Ислам мен демократияға салыстырмалы көзқарас

Соңғы уақытта діндердің ішінде әсіресе, ислам діні жайында әңгіме қозғау – ең күрделі тақырыптардың біріне айналып отыр. Қазіргі мәдениет оған антропологиялық, теологиялық, психологиялық немесе психоанализдік тұрғыда қарап, оны эмпирикалық әдістермен бағалайды. Бір жағынан алып қарасақ, дін – адам өмірінің өзгермейтін әрі мәңгілік аспектілеріне қатысы бар, іштей сезінетін құбылыс. Ал келесі бір жағынан алғанда, кейбір адамдар дінді философия деп, яки рационалды ұстанымдардың жиынтығы немесе жай мистицизм деп те қарастыруы мүмкін. Ал бұл мәселе ислам дініне келгенде одан сайын күрделене түседі, себебі кейбір мұсылмандар мен саясаткерлер оны дін ретінде емес, саяси, әлеуметтік және экономикалық идеология деп те тұжырымдайды.

Егер де біз дінді, демократияны, кез келген жүйені, не философияны егжей-тегжейлі сараптағымыз келсе, онда назарымызды толықтай адам табиғаты мен өміріне аударуымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда дінді, соның ішінде исламды демократиямен, кез келген саяси, әлеуметтік не болмаса экономикалық жүйемен дәл сол негізде салыстыруға болмайды. Дін өмір мен болмыстың өзгермейтін, бұлжымайтын аспектілеріне негізделген, ал саяси, әлеуметтік, экономикалық жүйелер мен идеологиялар біздің дүниелік өміріміздің үнемі өзгеріп, құбылып тұратын қоғамдық аспектілеріне ғана көңіл аударады.

Діннің қарастыратын өмір аспектілері адамзат пайда болғаннан бері өзектілігін танытып келеді, әрі бұл келешекте де осылай бола бермек. Ал материалды жүйелер болса жағдайға сай өзгеріп отырады, сол себепті олар өмір сүрген уақыт аралығын есепке ала отырып қана бағаланады. Исламның негізгі қағидаларын құрайтын Аллаһқа, ақырет әлеміне, пайғамбарларға, қасиетті кітаптарға, періштелер мен жазмышқа сену секілді исламның басқа да бас-ты қағидалары уақыт ағысымен өзгеріске ұшырамаған. Аллаһқа құлшылық етудің бұлжымайтын қағидалары мен моральдық құндылықтардың да құбылмалы дүние тіршілігімен қатысы жоқ.

Сол себепті, дінді немесе исламды демократиямен салыстырғанда, демократияның – әрқашан дамып, әрі сыртқы пішінін өзгертіп отыратынын ескеруіміз керек. Демократия сонымен қатар орта мен тіршілік шарттарының ыңғайына қарай түрленіп отырады. Екінші жағынан дін сенімге, Аллаһқа құлшылық ету мен адамгершілікке қатысты бұлжымайтын қағидаларды бекітті, сондықтан исламның осы дүниеге қатысты аспектілерін ғана демократиямен салыстыруға болады.

Исламның басты мақсаты, оның мызғымас ақиқаты өміріміздің үнемі өзгеріп отыратын жақтарын қадағалайтын заңдарға әсерін тигізеді. Ислам басқарудың қатып қалған формасын ұсынбайды, оны қалыптастыруға да тырыспайды. Есесіне, басқарудың жалпы жобасына бағытталған негізгі ұстанымдарды орната отырып, уақыт талабына сай басқарудың түрін адамдардың жеке таңдауына қалдырады. Егер бұл мәселеге осы тұрғыдан қарап, исламды бүгінгі күннің либералды демократиясымен салыстырсақ, ислам мен демократияның қалай үйлесетіндігін жақсы түсінген болар едік.

