МӘУДУ ХАДИСТЕР ЖӘНЕ СОҢҒЫ КЕЗДЕРІ МӘУДУ ХАДИСТЕР САНАТЫНА ЕНГІЗІЛГЕН КЕЙБІР САХИХ ХАДИСТЕР ЖАЙЫНДА

Жоғарыда кеңінен баяндағанымыздай, хадистерді саралап, сұрыптау ісіне хадисшілер ғасырлар бойы ерекше күш-жігер жұмсаған. Сол тау тұлғалардың қыруар еңбектері нәтижесінде сахих хадистер мен мәуду хадистер бір-бірінен анық ажыратылған. Құранда «Шын мәнінде зікірді Біз түсірдік және оның қорғаушысы да өзіміз»[1]деп ашық айтылғандай, Құранмен қатар хадистер де Аллаһ тағаланың ерекше қорғауында екендігі мәлім. Өкініш-тісі, соңғы кездері кейбір ориенталистер мен солардың ықпалынан шыға алмаған бейбақтар сүннет пен хадиске сын жаудырып, сахих хадистер мен сүннетке қатысты негізсіз ойларын ортаға салып жүр. Ендеше, мәселеге осы тұрғыдан көз жіберіп, мәуду хадистер жайына тоқталып қана қоймай, кейбір сахих хадистерді де түсіндіре кеткенді жөн көріп отырмыз.

1. Мәуду хадистер

Мысалы хадис ретінде риуаят етілген бір сөзде «Әбу Ханифа – үмбетімнің шырағы»[2]делінеді. Шындығында Әбу Ханифа мұсылман үмбеті үшін шырақ іспетті, керек десеңіз, сахабалардан соң, Исламға қызметте онымен иық теңестірер адам кемде-кем. Алайда жоғарыдағы сөзді Аллаһ расулы өз аузынан айтпаған. Бәлкім, әсіре мәзһабшылдықтан туған сөз болса керек.

Тағы да халық арасында хадис деп айтылатын «Ақ қораз алыңдар..»[3]деген сөз де ойдан шығарылған. Халқымыздың ақ қоразды киесі бар деп, жақсы көретіні рас. Алайда жоғарыдағыдай хадис жоқ, бұл да сірә әтеш сатушылардың ойлап тапқаны болса керек.

Сондай-ақ халық арасында кең таралған «Біреуге жақсылық жасаған болсаң, ол адам-ның жамандығынан сақтан»[4]деген сөз бар. Мұның да хадис еместігі өз алдына, айтылған ойдың біртүрлі қисынсыз екендігі көзге ұрып тұр. Егер ойдан шығаруға рұқсат берілсе, мен «Жамандық жасайды-ау деп қауіптенген адамыңа жақсылық жаса» деген болар едім. Өйткені жақсылық адамның көңілін жібітіп, жақсылық жасаған кісіге жамандық жасамауға шақырады. Содан болса керек, халық арасында «Әркім – сыйлағанның құлы» деген ежелден келе жатқан мақал бар. Ал жоғарыдағы хадис деп көрсетілмек болған сөздің Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) ешқандай қатысы жоқтығы сөзсіз.

Жоғарыдағы сөздің ақылға, қисынға қонымсыз екендігін айттым. Рас, Ислам – толықтай ақыл мен қисыннан тұратын дін. Алайда Исламның түпкі өзегінде ақыл мен қисынның жатуы бір басқа да, оны ақыл мен қисынға бейімдету я бұрмалау басқа. Өйткені Ислам – адамнан әлдеқайда биік тұрған ақиқат. Бұл ақиқатты Аллаһ пен расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) белгілеген. Ал адамның міндеті болса, осы ақиқатты табу, ал жеке-жеке әр адамның ақылы ешқашан ақиқатқа бастау болмақ емес. Шындық осылай бола тұра, қазіргі кезде бірқатар ғылыми орталарда бұл мәселе де басқаша талданып, кереғар тұжырымдарға себеп болып қалып жүр. Мысалы, хадис ретінде айтылып жүрген тағы бір сөзде «Менің атымнан бір сөз айтылса, ол туралы өз араларыңда пікірталастырыңдар. Егер ол сөз шындыққа сәйкес келсе, нақтылап, дінге негіз ретінде қолданыңдар. Ол сөзді менің айтқандығымда я айтпағандығымда тұрған дәнеңе жоқ, мәселе сол сөздің шындыққа сәйкес келуінде» делінеді. Бұл сөз хадис емес, болуы да мүмкін емес. Өйткені айтып өткеніміздей, хақты белгілеп, айқындаушы – Аллаһ пен расулы ғана. Ал былайғы адамдардың өлшемдері мен ойлары Расулаллаһтың сөздеріне негіз бола алмайды. Керісінше, былайғы жұрт өз сөздері мен іс-әрекеттерін Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннетіне қарай реттеуі тиіс.

Сол сияқты хадис ретінде ойдан шығарылған тағы бір сөзде «Мен әділетті басшының тұсында дүниеге келдім»[5]делінеді. Бұл біздің тілімізде Нуширеван, ал парсы тілінде Ануширван деп аталатын билеушіні ұлықтау мақсатында шығарылған. Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) басқа біреу арқылы құрметке бөленуге мұқтаж емес, керісінше, Ардақты елшінің дүниеге келуі арқасында сол заман мен сол аймақтың қасиеті артып, мерейі шалқыды. Пайғамбардың заман мен мекеннің құрметін асырып, дүниеге келуі тұсында әділетті патшаның болғандығы Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) беделін арттырмайды, керісінше, соңғы ардақты Елшінің өмірге қадам басуының арқасында заман мен мекен айрықша құт берекеге кенелген.

