ИМАНИ ГҮЛДЕН НӘР АЛҒАН

Бүгінгі күні қазақ қоғамында бір қуанарлық жайт болса, ол кейінгі өскелең ұрпақтың руханиятқа деген алабөтен қызығушылығы. Әбден советтік идеологияның құрсауында келген қоғам ел болып, егемендікке қол жеткізгелі бері өзінің ата діні мен рухани негізін іздеуде. Ендігі жерде  бірнеше ғасыр бойы әлемде үстемдік етіп келген материалистік дүниетанымның дәурені бітіп, Құран ақиқаттары мен Жаратқанның заңдылықтарын терең тани білу кезеңі басталған сияқты.

Асылында қазақтың болмысы әу бастан мұсылман. Екіжүзділік пен түрлі сатқындық қасиеттер қазақ табиғатына жат. Адамдықтың негізі ұлттық тәрбиемен бірге өрілген болатын. Қаншама жылдар салтанат құрған құдайсыздық иделогия мұның бәрін күйретіп тынды. Алайда ұлттың рухындағы тазалықты, имандылықтың негізін жоя алмады. Себебі олардың ғасырлар бойы қалыптасқан берік қорғаны болды.

Көне әдебиет үлгілері мен түрік қағанаты дәуіріндегі әдебиеттен нәр алған Әл-Фараби, Ахмет Иассауи, Ахмет Иүгнеки, Қарахан әдебиеті, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқарилар көркем сөздің имани жүзін бал‑бұл жандырды. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиенбет, Марқасқа, Қожаберген, Ақтанберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар жыраулар жай көркемдік үшін жырламағаны тағы мәлім. Олардың жырларында Жаратқанның заңдылықтары, адамның адамдық келбеті мен ақырет күніне дайындық сынды мәселелер жырланды. Ұлттың азаттығын оның иманы, рухани болмысымен қатар жырлады. Мұның заңды жалғасы кешегі алаштың айбынды зиялылары болды. Алаштың азатшыл әдебиеті ең алдымен өз идеяларына адал болып, ар алдында таза болып ұлты үшін шейіт болды. Бұл да шынайы иманнан туындайтын жайт.

Қазіргі заман – Жаратқанға сенімнің, ақыретке сенімнің, өзіңнің кім болып жаратылып, мына жалғаннан кім болып кетеріңді ойланып толғанудың заманы. Бүгінде әсіре діншілдіктен гөрі қазақтың сайын даласында сан ғасырлар қалыптасып үлгерген саналы имани ілімнің заманы. Бұл тұрғыда қандай да бір мақсаттағы соққыларда сенім шайқалмас үшін терең теологиялық білім де қажет. Сол білімді заманның талабымен үйлестіре білу одан да маңызды. Міне, дәл осы тұрғыдан қазіргі ислам әлемінде өзіндік қолтаңбасымен танылған Фетхуллаһ Гүленнің парасат пайымы өзгелерден оқ бойы озық тұр. Ф.Гүлен тек шариғат айтып қана отырған жоқ. Ф.Гүленнің идеясымен әлемнің түкпір‑түкпірінде мектептер ашылып, жас ұрпақ заманауи жетістіктермен оқытылып, имандылық дәнегі  егілуде. Бұл адамзат тарихында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бастаған қасиетті жол. Мұны қазір төрткүл дүние мойындап отыр. Адамзат баласының асыл тәжіне айналған Пайғамбарымыз Алла Тағаланың ақырғы Елшісі, ең таңдаулы Құлы. Оның әрбір сәті адам баласына үлгі һәм шамшырақ.

Ислам ғалымы Фетуллаһ Гүленнің «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед Пайғамбар» атты еңбегі – Ақырғы Елшіге деген сүйіспеншілік симфониясындай әсер қалдырады. «...Хазіреті Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) ұлы тұлғасын жарқырата ашатын, дәріптейтін істері мен қасиеттерін санамалап жеткізу мүмкін емес. Оның адамзаттың азаттығы үшін арпалысқа толы өмірін, адам баласының жазылмас жараларын емдеудегі жанқиярлығын әрі осынау ұлы тұлғаны танытсам деген ниет басқа да қарапайым адамдар секілді менің де бар есіл-дертімді билеп алды. Сондықтан бұл менің мәңгілік арман-аңсарымды басатын және жүрегімнің қалауынан тұратын тақырыбым іспетті...» – деп басталатын бұл еңбектің әрбір тарауы еріксіз көңілдің күйін тербетіп отырады.

