Дуаны қалай қайтаруға болады?

Фетхуллаһ Гүлен: Дуаны қалай қайтаруға болады?

Сұрақ: Кейбір кісілер тап болған болмашы бәле-жаланың өзін дуадан көріп жатады. Бойын әлдебір тылсым жайт билегенін байқаса, дереу дуаландым деп ойлап, дем салатын адам іздеп сабылады. Осы жағдайды сенім негіздері тұрғысынан қалай түсіндіресіз?

Жауап: Астыртын пиғылмен немесе жаман ниетпен діни тұрғыдан тыйым салынған жолдарды және метафизикалық күштерді қолдана отырып адамдарды алдап-арбауға, оларға зиян келтіруге бағытталған көзбояушылық пен сиқыршылық сынды амалдар «дуа» деп аталады. Арапшада «дуа» – сиқыр деген мағынада қолданылады. Дуаны метафизиканың физикаға ықпал етуі, кейбір тылсым күштердің рух пен тәнге әсер етуі, осының нәтижесінде адамның жұмбақ жайларды сезінуі, естуі және көруі ретінде сипаттайтындар бар. Енді бір тарап сиқырдың материялық әлемге ықпал ете алмайтынын, тек қиял мен ойға ғана әсер ететінін алға тартады. Олар сиқырды көз бояушылық, иллюзия, физиканың заңдарынан тыс таңғажайыптар көрсету, есірткі немесе масайрататын заттар қолданып адамдарға әсер ету, қалыпты жағдайды төтенше, тылсым астарлы оқиға секілді көрсету деп есептейді.

Сиқырдың тарихы және сиқыршылық

Сиқыршылықтың бастауы өте көне дәуірлерге барып тіреледі. Хазірет Ибраһим (а.с.) пайғамбар ретінде міндет атқарған Бабыл халқы бастапқыда рух пен періштелерге табынатын. Кейін келе жұлдыздарға, айға және күнге сыйынатын болды. Ең соңында арнайы дайындалған пұттарға табынып кетті. Бүгінде діннен хабары аз кісілер арасында кең тараған жұлдыз палы мен жұлдыздардың тылсым күшіне деген сенім де сол кездерден келе жатқан әдет. Құранда хазірет Ибраһимнің (а.с.) адамдарды имандылыққа шақыру барысында жиі-жиі айға, жұлдыздарға және күнге назар аудартқаны айтылады. Сол дәуірдің адамдарының қандай нәрселерге қызығушылық танытқанын да Құрандағы қиссалардан аңғару қиын емес. Бабыл халқы арасында жындардың көмегін пайдалану, тылсым күштерді қолдану кеңінен етек алған құбылыс болатын. Олар осы ерекшеліктерімен ежелгі Мысыр мәдениетіне де қатты ықпал етті.

Бабыл мәдениетінің ықпалымен ел арасына жайылып кеткен балгерлік пен сиқыршылықты мысырлықтар одан ары дамытты. Олар көп мәселені сиқыр арқылы шешуге талпынатын. Көзбояушылық әбден белең алып, кез-келген мәселеде сиқырдың күшін қолдану әдетке айналады. Сол дәуірде Мысырды билеп-төстегендер көзбояушылықты кәсіп қылған сиқыршылар мен соларды қолдап, дем беріп отыратын тәкаппар перғауындар болды.

Ежелгі Мысырда еврейлер арасында да сиқыр кең тараған-ды. Жын-перілерді шақыру, жаман рухтарды өзіне бағындырып алу, тылсым күштерді араға сала отырып таңғажайыптар көрсету, дуа мен дем салу сынды әдеттер еврейлерге де жат емес еді. Сиқыршылықпен айналысқан еврейлердің әрекеттерін Исрайлұлдарының сенім негіздері мен қасиетті Тәурат кітабымен байланыстыруға ешбір негіз жоқ. Мұндайлар көбіне адасқан ағымдар арасынан шықты. Олардың дүниетанымдық ұстанымдарына сиқыршылықпен тылсым күштерді бағындыруды мақсат еткен каббализм ағымы мен ежелгі Мысырдың пұтқа табынушылық түсінігі, перғауындардың сиқыршылары қатты әсер етті. Осы тұрғыдан мұндай ағымдардың да ежелгі Бабыл мәдениетінің ықпалына ұшырағанын айтуға болады.