Ақыл мен қисынға қайшы болмаса да, кейбір сөздерді хадис ретінде мінберлерден жиі естіп, кітаптардан жиі оқып жүрміз. Солардың бірі «Тазалық – иманнан»[6]деген сөз. Бұл сөздің мағынасы дұрыс, алайда бұл сөз – Расулаллаһтың сөзі емес. Мағынасы дұрыс деуімнің себебі, Аллаһ расулы бір хадисінде былай деген: «Тазалық (дене тазалығымен қоса тәубе, кешірім сұрау, дұғамен жалбарыну, ар ұждан пәктігі, құлшылық сияқты рухани тазалық) – иманның жартысы»[7].

Анығында хадис ретінде шатастырып жүрген тағы бір сөз – «Ақықтан жүзік тағыңдар»; Аллаһ расулының аузынан мұндай сөз шықпаған.

Айша анамыздан (р.а.) риуаят етілген бір хадисте ғана تَخَيَّمُوا بِالْعَقِيقِ «Ақықта отау құрыңдар» деген сөз бар, бұл жердегі «Ақық» – Мәдинадан Меккеге барар жолдағы бір елдімекеннің атауы. Алғашқы кездері араб жазуында әріптердегі дәйекшелер қолданылмаған-дықтан, تَخَيَّمُوا сөзі шамасы تَخَتَّمُوا деп оқылып, Ақық деген жер атауы ақық тасымен шатастырылған болуы ықтимал. Соның салдарынан жалған хадис туған. Бұл да аз болғандай, соңына «өйткені ол ке-дейлікті жояды»[8]деген түсіндірме тіркес те қосыл-ған.

«Сұлуға көз салып қарау – ғибадат» немесе халық арасында «Сұлуға сұқтану сауап» деп айтылатын сөздер де хадис емес, бұл сөз де толайым теріс пікірдің нәтижесі.

Сол сияқты «Ілім Қытайда болса да үйреніңдер»[9]деген сөз де қаншалықты ілімге шақырып, ілімнің қадіріне назар аудартса да, хадис емес, ойдан шығарылған сөз. Құран мен хадисте ілім-білімнің қадірін асырып, оқуға қаншама үндеу бар, сондықтан ойдан шығарылған мұндай сөздерге қажет-тілік те жоқ. Атап айтқанда, Құран кәрімде «Құлдардың арасында Аллаһтан шынайы қорқатындар – ғалымдар»[10], «Былай де: Білетіндер мен білмейтіндердің бірдей болуы мүмкін бе?»[11]деген аяттар бар. Сахих хадистің бірінде «Ілім ізденушінің әр басқан қадамына періштелер қанаттарын төсеп құрмет етеді»[12]делінеді. Осы сияқты небір ғажап мәнді аяттар мен хадистер тұрғанда, ойдан шығарылған сөздерге еш қажеттілік жоқ.

2. Сахих бола тұра мәуду деп қабылданған хадистер

Жоғарыдағы мысалдарда көрсетілгендей жүздеген мәуду хадистердің ақ-қарасы ажыратылмай, әлі күнге дейін хадис ретінде танылып жүргеніне қарамастан, бүгіндері Бұхари, Мүслим және «Кутуб-ситтәдан» бас-тап, кейінгі төрт кітапқа, мухаддистердің «сахих» деп баға берген көптеген хадистеріне де қарадай тиісетіндер жоқ емес.

а. Тәураттағы сүйінші хабар

Мысалы, осындай хадистердің бірі – Бұхари риуаят еткен «Тәураттағы (Расулаллаһ хақындағы) мына аят:

«Уа, Нәби, сені куә (Мұхаммед үмбетінің имандарына, мұсылманшылықтарына куә әрі бақылаушы), (тура жолды және тура жолдың нәтижесі – жаннаттың) сүйінші хабарын жеткізуші, (теріс жолдың салдарын) ескертуші, қорғаушы, мынау үмми жамағатқа қалқан болсын деп, паналайтын қорғаны ретінде жолдадық. Сен менің сүйікті құлым әрі Расулымсың. Мен сені аса тәуекелшіл (әрбір нәби тәуекел етсе де, дәл сендей тәуекел ете алған емес) деп атадым. Ол – қатал, дөрекі мінезді емес. Көшеде кім көрінгенге дауыс көтермейді. Жамандыққа жамандық жасамайды, кешіріммен қарайды. Аллаһ сол арқылы қисық елді «лә иләһа иллаллаһ» дегізіп, түзелткенге дейін, оның жанын алмайды»[13]

Ориенталистер мен Ислам әлеміндегі олардың жақтастары аталмыш хадисті сынға алып, тіпті оны мәуду деп ұйғарған. Себеп – «ақыл мен қисыннан, ғылымнан алшақ». Хадистің рауиі Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас болғандығы. Бұған қоса, Ибн Аббас, Әнәс, Әбу Һұрайра сияқты оның да риуаяттарында Кағбул-Ахбардан алынған хадистердің кездескендігі.

Алдымен мынаны айтуымыз керек, бұл хадисте Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) жеке бас сипаттарына, тарихи оқиғаларға, Құран кәрімдегі Пайғамбарымызға қатысты аяттарға қайшы келер ешқандай сөз жоқ. Екіншіден, Тәурат пен Інжілде көптеген бұра тартушылықтарға, өзгертулерге қарамастан, хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қатысты ишараттар мен белгілердің сақталып қалғандығына назар аударғым келеді. Өйткені Құранда Расулаллаһқа сенетін Тәурат пен Інжілді ұстанғандар туралы

«Олар өздеріндегі Тәурат пен Інжілде білдірілген (сыр сипаттары сүйіншілей жазылған) үмми, нәби Расулға мойынұсынады»[14]делінеді. «Фәтх» сүресінің соңғы аятында да «Ол-ардың Тәураттағы мысалы осыған ұқсайды, Інжілдегі мысалына келетін болсақ...»[15]деп Тәурат пен Інжілде Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) пен сахабалары жайында қалайша баяндалатынын хабардар етпеуші ме еді?!