«Он төрт ғасырдан бері әлемдегі әйгілі кемеңгерлер, айтулы философтар мен ойшылдар, ғалымдар Оның артынан қол қусыра мүлгіп: «Сен – баршамыз мақтан тұтар ұлы тұлғамызсың», – деп, осы бір сабағына іңкәрлік ұялаған асыл сөзге имандай ұйып, жұлдыздардың шоғырындай бой түзеп келді.

Бұған ғасырымыздағы мұншалық ойраннан кейін әлі де біздің айшықты мұнаралардан «Әшһәду әннә Мухәммәдәр-Расулуллаһ» (Мұхаммед Алланың Елшісі екеніне куә етемін) асқақ жаңғырығын естіп,  Мұхаммеди рухтың әр жерде қанат жайғанына куә болып, күніне бес уақыт толқитынымыз дәлел. Адам нәсіліне қаны қас дін дұшпандарының қаскүнем әрекеттеріне қарамастан, буыны бекіп, бұғанасы қата қоймаған жастардың «Ахметтік ақиқатты» (с.ғ.с.) толық түсіне қоймаса да, жарыққа алып-ұшқан көбелектей Хазірет Мұхаммедке (с.ғ.с.) қарай ұмтылуы теңдесі жоқ ерлік. Заман біздің жан-жүрегімізден ойып тұрып орын тепкен, Ол әкелген ақиқаттардың ешбіріне қаяу түсіре алмады». Иә, шын мәнінде Пайғамбарымыздың өмір бойы насихат еткен ұлы құндылықтары күні бүгін жоғарыда да айтып өткенімізден қайта жаңа қарқынмен жаңғыруда. Бұл да болса Алланың құдіреті емес пе?!

Адам баласының жаратылыс мақсаты нендей? Оның Жаратушысы кім? Неге Алла Тағала адамды өзге тіршілік иелеріне қарағанда саналы етіп жаратқан? Құлшылық не нәрсе? Адамдық не нәрсе? Тіршілік не нәрсе? Міне бұл сауалдар әрбір пендеде болары хақ. «Ғаламның рахым нұры» тек Пайғамбарымыздың ғұмыр баяны емес, сол қасиетті ғұмыр иесі арқылы осы сауалдардың барлығына жауап болып өрілген.

Кітаптағы әрбір оқиға оқырманның иманына серт. Ақыретке деген сенімді нақты мысалдар арқылы береді:

Бір сахаба үйінде Құран оқып отырған екен. Оқыған Құраны тыстағыларға естіледі. Осы сахаба «Расында, Біздің алдымызда бұғаулар мен тозақ бар. Қақалатын тамақ әрі жан түршігерлік азап бар» (Мүззәмміл, 73:12-13) аятын оқығанда, сол жерден Алла Елшісі өтіп бара жатқан. Бірден түрі бұзылып сала берді де, тізерлеп жерге отыра кетті. Аяттар Оны сілкіп жатқандай болды.

Негізінде, ақыретін уайымдамайтын бір адам болса, соның нақ өзі – Алла Елшісі болуға тиіс еді. Бірақ, Ол бізге әдептілік пен тәлім-тәрбие беріп, Алла Тағаланың алдында қандай болуымыздың керектігін үйретіп кетті.

Абдуллаһ бин Мәсғұд айтады: Бір күні Алла Елшісі маған: «Құран оқышы, мен тыңдайын», – деді. Мен: «Пайғамбарым! Құран Саған түсіп тұрғанда, мен қалай Құран оқымақпын?» – деп сұрадым. Ол: «Құранды өзгеден тыңдаудың өзі ғанибет» деп жауап берді. Осыдан кейін «Ниса» сүресін басынан оқи бастап,  «Әр үмметке бір айғақ келтіріп, сені де оларға куә етіп келтірсек, қандай болар еді?» (Ниса, 4/41) аятына келгенде, «Жеткілікті, жеткілікті!» – деді. Басымды көтеріп қарасам, Алла Елшісі көзіне жас алып отыр. Тыңдауға жүрегі шыдай алмапты»[1] . Аят Оған ақыреттегі жан шыдатпас көріністі суреттеген болатын.

