілі орнына түсіп, Мәдинаға қайта оралған.

ә. Табиғинның хадис үшін ұзақ жолға аттануы

Хадисті нақтылау мақсатында қуана-қуана жасалған бұндай сапарлар сахабалармен ғана шектеліп қалмаған, кейінгі дәуірлерде де жалғасын тапқан. Саид ибнул-Мусаййабтың қажет кезінде бір хадис үшін ұзақ сапарға шыққаны, Мәсрук ибнул-Әжданың бір әріп үшін сапар шеккені; Кәсир ибн Қайстың риуаятына қарағанда Әбуд-Дәрдадан бір ғана хадис алу үшін ілімқұмар бір кісінің Мәдинадан Шамға ат арытып келуі және т.б. көптеген сапарлар – сөзіміздің нақты дәлелі.

Хадис риуаятындағы сахабалардың қырағылығы, табиғиндерде де жалғасын тапты. Бұл ілім мұрагер-лерінің мұқияттылығы сонда, Ағмаштың баяндауынша, олар хадиске бір «уау», бір «алиф» немесе «дал» әріпі артық қосылғаннан гөрі, қара аспанның айналып басына түскенін таңдар еді. Олар хадис риуаятының Пайғамбарымыздан тұнық күйінде жетуі, яғни түп-нұсқамен бірдей болуы үшін жан беруге әзір-тін. Керек десеңіз, қарапайым ғана «уау» мен «фә» әріптерінің орны ауысып кетпесін деп қатты алаңдайтын. Бұған алда арнайы тоқталмақпыз.

Сахабалардың қай-қайсысы да шыншыл, қылдай өтірікке қас болғандығына қарамастан, табиғин имамдары бір сахабадан естіген хадисті басқалардан да сұрап-біліп, нақтылауды дағдыға айналдырған-ды. Бұл жайлы табиғинның үлкен имамдарының бірі Әбул-Алия: «Біз (Басрада, Бағдатта, Мауереннахрда немесе Хорасанда) қайда болсақ та, Расулаллаһтың сахабаларынан бір хадис естісек, соны нақтылау үшін сол жаққа барып, (Меккеге, Мәдинаға барып, мәселені түпкі бас-тауынан зерттеп) өз ауыздарынан еститінбіз (басқа сахабалардан да сұрап әбден нақтылған соң ғана көңіліміз орнына түсетін)»[20] деп баяндаған.

Мүслимнің риуаятында Мұхаммед ибн Сирин: «Біз әу баста иснад жайлы сұрамайтынбыз, кейін арамызда алауыздық туған соң барлық хадистің түп негізін сұрастыратын болдық»[21], – деген. Әу баста хадистің дерек көзі сұралмайтын, яғни Расулаллаһтан бір хадис риуаят етілгенде, оны кім риуаят еткені зерттеліп нақтыланып жатпайтын, өйткені сахабалар бір-бірінің хадис риуаят етудегі мұқияттылығына шәк келтірмейтін. Алайда хазірет Омардың шейіт болуы, Османның (р.а.) дұшпан қолынан қаза табуы және хазірет Али (р.а.) заманындағы алауыздыққа жол ашқан оқиғалар бірінен соң бірі орын алған тұста жалған хадис ойлап шығару секілді бүлікке бастайтын жаман әдет қылаң бере бас-тады. Хазірет Османға қарсы хадис ойлап шығару-шылармен ерегескен кейбір парықсыздар Османды жақтайтын хадистер ойлап табудан тартынбаған.

Дәл осы сияқты хазірет Алиді қаралау үшін хадис ойлап шығарғандарға наразылық танытқан жақтастары оны мақтаған хадистерді ойдан шығарды. Міне, осы сияқты алауыздықтарға куә болған әділетті имамдар хадистің қайнар бастауын, түп негізін тәптіштеп сұрап, нақтылауды міндет санаған. Иә, ол дәуірде хадисті нақтылап қадағалау ісіне Шуғба сынды, Шағби және Сәури сияқты Исламның хас тұлғалары шындап кіріскен еді.

Мүслиммен қатар, табиғиндер арасындағы айтулы имамдардың бірі Мүжахид ибн Жәбирдің риуаятында да осыған ұқсас тағы бір оқиғаға куә боламыз:

Бушайрул-Адауи атты кісі Ибн Аббаспен кездесіп, оған хадис риуаят етеді, алайда Ибн Аббас сенімсіздік танытады. Мұны сезген Бушайрул-Адауи: «Неге құлықсызсың? Мен саған хадис риуаят етіп отырған жоқпын ба?» – дейді. Сонда Ибн Аббас: «Біз бұрындары «Расулаллаһ былай деген» деп сөз бастаған адамды жан салып тыңдайтынбыз. Соңғы кездері кім көрінген осылай әңгіме айтуды шығарғандықтан, өзіміз анық білген хадистен басқасын қабылдамайтын халге жеттік», – деп жауап берген.

