СҮННЕТТІҢ САҚТАЛУЫНА ТҮРТКІ БОЛҒАН ЖАЙТТАР

Сахабалар сүннеттің маңызын тереңнен түсінген. Олардың бұл жайтты түсінбеуі мүмкін емес-ті, себебі Құран кәрім Аллаһ расулына түсіріліп, сол абыройлы елші арқылы баршаға тарады, сондықтан Құранды дұрыс түсінудің барлық алғышарттары дайын еді.

1. Құранның сүннетті жақтауы

Құранда وَمَا آتَاكُمُ الرَّسُولُ فَخُذُوهُ وَمَا نَهَاكُمْ عَنْهُ فَانْتَهُوا وَاتَّقُوا اللّٰهَ إِنَّ اللّٰهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ «(Парыз, уәжіп, сүннет, мұстахаб, әдеп т.б. жайлы) Расул сендерге не айтса да, қабыл-даңдар және неге тыйым салса, содан бойларыңды аулақ салыңдар»[1] делінген.

Бұл аяттың түпнұсқасында араб тіліндегі «ма» сілтеу есімдігі арқылы «уахи мәтлу» болып табылатын Құран мен «уахи ғайру мәтлу» болып саналатын құдси хадистерді және хадистерді, яғни Аллаһ расулы арқылы жеткен мәліметтердің барлығын қабылдау, ал «фә» жалғауы арқылы оларға міндетті түрде бағынып, орындаудың уәжіп (міндет) екендігіне назар аударылған. Сонымен қатар, Құран арқылы немесе Аллаһ елшісінің ижтиһадтары (ақыл елегінен өткізіп барып үкім шығару), анықтамалары, тәпсірлері арқылы тыйым салынған істердің бәрінен аулақ болу керектігі нақты ескертіледі. Аят соңында «Аллаһтан қорқыңдар!» деп, жоғарыда баяндалған жайттарды орындау тақуалыққа қатысты екендігі білдіріліп, жеті өлшеп, бір рет пішетіндей асқан мұқияттылықпен сүннетті орындау қажет екені ескертілген. Сахабалар мәселенің мәнісін терең түсінгендіктен, Расулаллаһтың әрбір сөзін, әрбір іс-қимылын және тақрирін ықыласпен орындау арқылы тақуалыққа қол жеткізетін, яғни Аллаһтың қорғауында болатынын ойлап, сүннет аясында өмір сүретін. Құран аятындағы «Шүбәсіз, Аллаһтың азабы өте ауыр» деп айтылған ескертуді сахабалар сынды Жаратқанға жақындығымен ерекшеленетін жандардың қаперге алмауы мүмкін емес еді.

لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللّٰهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُو اللّٰهَ وَالْيَوْمَ اْلأَخِرَ وَذَكَرَ اللّٰهَ كَثِيراً

«Шүбәсіз, Расулаллаһтың бойында сендер үшін, Аллаһ пен ақырет күніне иланып, Аллаһты ұдайы зікір етіп еске алушылар үшін керемет үлгі-өнегелер бар»[2] делінген аят осынау соқтықпалы-соқпақты өмір жолында, мың сан тірлік ішінде, мың сан шырмалған иірім тұзағында және уайым-қайғыға толы өмір өткелдерінде тек Расулаллаһтың сүннетін ұстану арқылы ғана аман қалуға болатынын жар салуда. Сахабалар Пайғам-барымыздың жолын ұстанғанда ғана тура жолды табатынын, арғы дүниеде соның қас-қабағына қарап үкім кесілетінін, «Бұлар жайлы айтарың бар ма, уа, Мұхаммед?» деген сауалға хазірет Пайғамбардың «Үмбетім! Үмбетім!» деп оларды қорғайтынын, сол сәтте Жаратқаннан يَا مُحَمَّدُ اِرْفَعْ رَأْسَكَ، وَسَلْ تُعْطَهْ، وَاشْفَعْ تُشَفَّعْ «Уа, Мұхаммед, көтер басыңды, қалауыңды айт, шапағат қыл, тілеуің қабыл болады!»[3] деген сүйінші хабардың естілетінін жақсы білетін. Білгендіктен қолдарындағы жаннатқа кіру құжаттарына оның мөрін бастыруға асыққандай, Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жолын ұстанатын. Барзахта, махшарда, қылкөпірде оған бейтаныс жандардың жар жағалап жолда қала-тынын жақсы білгендіктен, осындай жағдайға түспеу үшін сары уайымға салынатын, сондықтан сахабалар Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) басқан әрбір қадамын, әрбір қимыл-әрекетін, айтқан әрбір сөзін, ым-ишараларын, күлімсіреуін, тіпті қолының болмашы қимылдарына дейін қалт жібермей, есте сақтап, мейлінше соған ұқсап бағып, бұларды кейінгілерге мұра етіп қалдырып отырған. Пайғамбарымыздың: نَضَّرَ اللّٰهُ امْرَأً سَمِعَ مِنَّا حَدِيثاً فَحَفِظَهُ حَتَّى يُبَلِّغَهُ غَيْرَهُ «Аллаһ бізден бір сөз естіп, оны есте сақтап, өзгелерге жеткізген жанның жүзін жарқын қылып, қуанышқа бөлесін»[4] – деген маржан сөздерін естіген олардың басқаша әрекет етуі мүмкін емес-ті.