Демократиялық идеялардың түп-төркіні көне замандардан бастау алады. Қазіргі либералды демократия американдық (1776ж.) және француздық (1789-99ж.ж.) революциядан кейін пайда болды. Демократиялық қоғамда адамдарды біреу басқармайды, керісінше олар өздерін-өздері басқарады. Мұндай саяси жүйеде жеке тұлға қоғам алдында бірқатар артықшылықтарды иеленеді, еркін болғандықтан қалай өмір сүру керектігін өзі анықтайды. Солай бола тұра, индивидуализм абсолютті болып табылмайды. Адамдар қоғамдық өмірде жақсы жағдайларға қол жеткізеді, ал бұл дегеніңіз олардан қоғамдық өмір өлшемдеріне сай икемделу мен өз еркіндігін шектеуді талап етеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Барлық адамдар тарақтың тістеріндей бір-бірімен тең» - дейді. Ислам адамдарды бет-әлпетіне, жасына, ұлтына, нәсіліне, сыртқы дене бітіміне қарай бөлмейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осыны ұқтырып: «Барлығың да Адам атадан тарадыңдар, Адам ата болса топырақтан жаратылды. О, Құдайдың құлдары, бір-бірлеріңмен бауыр болыңдар» деген.

Басқалардан бақуатты, күштірек болса да, ақсүйек отбасыға немесе этникалық топқа жатса да, адамның өзгелерді басқаруға тумысынан құқы жоқ.

Сонымен қатар ислам діні мынадай негізгі ұстанымдарды жақтайды:

1. Күш ақиқатта, «Ақиқат – әрдайым күштінің жағында» деген қасаң идеяны жоққа шығаруды;

2. Әділдік пен заң – ең басты қажеттіліктер санатында деген тұжырымды;

3. Наным-сенім еркіндігі, өмір сүруге деген құқық, жекеменшіктік, сонымен қатар тән саулығының (физикалық және рухани түрде) бұзылуына жол берілмеуді;

4. Құпияның сақталуына кепілдік пен жеке өмірге қол сұқпаушылық;

5. Кінәсіздік презумпциясы. Ешкімнің де бір қылмыс үшін дәлелсіз айыпталып, немесе өзге біреудің жасаған қылмысы үшін жазаланбауын; 

6. Атқарушы билік жүйесінің ашық кеңесушілікке негізделуі;

Барлық құқық бірдей маңызды, жеке адамның құқығы қоғам пайдасы үшін аяққа тапталмайды. Ислам бойынша қоғам - таңдау еркіндігі мен өзіне де, өзгелерге де жауапкершілігі бар саналы тұлғалардан тұрады. Оның үстіне ислам әлемдік аспектіні қосу арқылы тағы бір қадам алға шығады. Ол диалектикалық материализм мен историцизм секілді фаталистік және ХІХ ғасырдың батыстық кейбір философиялық ағымдардың пікіріне қарама-қайшы адамзатты тарихтың «жүрегі» деп көреді. Тұлғаның еркі мен мінез-құлқы оның осы өмірі мен ақыреттік өмірінің нәтижесін көрсеткеніндей, қоғамның дамуы мен құлдырауы да мүшелерінің еркі мен әлемге көзқарасын, өмір сүру салтын анықтайды. Құранда: «Расында, бір қауым өз-өзін өзгертпейінше, Аллаһ оны өзгертпейді» делінген (Рағыд сүресі, 11-аят). Басқаша айтқанда, әрбір қоғам өз тағдырын өзі басқарады.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) келесі бір сөзінде бұл жайт тағы да баса айтылған: «Өздерің қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар». Міне, бұл ислам қағидаларына қайшы келмейтін, демократияның рухы мен негізі болып табылады.
Ислам діні жеке тұлға мен қоғамды өз тағдырларына жауапты деп санағандықтан, адамдар өздерінің қалай басқарылып жатқандарына да жауапты. Құран қоғамға: «Уа, адамдар!» және «Уа, иман иелері!» деп үн қатады. Қазіргі демократиялық жүйелерге жүктелген міндеттемелер – исламның қоғамға ұсынған және маңыздылығына қарай «орындалу үшін ұсынылатын және қажеттілігіне қарай абсолютті қажеттілік» ретінде жүйелеумен бірдей міндеттемелер. Құранда төмендегідей аяттар бар: «Әй, иман етушілер! Барлығыңыз бірге бейбіт әрі сәлеметпен кіріңдер, шайтанның ізімен жүрмеңдер» (Бақара сүресі, 208-аят) «Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларынан, тиісті орынға жұмсаңдар» (Бақара сүресі, 267-аят); «Әйелдеріңнен зина қылғандарға өздеріңнен төрт куә келтіріңдер (оны дәлелдеу үшін)» (Ниса сүресі, 15-аят); «Негізінен Аллаһ сендерге аманатты өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасында төрелік етсеңдер, әділдікпен төрелік етулеріңді бұйырды» (Ниса сүресі, 58-аят); «Тіпті өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да әділдікті берік ұстаныңдар, Аллаһ үшін куәгер болыңдар, бай немесе кедей болса да» (Ниса сүресі, 135-аят); «Егер олар бейбітшілікке ыңғай білдірсе, онда сен де бейбітшілікті жақта» (Әнфал сүресі, 61-аят); «Әй, мүміндер! Пасық біреу бір хабар жеткізсе, оның дұрыс-бұрыстығын анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге зияндарың тиіп, артынан жасаған істеріңе өкінесіңдер» (Хұжырат сүресі, 6-аят); «Шын мәнісінде мүміндер туыс қой. Егер мүминдер арасында кикілжің бола қалса, дереу араларын жарастырыңдар» (Хұжырат сүресі, 9-аят).