Сиқыршылық ежелгі Қытай мәдениетінде де қарқынды түрде дамыды. Жалпы ежелгі дәуірлерде жақсылы-жаманды барлық ілімдердің шыққан жері – шығыс болғаны анық. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сөзі ретінде айтылып жүрген бір насихатта: «Ілім Қытайда болса да, алыңдар» делінген. Бұл жерде тек білім игеруге деген насихат қана емес, жалпы ілімге деген айрықша көзқарасты байқауға болады. Әйтсе де, кейбір хадисшілер осы сөзді «ойдан шығарылған» хадис деп санайды. Хадистің келу тізбегінде (сәнәд) көптеген олқылықтар бар екенін алға тартып, бұл сөзді Аллаһ расулы айтқанын мойындамайды. Енді біреулер бұл сөзді түбегейлі жоққа шығармаса да, «әлсіз хадис» ретінде қабылдайды. Егер осы сөзді хадис ретінде пайымдасақ, мынадай тұжырым жасар едік. Аллаһ елшісі бұдан да ұзақ жерді нұсқауы әбден мүмкін еді, алайда Қытайға назар аударған. Демек, ежелгі дәуірде, белгілі бір кезеңде Қытайда ілім өте жақсы дамыған болуы ықтимал. Ілімнің дамып өркендеуімен қоса, тылсым күштерді игеру дәстүрі де жетілген болуы ғажап емес.

Діндер тарихы бойынша, «тәнәсух» (реенкарнация) ежелгі Мысыр халқының «Хермесіне» барып тіреледі. Бұл түсінік Пифагор арқылы ежелгі грек мәдениетіне дейін барған. Пифагор Мысырдағы рух туралы түсінікпен қоса көрінбейтін тылсым күштерге билік ету туралы пікірлерді де ежелгі Грекияға жеткізген деседі. Уақыт өте келе Грек-Рим мәдениетінде де шығыстан бастау алған сиқыршылық пен балгерлік дәстүрі қарқындап дами бастайды.

Харут және Марут

Расул Әкрамның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәуірінде еврейлер арасында дуа жасау әдеті кең өріс алған еді. Олардың түсінігінше, хазірет Сүлеймен (а.с.) көзбояғыш сиқыршы (Құдай сақтасын) болған-мыс. Еврейлер Сүлеймен пайғамбар өзінің сән-салтанатына сиқыр арқылы қол жеткізіп, адамдар мен жындарға сиқыр арқылы билік жүргізген деп есептейтін. Сол кездері еврейлер арасында сиқыр арқылы тылсым күштерді бағындырып, басқа қауымдардың зәресін ұшырып, қорқытуды көздейтіндер де көп болды. Алайда Аллаһ тағала Құран кәрімде Сүлейменнің (а.с.) пайғамбар екенін анық білдірді. Осыдан кейін еврейлер «Мұхаммед Сүлейменді пайғамбар деп айтып жүр, алайда ол сиқыршы болған еді» деген қауесет тарата бастады (Құдай өзі кешірсін). Осыдан кейін Хақ тағала «Бақара» сүресінің 102-аятында олардың Сүлеймен пайғамбарға жапқан жалаларына қатысты: «Сүлейменнің патшалығы жайында шайтандардың ойдан шығарған сөздеріне ерді. Сүлеймен күпірлікке бармаған еді. Шын мәнінде сол шайтандардың өзі күпірлікке бойлады. Халыққа сиқырды және Бабылда Харут пен Марут атты екі періштеге түскен нәрселерді үйрететін еді. Ал бірақ ол екеуі: «Біз тек сынақ үшін жіберілдік, байқаңдар, кәпір болып кетпеңдер!» демейінше, ешбір адамға (сиқыр жасауға себепкер бола алатын) ештеңе де үйретпейтін. Міне, осылардан ері мен әйелінің арасын бұзатын нәрселер үйренетін еді. Аллаһтың рұқсаты болмайынша, олар осыларымен ешкімге зиян бере алмайды. Алайда олар өздеріне зиян келтіріп, пайда бермейтін нәрселер үйренумен болды. Шындығында, сиқырды қолданған адамның ақыреттен нәсібі болмайтынын да жақсы білетін. Бар игілігін пида етіп, қол жеткізген нәрселері қандай жаман! Осыларды түсінген болса!»[1] делінген.

Осы аятта Харут пен Марут періштелеріне қатысты хикаяның түпкі мәні мен астары баяндалады. Кейбір тәпсіршілер олардың періште емес, белгілі бір символ немесе астарлы түсіндірме екенін алға тартса да, көпшілік ғалым Харут пен Марутты Сүлеймен (а.с.) дәуірінде Бабылда адам кейпінде түсіп, халыққа теріс мақсатта қолданбау шартымен сиқыр ілімін үйреткен, осы арқылы адамдардың сынаққа түсуіне сеп болған періштелердің атауы деп есептейді. Харут пен Марут сиқыр ілімін жамандық не күпірлікке арнаған пасықтарға: «Біз сендер үшін сынақпыз. Осы арқылы игілікке жетулерің де, азғындыққа түсулерің де әбден мүмкін. Бізден үйренген нәрселерің бүлік шығаруға ыңғайлы және оны жаман жолға бағыттау күпірлік. Ақыл-парасаттан көз жазып, осы бір сынақтан сүрінбеңдер» деп ескертпейінше, ешкімге еш нәрсе үйретпейтін. Келген адамдарға сиқырды теріс мақсатта қолданбауды ескертетін. Марқұм Хамди Языр айтқандай, Харут пен Маруттың үйреткен мәліметтері тікелей сиқыр емес, алайда сол мәліметтер сиқыр жасауға және оны теріс мақсатта қолдану арқылы күпірлікке бойлауға барынша ашық еді. Жоғарыда аталған аяттағы «екі періштеге түсірілген нәрсе» деген сөйлемде сиқыр сөзі емес, «нәрсе» сөзінің қолданылуы да осы ойды айғақтайтын жайт.