Андалусиялық ірі ғұлама Ибн Абдулбәрр табиғин-дердің үлкен имамдарының бірі Амир ибн Шарахил әш-Шағбиден былайша риуаят етеді:

Раби ибн Хусайм «Кімде-кім он рет لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللّٰهُ وَحْدَهُ لاَ شَرِيكَ لَهُ، لَهُ الْمُلْكُ وَلَهُ الْحَمْدُ يُحْيِي وَيُمِيتُ وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ (Лә иләһа иллаллаһ уахдаһу лә шәрикә ләһ, ләһул мулку уә ләһул-хамду йухиу уә йумит уә һууә алә кулли шәйин қадир) деп айтса, бір құлды азат еткенмен бірдей сауап алады» деген хадисті риуаят еткен. Шағби салған жерден: «Мұны саған кім айтты?» деп сұрайды. Раби ибн Хусайм: «Абдуррахман ибн Әбу Ләйла» деп жауап береді. Мұны ести сала, Шағби табиғинның үлкен имамдарынан саналатын Абдуррахман ибн Әбу Ләйланы тауып алып, естіген хадисінің дұрыс-бұрыстығын анықтамақ болғанда, Абдуррахман ибн Әбу Ләйла аталған хадисті Әйюб әл-Ансариден (р.а.) естігенін айтып, дұрыс екендігін нақтылайды.

4. Ойдан шығарылған хадистерді іріктеу және оны таратушыларды қудалау

Шындығында, сол дәуірде өтірікпен күрес пәрменді түрде жүргізілді. Ибн Шихаб әз-Зұхри, Ибн Сирин, Суфиян әс-Сәури, Амир ибн Шарахил әш-Шағби, Ибраһим ибн Язид ән-Нәхаи, Шуғба, Әбу Хилал, Қатада ибн Диама, Хишам әд-Дәстауаи, Мисар ибн Қудам – бәрі-бәрі өтірікке бір кісідей қарсы тұрып, өтірікті шындай қылып жүргендердің соңына түсетін.

Әбу Хилал, Шуғба, Саид ибн Әбу Садақа, Қатада ибн Диамадан риуаят етілген бір хадисте:

Қандай да бір хадистің нақтылығына қатысты «нақты былай деп пе еді, жоқ олай емес пе еді» деп күмән туған жағдайда Хишам әд-Дәстауаиге жүгінетін. Ал Шуғба мен Сәури кез келген мәселеде күмәнданса, Мисар ибн Қудамға жүгінетін-ді. Олардың қай-қайсысы да әсіре мәзһаб ұстанушы саналған адамдардың әрбір қадамын аңдып, соңынан бір елі қалмайтын. Қай жерде болса да, өз жанынан қосып сөйлейді-ау дегендерді өкшелеп, қандай да бір хадисті айта қалса, «Мұны кімнен естідің?» деп сол жерде тергеуге алып, ақиқатына жеткенше көңілдері көншімейтін.

а. Жаттау (есте сақтау) міндетін атқарушылар

Хадистер зерделеніп, зерттелу барысында хафыздар барлық ықыластарын хадис жаттауға арнаған. Ислам тарихы теңдессіз есте сақтау қабілетімен танылған хафыздардан кенде емес. Мысалы, Ахмед ибн Ханбал түрлі жолмен жеткен, түрлі риуаяттарға сүйеніп, алуан түрлі мәтіндерді, яғни мағынасы бір болғанымен, сахихы, хасаны, әлсізімен қоса алғанда, барлығы бір миллионға жуық хадисті жатқа білген. Ол ұзын саны қырық мың хадистен тұратын «Мүснәд» атты хадистер жинағын өзі жатқа білген үш жүз мың хадистің арасынан таңдап, талғап алып құрастырған. Қырық мың хадис арасында қайталанып келетіндері де бар, әрине. Сондай-ақ бұл кітапқа оның ұлы Абдуллаһтың «Зауаид» деп аталатын еңбегі де кіргізілген.