Тіпті замандасымыз ғалым Хусейін әл-Жиср қолда бар Тәурат пен Інжілдің нұсқаларында 100 жерде Пайғамбарымызға қатысты ишараттың бар екендігін анықтаған. Анығында, ғасырлар бойы келе жатқан соншалықты өзгертулерге қарамастан бұған таңқалмау мүмкін емес. Уақыты жетіп, керекті зерттеу-тексеруден өткенде, иншаллаһ, сахих екендігі дәлелденуге тиіс Барнаба Інжілінде де Ақырғы елші (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) туралы тайға таңба басқандай анық жазылған. Иә, шынында да, өзінен кейін келетін пайғамбарды атымен атап, алдын-ала жұртты хабардар ету – хазірет Иса Мәсіхке (а.с.) жүктелген маңызды міндеттердің бірі еді.

Үшіншіден, Исламды қабылдағандардың басым көпшілігі я мүшрік, я христиан, я болмаса яһуди болатын. Яһудиден шыққан Кағбул-Ахбар да кейін мұсылмандықты қабылдаған. ХХ ғасырдың үлкен ойшылдарының бірінің айтуынша, «Кағбул-Ахбардың өзімен бірге күллі мағлұматтары да мұсылманға айналған»[16]Құран мен сүннетке қайшы келмейтін, Құран мен сүннетте ашық айтылмаған кейбір тақырыптарда ол исраилиятқа тән мәліметтер беретін. Базбіреулер айтқандай, ол тоңмойын, дегенінен қайтпайтын қырсық мінезді, Исламға жауластығы бар адам емес еді. Хазірет Омардың (р.а.) өліміне соны кінәлау да – кейінгі ғасырларда біреулердің ойлап шығарғаны болса керек. Ибн Аббас, Әбу Һұрайра, Әнәс ибн Мәлік және Абдуллаһ ибн Амр сияқты үлкен сахабалардың өзі оның Тәураттан жеткізген риуаяттарына құлақ қойған. Демек, бұл үлкен сахабалар секілді Кағбул-Ахбар да жалған сөйлемеген. Мысалы, әлгілердің бірі-Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) қара қылды қақ жарған, әділ, құлшылығы терең өте тақуа сахаба еді. Керек десеңіз, үйленгенде құлшылығын бөлгісі келмей, он шақты күн әйелінің қасына жоламай да қойған. Ақырында, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) «Әйеліңнің де сенде ақысы бар»[17]деген кеңесін естіген соң ғана райынан қайтқан. Бұндай тақуа адамнан өтірік шығуы мүмкін емес. Тарихи мәліметтер осыншалықты анық бола тұра, сахих хадистер жайлы, оларды жет-кізуші рауилер туралы оңды-солды әңгіме айту, Ислам-ның екінші негізі саналатын сүннетті жоюдың амалынан басқа ештеңе де емес.

ә. Тәуәссул

Хадистердің ішінде күмәнді деп саналған сахих хадистің бірі мынадай: Әнәстің (р.а.) риуаяты бойынша, хазірет Омар құрғақшылық пен жұттан қатты қиналған бір жылы хазірет Аббастың қолынан ұстап тұрып:

«Аллаһым! Көзі тірісінде Пайғамбарымызды себеп қылып, жаңбыр тілеуші едік. Тілеуімізді беріп, рақы-мыңды жаудыратынсың. Енді Пайғамбарымыздың көкесін себеп қыла отырып, жалбарынамыз, бізге жаңбыр бере гөр»[18], – деп Аллаһтан жаңбыр тілейді.

Осы хадисте баяндалған оқиғаны Ибн Әбид-Дүнияның және мәшһүр Жахыздың «әл-Баян уәт-Табийин» кітабына сүйену арқылы жоққа шығаруға тырысып баққандар бар. Муғтазиланың мәшһүр имамы, сахих хадистерге сын тағып, қарсылық айтуды кәсібіне айналдырып алған материалист Наззамның шәкірті Жахыз, жоғарыда аты аталған кітабында «Хазірет Омарға жаңбыр дұғасына қатысты телінген баян-даулардың бәрінің астарында қайшылық бар. Себебі бір жерде мінберде дұға етті, енді бір жерде намаздан соң дұға етті, келесі мәліметте күрсіде дұға етті деп әр түрлі айтылып келген, сондықтан бұл хадистер шын-дыққа жанаспайды» делінген. Алдымен, мына мәселеге назар аудару керек: Жахыз – хадис туралы кесімді тұжырым жасайтындай арнайы хадис маманы емес. Ал Ибн Әбид-Дүнияға келсек, ол өзі мүбәрак жан болғанмен, кітабы жалған мәліметтерге толы екенін хадистен хабары бар әркім-ақ айтады. Осындай солқылдақ дәлелдермен хадис туралы қалай кесімді үкім айтуға болады? Мысалы, есімі жалпақ жұртқа мәлім, Ислам тарихында айтулы тұлға «Имам Ғазали пәлен хадисті риуаят қылған» десе, күлкілі болар еді, себебі, Имам Ғазали де мухаддис емес. «Ихия» кітабында келтірген хадистерін осы саланың майталман білгірі Зәйнуддин Ирақи бастан-аяқ қарап шығып, мынау сахих, мынау хасан, мынау әлсіз деп жік-жікке бөліп берген. Дәрігерден өзіне жат инженерлік туралы, химия маманынан медицина жайлы татымды мәлімет алу – бос әурешілік екені белгілі. Демек жоғарыдағы хадиске наразылық білдірудің ғылыми тұрғыдан ешқандай негізі жоқ.