Басқа бір риуаятта: نَضَّرَ اللّٰهُ عَبْداً سَمِعَ مَقَالَتِي فَوَعَاهَا ثُمَّ بَلَّغَهَا عَنِّي «Аллаһ менің сөзімді естіп, ұғынған (жан-жүрегімен мақұлдап, өмірлік ұстанымына айналдырған) соң, оны басқаларға жеткізіп баяндаған жанның жүзін жарқын қылып, оған шаттық сыйласын!»[5] – делінген.

2. Расулаллаһтың сүннетке ерекше мән беруі

Жоғарыдағы хадисте баяндалғандай, Пайғам-барымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз сүннетінің ел жадында жатталуын және өзгелерге де жетуін қолдап, мұны жүзеге асырғандарға игі тілек тілеген. Өйткені, өзіне жүктелген қасиетті борышты абыроймен атқару, дін іргетасы берік қаланып, адамзаттың бақытқа бөленуі осыған байланысты екенін жақсы білетін.

Мекке жеңісінен сәл бұрын Рабиа тайпасынан Абдул-Қайс бастаған бір топ Расулаллаһқа келіп: «Уа, Расулаллаһ! Біз сені іздеп жер түбінен келіп отырмыз. Жолымызға Мудар кәпірлерінен пәлен тайпа бөгет жасағандықтан, харам (қасиетті) айлардан басқа уақытта саған келе алмаймыз. Бізге ақыл-кеңес беріп, жұмаққа бастайтын жол көрсет, қауымымызға насихатыңды жеткіземіз», – дейді.

Оларды байыппен тыңдаған Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тілектерін орындап, жөн көрсетіп, не істеу керектігін, нелерден аулақ болу қажеттігін айта келіп, сөзін былайша қорытындылайды:

اِحْفَظُوهُ وَأَخْبِرُوا بِهِ مَنْ وَرَاءَكُمْ «Айтқандарымды есте сақтаңдар және осыны елдеріңе жеткізіңдер»[6].

Сондай-ақ Уәда хұтбасының соңында: «(Сөздерімді) осы жиынға қатысып естігендер – естімегендерге жеткізсін»[7] дегені сияқты, сахих хадистерінің бірінде білгенін өзгелерден жасырғандар жайлы مَنْ سُئِلَ عَنْ عِلْمٍ ثُمَّ كَتَمَهُ أُلجِِْمَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ بِلِجَامٍ مِنْ نَارٍ «Бір адамнан бір жайт хақында сұрағанда, ол біле тұра білгенін жасырса, қиямет-қайым болғанда, аузына оттан ауыздық салынады»[8] деп ескерткен.

Сахабалар сүннеттің маңызын жете түсініп, өздері орындап қана қоймай, оны басқаларға жеткізіп, таратудың маңыздылығына да барынша сенген. Олар Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қолдап-қолпаштауынан ерекше шабыт алатын. Ал ескертулеріне мұқият ден қойып, қарсы келуден қорқып, қара қылды қақ жарған туралықпен өмір сүретін. Сонымен қатар, Құранда білгенін жасырып қалғандар туралы баяндалатын үкімнің жауапкершілігін сезініп, сүннетті көпшілікке тарату барысында аянбай қызмет еткен. Құранның إِنَّ الَّذِينَ يَكْتُمُونَ مَا أَنْزَلَ اللّٰهُ مِنَ الْكِتَابِ وَيَشْتَرُونَ بِهِ ثَمَنًا قَلِيلاً أُولَئِكَ مَا يَأْكُلُونَ فِي بُطُونِهِمْ إِلاَّ النَّارَ «Аллаһтың кітапта баяндағандарын жасырып, оны болмашы бағаға сатқандар қарындарын отпен толтыратыны еш шүбәсіз»[9] дегені сияқты өзге де аяттардағы қатал ескертулерді жан-тәнімен сезе отырып, Құран мен сүннет жолына ынты-шынтыларымен беріліп, дінді жер-жаһанға жаюға ұмтылған.

Екі әлем сардары (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құранмен қоса өзінің сүннетін де асқан мұқияттылықпен үйретуден еш жалықпаған. Ибн Мәсғуд (р.а.) бұл жайлы: «Ол бізге Құран аяттарын үйреткеніндей, тахиятты да ыждағатпен үйрететін»[10], тағы бір сөзінде «Құран аяттарын үйреткеніндей, истихара дұғасын да үйрететін»[11], – деген.

