Бала алдындағы жауапкершілік
а) Тәрбиеге лайықты орта
Балаларыңыздың тәрбиелі болып жетілуі үшін оның ортасы да жақсы болуы шарт. Иә, шындығында әрбір жас өскін ортасына қарай бой түзейді. Қандай ортада өскен болса, сол ортаның жемісі саналады. Орта дегенде тілімізге ең алдымен отбасы оралады. Сондай-ақ, мектеп, құлын-тайдай тебісіп өскен достары, жора-жолдастары, құрбы-құрдастары да баланың ортасы болып табылатыны белгілі. Бұған қоса күнделікті асханасы, киім тіктіретін орны, ағаш шеберханасы, киім тазалау орны, азық-түлік дүкендеріндегі адамдарды да бұған жатқызуға болады. Сіз, егер, балаңыздың бойынан қандай да бір келеңсіздікті байқап қалсаңыз, оның жиі бас сұғатын орындарын анықтап алыңыз. Баланың бойынан көріне бастаған жаман әдеттердің алдын алмасаңыз, әйтеуір бір күні әлгіндей жаман әдеттердің баланы бұзатыны белгілі. Иә, балаңыздың аралас-құралас жүрген ортасы бұзылған болса, соларға еріп, бір күні балаңыздың да бұзылатынын жоққа шығара алмайсыз. Сондықтан, тәрбиені отбасынан бастағаныңыз секілді, баланың өмір жолының әрбір қадамы мен әрбір араласқан ортасын да бақылауда ұстап, оның адамгершілігі мол азамат болып өсуіне жағдай туғызуыңыз шарт. Өйткені, болары болып, бояуы сіңіп қойғаннан кейінгі әрекетіңізден ештеңе өнбейді.
ә) Арам ас жегізбеу
Ана құрсағында пайда болғаннан бастап, баланы адал аспен қоректендірудің маңызы зор. Мына жайтты ерекше есте ұстаған жөн: ата-анасының істеген амалдары ана қарнындағы баланың рухани жетілу үдерісіне әсерін тигізбей қоймайды.
Айталық, сіздің не жұбайыңыздың бойында бір түйір арам нәрсе болса, бұл балаңыздың түзу жолдан таюына себепкер болуы мүмкін.
б) Сұқ көздерден сақтау
Бала дүниеге келгеннен кейін тамағына, күтіміне ерекше мән бергеніміз секілді оны сұқ көздер мен жаман пиғылды адамдардан да сақтауымыз керек.
Айталық, балпанақтай балаға қара ниетті, адам сүйер қылығы жоқ, тілі ащы, күнәһар адам сұқ көзін қадаса, әйнектің морт сынғанындай баланың ішкі нәзік сезімдерінің де тас талқаны шығуы ықтимал.
Осы жайттар баланың Аллаһпен, дінмен арадағы қарым-қатынасын бекем ету тұрғысынан ата-ананың мойнындағы міндеттер қатарына жатады. Ата-аналар осындай міндеттерін толыққанды орындаса, ізгілерден құралған нағыз ізгі қоғам орнар еді.
в) Жанұяны түзеу
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінің бірінде: «Баланың аузынан шыққан алғашқы сөз «Лә иләһа иллалаһ» болуы керек»[1] делінген.
Баланың аузынан шығар алғашқы сөз әрине «әке» не «шеше» болуы мүмкін. Бірақ, ең дұрысы – «Аллаһ»[2] деп айтуға тәрбиелеген жөн. Өйткені, Аллаһ тағала әуелден бар, Ол мәңгілік, бастауы мен соңы жоқ, шексіз құдірет иесі. Осы ұлы ұғымнан кейін барып, бала бойына оның жас мөлшеріне сай отан, туған жер, ту, тәуелсіздік, егемендік секілді қастерлі ұғымдар сіңіріледі. Сондай-ақ, алғашқы бастауыш мектепте өз деңгейіне лайық мәлімет беру керек. Колледжде пәлсафа, әлеуметтану секілді қоғамдық пәндерді оқыған шақта сол кездегі деңгейіне сай ақпараттармен қамтамасыз еткен жөн. Бір шаңырақта дінге деген ерекше құрмет болып, отбасы мүшелері ұдайы Аллаһ жайында сөз етсе, баланың тілі кәлимаға тез сынады. Иә, бір үйде Аллаһ деп иіліп рукуға барып, сәждеге жығылатын жандар болса, Аллаһ деген сөзді құрметпен атаса, онда баланың да алғаш рет «Аллаһ» деп айтуы жеңілдейді. Өйткені мұндай үйде кез келген нәрсе өз шырайын тауып тұрады.