Екіншіден, Аллаһқа жақындау үшін қандайда бір себеп іздеп, соны араға дәнекер ету әбес нәрсе емес, өйткені Құранда «Уа, мүминдер! Аллаһтан қорқыңдар және Оған (жақындау үшін) себеп іздеңдер»[19]делінеді. Сондай-ақ сахабалардың өздері үшін Пайғамбарымыздан дұға сұрауының астарында да осы мақсат бар. Мысалы, бірде Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір бәдәуи араб келіп: «Уа, Расулаллаһ! Жұт қысып барады, дұға қылсаңыз қалай болады?» – дейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол жерде отырып көкке қарата қол жайып «Аллаһым, бізге берекелі жаңбыр жауғыза көр», – деп дұға оқиды. Сәлден кейін ақ аспан күркіреп жауын себелей бастайды да, бірнеше күн бойы толассыз жауып тұрып алады. Жұрт қайтадан Пайғам-барымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп: енді жаңбыр тоқтауын тілеуін өтінеді. Іле Аллаһтың қалауымен жауын толастайды. Жауынның бірден тоқтап, күн шыққанына куә болып, ел-жұрт қуанысып жатқанда, Аллаһ расулы да көңілі жайланған күйі: «Аллаһтың бар нәрсеге құдіреті жететініне мен куәмін. Аллаһтың құлы әрі расулы екендігіме де куәлік айтамын»[20], – дейді.

Көпшілікке мәлім, сахих хадис ретінде берілетін бір мысалда үш мұсылман үңгірге кіргенде, домалаған бір үлкен тас үңгірдің аузын жауып қалады. Үшеуі мына тас түнектен қайтіп шығарын білмей, ақыры, өмірде жасаған қайырлы істерін тілге тиек етіп Жарат-қанға дұға қылады. Олардың бірі – ата-анасына жасаған жақсылығын, екіншісі – көңілі сүйген көкесінің қызымен жақындаспақ болған ниетінен бас тартқанын, үшіншісі болса – еңбегінің ақысын ала алмай кеткен қызметшісінің еңбек ақысын өсіріп, өнімімен қосып қайтарып бергенін айтып және де осы амалдарының барлығын Аллаһ разылығы үшін жасағандарын себеп етіп, Жаратқанға жалбарынады.

Расулаллаһтың заманында да Аллаһқа жақындау үшін дәнекер іздегендер болған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) олай жасағандарды қолдағаны да белгілі. Бірде көзі соқыр бір кісі келіп, Расулаллаһқа дертін айтып, мұңын шағады. Пайғамбарымыз оған жақсылап дәрет алып, екі рәкат намаз оқып, артынан мына дұғаны оқуды тапсырады:

«Аллаһым! Пайғамбарың – рақымдылық пайғам-бары Мұхаммедті себеп қылып, Сенің құзырыңа келдім, Сенен сұрап тілеймін. Уа, Мұхаммед, Сенің құрметіңе осы қажеттілігім үшін, дертіме дәрмен табамын деген сеніммен Раббыма жалбарынудамын. Аллаһым, оның маған деген шапағатын қабыл ете гөр!»[21], сол соқыр кісі осы дұғаны оқып, араға Пайғамбарды себеп қылып, Аллаһтан тілек тілегенде, көздері шайдай ашылған.

Ендеше, Құранның өзі Аллаһқа жақындау үшін себептерге сүйену керектігін ашық бұйырса, Пайғам-барымыз Құранды себеп қылып Аллаһқа жақындауды насихаттаса, тіпті өзін де себеп қылуға рұқсат етсе, яки сахих хадистерінде жасаған жақсы амалдарды Жаратқанға жақындауда себеп қылуға болатындығын айтып жол көрсетсе, хазірет Омардың (р.а.) жауын тілегенде тәуәссул жасағанына наразылық танытуды қалай түсінуге болады? Бұл ақиқатты мо-йындамаудан басқа ештеңе емес және мұндағы мақсат – сүннетті жою ғана.

б. Ит жалаған ыдыс жайлы

Ориенталистер мен Ислам әлеміндегі олардың пікірлестері Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Нәсаи, Ибн Мажә және Ибн Ханбалда жазылған бір хадисті де ақылға сыйымсыз деп тапқан. Олар хадисті Әбу Һұрайра немесе Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) риуаят қылғандықтан мойындамауда. Ол мына хадис:

«Кімде-кімнің ыдысын ит жаласа, алғашқысында топырақпен ысқылау шартымен жеті рет жусын». Хадистің басқа риуаяттарында «Кімде-кімнің ыдысынан ит ішсе....»[22]делінеді.

Хадистегі жеті саны жеті рет жуу керектігін біл-діруі де мүмкін, немесе көп рет деген мағынаны да беруі мүмкін. Осы себепті ханафи мәзһабын ұстанатын фақиһтер үш рет жууды жеткілікті деп білген. Егер үш рет жуғанда тазарса, үш рет жуу жеткілікті.