Аллаһ расулы сөз сөйлегенде тыңдаушының барлығы түсінсін деген оймен байыппен, баппен сөйлейтін, айтқандарын көбінесе үш рет қайталайтын. Бұл жайлы Айша анамыз (р.а.): «Расулаллаһ сөз сөйлегенде, сіздердің сөздерді бір-біріне қосып асығыс айтқандарың сияқты емес, анықтап ақырын сөйлейтіндігі соншалық – сөйлеп тұрғанда оның сөздерін санап шығу қиындық туғызбайтын»[12], – деген.

Ол осылай баяндап шығумен ғана шектеліп қалмай, сахабаларына үйреткендерін жан-жақты пысықтап, өзара талқыға салуға құлшындырып, ынталандыратын. Осыған қатысты хадистердің бірінде: وَمَا اجْتَمَعَ قَوْمٌ فِي بَيْتٍ مِنْ بُيُوتِ اللّٰهِ، يَتْلُونَ كِتَابَ اللّٰهِ، وَيَتَدَارَسُونَهُ بَيْنَهُمْ إِلاَّ نَزَلَتْ عَلَيْهِمُ السَّكِينَةُ وَغَشِيَتْهُمُ الرَّحْمَةُ وَحَفَّّتْهُمُ الْمَلاَئِكَةُ وَذَكَرَهُمُ اللّٰهُ فيِمَنْ عِنْدَهُ «Бір жа-мағат Аллаһтың үйлерінің бірінде жиналып, Аллаһтың кітабын оқып, ондағы мәселелер турасында өзара пікір өрбітсе, олардың жаны жай табады. Мейірім шуағына бөленіп, айнала періштелер қоршайды. Аллаһ тағала оларды қайырлы жамағаттардың қатарына қосады»[13] делінген.

Расулаллаһ осы сияқты көптеген хадистерінде сахабаларын Құран мен Құранның тәпсірі саналатын сүннетін жақсылап жадыға тоқуға, пікір өрбітуге үнемі ынталандырып отыратын.

3. Сахабалардың ықыласы

Сахабалар Құран мен сүннетті үйрену, түсіндіру, осыған қатысты жан-жақты пікір өрбіту және өзгелерге жеткізу тұрғысында ерекше ықыласты болды. Иә, шынында да, олар өздерін қараңғылықтың қапасынан құтқарып, жан-дүниелерін ақиқаттың шуағына бөлеген Аллаһ расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сырлы сөздерін, іс-әрекеттерін өне бойларына барынша сіңіріп, үнемі өзара талқыға салып таразылап, пысықтап отырған. Бұл жайлы Әнәс ибн Малик (р.а.):

كُنَّا نَكُونُ عِنْدَ النَِّبيِّ فَنَسْمَعُ مِنْهُ الْحَدِيثَ فَإِذَا قُمْنَا تَذَاكَرْنَاهُ فِيمَا بَيْنَنَ

«Біз Расулаллаһтан бір сөз естіп, қасынан кеткеннен кейін де өз арамызда сол сөзді қайта еске түсіріп, өзара талқылаушы едік»[14], – дейді.

Дәл осы сияқты әсіресе суффадағы[15] сахабалар түні бойы намаз оқып, Құран оқу мен дәріс өткізуді әдетке айналдырған-тын. Олар кейде бір мұғалімнің айналасына жиналып, таң ағарып атқанша ілім үйренетін.

Осынау нұрлы жамағат Хақ пайғамбардан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

مَنْ جَاءَ مَسْجِدِي هَذَا، لَمْ يَأْتِهِ إِلاَّ لِخَيْرٍ يَتَعَلَّمُهُ أَوْ يُعَلِّمُهُ،
فَهُوَ بِمَنْـزِلَةِ اْلْمُجَاهِدِ فِي سَبِيلِ اللّٰهِ

«Менің мешітіме келген жан жақсылықты үйренуге немесе үйретуге келеді. Ол Аллаһ жолында күрескен адаммен барабар»[16] деген сүйіншіні алған соң, одан естіп үйренгендерін өзгелерге үйретуді ғибадатқа тең санап, өздерінің несібесіне бұйырған бұл ерекше ләззатты басқаларға да таттыру үшін аянбай қызмет еткен. Бұл тұрғыда әйелдер де қалыспай, өз үлесін қосуға асқан ыждаһаттылық танытқан.

Әйелдер намазда ер азаматтар мен ұл балалардан кейін сапта тұратындықтан, көбінесе Пайғамбары-мыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) не айтқанын естімей қалатын кездері, тіпті кейде мешітте ер адамдардан ине шаншар орын қалмайтындықтан сыртта қалып қоятын сәттері де жиі ұшырасқан. Осы себепті олар арнайы келіп: «Уа, Расулаллаһ! Уағыздарыңызды біз де тыңдағымыз келеді, алайда мешітте ер кісілерден орын артылмайды. Бізге арнайы уақыт бөлсеңіз екен»[17], – деп өтініш білдірген. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бұл жүрекжарды өтінішті құп алып, ханымдардың тағылымы үшін арнайы уақыт бөліп отырған.