г) Сүйіспеншіліктің мөлшерін анықтай білу
Хақ тағала нәресте нәсіп етсе, Құран аятында ескертілгендей, Аллаһқа деген махаббатын сәбиге деген махаббатпен алмастырмауы тиіс. Өйткені Аллаһ тағала оны ширк деп қабылдайды. Есіл-дерті балаға ауып, Аллаһты ұмытып кету – қателік. Қандай да бір өлшемнен шығып кететін әрекеттерге апаратын сүйіспеншілік зиянды. Мұндай әсіре сүйіспеншілікке Аллаһ тағала тыйым салған. Аллаһқа көрсетілуі тиіс сүйіспеншілікті өткінші әрі келте ғұмырдың алданышына айырбастасаңыз, бұл кейде Аллаһтың қаһарына себеп болуы мүмкін.
Иә, сүйіспеншілікте мынадай өлшемдерді ұстану аса маңызды.
1. Жүрегіңіз тек Аллаһ деп соғуы керек. Аллаһқа деген махаббатыңызға қылау түспесін десеңіз, жүрегіңізде бөгде нәрсеге орын бермеңіз.
2. Нәресте бізге берілген аманат, мұны білуіміз керек. Балаға көрсеткен сүйіспеншілігімізді сол аманатқа қарау үшін берілген сыйақы деп түсінгеніміз абзал. Иә, сіздің балаға деген сүйіспеншілігіңіз рахман әрі рақымды Аллаһтың сыйы, өзіңізге табысталған аманатқа қиянат жасамау үшін берілген.
ғ) Өнегелі болу
Жеткіншектерге беретін барлық іс-әрекетіміз үлгі-өнегеге негізделуі тиіс. Иә, оларды жан-жақты тәрбиелегіміз келсе, бұған атүсті қарамай қырағылық танытқанымыз жөн. Мәселен, ұрпағымыздың намаз оқығанын көргіміз келсе, онда олардың көз алдында үлгі көрсетіп намаз оқуымыз керек. Аллаһқа деген сый-құрметімізді ашық көрсете білгеніміз жөн. Үнемі шындықты ғана айтып, өтіріктен аулақ болғанымыз дұрыс. Балалардың әбес сөйлемегенін қаласақ, аузымыздан жаман сөз шықпауы тиіс, абайсызда олардың жанында жаман сөз айтып қалсақ, оның есінде сақ-талып қалмау жолдарын қарастыруымыз керек. Егер балалардың арлы болғанын қаласақ, соны алғашқы болып іс жүзінде өзіміз көрсетуміз керек.
Құран кәрімнен бас алмайтын, Құрандағы ақиқат-тарға көзі ашық азамат болғанын қаласақ, үйдегілерге Құранды естірте талқылап, Құранның биік ұстаным-дарына құрметпен қарауымыз керек. Бұл балалардың Құранға деген құрметін қалыптастырады.
Түптеп келгенде, айтылған сөз адамның іштей сезінгені, көңілге тоқығаны, іс-қимылы – бұлардың бәрі отбасындағы ең ықпалды білім ошағы болып табылатынын баса айтқым келеді. Әйтпесе, мәселені басқа біреуге сілтеп «мынаған бірдеңелер айтып түсіндірші» дей салғанмен балаға ештеңе түсіндіре алмайсыз.
д) Бала бойында жақсылықты қадірлей білетін қасиетті қалыптастыру әрі Аллаһқа деген сүйіспеншілігін ояту
Бастауышқа дейін, тіпті одан кейін біршама уақыт баланың діни міндеттерді атқаруына талап қойылмайтыны белгілі. Бұл аралықта ораза ұстап, намаз оқымағаны үшін, яки діни міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін баланы мазалауға болмайды. Алайда оның намазға жығылғанын немесе ораза ұстағанын күтіп, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Балаға дәл осы кезеңде айтылған, түсіндірілген жайлардың өмір бойы ұмытылмастай жадында жатталып қалатынын естен шығармаған абзал. Баланы жақсылықты қадірлей білетін ізгі тәрбиемен сусындату қажет. Иә, олардың жақсылықтың қадірін біліп өсуі аса маңызды. Балалар өздеріне жасалған жақсылықтарды білуі тиіс, көрген жақсылығы үшін адамдарға да, Аллаһқа да рахмет айтуы керек. Бұл қасиеті кейін кемеліне келіп, Аллаһтың бұйырған рызық-несібесіне шүкіршілік айтып, мақтау білдіретін, адамдардың жақсылығына рахмет айтатын адамға айналады. Иә, балаларымыздың бойына жақсылық жасау мен жақсылықтың қадіріне жету қасиеттерін қатар сіңіріп, оларды асыл тастардың қадір-қасиетін білетін зергерлер секілді адамдарға айналдырып, адамгершілік қасиеттермен қатар бойларына сенім ұялатуымыз қажет. Бара-бара «Аллаһ – Ұлы» дегені секілді адамдардың да жақсылықтарын білетін болады. Кейін бұл оның қанына сіңісті қасиетке айналып, әр нығметке шүкіршілік айтып жүреді.
