ӘДЕБИЕТТІҢ ҚҰДІРЕТІ

Назым мен қарасөз арқылы түрлі күй-жайға байланысты айтылған, яки, жазылған көркем өлшемді, ырғақ пен тілдік ережелерге сай сөздер не осы сөздерді зерттеп саралайтын ілім – әдебиет. Әдебиеттің мәні – негізінен тәрбие, ізет, көркемдік арқылы нәзіктікке сүйеніп, бір қалыпқа жетуге саятын «әдеп» түбірінен тарайды. Мұнымен қоса, көбіне ол тұрмысы, өмір сүру қалыбы, дүниетанымына қатысты рухани өмірдің жаңа сырларын ашуға себеп болған салиқалы амалы деп те айтылған. Ал, мұндай мағынаны меңзейтін «әдептіліктің» зерттеу-зерделеу орны – ағлақ кітаптары және сопылық жинақтар. Осы тұста, «дәстүрлі әдебиеттің» жоғарыда айтылған түсініктемеге орай әдептілікпен тікелей болмаса да, жанама байланысы бар.
Бұл жерде, әдепке негізделген әдебиеттің жанама байланысы туралы сөз қозғамай,  «әдебиет» ұғымының мән-жайына қарай кіші «апертура» ашқымыз келеді. Еркімізге ырық бермес мұндай тақырыпта сөз қозғаудың басты себебі – ниетіміз және осыған мән берген дұрыс сияқты. Біздей ой-өрісі тар адамдар өздеріне тиесілі салаларда қаншалықты толық және дұрыс пайымдай алмаса, олардың оңтайлы ойларын жеткізу жайы да соншалықты қиын. Меніңше, мұндай жағдайды жасырудың қажеті жоқ сияқты. Имам Шафи «әл-Үмм» атты кітабын өзі және өзгелері бірнеше мәрте тексеріп, түзетіп болған соң, қайтадан кейбір жайсыздықтарды сезінгенде, алақанын жайып құбылаға бет бұрады да, Аллаһтың нұрлы баян жинақтарынан тыс ешбір кітап пен туындылардың мінсіз болмайтындығын мойындайды.
Расында, Аллаһтың сөзіне сүйенбеген және Оның нұр сәулесімен жарқырамаған ең құнды жазбалардың, ең керемет өнерлі туындылардың, сөзге шешен баяндардың және көз қарықтырар елестердің қамтыған әсем құбылыстардың өзі де түгелдей салыстырмалы. Себебі, бұлардың барлығы Аллаһтың көркемдігінің бір-бір кескіні, бір-бір жаңғырығы бола тұра, қандай да бір құндылықты иеленсе де, бұл құндылықтар олардың жеке бастарынан туындайды деп айту қиын.
Дегенмен, мұндай жағдаяттар ісіміздің алға басуына күш-жігер беретін ықыласты (Аллаһ әмір еткені үшін ғана амал ету ниеті) сөндірмеуі керек. Бел байлаған тәуекелімізді тежемеуі керек. Біз ештеңеге қарамастан үнемі ойланып-толғанып, айтып-сөйлеп, жоспарлап-жобалап, жоспарлағанымызды жүзеге асырып, бел буып салиқалы іске кіріскенде, кейде қателесетінімізді еш уақытта естен шығармауға тиіспіз деп ойлаймын. Иә, пенде болған соң қателігіміз де болады; бұны түсінгенімізде, бірден түзетуге тырысып, кем-кетігімізді толықтырып, «усули фыкхтың»  сөзімен айтқанда, үнемі «әшбәх»  қағидасына сай әрекет ететін боламыз. Анықтамамыз дұрыс болса да, болмаса да, Хақ Аллаһтың құзырында адамдық ұғым мен нанымға сүйеніп құдай хақын өтеуге талпынамыз...
Іріп-шіріген ой-пікірге осы көзқараспен қарау керек шығар. Әйтпесе, әдебиет қайда, біз қайда! Бұдан бұрын «Баян» атты мақаламызда сөздің адам баласымен астаса туғанын, адам баласымен араласа дамығанын және оның өте маңызды тереңдіктерінің бар екенін айтуға тырысқанбыз. Рас, баян – адамзат тарихынан бері ой сүзгісінен өтіп, сөз шеберлерінің қолында иленіп, тағдырдың жазғанындай кемелдене түсті және күндердің бір күнінде «әдебиет» атты ұлы рухани әлем қалыптасты. Сондықтан, әдебиеттің бүгінгісі кешегі күнінен жарқын болғаны сияқты, келешегі де бүгінгісінен жарқын болады, яки, болу керек. Иә, өткен ғасырдың сайыпқыран ғұламасы С.Нұрси өз сөзінде «...адамзат өмірінің соңына қарай ғылымға бет бұрады және күш пен қуатты ғылымнан алады, сірә, сол кезде сөз толығымен ғылымның қолына түсетін шығар» деген екен. Ол кез ғылымның кемелдене түскен заманы болар, ділмарлық пен шешендік те дамып, ең озық құндылықтардан асып шырқау биіктерге жетеді. Сірә, ол кезде адамдар ойларын жеткізу үшін «тіл» қаруын пайдаланып, көңілді сөзбен тояттандырып, әдебиеттің сиқырымен жан-дүниені баурап алатын шығар.