Саналы ғұмырын хадисті жадында тоқып, оның терең сырын зерттеуге арнаған Яхия ибн Маин «мәуду» (ойдан шығарылған) хадистерді де жаттайтын. Ахмед ибн Ханбал одан мұның себебін сұрағанда, ол «Хадис туралы мағлұмат сұрап келгендерге мәудулардың қайсысы екенін ажыратып көрсету үшін»[22] деп жауап қайтарған.

Жалпы Ислам тарихында мыңдаған хадисті және оның дұрыс-бұрысын ажырата алатын майталмандар, әрбірін жатқа білген хафыздар көптеп саналады. Солардың қатарында Имам Зұхри, Яхия ибн Саид әл-Қаттан, Бұхари, Мүслим, Дарақутни, Хакимнің есімдері аталады.

ә. Әділдік түсінігі

Әділдік – «өтірікке жол бермеу, өтірікшіні қудалау, ақиқатты жақтау» деген мағыналарды білдіреді. Енді осы айтылғандарға мысал келтіре кетейік.

Бір күні хазірет Омар (р.а.) хұтба оқып жатып: «Әйелдерге мәхірді қырық оққадан (төрт жүз дирхам) артық бермеңдер», – деуі сол екен, әйелдер арасынан біреуі перденің арғы жағынан дауыстап: «Уа, мүмин-дердің әміршісі, ол не дегенің? Аллаһ Құранда «Оларға қаншалықты көп мал берсеңдер де, ажырасқан кезде ешбірін қайтып алушы болмаңдар»[23] деген, ал, сіз небары төрт жүз дирхем дейсіз, бұл қалай?!» – дейді.

Хазірет Омар өзінің қателігін сол жерде мойындап: «Уа, Хаттабұлы! Сенен қателік кетті, бұл кісі дұрысын айтты, қарапайым бір әйел құрлы да дініңді біл-мейсің»[24], – деп өзін-өзі қатты жазғырады.

Мұндай жағдайларда табиғин имамдары да дәл осылай өз қателіктерін мойындаудан бас тартпаған. Мысалы, Зәйд ибн Әбу Унайса, бауырының кей іске ат-үсті қарайтынын білгендіктен бе, әлде уайымшыл-дығынан ба, бір көзқарасқа деген әсіре жақтаушы-лығынан ба, жоқ әлде мүлде басқа себептен бе, неге екені белгісіз, «Менің бауырымнан хадис алушы болмаңдар»[25] деп кесіп айтқан.

Сол сияқты сахабалардың арасынан тұңғыш рет кітап жинағын бастырған Бұхари, Мүслимдермен дәрежелес хадисшілердің имамы саналатын Али ибнул-Мәдиниден: «Әкең қалай?» – деп сұрағанда, «Оны менен емес, басқа біреуден сұрап біліңдер», – деп қашқақтаған. Әкесінің хадиске қатысы туралы қоярда- қоймай сұралғанда, «Хадис – «дін» деген сөз, ал әкем бұл мәселеде осалдау»[26], – деп жауап берген.

Әбу Ханифа мектебінде тәлім алып, Имам Шафиғиға ұстаздық еткен әрі «Бір естігенімді өмір-бақи ұмытпаймын, бір естігенімді екінші рет қайталаған да емеспін» дей тұра, өзінің жаттау қабілетінің нашар екендігін айтып кеңес сұрағанда, Имам Шафиғиға «Күнә атаулыдан аулақ бол, себебі ілім – нұр, Аллаһтың бұл нұры, асылық жасаған кісіге берілмейді» деп жа-уап берген Уақи ибн Жаррах өз әкесінен хадис риуаят еткенде, оны басқа да риуаяттармен қуаттап барып қана алатын. Мұның мәнісін сұрағандарға: «Әкем – қазына қызметкерлерінің бірі, сондықтан мемлекетті ойлап, кейбір сөздерді жұмсартып айтуы мүмкін»[27], – деп жауап қатқан.

б. Иләл кітаптары

Бұл ғұламалар хадисті зерттеу нәтижесінде ондаған иләл кітаптарын жазған. Яғни хадистердің келу тізбегі, мәтіндегі жаңсақ пікірлер мен кемшіліктерді тамыршыдай тап басып, елеп-екшеп, сүбелі еңбектер жазды. Әлсіз хадистерді, тәрк етілген хадистерді, хадисшілерді, яки әлсіз – хадис алуға болмайтын рауилерді жеке-жеке анықтап берді. Бұл іспен айналысушылардың мұқияттылығы адам айтса нанғысыз еді. Бірі «Әкем қазынаның қызметкері..» деп хадис риуаят еткенде, оның жеткізген хадисін басқа да риуаяттар арқылы қуаттап барып алуды өзіне міндет санаса, енді біреуі әкесі жайлы сұрағандарға хадис жеткізу мәселесінде әкесінің осалдау екенін айтып, одан хадис алуға тыйым салатын.