Мұсылмандар және дуа

Иә, дуа Исламнан бұрын Бабыл мен Мысыр мәдениетінде барынша дамыды. Уақыт өте келе Қытай мен Үндістанда да кеңінен өріс алып, метафизикалық пікірлерге етене жақын Шығыс халықтары арқылы Батыс әлеміне дейін жетті. Мұсылмандар да періштелер мен жындардың болмысына сенетін. Сондықтан да метафизикалық әлемді тануға айрықша ықылас танытты. Мұсылмандардың жоғарыда аталған ежелгі мәдениет өкілдерімен қарым-қатынасы артқан сайын сиқырмен де етене таныс болып, отпен аластау, дем салу, тұмар, пал ашу сынды діннен тыс әдеттер қоғамға тарала бастады.

Ислам ғұламалары сиқырды бірқатар категория-ларға бөліп қарастырды. Кәлданилер ағымы көп қолданған жұлдыз жорамалы, рух шақыру сеанстары, гипноз және осы тәріздес басқа да тәсілдермен адамдарға әсер ету, жындардың күшін пайдалану, ел арасында «жын шақыру» деп аталатын сиқыр түрлері, қол жылдамдығымен көзбояушылық әрекеттер көрсету, иллюзия, түрлі заттарды қолданып дуа жасау, бірқатар дәрілер мен иістерді қолданып оғаш жайт көрсету, «Исми-Ағзамды»[2] білетінін алға тартып адамдарға психологиялық қысым жасау, тылсым күштерді қолданып адамдардың көкейіндегісін оқу, жасырын сырларын біліп алу, адамның көңіліндегісін оқып тұрғандай хал-күйін бетіне айту тәрізді көптеген сиқыр немесе сиқырға ұқсас құбылыстар бар еді.

Әһли-сүннет ғұламалары сиқырдың рас екенін мойындайды. Оның қайсыбір түрлерінің материялық әлемге әсер ететінін де растайды. Алайда ғалымдар осы бір тылсым әсер сиқыршының емес, Аллаһтың жаратуымен ғана болады деп санайды. Яғни, сиқыршы тылсым күштің себептерін ғана жасайды, ал оның салдарын Аллаһ жаратады. Бұхари, Мүслим сынды сахих хадис кітаптарында Аллаһ елшісіне де (аләйһи әкмәләтут-тахайя) дуа жасалғаны баяндалады. Муғтазила ғалымдары мен кейбір модернист тәпсіршілер мұндай оқиғаның болғанын мойындамаса да, сенімді қайнар көздерде мұндай жайттың болғаны анық айтылады. Белгілі бір хикметпен Хақ тағала Пайғамбарымызға жасалған дуаның оған әсер етуіне рұқсат еткен. Осының салдарынан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «муқаррабиннің[3] қателесуі» ретінде пайымдалатын бір-екі «сәһу» яғни, кішігірім қателіктер жасағаны кейбір сахабалар тарапынан (кішкене айырмашылықтармен) риуаят етілген.

Сахабалар пайғамбарлық түсінігімен үйлесе бермейтін осы оқиғаны айтпай жасырып қалуларына да болар еді. Алайда олар Расул Әкрамның бойында дуаның әсері қысқа уақытқа болса да байқалғанын айтуда қандай да бір оғаштық көрмеген. Ардақты сахабалар осы оқиғаны жеткізу арқылы дуа Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да өткінші әсер еткенін, алайда оның ой-пікірі мен діндарлығына әсер етпегенін білдірген. Осылайша, дуаның жамандық (шәр) екенін көрсетіп, сондай бәле-жалаға душар болғандардың не жасауы керек екенін үйретеді. Осы сиқырдан кейін Аллаһ елшісі бірнеше намазында ғана «муқаррабиннің жаңылуы» деп аталатын «сәһу» қателік жасады. Алайда бұл хәл ұзаққа созылмады. Оның жаңылуының өзі ақырет туралы ойлар мен пайғамбарлық дағуасы жайлы пікірлердің Аллаһ елшісінің қиялына қанат бітіріп, басқа әлемдерге жетелеуі, сөйтіп өзі тұрған уақыт-мекен кеңістігін өткінші ұмытуы күйінде көрініс тапты. Ақырет туралы терең ойдан бастау алған осындай «жаңылуға» біз тап болсақ, бұл біздер үшін үлкен жетістік болып саналар еді. Өйткені, мұндай «жаңылу» халінің астарында имандылық дағуасына терең берілгендіктен туындаған буырқанған ойлар бар.

Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзіне дуа жасалғанын ұққан сәтте-ақ, дереу Аллаһ тағаладан шипа сұрап, тілек тілейді. Көп уақыт өтпестен Жәбірейіл (а.с.) мен Микайл (а.с.) періштелер келіп, осының астарындағы мән-жайды білдіреді. Олар Ләбид ибн Ағсам атты бір кісі Аллаһ елшісінің тарағы, шашы, сақалы мен құрма гүлімен Расулуллаһқа дуа жасап, оны Зәруан құдығына тастағанын айтады. Расул Әкрам қасына бірнеше сахабасын ертіп әлгі айтылған жерге барып, құдықты жапқызып тастайды. Хазірет Айша (р.а) «Уа, Аллаһ елшісі! Дуаны қайтардыңыз ба?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жоқ қайтармадым. Оны қайтарып, түйінін тарқату арқылы ел арасында сиқырдың мәшһүр болып кетуінен қорықтым» деген екен. Осы жерде Аллаһ елшісі Хақ тағала өзіне шипа бергенін және осы үшін міндетті түрде дуаға қайтарма жасап, түйінін тарқату қажет емес екенін білдіреді. Кейбір риуаяттарда Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сиқырды құдықтан шығарғаны, алайда, бұны халыққа жария етпегені де айтылады.

Сиқыр – күпірлікке ұрындырады

Ислам сиқырға және сиқыршылыққа түпкілікті түрде тыйым салған. Құран кәрім сиқыршылардың опа таппайтынын ескертеді.[4] «Түйіншекке дем салу – сиқыр, ал сиқыр жасаған жан ширк жасаған болып саналады» деген Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сиқырдың адамды түбінде құрдымға батыратын ең ауыр жеті күнәнің бірі екендігін баяндаған. Бір хадисінде жұбайлардың арасын бұзу үшін дем салу, жіпке оқу мен дуа жасаудың ширк екенін айтқан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) басқа бір хадисінде: «Кімде кім палшыға, ғайыптан хабар беретіндерге және сиқыршыға барып, олардан бір нәрсе сұраса, солардың айтқандарына сенсе және соны мойындаса, күпірлікке кіреді» деген. Осы хадистерді басшылыққа алған кейбір ғалымдар сиқыршының кәпір екендігіне қатысты пәтуа берген.

Көз бояушылық, адамдарды алдап-арбау сияқты түрлі сиқырларды негізге ала отырып сиқыршының барлығына бірден «күпірге ұрынды» демесек те, барлық сиқыр түрінің харам екендігінде күмән жоқ. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сиқырдың әсер ету күшіне сеніп, Хақ тағаланың құдіреті мен қалауын елемеуді, сиқырды табыс көзіне айналдыруды, адамдардың рухани осал тұстарына сиқырмен жақындауға күпірлік ретінде қараған.

Бүгінгі таңда көптеген жандар осындай метафизикалық құбылыстарды дін орнына қоюда. Йоганы, медитацияны, көзбояушылықты, транстық тәжірибелерді дінге балама ретінде көретіні жасырын емес. Мұндайлар адам баласы дін арқылы ғана қол жеткізе алатын рухани толысуға, бақытқа және басқа да таңғажайыптарға жоғарыда айтылған әдіс-тәсілдер арқылы да жетуге болатынын алға тартады. Осылайша, адамдарды діннен алыстатын иогаға, медитацияға және ешбір рухани негізі жоқ тәжірибелерге ынтықтырып, діннің орнын метафизикалық пікірлермен толтыруға күш салуда. Бірқатар таңғажайыптар мен адам жанын өткінші тыныштыққа, шаттыққа кенелтетін рухани тәжірибелер арқылы жұртты қызықтырады. Ашықтан ашық айтпаса да, пікірлері мен іс-әрекеттеріне қарап өздерін пайғамбар орнында көретінін аңғару қиын емес. Бүгінде йогаизмнен мистицизмге, медитациядан кейбір тариқаттардың діни ғұрыптарына дейінгі көптеген салада осы аталған жағдайды байқаймыз.

Өкінішке орай, біздің елімізде де мұндай ағымдарға бой алдырғандардың саны аз емес. Олар «Намаз, ораза, қажылық аса маңызды емес, мұның барлығы формальдық нәрселер» деп, басты мәселе ретінде дінде елеусіз деп саналатын жайттарды алға тартады. Мұндайлар иләһи дінде барлық мәселенің өзіне тән орны мен маңызы болатынын қаперге де алмайды. Осылайша, Хақ тағаланың аса маңызды деп басымдық танытқан мәселелерін елеусіз қалдырып, Жаратушы алдында ешбір мән-мағынасы жоқ істерді әспеттеп, барлық нәрсенің өзегі, негізі ретінде көрсетіп, адамдарды шатастырады. Иә, мұндай қылық – Аллаһ тағалаға деген құрметсіздік және адасушылық. Олар адам жүрегіндегі тек дін мен тақуалық арқылы ғана орны толтырылатын рухани олқылықтарды осындай өткінші, бос нәрселермен толтыруға күш салуда. Адамдар дін арқылы Аллаһқа жақындап, діндарлық арқылы рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ете алады. Адам көңілі дін арқылы ғана мәңгілік жұбаныш табады. Тақуалық арқылы Хақ разылығына қол жеткізу жолы тұрғанда өткінші сипаттағы түрлі фантазиялармен әурелеп, адамдарды Аллаһтан алыстатады. Нәтижесінде өзін де, өзгелерді де күпірлікке бойлатады.