Негізінде, нүбууәт, яғни пайғамбарлық жайында маңызды мәліметтерді қамтыған осы хадис туралы бір кітап жазуға болады. Қазіргі уақытта, ит арқылы адамға ауру жұғатыны анықталды. Денсаулықты сақтау тұрғысынан алғанда, итте және адам ағзасында ортақ кейбір ауру түрлерінің болатындығы бұған көңіл бөлуді қажет етеді. Иттің ағзасында кездесетін кейбір микробтар мен вирустар адам ағзасына өтіп, тіршілік етуге бейім. Өз кезегінде үлкен ауруға жол ашатын жағдайды сан ғасырлар бұрын ескерткен бұл хабарды мұғжизаға баласа, артықтық етпес, сірә? Аталмыш тақырыпта ғылыми басылымдарда да бірқатар мағлұматтар жарияланды. Бүгінде иттен адамға қалай ауру жұғатыны, адам организмін кеселге ұшырататын кейбір кисталардың ит арқылы жұғатыны, иттің қиын көміп тастау керек екендігі – жалпы жұртқа мәлім жайттар. Шындық осылай бола тұра, жоғарыдағы хадисті сылтау етіп, сүннетке наразылық білдіріп жүргендер хадисте айтылған ойдың шындығы тұрмыста дәлелденгенде, мән-жайға қанықпай жатып айтқан пәтуасыз ойларынан ұяла ма екен?»

в. Шыбын туралы хадис

Осыған ұқсас тағы бір хадисте айтылған жайтты да кейбір ориенталистер мен олардың пікірлестері сынаған. Бұлайша асығыстық жасағандардың арасында еңбектерін жоғары бағалап, өз тілімізге аударған Морис Букай сынды ғалымдар да бар. Олар хадисте айтылатын жайтты мұсылмандардың надандығына баламақ болған. Алайда ақыр соңында хадисті жеткізген Әбу Һұрайралардың айтқаны дөп келіп, оларды кемсіткендердің өздері ұятқа қалған. Бұл хадисте былай делінеді:

«Егер кімде-кімнің ішіп-жеп отырған тағамына шыбын түсіп кетсе, оны түгелдей сол тамаққа батырып барып, алып тастасын»[23]. Хадистің бізге дейін жеткен тізбегіне сын айта алмаймыз, себебі бұл хадис – Бұхаридің, Даримидің, Нәсәидің, Әбу Дәуіттің және Ибн Ханбалдың хадистер топтамасына енген. Сахабалардан да, кейінгі үмбет арасынан да бұл хадиске қарсылық білдіргендер болмаған. Хадис мамандары да ешқандай күмән келтірмеген. Алайда бұл хадиске алғаш муғтазила имамдары қарсы шықса, кейінгі дәуірлерде яғни ХХ ғасырда ориенталистер мен кейбір ғалымдар өздерінің «ғылыми» өлшемдеріне сәйкес келмегендік-тен, хадисті сынаған. Шынтуайтында, бұл хадис те мұғжиза десек артық айтпағандық болар еді, өйткені алдымен Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) шыбынның микроб тасымалдаушы екендігіне назар аударады да әрі қарай «Себебі шыбы-нның бір қанатында кесел, екінші қанатында шипа бар» деп сөзін сабақтайды.

Хадис маңызды екі ақиқатқа назар аудартады. Қазіргі заманғы зерттеулер нәтижесі де шыбынның бір қанатында микроб, екінші қанатында сол микробты стерильдеп тазалайтын стоплазманың ішінде дәру бар екені анықтаған. Шыбын бір жерге қонғанда қайтадан жеңіл ұшу үшін, екінші қанатын қомдап отырады. Оның қайтадан ұшып кете алмайтын бал сияқты нәрселерге қонатыны өте сирек. Оның кіп-кішкентай басына өз тіршілігіне қажетті жоба-жоспарлардың бәрі сыйып тұр. Шыбын бір қанатымен кез келген жерге, тамаққа, адамның бет-аузына, денесіне қонады, ол тиф, холера, дизентерия сынды аурулардың микробтарын да тасымалдайды. Ғылымда енді-енді біліне бастаған осы шындықты, ғасырлар бұрын Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) дәл айтып, денсаулық сақтау мәселесінде өте маңызды жайтқа екі-ақ ауыз сөзбен назар аудартқан. Мухаддистер, сахабалар және мұсылмандар он төрт ғасырдан бері күмәнсіз қабылдап келген осы ақиқатты Әбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткені үшін немесе ақылға сыймас жайт деген желеумен қарсы шығу – ғылым мен ақиқат үшін қаншалықты асығыс жасалған қадам екені айтпаса да түсінікті.

Бір жағында ауру, екінші жағында шипасын бірге алып жүру – тек шыбынға ғана тән қасиет емес. Ара да, шаян да осындай ерекшеліктерге ие. Мысалы, шаян шаққан жерге шаянды езіп жағып байлайды, ал араның бір жағынан бал шығара отырып, құйрығынан у шығара-тынын таратып айтып жатудың қажеті жоқ болар.

г. Үш мешітке арнайы сапар

«Кағбул-Ахбардан риуаят еткен сахабалардан келіп жеткен» деген себеппен, яки «яһудилікті жақтап, Ақса мешітін ұлықтау үшін айтылған» деген желеумен қатты қарсылыққа ұшыраған сахих хадистердің бірі мынадай:

«(Жол машақатын ескере отырып, құлшылық жасау мақсатында) мына үш мешіт болмаса, басқа мешіттерге жолаушылық жасау қажетсіз, бұлар – Харам мешіті, Пайғамбар мешіті және Ақса мешіті».

Кейбір риуаяттарда алдымен Ақса мешіті, сосын Пайғамбар мешіті айтылады.