Хадис майталмандарының бірі Абдуррахман ибн Мәхди, хадисті кемшіліктерден арылтумен айналысқан Шуғба, Сәури, Ибн Мүбәрак және Имам Мәліктен: «Біз хадистің түп төркінін зерттей келе, «пәленше түгенше жалған хадис ойлап шығарған» деп, кітаптарда олардың атын атап, түсін түстеп жазып жүрміз. Бұларды осылайша жария ету қаншалықты дұрыс?» – деп сұрағанда, аты аталған хадис ілімінің ғұламалары бір ауыздан: «Хадис дегеніміз – дін, сондықтан ол сен айтып отырған мәселеден әлдеқайда маңызды, өйткені Ахмедтік ақиқаттың жасырын кілті сонда», – деп жауап берген[28].

Хадис мәселесінде аса қатаңдығымен белгілі болған, жақын достары «Біз бұны кішкентай кезінен бері жақсы білеміз, күнә атаулы оның өңі түгіл түсіне де кіріп шықпаған» деп мақтан еткен Яхия ибн Саид әл-Қаттаннан айналасындағылар: «Сен жұрттың намысына тиер іспен шұғылданып жүрсің, «пәленше хадис ойлап шығарады, түгеншенің айтқандары әлсіз, негізсіз» дейсің. Бір күні Аллаһ осының бәрін сенен сұрайды деп ойланбайсың ба?» – деп сұрағанда, ол: «Аллаһ құзырында олардың маған дұшпан болғаны, Расулаллаһпен дұшпан болғаннан әлдеқайда жақсы»[29], – деп қасқая жауап берген.

Сүннет осындай асқан ықтияттылықпен нақ-тыланды. Осыншалықты мұқияттылыққа қарамастан, бірқатар хадистерді ойлап шығарғандар да кездесіп жатты. Дегенмен олар сахаба мен табиғинның сарапшылық таразысында екшелді. Әлдеқалай өтіп кеткендер болса да, сахих хадис жинақтарына келгенде бөгесінге ұшырап, тағы да сырттап қалды. Хадистердің дұрыс-бұрысын ажыратуда мынадай әдістер де қолданылған:

5. Мәуду – ойдан шығарылған хадистердің сахих хадистерден екшелуі

а. Мойындау

Көбінесе жоқ жерден хадис ойлап шығарғандар қартайған шақтарында, өлім аузында жатқанда немесе бұрыс жолдағы мәзһабтан шығып, әһлі-сүннет уәл- жамағатқа қосылғаннан кейін, кезінде білместікпен ойдан шығарған хадистерін өздері мойындаған.

ә. Жалған сөйлейтіндерге жол берілмейтін

Жоғарыда баяндалған тәсілдер арқылы жалған айтушылар бірден анықталып, олардың әрбір сөзі қатаң қадағаланатын. Өмірінде бір рет өтірік айтқан адамнан өмір бақи хадис алынбайтын. Тіпті біреу есте сақтау қабілеті мықты, сенімді бола тұра, уақыт өте келе оның уайымға жиі берілетіндігі байқалса, ондай адамдардан да хадис алынбаған. Мысалы, Әбу Дәуіттің «Сүнән» атты хадистер жинағында аты жиі аталатын Ибн Әбу Ләхия есімді бір рауи бар. Діндарлықта, тақуалықта алдына жан салмайтын бұл рауи жатқа емес, жазып қойған кітабына қарап риуаят ететін болған. Күндердің күнінде ол хадистерді жинақтаған кітаптарын жоғалтып алады да, мұнан былай, хадис риуаяты мәселесінде аты аталмайтын жағдайға жетеді. Сол күннен бастап одан хадис алу керек болса да, алынған хадистер асқан ыждағаттылықпен тексерілетін болған. Мәселен, Имам Бұхари аты аталған рауиден тек қана басқа хадистермен нақтыланған хадистерді ғана алған.