Кітаптың «Ешкімге тәуелсіз жандар» атты тараушасында мынадай тағылымды оқиға келтірілген:

Имам Мүслім және Бин Мәжә Ауф бин Мәліктен жеткізеді. Ауф бин Мәлік былай дейді: «Бір күні Алла Елшісінің жанында отырған едік. Шамамен тоғыз-он адамдай болатынбыз. Бізге: – Бият етіңдер, – деді. Бәріміз таңғалдық. Өйткені осы уақытқа дейін бірнеше мәрте бият (сенім, ант) еткен едік. Біз: – Уа, Алланың Елшісі! Қандай нәрсеге бият етеміз? –  деп сұрадық. Ол: – Алла Тағалаға құлшылық қылып, Оған ешбір ортақ қоспауға, бес уақыт намазды толықтай орындап, адамдардан еш нәрсе сұрамауға бият етіңдер! – деді».

Осы ақырғы сөзді айтқанда, ол даусын бәсеңдетіп, өзгелерге естілмейтіндей етіп айтты. Шамасы, басқа адамдардың естігенін қаламаған шығар. Басқаларға естіртіп, мына сахабаларды ұятқа қалдырмайын дегені шығар. Алла Елшісі өте сезімтал адам болатын. Ол қашан да алдымен достарының хал-ахуалын ойлайтын.

Арада жылдар өтіп, әлгі адамдардың көпшілігі кедейленіп, таршылықтың тауқыметін тартады. Алайда қанша тарықса да, көршіден жарты күлше нан сұрамай, ғұмыр кешті. Тіпті ат үстінде кетіп бара жатып, қолынан қамшысы жерге түссе, сол жердегі адамдардың біріне «ана қамшыны әперіп жіберші» деудің өзін кіріптарлық санағандықтан, өзі түсіп алатын болды[2]. Шамасы, Алла Елшісіне сөз берген соң, ешбірі де ешкімнен бір жұтым су да сұрамады.

Имам Бұхари Сахих кітабында айтады: «Хаким бин Хизам Алла Елшісіне келіп бір нәрсе сұрады. Хақ Пайғамбар оған сұрағанын берді. Бірақ Хакимнің сұрауы таусылмады. Ол қайта-қайта сұрап, Алла Елшісі қалағанын берді. Сосын оған былай дейді: «Дүние деген балдай тәтті, шып-шырын, әсем де жап-жасыл. Көпшіліктерің осыған байланып қалуларың мүмкін. Бірақ сендерге сұраусыз берілсе, мүбәрак болмақ. Ал егер сұрап алсаңдар, мойындарыңа жүк болып, кіріптар боласыңдар. Сақ болыңдар! Ешкімнен еш нәрсе сұрамаңдар! Одан кейін әлгі адам тіленшілік халге жетті. Хазіреті Әбу Бәкір де, Хазіреті Омар да оған садақа мен зекет тұрмақ соғыстан түскен олжаны да қабыл еттіре алмады. «Жо-жоқ» деп алған беттен қайтпады»[3].

Оның заманында Ислам Иран мен Тұранға дейін жайылды. Алайда Иранның мәдениеті бір басқа да, Тұранның мәдениеті бір басқа. Түркінің мәдениеті мен Римдіктердің мәдениеті мүлдем басқа еді. Соған қарамастан, Оның хабары ақиқат өлшемі бұлардың әрбіріне арнайы тігілген киімдей шап-шақ келді. Міне, мұғжиза! Иә, Оның жер бетін алақанына алып, барлығына сөзін өткізуі – үлкен мұғжиза. Һәм бұл мұғжиза да Оның Алла Тағаланың жіберген Елшісі екендігіне куәлік етеді. Яғни, Ол – Алланың Елшісі. Біздің айтқымыз келгені де осы.

Бір адам данышпандығымен өз заманының ерекше тұлғасы болуы мүмкін. Мысалы, Ескендір өз заманының дара тұлғасы атанған. Наполеон мен Цезарь да солай. Бірақ, күллі шартарапқа, әсіресе, өзінен кейінгі ғасырларға ұстаздық етіп, сол заманның елдеріне сөзін тыңдатып, өнеге көрсете алмады. Әкелген хабарының түгелдей сәйкес келуі – тек Пайғамбарымызға ғана тән нәрсе. Біздің бұған мұғжиза демеске басқа шарамыз жоқ. Негізінде, осы ғажайып табысты басқа сөзбен айту да мүмкін емес.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тәлім-тәрбиелік негіздері Құран Кәрім мен Сүннетте егжей-тегжейлі айтылған. Задында, басқасын былай қойғанда тек, Оның Құран Кәрімді адамдарға тәблиғ етіп, олардың болмысына  сіңдіруінің өзі аса ғажап. Тақырыбымыз Құран болмаса да, мынаны айтпай кетуге болмайды.