Сиқырды және сиқырға ұқсас түрлі көзбояу-шылықтарды осындай діни таным ретінде көрмейтін-дер кәпір болмауы да мүмкін. Хадистердің түсіндірмелеріне қарасақ, мұндайлар бәлкім ауыр күнә істеген болып саналуы ықтимал. Дегенмен, жалпы алғанда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сиқырға және сиқыршылыққа күпірлік ретінде қарағанын ұмытпау қажет. Сиқырдың кейбір түрлері адамды күпірге бойлатары анық болса, онда мұндай нәрселерден түгелдей аулақ жүру ең дұрысы. Мәселен, ғайбаттың кейбір түрі зинадан да ауыр күнә саналады. Бір кісіні ғайбаттау – күнә. Ал, енді бір жамағатты немесе сол жамағаттың пір тұтқан адамын ғайбаттау тіптен ауыр күнә. Бұл зинадан әлдеқайда қауіпті күнә. Дәл осы секілді сиқырды сенім орнында көретін кейбір түрлері аса қауіпті. Мұндай сиқырмен айналысу да, соған сену де – күпірлік. Мұндайдан бойды аулақ ұстау ең абзалы. Аллаһ елшісі бұл жайтты түсіндіргенде, белгілі бір хикметпен үкім беріп, «Сиқыр – күпірлік» деген.

Поптың дуасы

Бүгінде көптеген жандар дуаны кәсіпке айналдырып, сиқырдың соңын қуып күпірлікке бойлап жатқаны жасырын емес. Енді біреулер парқына бармастан, Аллаһтың құдіреті мен қалауын басқа нәрселерге теліп, дуа жасату, не болмаса дуаны қайтару үшін табан тоздырып, күпірліктің ар жақ, бер жағында сенделіп жүр. Мұндай кісілер Аллаһ тағала қаласа, қандай сиқырдың да әсерін болдырмай тастауға құдыреті жететінін түсінбейді. Хақ тағаладан жалбарынып тілек тілеудің орнына, бір тәуіптен екінші тәуіпті жағалап, одан тағы басқа сиқыршыға барып табан тоздыруда. Осылайша, «кәсрат-қыбла» (бір сәтте көптеген құбылаға бет бұру) сынды тұйыққа тіреледі. Біресе анда, біресе мұнда барып, ақидасы ойран болып, сергелдеңге түсіп жатыр. Қанша сандалғанымен, Аллаһтан басқа ешкім оның дертіне дауа бола алмайтынын түсіне алмай дал болуда.

Бұл мәселенің келесі бір келеңсіз тұсы – дуа арқылы адамдар болмашы нәрселер үшін қорқыныш пен үрейге беріліп, психологиялық қыспаққа душар болуда. Ғасырлар бұрын перғауындар мен каббалис-тер қолданған әдіс-айламен адамдардың ықтияры мен еркін бұғаулануда. Осындай бос әурешілікпен көптеген жанды ізгілік жолынан алыстатып қана қоймай, олар аяусыз қаналып жатқаны да белгілі жай. Мәселен, «поп дуасы» деп аталатын әйгілі сиқыр түрі осындай психологиялық қару, әрі пропаганда ретінде қолданылуда. Бүгінде сиқыршылар «поп дуасын» ең қауіпті дуа түрі ретінде көрсетіп жүр. Бұл дуамен адамдардың үрейін ұшырып қана қоймай, «қайтарманы тек поптар ғана жасай алады» деп тіптен әсірелеуде. Бүгінгі таңда «поп дуасы» көптеген надан адамдарды психологиялық тұрғыдан қорқытудың құралына айналып отыр. Бұл мәселенің келесі бір қырына тоқталсақ, кейбір кісілерді «Байқа, поптармен араңды жақсы ұста. Ешқашан оларды ашуландырма. Поп дуа жасаса, қолыңды да қимылдата алмайтын сал болып қаласың» деген сынды түрлі қауесеттер арқылы жымысқы ойлар жүзеге асырылып жатыр. Өкінішке орай, бүгінде мешіт көлеңкесінде өсіп-жетілгенімен, шіркеу күмбезінің астындағы поптан медет күтіп, дуаға қайтарма жасату үшін поп алдында кезекке тұрған мұсылмандардың аз да болса бар екені жасырын емес. Осы жағдайды кейбір топтар өздерінің жымысқы пиғылдары үшін өте шебер пайдаланып жатқаны және белгілі.