б. Қолданылған тіл «мен мұндалайтын»

Көркем әдебиетте «жазушының тілі» деген мәселе бар. Мысалы, Мольерді отыз рет оқыған, Шекспирді, Толстойды, Дантені, Нежип Фазылды, Нұреддин Топчыны, Сезаи Каракочты бірнеше рет оқыған адам кез келген мәтін арасынан олардың сөздерін ажырата алады, яғни бір жазушының тіліне қаныққан соң, оны басқалардан ажыратпау мүмкін емес. Бір жазушының тіліне қанық болу үшін көп жағдайда оны үздіксіз қайталап оқи берудің де қажеті жоқ. Мәселеге осы тұрғыдан келетін болсақ, жоғарыда аты аталған хадис имамдары бүкіл саналы ғұмырын хадис іліміне арнағандықтан, Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) сөздеріне әбден қанық, тілдік шұрайын еркін игерген әрі еске сақтаудың майталман хафыздары еді. Олар күні-түні Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) маржан сөздерін бойға сіңіргендіктен, хадистерді өзге сөздерден дереу ажырататын. Естігендерін бір-екі рет қайталаған соң «бұл хадис немесе хадис емес» деп дөп басып айта алатын.

в. Салыстыру тәсілі, Құран және мутауатир (дұрыс екендігі күмәнсіз) хадистер

Хадистер мухаддистер тарапынан «мутауатир» және «ахад» деп екіге бөлінеді. Бір хадисті жалған айтуы мүмкін емес бір жамағат бір ауыздан риуаят еткен болса, бұл хадис «мутауатир хадис» деп аталады. Әһлі-сүннет мутауатир хадистерді ақиқатқа көз жеткізудің үш жолының бірі деп санайды. Мұнан басқа, яғни тек бір ғана жолмен риуаят етілген хадистер «ахад хадис-тер» деп аталады. Кейбір хадистер сахабалар арасында ахад хадис ретінде белгілі болғанмен, кейінірек тәбәи табиғин дәуірінде кеңінен таралғандықтан, «мәшһүр хадистер» деп аталған. Дей тұрғанмен жалпы хадистер мутауатир және ахад деп екіге бөлінген. Ахад хадистер көбінесе Құран мен сүннеттегі үкімдермен салыстырылып, осы қайнар көздерге қайшы келмеген жағдайда, бірауыздан қабылданған. Ал кері жағдайда, ол мәселені ғалымдардың талқылауына рұқсат етілген.

г. Уақыт пен мекеннен тыс жүзеге асатын дәлелдер

Усул-хадисте (хадис әдіснамасында) айтылмаса да, Аллаһқа кіршіксіз көңілмен иланған раббани жандар арасында уақыт пен мекенді асып, тікелей Адамзаттың ардақтысы – Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) өз аузынан хадис алғандар да болған. Мысалы, Мұхиддин ибн Араби сахих хадис кітаптарына енбеген «Мен жасырын қазына едім, танылғым келіп, болмысты жараттым»[30] деген сөзді «Мен Расулаллаһтың тікелей өз аузынан естідім» деген. Сол секілді үлкен имамдардың бірі саналатын Жалалуддин ас-Суютидің Пайғамбарымызбен ояу, сергек күйінде кездескені туралы мәліметтер де бар.

Имам Бұхари хадис жинағын жасау барысында жаңа бір хадис естіген сайын дәрет алып, екі рәкат намаз оқып, намаздан соң арнайы дұға жасап, мәселені Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) білдіріп: «Маған осылай жетті, естігенім дұрыс па, уа, Расулаллаһ?» – деп сұрап, өзіне түсінікті белгіні, ишараны сезінгеннен кейін ғана, әр хадисті жинағына енгізіп отырған.