Осыған қатысты тағы бір мәселе бар. Балаға бізді орасан нығметке бөлеген Аллаһтың Рахман және Рахим сипатына ие екенін санасына сіңіру керек. Аллаһтың бізді қалай қоректендіріп, қалай асырап-өсіргенін түсіндіріп, бізге қаншалықты сүйіспеншілікпен қарайтындығын сездіріп, «Ол өте мейірімді, бізді қорғайды, күллі бәле-жаладан, жамандықтардан сақтайды» деп, баланың Аллаһқа деген сенімі мен махаббатын ояту қажет. Тіпті жаңа туған нәрестенің де, қала берді құрт-құмырсқаға шейін Аллаһтың мейірім, рақымдылығымен тіршілік ететінін оңай түсінетін тілде айтып жеткізіп, баланың Жаратушымен жақын байланыс құруына жағдай жасауымыз керек.
Осыдан барып баланың санасында барша ғалам Аллаһтың Рахман, Рахим есімдерін айшықтайтын жаратылыс ретінде сіңіп, барлық игіліктің иесі Аллаһ екенін біліп жүретін болады. Игіліктер үсті-үстіне жауған сайын адамның жан сарайы қанағаттанып, шүкір айтудан ләззат алатыны анық.
Алайда осы жайттардың барлығында да баланың жас мөлшері есепке алынуы қажет. Мәселен,
«Аллаһ болмаса, алма ағашы жеміс бермейді.
Аллаһ болмаса, жануарлардан сүт шықпайды.
Аллаһтың рақымы болмаса, көктен жаңбыр жаумайды.
Жаратушы ие мейірімділік танытпаса, жерге шөп бітпейді.
Аллаһ қаламаса, біз сөйлей алмаймыз.
Аллаһ күлдірмесе, біз күле алмаймыз.
Аллаһ естіртпесе, біз ести алмаймыз.
Асқазанымыз да, бүйрегіміз де жұмыс істемейді.
Иә, бұлардың барлығының иесі – Аллаһ, балам.
Бұларды біз жасаған жоқпыз, барлығын да Аллаһ жаратты.
Барлығы Соның басқаруында.
Ендеше, балам, осы жақсылықтарды бізге берген,
Бұларды осы күйінде әзірлеген.
Аллаһқа деген махаббатымыз асып-төгілсе,
Бұл берген несібелерін арттыра түсері анық.
Алайда мұнша жақсылықтардың қадірін біл-месек,
Онда Аллаһ бергендерін қайта алып қояды.
Я болмаса, барша игіліктерден бізді мақұрым етеді»[3] – деп үнемі шүкіршілігімізді білдіріп отыруымыз керек.
Иә, осылардың барлығын іс-әрекетімізбен, айтқан сөздерімізбен, қас-қабақ, шын ықылас-пейілімізбен балаға сездіруге тырысуымыз керек.
е) Іс-әрекетімізбен, мінез-құлқымызбен (лисан-ы хал) өнеге болу
Тәлім-тәрбие берудің ең тиімді жолы – іс-әрекетпен үлгі көрсету. Балаларға ой салу үшін отбасындағы жағдаяттарды ретке келтірудің, тәртіптің мәні ерекше. Айталық, түнгі тахажжуд намазын шама келсе баланың ояу кезінде оқыған ләзім. Сізді түн қараңғылығында Жаратқан көріп тұрғандай сәждеден бас алмай бар дүниені ұмытып, намаз оқып жатқаныңызды байқаған балаңыздың балғын санасында бұндай әрекетіміз қандай жағымды әсер қалдыратынын өзіңіз де аңғара бермеуіңіз мүмкін. Мұны көрген бала «Апыр-ай, түннің бір уағында намаз оқудың, егіл-тегіл көз жасын төгудің мәнісі не?» деп ойлары анық. Ал егер оны сізден сұрар болса, сіз Аллаһтың жақсылықтарынан мақұрым қалам ба деп қорқатыныңызды, азабына душар болам ба деп үрейленетініңізді жайлап құлағына құясыз. Аллаһты жақсы көретініңізді әрі одан қорқатыныңызды, оны барынша құрметтейтініңізді, үнемі Аллаһтың бақылауында екендігіңізді бала жанына сездіресіз. Сеніміңізге ыждаһатпен қарайтыныңызды, егер бар болса ішкі тереңдігіңізді байқатуға тырысасыз. Әйтпесе, әлі өз болмысыңызға сіңе қоймаған, өзіңіз әлі жырақ жүрген жайттарды айтуға талпынсаңыз, бұл оның сізге деген сеніміне сызат түсіреді әрі ешқандай оң нәтижеге қол жеткізе алмайсыз.