Адамзаттың ардақ тұтар Тұлғасы мектеп пен медресесі болмаған сауатсыз бір қоғамның ішінен шыққан еді. Ол бұл дүниеден өткен кезде, артында қалған елінің арасында жас баладан бір аяғы жерде, бір аяғы көрде болған кәріге дейін сауат ашпаған жан қалмаған болатын. Алайда қазіргі кезде осыншалықты мүмкіншілік пен қаншама күш-қайрат сарп етілсе де, алпыс бес жыл бұрын енгізілген латын әріптері арқылы толықтай халықтың сауатын аша алмадық. Алла Елшісі болса, небәрі, шамамен, жиырма жылдың ішінде баршаға иман келтіруге арқау болып, хат танытып, сауатын аша білді. Шамасы, ұлылардың Ұлысы ақырет әлеміне көшкенде, артында қалған серіктерінен Құран Кәрімді үйренбеген ешкім қалмады деп ойлаймын. Тіпті Құран оқу былай тұрсын Мәдинаның егіншілері жер жыртып жүріп, Құранның жеті, яки он «қәріпті» оқуын білген.

Алғашқыда сол кезеңнің адамдары барлық жамандықтарды жасауға лайық жандар болатын. Хақ Пайғамбардың ғажап жүйесі оларды тазартылып қайта құйылған сом алтындай етті. Мысалы, Құран Кәрім оларға «Алла үкімін берді. Одан өзгеге құлшылық етпейсіңдер және ата-аналарыңа да жақсылық жасайсыңдар» (Исра, 17/23), – дейді. Осы жарлық сол күнге дейін ата-анасын тыңдамай, тіпті оларға қатыгездік жасаған әлгі адамдарға қатты әсер етеді. Тіпті олардың бірі Алла Елшісіне келіп, әкесі баласына қарағанда, ол күлімдеп қарамаса, оған қандай жаза берілетіндігін сұрай бастайды.

Және Құран Кәрім «Жетімнің малына жақындамаңдар» (Әнғам, 6/152; Исра, 17/34) мағынасындағы аяты түскенде де, мұсылмандарға өте қатты әсер қалдырды. Артынша бірнеше адам Пайғамбарға келіп, қолдарындағы аманат етіп ұстаған жетімнің мал-мүліктерін өздеріне қайтарып берсек қайтеді деп сұрады. Назар салсаңыз, аят «жетімнің малын жемеңдер» демейді, «сол малға жақындамаңдар» дейді. Осындай аса қиын мәселеге сахабалар сақ қарап, қолындағы жетімнің малынан құтылғылары келді. Енді қараңыз! Кеше ғана жетімге адам деп қарамай, дүниесін тартып алуға тырысқан мына адамдарға бүгін не болған? Неге бірден аяқ астынан өзгеріп сала берген?

Зина кең етек алып, қоғамда үйреншікті әдетке айналған болатын. Мұндай қылықты сол қоғамда жатырқайтын адам кемде-кем болған. Осы кезде Құран түсіп: «Зинаға жақындамаңдар» (Исра, 17/32) жарлығы келді. Жарлықтың жария болғаны сол екен, зинақорлық бірден пышақ кескендей тыйылып сала берді. Иә, одан кейін сол заманда зинақорлық бір-екі рет қана қайталанады.

«Сүйер ұлың болса сен сүй; сүйінерге жарар ол» дейді ғой дана Абай. Адамзат тарихында өшпес із қалдырған Пайғамбарымыз деген кіршіксіз сүйіспеншілік пен адалдықтан туған бұл еңбекті тебіреніспен оқымау мүмкін емес. «Ғаламның Рахым Нұры» – тұла бойы тұнып тұрған тағылым әрі өмірлік ұстаным шамшырағы. Бұл аталмыш еңбектің ізімен жүріп өткендегі шынайы ризашылық. Сондықтан сүйіспеншілік симфониясындай мұндай еңбектерді дәріптеуіміз керек. Ф.Гүленнен бізге жеткен бұл еңбекті оқу Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігімізді тіпті де тереңдете түседі.


[1] Бухари, Тәфсир, (4), 9; Муслим, Мусәфирин, 247-248.
[2] Муслим, Зәкәт, 108; Бин Мәжә, Жиһад, 41.
[3] Бухари, Уәсәя, 9.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.