Сонымен жоғарыдағыларды түйіндей келе, Құран Кәрім барлық қоғамға қандай міндет жүктесе, қазіргі демократиялық жүйелер де соны ұстанатынын айта кеткеніміз жөн.

Адамдар осы міндеттерді орындай отырып, бір-бірімен қарым-қатынас орнатады, оны іске асыру үшін арнайы мекемелер құрады. Үкімет осы барлық мекемелерді біріктіреді. Осыған орай, қоғамдық келісім негізінде, ислам осындай үкіметті ұсынады. Адамдар басшыларды таңдайды және қоғамдық мәселелерді талқылап, шешетін мемлекеттік ұйым құрады.

Қоғам әкімшілік тексеруге, олардың жұмыстарына қатыса алады. Жоғарыда келтірілген негізгі ұстанымдар бойынша, еркін сайлауды қосқанда бұл алғашқы төрт халифаның кезінде ерекше қадағаланған. (632-661ж.ж). Төртінші халифа Әли (р.а.) дүниеден озғаннан кейін, ішкі қақтығыс пен әлемдегі жағдайға байланысты саяси жүйе патшалыққа ауыстырылды. Патшалық кезеңінің халифаттан ерекшелігі, билік мұрагерлікпен бір ғана әулет мүшелеріне беріліп отырады. Еркін сайлаулар жүргізілмегенімен қазіргі либералды демократияның барлық негізгі қағидалары сол уақытта да сақталды.