Айша анамыздан (р.а.): «Пайғамбарымыздың мінезі қандай еді?» – деп сұрағанда: «Сіздер Құран оқымайсыздар ма? Оның мінезі Құран еді ғой»[4], – деп жауап берген.
Осы хадистен аңғарғанымыздай, Пайғамбарымыз-дың өзіне тән өмір сүру салты болған. Құран да бейнебір осы кәміл жол көрсетуші Елшінің қалай таң атырып, қалай кеш батыратынын ұғындырып тұрғандай.
Иә, Аллаһ елшісі Құранды әуелі өзі күллі талаптарын мүлтіксіз орындай отырып жеткізген. Оның өнегелі өмірі Құранмен біте қайнасып кеткен еді. Құранда айтылған жайттарды толыққанды орындағандықтан оның айтқандарын халық жүрегімен қабылдап, әрбір ісінен үлгі-өнеге, тағылым алуға тырысты, сондықтан біздің іс-әрекетіміз бен сөзіміз бір жерден шығуы тиіс. Әйтпесе ісіміз бен сөзіміз бір жерден шықпайтын екіжүзділік атты аяр қылығымыз, яғни іштей басқа адам болып, сырттай өзге қылық көрсетсек, бұл баланы рияға (сырт көзге көлгірсу), екіжүзділікке, таяз түсінікке итермелейді, Құранның сөзімен айтсақ, табан тірейтін тұғыры жоқ «мүзәбзәб»[5] күйге түсіреді.
Сіз балаға Аллаһтың нығметін түсіндірген сайын, оның да Жаратушыға деген шүкіршілігі артады. Ол да «Сіз айтқандай, бізді адам етіп жаратқан, адам кейпіне ендірген, сансыз нығметтеріне бөлеген, денсаулық берген, әке-шеше нәсіп еткен, дастарханымызға құт сыйлаған, ауаны, суды, топырақты, ағаштарды жаратып, бәрін адамға бағындырған Аллаһқа шексіз мадақ дейтін болады.
Әрі осыны үзбей айтып үйдегі әңгімелерді осы бағытта өрбітсеңіз, барлық нәрсенің ажары кіріп, мүлдем басқаша әсем күйге бөленгенін байқайсыз. Тәрбиеде балаға өте мейірімді болудың айрықша орны бар. Аллаһ елшісі өзіне жақын жүріп қызмет көрсеткен кісілерге мейірімді болғаны соншалық – ата-ананың баласына танытар мейірімінің өзі оның қасында елеусіз қалар еді.
Әнас ибн Малик (р.а.) әңгімелеуде:
«Пайғамбарға он жыл қызмет еттім. Осы он жыл бойына қандай да бір шаруаны бітіре алмай қалсам «Неге істемедің?» деп, я болмаса бір нәрсені істесем «Неге олай істедің?» деп бір ауыз ұрсып көрмепті»[6].
Иә, Пайғамбарымыз (с.а.с.) тіпті туыстығы да жоқ бөтен кісілердің өзіне осыншама мейірімін төккен. Оларға ата-анасынан да артық мейірім көрсететін. Ал өз немерелері мен балаларына көрсеткен жұмсақтығы мен мейірбандығын тілмен айтып жеткізу қиын.
ж) Сүйіспеншілік
Бала таяқтан, ұрыстан, жазадан емес, әке-шешесінің өзіне деген сүйіспеншілігін жоғалтып алам ба деген уайымнан қорқуы керек. Әкесінің қабақ шытуы, анасының жылы жүзінен ескен суық леп баланың қылығын тежеп, жөнге салса, осының өзі-ақ жеткілікті болар еді. Алайда баланың сізге сенім артуы, қайғысы мен мұңын сізбен бөлісе алатындығына сенуі аса маңызды. Ендеше, ол жылаған кезде, қолыңыздан келсе іштей сіз де жылаңыз, ең болмаса көңілін аулаңыз. Жаны абзал, аяулы кісілер қайтыс болғанда аспан да күңірене жылап, арыш та теңселетін болған[7], ендеше бала жабырқағанда сіз де жабырқаулы көңіл күймен қайғысын бөлісіңіз. Бұдан қадір-құрметіңіз арта түспесе кемімейді. Әрі айтқан сөздеріңіз өз әсерін тигізіп, бұдан былай олардың жүрегінен жол табасыз. Тіпті кейін айтатын сөзіңіз де балаларды ерекше әсерге бөлейді.