Рухтың уақыт пен кеңістіктен тыс жағы бар екені мәлім. Уақыт пен кеңістікке қатысты бізге мәлім жайттардың өзі әлі нақты емес. Қазіргі физиканың қол жеткізген заңдылықтарымен нақтыланбаса да, Эйнштейн мекеннің үш қыры, өзге төртінші қырының да болатындығын айтып кеткен. Әулиелер болса, әуелден бері осы мәселеге тоқталып, уақытқа, мекенге бағын-байтын кейбір күйді болмыстың ішкі заңдылықтарының көрінісі деп білген. Осы тұрғыда объективті болмаса да таяу жылдарда орын алған бір оқиғаны баяндап өткенді жөн көрдім. Соңғы жылдары саябырсығаны болмаса, Ыстамбулдың түрлі мешіттерінде хадис, фиқыһ, тәпсір, кәлам сынды діни ілімдер оқытылып келген. Фатих сұлтан Мехмет Хан мешітінде хадис оқытатын бір имам бір күні үйінде отырғанда, әбден мазасын алған мысығына ашуланып, таяқпен ұрып аяғын сындырып қояды. Ертеңіне таң арайлап атып келе жатқан шақта мешітке келеді. Күнде келіп жүрген мешітте әлгі имам күтпеген жерден уақытқа бағын-байтын өзгеше бір мекенге тап болғандай тылсым күйді бастан кешеді. Сөйткенше болмай ол әлдеқандай сот алқасына тап болады. Қазы мен оның хатшысының қасында үйіндегі мысығын да көреді. Қазылар алқасы әлгі имамға: «Мына мысық сенің үстіңнен арыз айта келді. Сен оның аяғын сындырыпсың. Қазір заңға сүйене отырып сенің де аяғыңды сындырамыз», – дейді. Дәл сол сәтте Аллаһтың құдіретіне шек жоқ, имамның есіне бір хадис түсе кетеді де, «Маған қысас заңымен үкім бере алмайсыздар», – дейді. Сот алқасы кесімді пікірге іркіліп қалады да «Оған қандай дәлел айтпақ-сың?» деп сұрайды. Сонда имам тұрып: «Пайғам-барымыз Батнун-Нахл деген жерде жындармен серттескен уақытта, оларға «түрлі мақұлықтың кейпіне еніп, үмбетіме көрінуші болмаңдар» деген екен. Ал мына жын біздің үйде басқа мақұлықтың бейнесіне еніп, көзіме солай көрінді», – деп жауап береді. Имам дәлел ретінде баяндаған хадистің сәнәдін (Хадисті жеткізуші рауилардың тізбегі) яғни қай сахабаның оны риуаят еткендігін де нақтылап айтады. Осылайша терлеп-тепшіп тұрғанда, мешіттің күмбезінің үстінен әлгі хадисті риуаят еткен сахаба көрінеді де, «Мен бұл хадисті Расул-Әкрамнан өз құлағыммен естідім», – деп мақұлдайды. Сот алқасы мына жағдайдан кейін имамды кінәсіз деп табады. Осы оқиғадан соң әлгі имам достарына: «Мен сахабаны өз көзіммен көрдім, сондықтан мен де табиғинмын», – дейді екен.

ғ. Хадисті ұрпақтан ұрпаққа жеткізушілер туралы арнайы еңбектер де жазылған

Рауилерді, сахабаларды, табиғин мен тәбәи-табиғиндерді жақыннан таныту мақсатымен олар жайлы егжей-тегжейлі баяндалған бірқатар толымды еңбектер жазылып жарық көрді. Бұл шығармаларда ұлы тұлғалардың туған жері, һижрет еткен аймағы мен уақыты, мекен-жайы, қайтыс болған немесе жерленген жерлері, кімдерден дәріс тыңдағандықтары, кімдермен сұхбаттас болғандығы т.с.с жан-жақты мәліметтер қамтылған.

Осындай алғашқы еңбектің авторы – Ибн Мәдини. Оның «Китабу мағрифатис-сахаба» атты кітабында қай сахаба Меккеден, Мәдинадан қай жерлерге барғандығы, һижреттен соң Тайфта, Мауараннахрда, Басрада, Куфада, Шамда, яғни қай жерде тұрақтап, кімдермен жора-жолдас болғандығы, кімдерге дәріс үйреткендігі т.б. кеңінен баяндалады. Ибн Абдулбәррдің «әл-Истиаб», Ибн Хажардың «әл-Исаба фи тамийизис-сахаба», Ибн Әсирдің «Усдул-ғаба», «Ибн Сағыдтың «Табақат», Ибн Асакирдің «Тарих», Бұхаридің «Тарих» сынды еңбектері сол кезеңнің тарихы мен сахабалардың өмірінен сыр шертетін өшпес мұралардың бастауы мен қайнар көзі болып табылады. Бұл кітаптардың біреуінде үш мың, енді бірінде бес мың, ал кейбіреулерінде он мыңнан астам сахабаның өмірбаяны топтастырылған. Осы кітаптарға, әсіресе Захабидің «әл-Кашиф» атты еңбегіне үңілсек, әрбір сахаба туралы «Пәлен сахаба мынадан-мынадан хадис риуаят еткен, одан мыналар риуаят еткен» деп тайға таңба басқандай, риуаят жалғастығын нақты таба аламыз. Осылайша кімдер кімдерден хадис алған және кімдер кімдермен хадис алып-беруде дәстүрлі сабақтастықты сақтаған деген сауалға толық мәлімет алып, хадистер жайлы тұшымды тұжырымдама жасай аламыз.