Алдымен мынаны білу керек, ешбір мүмин Ақса мешітінің ұлықталуына қарсы шықпайды. Ақса мешіті – Аллаһ расулы Миғражға шыққанда жолай соғып, барша үлкен пайғамбарлардың рухына имамдық жаса-ған және Құран кәрімде ол туралы «Оның айналасын мүбәрак еттік»[24]деп суреттелген мекен. Ақса мешіті – қасиетті болумен қатар, әлемде Исламның басымдық танытқандығын көрсеткен белгі. Ақса мешіті орналас-қан құтты аймақ Мұсаның (а.с.) жамағаты жан-жақты толысқан тұста жас жігіт Иуша ибн Нун тарапынан алынған. Ақса мешітін және оның айналасындағы аймақты бағындыру кейінірек Омарға (р.а.), онан соң мұсылмандардың әйгілі қолбасшысы Салахуддин Әйюбиге бұйырған. Иншаллаһ, соңында ақыр заманның жақсыларына құшақ жаятын болады. Ақса мешіті – символ, одан айырылып қалу рухани жеңілістің, ал оны қайтадан алу – Исламды ұстанушылардың қайтадан өз-өзіне келуінің бірден-бір символы. Ақса мешітінің Құранда және сүннетте қасиетті екендігі айрықша суреттеле тұра, Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) да өз аузымен мұны нақтылаған болса, бұл хадисті ойдан шығарылған деп ысыра қарау кімнің кәдесіне жарамақ? Ал Ақса мешітінің Мәдинадағы Пайғамбар мешітінен артықшылығы мәселесіне келсек, оны талқылауға болады. Ақса мешітінде жасалуға тиіс арнайы ғибадат түрі жоқ. Ғибадаттардың уақытын және мекенін шариғат үкімдерін белгілеуші (Аллаһ пен елшісі) нақтылайды.

Ибн Аббастың риуаятында, бір әйел егер кеселінен айығар болса, Ақса мешітіне барып намаз оқуға іштей серт береді. Ақырында, әлгі әйел ауруынан құлан-таза айығып, баяғы берген уәдесін орындау үшін сапарға дайындалады. Жолға шығар алдында Мәймуна анамызға (р.а.) келіп жолығады. Сонда Мәймуна анамыз оған:

«Отыр да тамағыңды же (осында қалып, күнделікті тіршілігіңді жалғастыр) намазыңды Пайғамбар мешітіне барып оқы. Себебі мен Расулаллаһтың өз аузынан «Мына мешітте оқылған намаз, Қағба мешітінен басқа мешіттерде оқылған мың намаздан артық» дегенін естіген едім»[25], – деп кеңес береді.

Аллаһ тағала ғибадатта арнайы уақыт пен мекен тағайындамағандықтан, намазды барлық жерде оқуға болады. Тұрған жерінде құрбан шалуға серт берген адам, өзге жерде де құрбандық шала алады. Мәймуна анамыз мәселеге осы тұрғыдан қараған, әрі ол Пайғам-бар мешітінде оқылған намаздың артықшылығынан да сөз еткен.

Кейбір фақиһтер ғибадатқа әрдайым есігі ашық екендігін, тауап ету мүмкіндігін назарға ала отырып, Харам мешітін басқа мешіттерден тыс қарастырған. Харам мешітінде бауыздауға уағда етілген құрбанның сол жерде құрбандыққа шалынғанын дұрыс деп білген. Фиқыһтағы бұл мәселенің де, Мәймуна анамыздың сөзінің де Ақса мешіті мен басқа мешіттердің қадір-қасиетін төмендететін астары жоқ.

ғ. Дінге иелік жасаған жамағат

Сын айтқыштардың пәтуасыздығын әшкерелеген тағы бір сахих хадисте былай делінген:

«Аллаһтың бұйрығы келіп жеткенге дейін (қиямет қайым болғанға дейін) үмбетімнің арасында туралықты ту етіп әрдайым дінді қорғайтын бір жамағат болады. Олар ұдайы дінге қамқорлық жасайды. Яғни дін жер бетінен ешқашан түбегейлі өшіп кетпейді. Қарсылық білдіріп, наразы болғандар оларға зиян тигізе алмайды»[26].

Бұл хадиске қандай қисынмен наразылық білдіріл-гендігін түсінудің өзі қиын. Он төрт ғасырлық тарихында Ислам діні – ешқашан қолданыстан шығып, қолдаусыз қалған емес, олай болмайды да! Тарих дінді сақтайтын жамағаттың қай заманда да болғандығын айғақтайды. Ерте уақытты былай қойғанда, дінге сенушілердің, оны қолдап қорғаушылардың ең ауыр зұлматты бастан кешкен ХХ ғасырдың өзінде дін жер бетінен толық жойылды ма? Шындық осылай бола тұра, хадисті жалған деп табу кімге опа бермек? Коммунизмді ұстанған елдерде дінге қысым жасалғандығы, кейбір жерлерде күштеп құдайсыздандыру шаралары жүзеге асырылғаны мәлім. Алайда соншалықты қиын-қыстау күндердің өзінде Исламнан бас тартпай, оны қорғау үшін жанын пида еткендер болғанына тарих куә. Ал, дінге еркіндік берілген бүгінгі күні көп халықтың қыспақтан босай сала алдымен қол жеткізуге ұмтылғаны да Ислам діні екенін көріп отырған жоқпыз ба? Иә, Ислам – Аллаһ жаққан иләһи нұр, сондықтан ол үрлегенге сөнбейді.

Хадисте сөз болған жамағат туралы әр кезде әр түрлі пікірлер айтылып келген. Бұхари бір еңбегінде «Бұлар – Шам (Дамаск) тұрғындары»[27]деген, өйткені оның заманында Шам – ілім атаулының орталығы еді. Халифалық Шамнан Бағдатқа көшірілген еді, бірақ Шам одан кейін де ұзақ ғасырлар бойы орталық болып қала берді. Әузаи, Ләйс Ибн Сағыд, Имам Мәлік сынды ғұламалар шәкірттерін Шамға жолдап, олар сонда барып ғылымды жаятын. Енді біреулер бұл хадистегі жамағатты – мухаддистер, кейбіреулер муфассирлер деп түсіндірген. Дегенмен хадистегі жамағат сөзін белгілі бір уақытпен, белгілі бір топпен шектемеген жөн. Өйткені мұндай сипаттағы жамағат әрдайым бар болған. Бір кездері Шамда, бір уақытта басқа жерде, енді бір дәуірде Омар ибн Абдулазиздің, тағы бір заманда Имам Раббанидің, Имам Ғазалидің, Маулана Халиди Бағдади секілді дарабоздардың айналасында топтасқан және осылай бола береді де.