Иә, егер ұрпағыңыз періштедей болып өссін, болашақта жақсы тәрбие алғанын көрсетсін десеңіз, адамдықтың ондай биігіне жету осы жол арқылы іске асатынын білуіміз керек.
з) Бедел
Үйде отағасының беделіне де көп нәрсе байланысты. Шаңырақта үйлесімді сақтап тұратын бедел иесі болмаса, отбасында басшылықтың босаңситыны, балалардың жалтақ болып өсетіні белгілі.
Аллаһ тағала Құранда: «Аллаһ адамдардың біразын басқалардан өзгеше қылуы себепті, бір жағы дүниесінен жұмсайтын болғандықтан, ер кісілер – әйелдердің қолдап-қорғаушысы. Осы себепті ізгі әйелдер күйеулеріне бағынады. Аллаһтың өздерін қорғауына сай жасырындарын (ешкім көрмесе де арларын) сақтайды. Сендерге бас көтеріп қарсы шығады десеңдер, ұзақ-ұзақ насихат айтыңдар. (Қажет болса тәсіл ретінде) олардың төсектерін бөлек салыңдар. (Егер мұнымен де жөнге келе қоймаса, олардың жанына батырмай, ауыртпай ғана) соғыңдар. Егер жөнге келсе, бұдан арыға бармаңдар, өйткені Аллаһ ұлы әрі жоғары»[8] деп бұйырған.
Ер адам – өзіне тән мінезімен тәртіп пен жалпы үйлесімге жауапты. Сонымен бірге, ол көп жағдайда өз ұясында басты жауапты адам. Негізі балалар да осындай жауапты адамға мұқтаж. Жауапкершілікті сезініп өскен бала өмір бойы ұқыпсыздық пен жауапсыздыққа бармайды. Керісінше жағдай орын алса, яғни бір шаңырақтың астында екі жауапсыз адам болса, олардың екеуі екі түрлі сөйлесе, бұл баланың санасын сергел-деңге салатыны белгілі.
Бұдан бөлек, бала ата-анасының біреуінен қорық-қанда екіншісін паналауы керек, көбінесе анасының құшағына бас қойғаны жөн. Бала әкесінен қорыққан жағдайда, шешесінен мейірім тапса, келесі жолы шешесінен жасқанғанда, әкесінің мейіріміне жүгіреді, түпкі есебінде бала өзін жалғыз сезінбеуі тиіс. Ал, үйде мұндай ахуал қалыптаспаса, түсініспеушіліктер орын алып, еркек өзінше би болып, әйелі бір жаққа тартып, отбасының шырқы бұзылады. Ыдыс-аяқ жиі сылдырлайтын үйдегі бала тасбауыр, өзімшіл болып өседі.
Біз кемел ұрпақ өсіру үшін әуелі кемел отбасы құра білуіміз керек. Отбасы ең әуелі Аллаһқа бет түзеуі тиіс. Аллаһқа жақындау арқылы отбасы мүшелерінің әрқайсысы абыройға бөленіп, аталмыш мәселелер өзінен өзі шешіледі. Әрі үй ішін сұрықсыз жағдай билемейді.
[2] Қараңыз; Хәйсами, Мәжмауз-Зәуаид, 8159.
[3] Қараңыз, «Ибраһим», 14/7.
[4] Мүслім, Мүсафирун, 139; Ибни Мажә, Ахкам, 14; Мүснәд, 6/91.
[5] Қараңыз, «Ниса», 4/143. Мүзәбзәб: Бір орында тұрмайтын, пәтуасыз, мазасыз.
[6] Бұхари, Әдеп, 39; Мүслім, Фәдаил, 13; Тирмизи, Бирр, 69.
[7] Макро әлем мен микро әлем арасында байланыс бар. Бір мүмин қайғырғанда, рақым әлемі де соншалықты қайғырады. Бұл жағ-дайдың анық-қанығына анық көз жеткізе алмасақ та мынадай ой түюге болады. Аллаһтың Рахман және Рақым есімдері – барша мейірімділік пен мейірбандықтың, жанашырлықтың бастау бұлағы. Мүминдер қайғырғанда, әлем де біз біле алмайтын беймаза күй кешіп, ол да осы қайғыны бөліседі.
[8] «Ниса» сүресі, 34-аят
- жасалған.