д. Хадис кітаптары байыпты түрде елеп-екшелген

Осыншалықты зерттеу, нақтылау шараларына қарамастан, сахих хадистер жинағына енгізілетін тұста да «бәлкім арасында мәуду (ойдан шығарылған жалған) хадис кетіп қалған болар» деген оймен, хадистер қайтадан бастан-аяқ тексерілген. Сөйтіп, шын мәніндегі маржан сөздер жасанды хадис-терден ажыратылып бөлек-бөлек хадис кітаптары топтастырылған. Алғашқы болып Мақдиси «Тәзкиратул-кубра» атты кітабында мәуду хадистерді жинаған. Мақдиси сынды өзге де хадис ілімінің ұстаздары барынша мұқияттылықпен шынайы маржан сөздерді анықтауға күллі саналы ғұмырын сарп етті. Мысалы, Ибнул-Жәузи өзі де имам бола тұра, өз мәзһабының имамы болғанына қарамастан Ахмед ибн Ханбалдың қырық мыңнан астам хадистен құралған «Мүснәд» атты жинағындағы бірқатар хадис-терді мәуду, әлсіз немесе мәтрук (тәрк етілген) деп ажыратумен айналысқан. Алайда одан кейін келген Ибн Хажар әл-Асқалани болса, Ибнул-Жәузидің «Мүснәд-тан» әлсіз хадис немесе мәтрук хадис деп шығарып тастаған хадистерін қайтадан тәптіштеп тексеріп, он үш хадистен басқасының сахих негіздерін тауып, дәлелдеген. Ал он үш хадистің негізін сахих бастауға дейін неліктен апара алмағандығына «әл-Қаулул-Мүсәддәд физ-зәбби ан-Мүснәди Ахмәд» деген еңбегінде арнайы тоқталған.

Бірқатар хадисшілер бірнеше сахих хадисті мәуду деп санақтан шығармақ болғаны үшін Ибнул-Жәузиге ісіне атүсті қараған деп айып тағып (мутәсәһил деп) сынаған да. Ибнул-Жәузидің мәуду деп таныған хадистерін Расулаллаһпен рухани әлемде жетпіс реттен аса кездескен Жалалуддин әс-Суюти қайтадан бастан-аяқ қарап шығып «Мен бұл хадистердің арасында мәуду хадис көріп тұрған жоқпын, бәлкім әлсіз болар»[31] деген. әс-Суюти сонымен қатар Ибнул-Жәузидің «әл-Мәудуатул-кубра» атты еңбегін де тексеріп, зерделеп шыққан соң, жасанды інжулер деген мағынадағы «әл-Ләалил-маснуа» кітабын жазып шыққан. Бұл еңбегінде ол Ибнул-Жәузидің мәуду деп тапқан хадистерінің шынында да қайсысы мәуду, қайсысы мәтрук, сахих екендігін ажыратып көрсеткен.

Бұлардан басқа мустәдрәк кітаптары бар. Мысалы Бұхари мен Мүслим сынды үлкен хадис ғұламалары сахих хадистерді белгілі бір қағидаларға сәйкес топтамаларына енгізген. Алайда кейбірі сол қағидаларға сәйкес келе тұра, бірқатар хадистер сахих хадистер жинағына енгізілмеген. Міне, осындай хадистерді Хаким сынды бірқатар ғалымдар жинап, топтастырып хадис кітабын шығарған. Бұл хадистер – хадис терминологиясында «мүстәдрәк хадистер» деп аталады. Мүстәдрәк хадис кітаптары арасында ең әйгілісі – Хакимнің «Мүстәдрәк» атты хадистер жинағы. Хаким-нің осы хадистер топтамасын кейіннен хадис саласының білгірі Имам Захаби қайта қарап, елеп-екшеп, терең зерттеп, тексерген. Имам Захабидің жаттау қабілетінің қаншалықты екендігін Ибн Хажардың ол туралы айтқан «Мен өмір бойы Захабиге таңдай қағумен өттім. Аллаһтан маған да Захабидікі сияқты есте сақтау қабілетін беруін жалынып сұрап, жаттауға септігі тиетін дұғаларды қағазға жазып шайнап жұтып қоятынмын»[32] деген сөздерінен байқауға болады.