Осыған қарап халықтың ақидасы қалай ойран-далғанын, діннің асыл қалпын бұзу үшін қаншама әрекеттер жасалғанын, түрлі соқыр сенімдердің қитұрқы жолдармен дінге балама ретінде дамытылғанын көріп қынжыласың. Тіптен, кейбіреулер Аллаһқа, пайғамбарға, дінге сенбесе де бір мекеменің директоры болар-болмастарын, бір креслоны иеленер-иеленбестерін білу үшін тәуіптердің табалдырығын тоздырып жатады. Бір кісінің қызметтік лауазымының өсіп-өспейтінін білу үшін тәуіп жағалауы қандай ұят. Мұндайлар өмірлерінде бір сәт болсын ғаламдағы ең үлкен ақиқат «Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммадун расулуллаһ» сөзін сезіне алмаған болса керек. Тәуіпке сеніп, Аллаһқа иман келтіре алмау қандай қасірет десеңізші?

Осы жерде мына жайдың да басын ашып алу қажет. Дін мен діни мәселелер айтыла бастаса, «діни пропаганда» жасалуда деп шулайтындар тәуіп, бақсы-балгер, жын шақырушы мен сиқыршылардың әрекеттеріне міз бақпайды да. Теледидар каналдары мен газет беттерінде осындай мәселелер қаулап барады. Тіптен, кейбірі халықтық тұлғаға немесе жұлдызға айналып, адамдардың адасуына әдейі алғышарттар жасалып отырған жайы бар. Осының салдарынан халық отқа ұшқан көбелектей басын тауға да, тасқа да ұрып жатыр.

Дем салушылар арасындағы сыбайластық

Дуаның бар екені, әсер ететіні рас. Алайда барлық бәле-жаланы дуадан деп білу дұрыс емес. Адам басына келген бәле-жаланы дуадан көру түсінігінен арылуы қажет. «Дуаландым, жын соқты, пері жабысты» сынды қорқыныш пен үрейді жеңе білуі керек. Осындай жағдайлар кейбір адамдардың басына келуі әбден ықтимал. Алайда әркім бұл жағдайды да сынақ ретінде пайымдауы керек. Елді сиқыр мен дуадан қатаң түрде тыймаса, адамдардың болмашы жайт үшін тәуіпке жүгіруін тоқтату мүмкін емес. Бүгінде көптеген кісілер басы ауырса, жүрегі айныса, үйлену мәселесінде жолы болмаса, жұбайымен ұрысып қалса, әке-шешесімен арасы жақсы болмаса, бала-шағасына сөзін өткізе алмаса, жұмыстары алға баспаса, жұмыс орнында абыройлы бола алмаса дереу дуаландым деп ойлап, тәуіпке жүгіретін әдет шығарды.

Дуаландым деп секемденген жан бір дуашыдан келесі дуашыға жүгіріп, тәуіптердің жолын тоздырады. Мәселен, бір тәуіп келген клиентіндегі сиқырды қайтара алмаса, басқа бір досына жібереді. Ол да қайтара алмаса, үшінші бір дуашының жолын нұсқап: «Ол кісінің демі менен де күшті, тұмар жаздырып алсаң, бойыңдағы жын-періден түгелдей арыласың» деп қоя береді. Өзіндік еркі жоқ бейшаралар басқа бір дуашының есігін жағалайды. Кейде адамдар өткінші бір сәтке көңілі жұбаныш табуы да мүмкін. Біраз уақытқа дейін психологиялық тұрғыдан өзін жайлы сезінгендей болады. Таныстарына «Пәленше деген кісіге дем салдырып едім, сол заматта жақсарып кеттім» деп, өзгені де еліктіреді. Осылайша дем салушылардың әрекеті ұлғайтыла-ұлғайтыла бір адамнан келесі адамға тарап, ел арасында жаңсақ түсінік нығая түспек. Сөйтіп, адам бойында дем салдыруға деген психологиялық тәуелділік орнығып, біраз уақыт өтер-өтпес қайтадан тәуіп іздей бастайды. Жүре келе адам расында да жаман рухтардың ықпалына түседі. Содан кейін бұрынғы тәуіптеріне көңілі толмай, күштірек дем салушылар іздеп сабылады. Міне, осылайша дем салдыру деген үлкен бір сектор қалыптасады. Әзәзілдің арбауына барынша бейім осы бір сектор бүгінде күн санап ұлғайып барады. Бұл секторда сұраныс та, ұсыныс та бар. Ал бұл сектордың негізгі капиталы аңқау, сенімі бос, надан адамдар болып отыр. Дуаға құлай сенген аңқау жандар осы сектордың дамуына, ұлғаюына жағдай жасауда. «Аңқау елге арамза молда» демекші, кейбір алаяқ, қулар ғайып ілімі мен сиқырды білетінін, жындарға билік жүргізе алатынын алға тартып, адамдарды алдап, қапыда қалдырып жатыр. Олар клиентсіз қаламын деп қорықпайды. Өйткені қоғамда дінінен бейхабар, надан адамдардың көп екенін, оларды тұзаққа түсірудің оңай екенін жақсы біледі. Осы арқылы ақша тауып, дуаны кәсіп етіп жүр.