Хазірет Адам (ғ.с) пайғамбарға иләһи сипаттардан жұққан ғылым мен баян ақиқаты – Құран Кәрім мен Хазірет Рухул Сәйидүл Әңғам Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар арқылы бүге-шігесіне дейін айқындалып, күткен жемісін беріп, үкімін толық жүзеге асырды. Аллаһ ұзақ өмір берсе, алдымыздағы жылдары ғылымның қарқынды дамуымен қатар, тілдің де өрісі кеңейіп, ең күшті уағызшылар жүрек балқытар насихаттары арқылы әр мінберде оның (тілдің) тілмашы болу кемелділігіне көтеріледі.
Рас, әр уақытта мұқтаждықтың құрсауында өскен баян өз кіндігінде соңғы рет патшалығын жария етіп, сөзін баршаның құлағына жеткізіп, тағы бір мәрте өз әлеуетін ортаға салады. Қаласаңыздар, мұны кемеліне келген «Құран Заманының» жаңадан жасағаны деп атаңыздар. Бұл – ақиқат пен ғылымға құштарлықтың, терең түсінікпен құмарта сүюдің, адамдық құндылықтарымен оларды толық қолдаудың жан-жаққа тарап, жан-дүниеге етене енген Құран Заманы. Осы тұста, мына мәселені айта кеткен жөн: келешектің сана сәулетшілері және тіл тілмаштары шамалары келсе де, келмесе де, біздің тозығы жеткен мына кемшілігімізге аманат болған баянға ие болуы керек, оның тілді күрмеп байлаған түйіншегін шешіп, өзіміздің сана-салтымыздың есебіне міндетті түрде оған өз-өзін баяндауға мүмкіндік туғызу керек. Әйтпесе, бұлбұлдың сайрағанын күткенде сауысқанның шықылығын естіген сияқты, тікенек гүлден еш уақытта құтыла алмайтынымыз сөзсіз.
Адамдағы әлгі баян күші мен сөз сөйлеу барысындағы ішкі ләззат бүгінге дейін ылғи әдебиет кеңістігі мен әдеби сана құрсауында қалыптасып, бір қалыптан енді бір қалыпқа ауысып, белгілі бір күйге айналған. Әйтсе де, әдеби ой-сана немесе әдебиет дегенде, нені түсінетіндігімізді әрі нені түсіну керектігін білу де аса маңызды. Адам баласы ықылым заманнан бүгінге дейін сана-сезімінен және жүрегінен шыққан ойын ауызша немесе жазбаша әдебиеттің кинотеатр, театр және символикалық суреттер секілді көркем өнер туындылары арқылы жеткізе білді. Әлбетте, сөз бен жазудан бас тартқанымызда, сөздердің және сөйлемдердің орнын ым, мимика, ишара, дауыс және өзге де амал-құралдар алмастырды. Алмастырса алмастырған шығар, бірақ, бұлардың барлығы еш уақытта сөз бен жазудың орнын толықтыра алмаған. Себебі, әр ұлттың төл әдебиетін өзіндік шеңберімен жаңалыққа бағыттай қалыптастыра отырып, оны үнемі ұлт жанашырларының көңілдеріне демеу болар қайнар көзіне айналдырудың, содан соң мүмкіндіктердің шама-шарқынша әлгі қайнар көзді бәріне айтып-жариялап, біртұтас қоғамның ұлттық сипаты мен бейнесі, ортақ қазынасы, келешек ұрпақтың да баян өрісі, сөз шеберлерінің жәрмеңкесі ретінде қоғамдық ар-ұжданның аманатында, ұлттық сананың күзетінде төлтума бейнеде жалғастырудың ең салауатты жолы – жазу және таңбалау болса керек.
Осы тұрғыдан келгенде, «әдебиет» дегенімізде, біз оны ылғи да жазбаша не ауызша айтылған сөздердің түп негізінен іздеп, онымен танысып, амандық сұрасуды да үнемі том-том жинақтардың бетінде жүзеге асырамыз. Айтылғалы отырған кез келген тақырыпта белгілі бір мәнерге сәйкес жазылсын әлде жазылмасын, керек болса кез келген туынды көркем жазылсын, не болмаса қарапайым әдіспен баяндалсын немесе туынды көпшілікке арналмай, белгілі бір зиялы топқа ғана арналсын, әлқисса, «әдебиет» дегенде ең алдымен ойға келетіні «жазба әдебиеті».
Көркем туындының тақырыбы дінге, ой-санаға, пәлсафаға не болмаса белгілі бір іліми жүйеге қатысты болуы мүмкін. Әдебиет – адамзаттың арғы тарихынан бері сұрыпталған ақпарат жиынтығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің, кешегі уақытты бар тереңдігімен және байлығымен, барша ауқымымен бүгінгі күнде де сезе білудің, өткен шақтағы және қазіргі кезеңдегі ақиқаттың қос өлшемді кеңістігі, сондай-ақ, келешегі де оның салыстырмалы тереңдігі ретінде ләззат ала білудің ең маңызды жолдарының бірі.