Уақыт өте келе, халық арасында хадис деген атпен таралған сөздердің де топтамасы кітап болып жинақ-талған. Сахауи «Мақасыдул-Хасана», Ажлуни «Кашфул-Хафа» атты кітаптарында халық арасында кеңінен тараған сөздердің қайсысы хадис, қайсысы хадис еместігін ашып көрсеткен. Мысалы, ілім-білім үйренуге шақырған ондаған хадистермен қатар, ел аузынан түспейтін «Тал бесіктен көр бесікке дейін ілім із-деңіздер», «Ілім Қытайда болса да үйреніңіздер», «Ең жақсы адам – басқаларға пайдасы тиетін адам, ең нашар адам – басқаларға зияны тиетін адам» деген сияқты тағылымды сөздерді хадис таразысына тартып, салмақ-тай қарап, бұл сөздердің хадис деп қабылданатындай салмаққа ие емес екендігі ескертілген.

Олай болса, осыншалықты жіті қадағалау, терең сұрыптау және риуаят етуге көрсетілген зор жауапкер-шілікті көре тұра, Исламның екінші маңызды тірегі болып келген сахих хадис топтамалары мен сахих хадис жинақтарына шүбә келтіріп, тұнығын лайлауға жан-таласқандардың бұл әрекетін қалай түсінген жөн?


[1] Бұхари, Илм, 38; Мүслим, Зүхд, 72.
[2] Бұхари, Иститаба, 6; Әбу Дәуіт, Суннә, 28.
[3] Тирмизи, Илм 9; Ибн Мажә, Мұқаддима, 5.
[4] Табарани, әл-Мұғжамул-кәбир, 9/86.
[5] Ибн Мажә, Мұқаддима, 3; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 1/452.
[6] Бұхари, Илм, 38; Мүслим, Мұқаддима ¼; Зүхд, 72.
[7] Дарими, Мұқаддима, 25.
[8] Ибн Сағыд, әт-Табақатул-кубра, 6/110.
[9] Ибн Мажә, Мұқаддима, 3.
[10] Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 2/68.
[11] Бұхари, Дағуат, 6.
[12] Дарими, Мұқаддима, 51.
[13] Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-нихая, 3/129; Алиул-қари, әл-Масну, 98; Ажлуни, Кәшфул-хафа, 1/449-450.
[14] «Иншиқақ» сүресі, 84/8.
[15] Бұхари, Илм, 35; Мүслим, Жаннат, 79.
[16] Бұхари, Хусумәт, 4; Мүслим, Мусафирин, 270; Тирмизи, Қираат, 9; Әбу Дәуіт, Уитр, 22; Нәсаи, Ифтитах, 37.
[17] Бұхари, Истизан, 13; Мүслим, Әдеп, 33-37; Әбу Дәуіт, Әдеп, 127-128.
[18] Бұхари, Мағази, 3; Мүслим, Бирр, 58.
[19] Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 4/153, 159; Хумәйди, әл-Мүснәд, 1/189.
[20] Дарими, Мұқаддима, 47; Ибн Сағыд, әт-Табақатул-кубра, 7/113; Хатыб әл-Бағдади, әр-Рихлә фи талабил-хадис, 93-б.; Ибн Абдилбәрр, әт-Тәмхид, 1/56.
[21] Мүслим, Мұқаддима, 5.
[22] Хатыб әл-Бағдади, әл-Жами, ли-ахкамир-рауи уә әдабис-самиғ, 2/192; Миззи, Тәхзибул-кәмал, 31/557; Бажи, әт-Тағдил уәл-жарх, 1/290.
[23] «Ниса» сүресі, 20-21.
[24] Бәйхақи, әс-Сүнәнүл-кубра, 7/233; Ажлуни, Кәшфул-хафа, 1/317.
[25] Мүслим, Мұқаддима, 5.
[26] Ибн Хажар, Тәхзибут-тәхзиб, 5/153; Ибн Хиббан, әл-Мәжрухин, 2/15.
[27] Сахауи, әл-Иғлан бит-тәубих лимән зәмма әхлат-тарих, 66-б.
[28] Ибн Абдулбәрр, әт-Тәмхид; 1/47.
[29] Хаким, әл-Мәдхал иләс-Сахих, 111-б; Бажи, әт-Тағдил уәл-Жарх, 1/282; Әбу Нуайм, әл-Мүснәдул-мүстахраж, 1/53.
[30] Ажлуни, Кәшфул-хафа, 1/173; Алиул-қари, әл-Маснуғ, 1/141.
[31] Суюти, әл-Ләалиул-мәснуа, 1/2; Тәдрибур-рауи, 1/278-79.
[32] Әбул-Махасин әд-Димашқи, Зәйлу Тәзкиратул-хуффаз 1/348; Суюти, Табақатул-Хуффаз, 1/522.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.