д. Ұйқыдан тұрғанда қол жуу

Мағынасын түсінбегендіктен жалған хадистер қатарына апарып қосқан хадистің бірі мынау:

«Ұйқыдан тұрғанда, міндетті түрде үш мәрте қолдарыңды жақсылап жуыңдар, қол жумастан асқа отырушы болмаңдар, себебі түнде ұйықтағанда, қолдарыңды қайда ұстағандарыңды білмейсіңдер»[28]

«Әркім өз қолының қай жерге тигенін шынымен білмегені ме?» деп, керек десеңіз, «Фажрул- ислам», «Духал-Ислам», «Зухрул-Ислам» кітаптарының авторы Ахмед Әминнің өзі бұл хадиске мысқылмен қараған. Артынша Әбу Раййа да, олардың ұстазы ориенталист Гольдциер де осы хадисті күлкіге айналдырып, қисынсыз пікір айтып, сынға алған. Шындығында, адам ұйықтап жатқанда, не істегенін, қолымен қай жерін ұстағанын біле ме? Менің ойымша, бұл хадис те – жоғарыдағы хадистер сияқты (гигиена) тазалық тұрғысынан мұғжиза сөз, өйткені мұнда маңызды ақиқаттар қозғалған.

Мысалы, біреудің аллергиясы болуы мүмкін, немесе ұйықтап жатқанда денесінің бір жері қышып, оны қасуы мүмкін ғой. Тырнақтың астында миллиондаған микробтың жиналатынын бүгінгі медицина ғылымы дәлелдеп берген жоқ па? Ұйқыдағы адамға өзінің не істеп, не қойғанын қапысыз бақылап жату қиын. Ендеше, таңертең ұйқыдан тұра салысымен, қолын жумастан тамаққа отырса, ішкен асымен бірге микробтардың ішіне енуіне, ертеңгі күн соның салдарынан ауырмасына кім кепіл?!

Бірқатар ориенталистер немесе олардың Ислам әлеміндегі жақтастары өздері ұнатпайтын сахабалардан жеткені үшін немесе олар өмір сүрген дәуірде ғылымның дамуы жеткілікті болмағандықтан, ғасырлар бойы мұсылман үмбеті мойындап келген, ғылымға қайшы келмейтін, қайшы келу былай тұрсын, қайта ғылымды қуаттайтын осындай шындыққа (хадиске) күмәнмен қарауы – ұят іс.

е. Миғражда Мұса пайғамбармен (а.с.) кездесу

Өтірік деп жала жауып, жоймақ болған хадистердің бірі – Миғражда мұсылмандарға күніне 50 рет намаз оқу парыз болғанда, хазірет Мұсаның (а.с.) ескертуімен мұның бес уақытқа дейін шегерілгендігі жайлы баяндалатын хадис. Бұл хадис Бұхари, Мүслим сияқты ең сенімді қайнар көздерде бар.

Әуелі мынаны білу керек, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мұса пайғамбармен (а.с.) кеңескені рас, яғни бұл оқиға таңданарлық болмауға тиіс. Себебі хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ол кезде алғаш рет Миғражға шықса, ал Мұса (а.с.) баяғыда-ақ сол әлемге сапар шеккен пайғамбар еді.

Екіншіден, Пайғамбарымыз – Аллаһтың алдында да, хазірет Мұсаның (а.с.) алдында да әдептіліктен бір табан аспаған және ұдайы үмбеті үшін жеңілдік жолдарын қарастырумен, соған себеп іздеумен болған. Хазірет Мұсамен (а.с.) кеңесін де осы ойын жүзеге асыруда бір себеп ретінде қолданған болуы кәдік. Сондай-ақ бұл кеңестің исрайылұлдары яки яһуди қауымының назарында жақсылыққа апарар психо-социологиялық жағы да назарға алынған болуы мүмкін. Жалпы Пайғамбарымыздың дүниеге келу мақсаттары-ның бірі – өзіне дейінгі барша пайғамбарларды растау. Осы тұрғыдан алғанда, Мұсамен (а.с.) арадағы кеңес өте маңызды. Хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзіне дейінгі пайғамбарларды қуаттап, растауы ерекше еді. Бұрынғы өткен пайғамбарларға өзінен төмен құрмет көрсетілуін қаламаған Пайғамбарымыз, ел-жұрттан өзін басқа пайғамбарлардан жоғары қоймауын өтінген. Тіпті өз заманында бір сахаба Мұсаның (а.с.) қадірін түсіре-тіндей сөз айтқан уақытта Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәллам): «Мені хазірет Мұсадан артық көріп, асырмаңдар. Өйткені мен махшар күні оны Арштың тіректерінен жармасып ұстап тұрғанын көретін бола-мын»[29], – деген.