Пайғамбарымыздың пәк жұбайлары әйелдер қауымының ұстаздары санатында еді. Олар Расул-аллаһтан Құран мен сүннет жайлы үйренгендерін дер кезінде өзге әйелдерге жеткізіп, үйретуден жалықпаған. Ардақты елші де мүбәрак зайыптарының әрбіреуін болашақ ұрпаққа өз тағылымдарын жеткізуші ретінде білгендіктен, жұбайларына әрдайым ілім үйретіп бағатын. Осынау тағылым өз нәтижесін беріп Сафия анамыз (р.а.) арқылы Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) тәлімі Хайбарға, Маймуна анамыз арқылы Амир ибн Сасағаұлдарына, Сәлама анамыз арқылы Махзумұлдарына, Үммү Хабиба анамыз арқылы Әмәуилерге, Жуайрия арқылы Мұстағлық қауымына тараған. Осынау пәкиза аналарымыз Пайғамбарымыздан естігендерін естіген бойда өз қауымына жеткізіп, мұғалималық міндетті бұлжытпай орындап отырған. Мұндай тайпалар өз қауымының әйелдерінің бірі «әзуажы таһират», яғни, пайғамбар ханымы болғанын үлкен абырой санап, мақтан ететін.

4. Ұмытылмас оқиғалар және өшпейтін сөз өрнектері

Абыройлы елшінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түрлі жағ-дайдағы сан алуан оқиғаларға қатысты айтқан сөздері бар. Бұл сөздердің мәнісінің тереңдігі соншалық – естігендердің оларды жадында сақтамауы, уақыт өте келе оларды ұмытуы мүмкін емес-ті. Болған оқиғалар да әрқашан есте сақталатын және еске түскен сайын міндетті түрде Пайғамбарды еске салатын; жай ғана еске салып қоймай, сол оқиғаға қатысты айтылған кестелі сөз өрнектерін де қайта жаңғыртуға себеп болатын-ды.

Осы жайтқа қатысты мысалдардан ой түйейік.

1. Аллаһ расулының рухани бауыры Осман ибн Мазғун (р.а.) дүниеден өткен еді. Аллаһ расулының кез келген жаназада көңілі қатты босай бермейтін, алайда хазірет Хамзаның артынан ағыл-тегіл жылағаны тәрізді, Осман ибн Мазғунның қазасына да егіліп, қабырғасы қайысады. Тіпті оның мәйітін сумен жумас бұрын құдды жаннат кәусарынан да қымбат өзінің көз жасымен жуып шыққандай кейіпте, марқұмның маңдайынан сүйеді. Бұл оқиғаға куә болған бір әйел Осман ибн Мазғун туралы «Неткен бақыттысың, Осман! Жаннатқа қарай құстай ұшатын болдың!» – деп қалады. Мұны естіген Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) дереу бойын жиып алып, әлгі әйелге қарап: «Мен пайғамбар бола тұрып, өзімнің жағдайымның не болатынын білмеймін, сен қайдан білесің?» – дейді. Кімді де болса селт еткізетін, құлды пәктеудің Аллаһтан басқаның міндеті емес екендігін жеріне жеткізе ұқтырған және әлгі әйелге «Уаллаһи, мұнан соң ешкім жайлы бұлай айтпаймын»[18]дегізген оқиғаны ұмыту мүмкін бе?!

2. Тағы бір оқиға: Ұхұд соғысында Құзман есімді адам мүшріктерге қарсы жан-тәнімен шайқасып, қарсы келгеннің барлығын жермен-жексен қылады. Құзманның ерлікпен шайқасып, жау қолынан қаза тапқанын көргендер оның шейіттік шәрбатын ішкенін тамсана сөз қылады. Мұны естіген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол заматта: «Қателесесіңдер, Құзман тозақта», – дейді. Арадан аз ғана уақыт өткенде, бір кісі Құзманның өлер алдында жарақатының ауырлығына шыдай алмай, өзіне-өзі қол жұмсағанын, ақтық демін берер алдында «Мен дін жолында емес, өз қауымымның аты шықсын деген ниетпен шайқастым» дегеніне куә болғанын айтады. Осылайша Пайғамбардың айтқан сөзінің мәнісі ашылады. Олай болса, Ұхұд шайқасы жайлы сөз болған сайын осы оқиғаны еске алмау, бұған қоса Пайғамбардың «Аллаһ қаласа, бұл дінді күнәһар бір пендесі арқылы да күшейтеді»[19] деген сөздерін ұмыту мүмкін бе?!