Ислам – қоғамның басын біріктіретін дін. Ол әлемдердің Жаратушысы, Раббысы, Қорғаушысы және Басқарушысы болып табылатын бір Аллаһқа иман етуге негізделген. Ислам – күллі жаратылыстың діні. Бұл дегеніңіз, күллі әлем Аллаһтың заңдылықтарына бағынады деген сөз, олай болса, әлемнің барлық кішкентай бөлшектеріне дейін «мұсылман» болып табылады және Аллаһқа мойынсұнады, Оның заңдарына бағынады. Тіпті Аллаһқа сенуден бас тартқан немесе басқа діннің өкілі болса да, ерікті-еріксіз мұсылман болып табылады, өйткені оның денесі – әлемнің бір түйір бөлшегі. Оның бүкіл өмірі: эмбрионалдық сатыдан бастап, денесінің шіріп кетуіне дейінгі аралық кезең, денесінің әрбір бұлшық еті Аллаһтың жазған жолымен жүреді. Бұдан түйетініміз, исламда Аллаһ Тағала, табиғат және адамзат бір-бірімен тікелей байланысты және бір-біріне жат емес. Аллаһ өзін табиғат пен адамзат арқылы танытады, ал табиғат пен адамзат болса, әрбір әрпі Аллаһты танытатын ғаламның қос кітабындай. Бұдан адамзат өзінің және барлық нәрсенің иесі – Аллаһ екеніне көз жеткізеді, сондықтан Оған бүкіл әлемнің жат болуы мүмкін емес. Сол себепті Оның мейірімі, сүйіспеншілігі мен көмегі белгілі бір түр-түспен, этникалық ерекшелікпен шектелмейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны: «Ей, Аллаһтың құлдары, бір-бірлеріңе бауыр болыңдар!» деп түйіндеген.

Келесі бір маңызды мәселе, ислам өзіне дейінгі барлық діндерді мойындайды. Ол күллі пайғамбарларды және тарихи кезеңдердегі әр түрлі адамдарға түскен қасиетті кітаптардың ешқайсысын жоққа шығармай, түгелдей растайды. Ислам оларды тек қабылдап қана қоймай, оларға сенуді әрбір мұсылман үшін ең қажетті иманның негізгі шарттарының бірі деп қарастырады. Ол барлық діндердің негізінің бір екенін мойындайды. Сонымен қатар мұсылмандар Ибраһим (ғ.с.), Мұса (ғ.с), Дәуіт (ғ.с.), Иса (ғ.с.) және басқа да пайғамбарларымыздың шынайы ізбасарлары болып саналады. Тарихқа жүгінсек, ислам мемлекеті билік еткен тұста христиандар мен еврейлер өздерінің діни құқықтарын сақтап қалуы осының айғағы болып табылады. Ислами әлеуметтік жүйе тек Аллаһ разылығын көздейтін жанашыр қоғам құруға тырысады. Күш қолдану мен өшпенділікке жол бермей, қоғамдық өмірдің негізі ретінде құқықты мойындайды. Қарым-қатынас дау тудыратын жеке бастың мүддесіне емес, өзара сенімділік, сүйіспеншілік, сыйластық, мейірімділік пен түсіністікке негізделуі керек. Әлеуметтік сана жеке бастың мүддесі мен қалауын іске асыруды ғана емес, керісінше ұшқыр ойлар мен кемелдікке жетелейді. Құқық бірлікті қарастырады, жақсылыққұмар жан өзара қолдау мен татулықты қамтамасыз етеді, ал сенім адамдар арасындағы бауырмашылдық қарым-қатынас орнатуға кепілдік береді. Жан дүниеміздің рухани жағынан кемелдікке ұмтылуы бізді бұл дүние мен ақыретте үлкен бақытқа бөлейді.

Демократия уақыт ағысымен дамыды. Ол бұған де-йін қалайша көптеген кезеңдерді басынан кешірсе, алдағы уақытта да дәл солай дамып, жетіле бермек. Ол өз жолында ақиқат пен қайырымдылыққа негізделген адамгершілікке бай, әділетті жүйеге айналады. Егер демократия адамдарды басыбүтін біртұтас күйде, яғни оның жаратылысы мен рухани сұранысын көзден таса қылмай, адамзат өмірінің материалдық әлеммен ғана шектелмейтіндігін әрі адамдардың барлығының мәңгілікке ұмтылатындығын ескере отырып қарастырса, онда ол өз кемелдігінің шыңына шығып, адамзатқа анағұрлым көбірек бақыт сыйлайды. Ислами тепе-теңдік ұстанымы мен әділдік, төзімділік қағидалары аталмыш құндылықтарды іс жүзіне асыруға көмектеседі.

Бұл мақала алғаш САИС Ревьюда басылып шықты, 21:2 (жаз-күз 2001):133-38.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.