Сонымен қатар, ол кеңістікке қатысты өлшемдердің барлығы біздер үшін беймәлім. Сондықтан кейбір оқиғалардың қай рухани кеңістікте жүзеге асып жатқандығынан бейхабармыз. Мысалы, Ахмед ибн Ханбәл, Мүслим және Ибн Мажә жеткізген, христиан-дықтан шығып, мұсылмандықты қабылдаған Тәмимуд-Даридің (Жассаса) өзі білмейтін бір аралда көрген үсті-басын қалың түк басқан мақұлықты және бір үңгірде өзін Тажалмын деп таныстырған бір адамның келетін уақыты жайлы айтқан хадисін (Тәмимуд-Дари христиан болатын, айтқандарын христиандықтан алса керек) алып қарасақ, «Мұндай нәрсенің болуы мүмкін емес» деп бірден қарсылық білдіру дұрыс па?! Бұл хадисті де ең болмаса базбіреулердің трансқа кіргенде көрген нәрселері сияқты қабылдауға жол жоқ па? Мен бұны солай түсінейік, солай қабыл етейік демеймін. Біз Тәмимуд-Даридің жаңағы оқиғаны кеңістіктің қай өлшемінде көргенін де білмейміз ғой. Сол сияқты Исаның (а.с.) түсетіні туралы да сансыз хадис бар, соның бәрін христиандар ойлап шығарған деп қарауға бола ма? Исаның (а.с.) пайғамбарлығына күмәніміз жоқ, ол өзінен кейін хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келетінін алдын-ала сүйіншілеген пайғамбарлардың бірі емес пе еді? Ибраһим, Дәуіт, Сүлеймен, Мұса (а.с.) сияқты ол да – біздің пайғамбарымыз.

Теңіздердің астында, телепатия жолымен жасалған сұхбаттарды, жындармен сөйлесуді, адамдарды гипнозбен ұйықтатуды, тіпті телефонмен гипноз жасауға болатынын біле тұра, қандай кеңістікте жүзеге асса да, әлем ғұламалары Қады Ияздың «Шифа», Әбу Нуаймның «Дәлаил», Ибн Кәсирдің «Шәмәил» атты еңбектерінде, өзге де сансыз шәмәил кітаптарында кездесетін Пайғам-барымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көкірегінің жарылуы туралы оқиғаны ақылмен, жаратылыстану ғылымдары арқылы түсіндіре алмаймыз деп, жоққа шығаруы керек пе?

Иә, сахих хадистерге наразылық білдіру арқылы сүннетті жоймақ болғандар, ешқашан діттеген армандарына жете алмайды. Тағылымға тұнған осынау мұхиттың айдынын тарылтқысы келіп, тұнығын лайлауды армандаған күйі бұл өмірмен қош айтысады. Алайда сүннеттің қазынасы сарқылмаған күйі мәңгілікке өз құндылығын сақтайды.


[1] «Хижр» сүресі, 15/9.
[2] Суюти, Тәдрубур-рауи, 1/278; Ажлуни, Кашфул-хафа 1/33.
[3] Ажлуни, Кәшфул-хафа, 1/36
[4] Алиулқари, әл-Масну, 1/45; Ажлуни, Кәшфул-хафа, 1/44.
[5] Алиулқари, әл-Мәсну, 1/204; Ажлуни, Кәшфул-хафа, 2/454.
[6] Алиулқари, әл-Мәсну, 1/78; Ажлуни, Кәшфул-хафа, 1/341.
[7] Мүслим, Тахарат, 1; Тирмизи Дағуат, 86.
[8] Ибн Адый, әл-Камил, 7/147; Ажлуни, Кәшфул-хафа, 1/356-357.
[9] Ажлуни, Кәшфул-хафа, 1/154.
[10] «Фатыр» сүресі, 35/28.
[11] «Зумәр» сүресі, 39/9.
[12] Тирмизи, Илм, 19; Әбу Дәуіт, Илм, 1.
[13] Бұхари, Тәпсір, (48) 3; Буйу, 50; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 2/174; Дарими, Мұқаддима, 2.
[14] «Ағраф» сүресі, 7/157.
[15] «Фәтх» сүресі, 48/29.
[16] Бәдиүззаман, Мухакамат, 56 б.
[17] Бұхари, Саум, 55; Әдеп, 84; Муслим, Саум, 182.
[18] Бұхари, Истисқа, 3; Фазаилул-асхаб, 11.
[19] «Маида» сүресі, 5/35
[20] Бұхари, Жұма, 35; Истисқа, 6, 14, Мәнақиб, 25; Мүслим, Истисқа, 8; Әбу Дәуіт, Истисқа, 2.
[21] Ибн Мажә, Иқама, 189; Тирмизм, Дағуат, 118.
[22] Бұхари, Уду, 33; Мүслим, Тахарат, 90-91; Тирмизи, Тахарат, 68; Әбу Дәуіт, Тахарат, 37; Нәсаи, Тахарат, 50; Ибн Мажә, Тахарат, 31; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 2/245, 253, 460.
[23] Бұхари, Тыб, 58; Бәдул-Халқ, 17; Әбу Дәуіт, Әтғима, 48; Нәсаи, әл-Фәра уәл-атира, 11; Ибн Мажә, Тыб, 31; Дарими, Әтғима, 12; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 2/229, 246.
[24] «Исра» сүресі, 17/1.
[25] Бұхари, Фадлус-салати фи Мәсжиди Мәккә уәл-Мәдина, 1; Мүслим, Хаж, 510; Тирмизи, Мауақит, 126; Нәсаи, Мәнасиқ, 124; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 6/333.
[26] Бұхари, Иғтисам, 10; Тәухид, 29; Мүслим, Имара, 170 (сөзі Мүслимнен).
[27] Бұхари, Тәухид, 29.
[28] Бұхари, Уду, 26; Мүслим, Тахарат, 87-88; Әбу Дәуіт, Тахарат, 50; Тирмизи, Тахарат, 19 (Сөзі Әбу Дәуіттен)
[29] Бұхари, Риқақ, 43; Тәухид, 31; Хусумат, 1; Әнбия, 31; Мүслим, Фадаил, 160.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.