3. «Мүминдердің әміршісі» атанған халифа Омар (р.а.) мынадай бір оқиғаны баяндаған:

لَمَّا كَانَ يَوْمُ خَيْبَرَ أَقْبَلَ نَفَرٌ مِنْ صَحَابَةِ النَّبِيِّ r فَقَالُوا: فُلاَنٌ شَهِيدٌ، فُلاَنٌ شَهِيدٌ. حَتَّى مَرُّوا عَلَى رَجُلٍ فَقَالُوا: فُلاَنٌ شَهِيدٌ، فَقَالَ رَسُولُ اللّٰهِ r: كَلاَّ، إِنِّي رَأَيْتُهُ فِي النَّارِ، فِي بُرْدَةٍ غَلَّهَا أَوْ عَبَاءَةٍ. ثُمَّ قَالَ رَسُولُ اللّٰهِ r: يَا ابْنَ الْخَطَّابِ! اِذْهَبْ فَنَادِ فِي النَّاسِ أَنَّهُ لاَ يَدْخُلُ الْجَنَّةَ إِلاَّ الْمُؤْمِنُونَ

«Хайбар шайқасынан соң бірнеше сахаба шайқаста шейіт болғандарды санамалап айта бастады. Шайқас алаңында өлім құшқан бір кісі жайлы «Пәленше де шейіт болыпты» дегенде, Пайғамбарымыз олардың сөзін бөліп: «Жоқ, қателесесіңдер, оны мен жаһаннамда көрдім, себебі ол олжа бөлісі болмай жатып, олжадан бір шапан алған екен», – деді де, маған бұрылып: «Уа, Хаттабұлы Омар! Сен халыққа: «Жаннатқа мүміндерден басқа, яғни иман келтіріп, ел сенімінен шыққандардан басқа ешкім бара алмайды!» деп жар сал», – деді[20].

Иә, шейіттер туралы сөз бола қалса немесе Хайбар шайқасы еске түсіп, олжа жайы, жаннатқа баратындардың сын-сипаттары баяндалған сайын, сахабалар осы оқиғаны және оған қатысты хадисті еске алмауы мүмкін емес еді. Хадистегі, жалпы сүннеттегі ақиқаттар осындай оқиғалармен адамдардың зейініне, рухына берік орнағаны соншалықты – олардың жадында мәңгілік өшпестей болып жатталып қалды.

Иә, олар Аллаһ елшісінен естіп, көкейге тоқы-ғандарын әсте ұмытпады, керісінше, рух пен зейінде қалған ақиқатты еш нұқсансыз келешек ұрпаққа жеткізген.

4. Сахабалар Аллаһ расулының алдында асқан әдептілік танытты. Олардың осынау әдептілігі Аллаһ мағрифатынан (Жаратушыны танып-білу ілімі) бастау алатын. Кейде Пайғамбарға сауал қоюға да ұялып, тартынатын. Әдептен озбауға тырысатындықтары соншалықты – сахабалар кейде бейтаныс бір кісі келіп, ойымыздағы сұрақты қойса екен деп зарыға күтетін.

Бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) сахабаларымен бас қосып отырғанда, бір бәдәуи араб (Дымам ибн Сағлаба) олардың үстіне баса көктеп кіріп келеді де, ай-шайға қарамастан, «Мұхаммед қайсыларың?!» деп дауыстайды. Расулаллаһ сахабаларының арасында арқасын қабырғаға сүйеп отырған еді, бір сахаба бәдәуиге қарап: «Әне, арқасын қабырғаға сүйеп отырған аққұба адам», – деп жауап береді.

Бәдәуи хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қарата «Уа, Абдулмүттәліптің ұлы!» – деп сөзін бастайды. Пайғамбарымыз: «Айта бер, құлағым сенде», – дейді. Бәдәуи араб: «Саған бірнеше сұрағым бар, сауалым ауырлау, көңіліңе келіп жүрмесін», – дейді. Пайғамбарымыз байыпты қалпын бұзбастан, «Ойың-дағыларды ірікпей сұрай бер», – дейді. Сонда Дымам:

«Сенің және сенен бұрынғы пайғамбарлардың тәңірі үшін маған мынаны айтшы, сені шынымен де барша халыққа пайғамбар етіп жіберген Аллаһ па?» – дейді.

Рақым пайғамбары (саллаллаһу аләйһи уә сәллам): «Иә!» – деп жауап қатады.

«Құдай ақы, мынаны да айтшы, бір тәулікте бес уақыт намаз оқуды бұйырған да Аллаһ па?»

Пайғамбарымыз: «Иә!» – деп жауап береді.

Бәдәуи араб ораза, зекет жайында да нақты жауап алған соң, сол жерде отырған жамағаттың көз алдында Пайғамбарымызға: «Сен Аллаһтан қандай әмір әкелген болсаң, мен соның бәріне иланып, иман келтірдім. Артта қалған жұртыма да осыларды жеткіземін. Мен – Сағыд ибн Бәкір тайпасының өкілі Дымам ибн Сағлабамын», – дейді[21].