Айта кетер тағы бір маңызды мәселе, кейбір кісілер расында да дуаға, уәсуәсаға, күдік-күмәнға кезігіп, жаман рухтардың шабуылына ұшыраған болуы әбден мүмкін. Алайда адам мұндай жағдайға көбіне Аллаһтан, пайғамбарымыздан алыстау, Құраннан сырт айналу нәтижесінде тап болады. Ендеше, адамдар өздері үшін ең зәру құндылықтарынан айрылмаудың шарасын жасауы керек. Адам өзін Аллаһ тағалаға жақындататын себептерді іздеуі қажет. Аллаһ елшісін жанына жақын тұтып, Құранға көңілін айқара ашқаны абзал. Міне, осылайша рухани дүниеде келеңсіздік тудыратын түрлі қауіп-қатерге қарсы қорғанып, қорқыныштан арылады. Аллаһқа шынайы көңілмен бет бұрып, жан жүрегін Хақ тағалаға айқара ашып, шипаны тек Жаратушыдан тілесе, дұғасы қабыл, дертіне дауа болмақ.

Ел арасында аузының киесі бар Аллаһтың айрықша құлдары болады. Олар тек Аллаһ разылығы үшін дұға етеді. Ауру кісінің шипа табуы үшін түнде сәждеге бас қойып Хаққа жалбарынады. «Уа, Раббым! Шынайы шипа беруші жалғыз Сенсің! Мына құлыңа шипа нәсіп ете гөр! Оны адасушы адамдардың тұзағына түсіріп, азғындыққа сала көрме!» деп жалбарынады. Аллаһ тағала сүйікті құлының шынайы дұғасын қабыл алып, қаласа шипа нәсіп етеді. Міне, осы пайғамбарлардың, әулиелердің, Хақ достарының жолы. Осындай сенімді жол, Құран мен Сүннет сынды жаңылтпайтын темірқазық тұрғанда, өзге жақтан дертке дауа іздеу нағыз алданушылық. Діннің мәңгілік құндылықтарына ден қойғандар материалдық-рухани барша дертіне шипа табады. Хақ тағала белгілі бір хикметпен дертіне шипа бермеген күннің өзінде сабыр атты мықты қорғанды паналап, шыдап бағады. Бәле-жаланы берушінің кім екенін білгендіктен, сабыр сақтап, осы сабыр сауабы арқылы әулие, асфия, әбрар және муқаррабин дәрежесіне дейін жоғарылайды. Дүниеде едәуір сергелдеңге түссе де, ақыретте мол игілікке қауышатынын ойлап төзімділік танытады.

Осы тұрғыдан алғанда ұстанатын негізгі бағдарымыз Құран мен Сүннет болуы қажет. Адас-тырмас жолбасшымыз адамзаттың асыл тәжі мен әр дәуірде сахабалардың бағытын ұстанған ізгілердің жолы, солардың насихат-кеңестері. Барлық мәселе секілді метафизикалық мәселелерде де, аталған құндылықтарымызды мықтап ұстанып, соларға берік болуымыз қажет.

Сұрақ: Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дуаға қарсы оқыған қандай да бір дұғасы бар ма? Өзіне дуа жасалғанына секемденген жан қандай дұғаларды оқығаны абзал?

Жауап: Аллаһ елшісі (аләйһи әкмәләтут-тәһәйя) күн сайын жатар алдында екі қолын жайып, «Ықылас», «Фәлақ» және «Нас» сүрелерін оқып, қос алақанына үрлеп, сонан соң басы мен жүзінен бастап үш рет қолы жеткенше бүкіл денесін сипайтын. Хазірет Айша анамыз (р.а) Пайғамбарымыз аталған дұғаны жатардан бұрын үш реттен жасағанын жеткізген.

Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзіне сиқыр жасалғанын байқаған сәтте де осы сүрелерді оқып, Хақ тағалаға сыйынғаны белгілі. Екі алақанын жайып, «Ықылас», «Фәлақ» және «Нас» сүрелерін оқып, алақанына үрлеп, сосын басынан бастап аяғына дейін бүкіл денесін мәсіх еткен. Риуаяттар бойынша пайғамбарымыз мұны 11 рет жасаған. Әр жолы құдды бір түйін тарқатылғандай сезініп, жаны жай тапқан деседі.