Осы оқиғаны Дымам ибн Сағлаба да, оның тайпасы да, сол күні мәжілісте бұған куә болған жамағатта та ұмытпақ емес. Дымамның әуелгі дөрекі әрекеттері мен артынан шынайы түрде иманға келуін көзбен көрген сахабалар мұны қалайша ұмытпақ?! Әлбетте, ұмытпасы хақ.

5. Бір күні Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Үбәй ибн Кағыбты (р.а.) шақырып: «Аллаһ саған «Бәйина» сүресін оқып беруімді бұйырды», – деді.

Үбәй ибн Кағыб (р.а.): «Аллаһ менің атымды да атады ма?!» – деді таңданысын жасыра алмай. Пайғам-барымыздың «Әрине, атап айтты» деген жауабын естігенде, Үбәй ибн Кағыбтың көздері жасаурап: «Ғаламның Раббысы есімімді атапты»[22], – деп тебіренеді.

Осы оқиға Үбәй мен оның отбасы үшін үлкен абырой саналғаны соншама – арада бір ғасыр өткеннен кейін де Үбәйдің ұрпақтары «Мен Аллаһтың пайғам-барымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) «Бәйина» сүресін оқып беруге арнайы бұйрық берген адамның ұрпағымын» деп мақтан тұтқан. Осынау абыройды Үбәй да, отбасы да, Үбәйдің үрім-бұтағы да ұмытқан емес.

5. Сахабалардың бойындағы мұқияттылық пен байсалдылық

Сахабалардың дін жолына берілгендігі соншама – Құран мен сүннеттің бір әрпінің де ұмытылуына жол бермейтін. Негізінде, Расулаллаһ та бұл мәселеге айрықша мән беретін. Аллаһтан түскен уахиды сол күйінде еш өзгеріссіз, еш нұқсансыз қабылдап алу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап бағатын. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығының алғашқы сәттерінде естігенін ұмытып қалмайын, дегендей кейде ерні ерніне жұқпай қайталап, әбігерге түсетін. Осыған байланысты «Қиямет» сүресінің 16-17-аяттары түсіріліп, онда Аллаһ былайша пәрмен қылған-ды:

«Құран түскенде, оны ұмытпау үшін қайталаймын деп тіліңді қозғама (жанталаспа). Өйткені уахиды көкейіңе жинау әрі оқыту Біздің міндетіміз»[23]

Бұл аяттан да Пайғамбарымыздың жан-дүниесінің тұнықтығы мен өз ісіне асқан мұқияттылығын байқауға болады.

Пайғамбарымыз уахи мәселесінде осыншалықты жауапкершілік танытса, сахабалар да Аллаһ расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аузынан шыққан әрбір сөзді қалт жібермей көңілге тоқып алуды қасиетті борыш деп білген. Барлығы да «Бұл бізге бір рет қана берілген, қайта айналып келмейтін керемет несібе, адам баласына осынау өмірде бір рет қана берілетін мүмкіндік. Осы мүмкіндікті қалт жібермей қолдағы жалғыз оқпен нысананы дәл көздеу қажет. Дәл көздей алмасақ, осынау мүмкіндік көзден бал-бұл ұшады, сондықтан қолда бардың қадірін білуге тиіспіз» деген оймен амал жасаған. Себебі, оларға дінді Аллаһ расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) өзі үйрететін. Оларға Құранның тәпсірін жасап, мәңгілік өмірдегі бақыттың кілтін қолға ұстатқандай тамаша тәлім беретін. Сахабалар кез келген мәселені жан-жақты үйренуге күш салатын.

Әмәуи халифатының алғашқы кезеңдерінде-ақ мұсылман әскерлері Ыстамбұл қамалының айналасына дейін майдан алаңын кеңейткен. Осындай кезекті ұрыстардың бірінде әскерлердің бірі тиген жерін қиып түсер қылышын дұшпанға қарсы оңды-солды сілтеп ерлік көрсетеді. Оны көрген жауынгерлер: «Мынау өз қолымен өзін қауіпке итермелегені несі?!» – деп, шошына күбірлесіп, іш тартып қалды. Әскердің арасында желдей ұйытқып, өрттей қаулаған мына сөзді құлағы шалып қалған бір сахаба өзгелерге қарағанда сұңғылалық танытты. Бұл сахаба Аллаһ расулына (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шынайы берілген, Пайғамбар Мәдинаға һижрет жасаған уақытта мүбәрак үйінің есігін айқара ашқан, одан бір елі ажырамаған, Аллаһ елшісі дүниеден өткен соң да оның аманат еткен сара жолынан еш ауытқымаған, қалжыраған қарттық кезеңге қадам басқанына қарамай, аттың еріне өзін шандып байлап, Константинопольге жорыққа шыққан, осылайша Анадолының Исламның қол астына өтуіне үлес қосқан, кезінде бірнеше ай Пайғамбарды үйінде қонақ еткен, сан ғасырлар бойына түрік халқының ардақты мейманына айналған әйгілі сахаба Әбу Әйюб әл-Ансари (р.а.) болатын. әл-Ансари майданда ауыздан-ауызға таралып жатқан бәтуәсіз сөзге қатты қапаланып: «Уа, жамағат, сендер «Өз қолдарыңмен өздеріңді қауіпке итерме-лемеңдер» деген аятты қате ұққан екенсіңдер. Бұл аят ансарларға қатысты түскен. Ислам күшейіп, дін жанашырлары көбейе бастағанын көрген ансарлар бірде: «Аллаһ Исламның өрісін кеңейтті. Ендігі жерде біз осы кезге дейін шыққан шығындарымыздың орнын толтыру үшін мал табуға қайта кіріскеніміз мақұл болар», – деп келіскен едік. Осы оқиғаға байланысты Аллаһ тағала әлгі аятты түсіріп, бізге былай деп ескерту жасады:

«Қолдарыңда барды Аллаһ жолында жұмсамай, басқаларға көмектеспей, өз-өздеріңді қауіпке итер-мелеуші болмаңдар. Шын қауіп – мал-мүлікті бөліспеу, ғазаларға (жорықтар, шайқастар) қатыспау және дүниеге берілу»[24].

Міне, сахабалар дінді тікелей Аллаһ елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) үйреніп, үйренгенін іс жүзіне асырып, қате түсінікке зәредей де жол бермейтін болған.

6. Құран мен сүннет негізінде қалыптасқан теңдесі жоқ қоғам

Алғашқы сахабалар үшін Құранның әрбір үкімі тосын әрі таңсық болғандықтан, олар Құран мен сүннетке тән барлық нәрсені зор жаңалық ретінде қабылдап отырды. Сол үшін де өмірлік ұстанымдарын, күнделікті іс-әрекеттерін, наным-сенімдерін Құран мен сүннетке негіздеп, жаңа дінді игеруде ерекше жігерлілік танытты.

Осындай ыстық ықыластарының арқасында шөл даланы мекендеген бәдәуи қауымы аз ғана уақыт ішінде адамзатқа қиямет-қайымға дейін тәлімгерлік жасауға сақадай сай тұрды. Иә, олардың күн сайын құдды көктен мол дастархан түскендей жаңалыққа, ізгілікке кенеліп отырғаны рас. Көңілі пәк, жүрегі таза, жамандыққа жаны қас сахабалар күн сайын жаңа бір оқиғаның куәсі бола бастады. Сахабалар жаратылысынан ақылды, зерек әрі есте сақтау қабілеттері күшті еді. Жадыларының күштілігі соншама – бір естігендерін өмір бақи ұмытпайтын. Есте сақтау, жаттау, жазу үдерістерін орындау кезінде компьютерге иек артқан қазіргі заманның өзінде жастар арасынан Құранды екі-үш айда жаттап алған хафыздар баршылық.

«Худайбия» келісімінен соң Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабалар арқылы араб тайпаларының басшылары мен төрткүл дүниенің шартарабындағы мемлекет басшыларына арнайы хат жолдайды. Осынау абыройлы міндетті атқару үшін әлемнің түкпір-түкпіріне сапар шеккен елшілер және олардың жолсеріктері іспетті мұғалімдер барған жерлерінде халыққа Құран мен сүннеттен алған тағылымын тәлім еткен. Бұрындары салқын қабақ танытып жүргендер Худайбиядағы бейбітшілік келісімінен соң арадағы сең жібіп, өзге тайпалармен қарым-қатынас жиілеп, сахабалар мүмкіндікті қалт жібермей баршаға Құран мен сүннеттің сырын ұғындыруға тырысты. Осының нәтижесінде Мекке мұсылмандардың қол астына өткенде, Пайғамбарды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тыңдау-шылардың саны он мыңнан астам адамға жетіп үлгерді. Күллі әлемге ізгілікті таратудың осынау өнегелі ісінде еркектермен қатар әйелдердің, әсіресе, Пайғамбары-мыздың пәк жұбайларының ерен еңбектерін айрықша атап өткен жөн. Иманға, ізгілікке шақыруда осын-шалықты жемісті еңбектің нәтижесінде арада бір-екі жыл өткенде, Ақиық елшінің (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) Уәда қажылығы тұсында айналасына топтасқандардың ұзын саны жүз мыңнан асып-жығылды. Осы қажылық кезінде айтқан пәтуалары мен хұтбалары сүннет аясында өрбіді. Олардың өзін жинақтаса, көлемді бір шығарма туар еді.

Қажылық тұсында Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мирас қалдыру жайындағы үкімдерді тәптіштеп, егжей-тегжейлі түсіндірді. Қанға-қан дейтін сенімнен туған жанға-жан дейтін өшпенділік әрекетке тыйым салынды. Әйелдердің құқығын жан-жақты баяндады. Өсімнің харам етілгендігін жариялады. Үмбетінің болашағы туралы насихат айтты. Бұл сұхбатты естігендердің естімегендерге де жеткізгенін қалады.