Сондықтан осындай келеңсіз жағдайға тап болғандар «Ықылас» сүресі мен «Муаззәтәйн» деп аталатын «Фәлақ» және «Нас» сүрелерін 11 рет оқып, Пайғамбарымыздың жасағанын қайталағаны жөн. Бұған қосымша ретінде «Фатиха» сүресі, «Аятул-курси» және сенімді дұға жинақтарындағы «мәснун» (Аллаһ елшісінен жеткен) дұғаларды оқып, Аллаһтан шипа сұрауға болады. Мәселен, жын соққан адам «Фатиха» сүресін, «Бақара» сүресінің 1, 2, 3, 4, 5, 163, 164, 255, 284, 285 және 286- аяттарын, «Али-имран» сүресінің 18- аятын, «Ағраф» сүресінің 54, 55 және 56-шы аяттарын, Муминун сүресінің 116, 117 және 118-ші аяттарын, «Саффат» сүресінің алғашқы он аятын, «Хашір» сүресінің соңғы үш аятын, «Жын» сүресінің үш аяты мен «Ықылас», «Фәлақ» және «Нас» сүрелерін оқығаны абзал. Бұл дұғаны аталған дертке тап болған адамның өзі де оқи алады, жұбайлар немесе отбасының басқа мүшелері де бір-біріне оқи алады. Сонымен қатар, әр түнін таһажжудпен нұрландыратын, дұғасы қабыл болады деп үміт еткен, өзін Аллаһтың қарапайым ғана құлы деп санайтын, кішіпейіл, ықыласты адамдарға да дұға жасатуға болады.

Шипа беретін де, шынайы әсер еткізетін де Аллаһ тағала

Жоғарыда аталған дұғаларды оқып, дертіне дауа іздеген жан өзі тап болған келеңсіздіктерден тек Аллаһ тағала ғана шипа беріп, айықтыра алатынына нық сенімде болуы өте маңызды. Егер адамның сенімі әлсіз болса, Аллаһтың жалғыз ғана шипа беруші екеніне күдік-күмәнмен қараса, онда оқыған дұғалары пайда бермеуі де ғажап емес. Дегенмен шынайы ниетпен Аллаһқа жалбарынса, Құранның берекесімен, иншаллаһ, жазылып кетеді деген үміттеміз. Өйткені, Аллаһ тағаланың барлық нәрсеге құдіреті жетеді. Адамның басына келетін барша дерттің дауасын беретін тәуіп, бақсы-балгер емес, Хақ тағала. Басына іс түскенде Хақ тағалаға сыйынып, жалынып-жалбарынған жанға Аллаһ шығар жол нәсіп етеді, дертіне дәрмен береді. Әрине, адамның Аллаһтан басқаға сенім артып, шарасыз пенделерден медет күтпеуі аса маңызды. Аллаһ тағаланы жалғыз дара әсер етуші құдірет ретінде мо-йындап, тек Соған жалбарыну, тек Содан тілеу қажет.

«Бізді жоқтан жаратқан әрі бізге өмір беруші – Аллаһ, материалдық әрі рухани тұрғыдан барша қажеттіліктерімізді қамтамасыз ететін – Аллаһ, қарнымызды тойдыратын – Аллаһ, қоректендіретін – Аллаһ, ауырғанда шипа беретін – Аллаһ. Жанымызды алып, кейіннен қайта тірілтетін де – Аллаһ. Ұлы есеп күнінде күнәларымызды кешіреді деп үміт артатын Ұлы Раббым да – Аллаһ»[5] деген хазірет Ибраһим бізге қандай керемет өнеге. Міне, осындай берік иманмен әрекет етуіміз қажет. Аш қалсақ та, шөлдесек те, сүрінсек те, жығылсақ та, бәле-жалаға душар болсақ та, дұшпанмен бетпе-бет келсек те барлық жағдайда Аллаһ бізге жетеді. Аллаһтың қорғауы мен қамқорлығы тұрғанда басқа көмекшіге, дәнекерге қажеттілік жоқ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – сиқыршылардың тылсым күшпен тылсым істер жасай алатынына сену Исламға қайшы. Сиқырды арнайы нарықтық секторға айналдырып, адамдарды Аллаһтан және діннен алыстату, діннің орнына осы тектес тылсым нәрселерді қою – күпірлік болып саналады. Сиқырдың харам екенін біле тұра дуа жасау немесе жасаттыру ең берісі ауыр күнә. Адамның жеке басына немесе отбасына шынымен дуа жасалған күннің өзінде тәуіпке жүгіру, ел-жерді аралап дем салушының табалдырығын тоздыру, сиқырды кәсіп еткен алаяқтарға ақша төлеп, олардың қоржынын толтыру нағыз адасушылық. Иманы берік жандар басына түскен барлық істе белгілі бір хикмет бар екенін пайымдап, жалғыз ғана шипа беруші Аллаһтан ғана дертіне дауа сұрайды. Дем салу, сиқыр сынды хурафаларды әсте дінге балама ретінде көрмейді. Аллаһтың рұқсаты болмайынша, ешбір нәрсенің зияны да, әсері де болмайтынына нық сенім артып, Пайғамбарымыз бен оның ізін басқан ізгілердің жолын берік ұстанады.

[1] «Бақара» сүресі, 2/102
[2] «Исми-ағзам» – Аллаһ тағаланың барша есімдері арасында жасырулы тұрған ең ұлы есімі. Бұл есімді Аллаһ тағаланың айрықша құлдары ғана сездіріп, білдіреді.
[3] «Муқаррабин» – Аллаһқа жақын болғандар деген мағынаны білдіретін арапша сөз.
[4] «Таха» сүресі, 20/69
[5] «Шуара» сүресі, 26/78-82

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.