Иә, ендігі жерде дін кемеліне келіп, діннің нығметтері толысып Аллаһ мүминдер үшін Исламнан разы екенін білдірген-тін. Осы айтылғандардың барлығы жақсылық екендігі даусыз болатын. Алайда қылт еткенді қырдан асырмайтын қырағы сахабалар осылардың барлығының соңғы нүктесінің қойылып жатқанына қарап, Пайғамбардың пайғамбарлық міндетінің аяқталуға жақын екендігін, жуық арада фәниден озып, сүйікті елшіден айырылатынын сезгендей еді. Осы себепті сахабалар Тәлімі мінсіз тәлімгерді (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) барынша ықыласпен, көздерінен жас парлап отырып ұйып тыңдады[25].

Арада аз уақыт өткенде, Құранның ең соңғы түскен аятында وَاتَّقُوا يَوْمًا تُرْجَعُونَ فِيهِ إِلَى اللّٰهِ ثُمَّ تُوَفَّى كُلُّ نَفْسٍ مَا كَسَبَتْ وَهُمْ لاَ يُظْلَمُونَ «Аллаһқа қайта оралатын күннен қор-қыңдар, ол күнде әркім істегендерінің қайтарымын алады және ешкімге де әділетсіздік жасалмайды»[26] делініп, дінді шынайы түрде ұстанудың маңыздылығы ескертіліп, сахабалардың міндеттерінің ауыр екендігіне назар аударылған-тын. Осы аят Расулаллаһқа (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) және оның 23 жыл бойы үздіксіз таратқан дініне қамқорлықтың қаншалықты маңызды екендігін тағы бір рет ескерткендей еді. Сахабалар да мұны терең сезінді. Айтылған-дарды ынтамен тыңдап, бойларына сіңіріп, іс жүзінде өздерінен кейінгілерге мұра қылып қалдыруда аса ыждағаттылық танытты. Осылайша сүннет те Құран сияқты әу баста сол пәк дариялармен сүзіле келіп, бүгінгі күнге келіп жетті және қиямет-қайымға дейін дәл осы қалпында жалғасын табатын болады.


[1] «Хашр» сүресі, 59/7.
[2] «Ахзаб» сүресі, 21.
[3] Бұхари, Тафсир, (2) 1; Мүслим, Иман, 322.
[4] Тирмизм, Илм, 7. Әбу Дәуіт, Илм, 10.
[5] Ибн Мажә, Мұқаддима, 18.
[6] Бұхари, Иман, 40; Мүслим, Иман, 24.
[7] Бұхари, Илм, 9, 10, 37; Мүслим, Хажж 446; Қасама 29.
[8] Тирмизи, Илм, 3; Әбу Дәуіт, Илм 9.
[9] «Бақара» сүресі, 2/174.
[10] Бұхари, Истизан 28; Мүслим, Саләт, 59.
[11] Бұхари, Тахажжуд, 25; Тирмизи, Уитр, 18; Әбу Дәуіт, Уитр, 31.
[12] Бұхари, Мәнақыб, 23; Мүслим, Зүһд 71.
[13] Мүслим, Зікір, 38; Тирмизи, Қырағат 10; Әбу Дәуіт, Уитр, 14.
[14] Хатиб әл-Бағдади, әл-Жәми лиахлақир-рауи уә әдәбис-самиғ, 1/363-364.
[15] Суффа сахабалары – Пайғамбарымыз Мәдинаға көшіп барғанда, өз мешітінің бір бұрышына құрма ағаштарынан көлеңкелік баспана жасатты. Көлеңкелікке арабшада «суффа» делініп, ол жерде тұрғандар «асхабы суффа» деп аталды. Суффа сахабалары туған-туыс, жақындары мен дүние-мүліктері жоқ кедей сахабалар болатын. Олар өмірлерін Құран үйреніп, Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тәлім алу жолына арнады. Олардың қажеттіліктерін Пайғамбарымыздың өзі және дәулетті сахабалар қамтамасыз етіп тұрған.
[16] Ибн Мажә, Мұқаддима, 17; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 2/418.
[17] Бұхари, Илм, 35; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 3/34.
[18] Бұхари, Жәнаиз, 3; Мәнақибул-ансар, 46; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 1/237; Ибнул-Әсир, Усдул-ғаба, 3/600.
[19] Бұхари, Жиһад, 182; Мүслим, Иман, 178.
[20] Мүслим, Иман, 182; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 1/30, 47.
[21] Бұхари, Илм 6; Нәсаи, Сиям 1.
[22] Бұхари, Тафсир, (98) 1-3; Мүслим, Фадаилус-сахаба, 121-122.
[23] «Қиямет» сүресі , 75/16-17.
[24] Тирмизи, Тафсирул-Құран, (2) 19; Хаким, әл-Мүстәдрак, 2/302.
[25] Мүслим, Хаж, 147.
[26] «Бақара» сүресі, 2/281.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.