Дегенмен, әр ел әуелі өзінің ұлттық және діни қайнар көздерін негізге алып, әрдайым соларға назар аударуы керек. Өзіндік ұлттық сана мен рух өзегін алға тартып, оны негізгі құрамдастай қабылдауы керек. Тіпті, бұлар әдеби сезімдерін және көркем ой қабылдауларын суреттеуде мызғымас арқау болу керек деп ойлаймын. Сол кезде, өз әдебиетінің рухына ешқандай зиян тимейді және өз сезімдерін, ойларын, шабыттарын үнденстіргенде, жат амалдарға да зәру болмайды. Міне, дәл осылайша өзінің мәдени құндылығын арқау қылған соң, өз заманына сай анықтау, яки, талдау жасауы оның кеңеюінде, тереңдеуінде және әлемдік деңгейге қарай қадам басуында ешқандай қолайсыздық пен ыңғайсыздық болмаса керек.
Шынында, ұлттық сана, ұлттық мәдениет негізге алынып, соның қайнар көзі де нақтылана түсіп, қателікке жол бермеудің алдын алғанда, әлемдік құндылықтарға селқостық таныту – кең ауқымды тарылту, өсіп келе жатқан өскінді тежеу, тірі жанды өлтіру, қызғандырып-құмарландыру жағдайынан қызғану мен құмарлану пәстігіне құлдырап, құлап түсу деген сөз. Бүгінгі дамушы елдеріндегі жағдайлар осы мәселенің ең жанды мысалдарына толы.
Бұл елдерде кейде әдет-ғұрыптарға килігіп, кейде қалыптасқан ортаның ой-түсінігінен әсерленіп, ал кей кездерде жатсыну алаңдаушылығына қарсы қалыптасқан (әрине, бұл қалыпты жағдай) кертартпалықтың кесірінен әдебиет үшін тоқырау кезеңі болған; жаңалықтар ескіріп, кеңейтілген шығармашыл шаралар бәсеңдеп, кертартпалықтарға құрбан болған; тіпті, байып кетуді көздеген талпыныстары көзсіздік болып көрінгендіктен өте маңызды шабыт қайнар көздері құрдымға кеткен. Оның үстіне, кейде әдебиет кеңістігі одан әрі тарылып, бір ғана аймаққа, бір ғана ауданға және бір ғана диалектикаға қарай ыңғайландыру арқылы һәм дамуға ашық салалардың жолы, һәм әдебиет әлемінің негізгі мәселелері оң шешімін таппағандықтан тамырына балта да шабылған. Сонымен қатар, осы кертартпа құбылыс арқылы ұлттық дамуға тосқауыл болып, ауыл-аймақтардан кез келген біреудің ой-пікірлерін қайта тірілтіп, дүние жүзінде ең құрметті «тіл» болудың орнына, шағын ғана бір жағрапиялық ортаның үні болып қалған. Бұл жағдай – өз-өзімізді ұмыттыру дегенді білдіреді.
Дұрысын айтқанда, тоқырауға ұшыраған – өмір сүру белсенділігінен айырылады. Дамуға ынталанбаған қаңсып, кеуіп уақытпен бірге күрт құлайды... жеміс бермеген өледі. Бұл ой-пікір, тек әдебиетке ғана қатысты емес – діннен ой-санаға, өнерден пәлсафаға дейін жалғасатын әр тақырыптың ең басты мәселесі.
Соның ішінде әдебиет – адамдар арасындағы жазбаша хатқа түсу және сөз сөйлеу машығымен сөзбұйдаға салып, өзіне ұнаған сөздерді құрастыру мамандығы да емес, ол ділмарлық пен асқан шешендік сөз айту өнерін әдемі қалыпқа келтіріп, күнделікті қолданып жүрген тілді кіршіксіз таза, сыпайы, сүйкімді және мәңгілік амалдармен жабдықтаудың, әшекейлетудің, байытудың кәусары мен ауасы, інжуі мен маржаны және қолданған сайын, жұмсаған сайын саудырап шыға беретін таусылмас асыл қазына іспетті.
Әдеби ой-пікірлер мен толғаныстарды өңдейтін ақын не болмаса жазушы сөз байлығымен, сөйлем әуенімен және өзіндік қолтаңба-мәнерімен үнемі айқын мақсатқа қарай белгілі бір мазмұнның айналасында жанды-жансыз сөздерді және сөз тіркестерін тізіп, бұлардың барлығынан «баян ескерткішін» салуды көздейді. Мұндай мақсатқа қарай бет алғанда, таңдап орын-орнына қойған әр сөзді және сөйлемді жалпылама мұраттың нотаға орай сәйкестендірілген бір-бір әуені тәрізді дыбыс шығаратындай орналастырады. Дыбыстар мен әуендер мазмұнға қарай аударылғанда, екіншіден, жазушының ой кейпін, жалпы бейімін және рухани деңгейін бейнелеген музыкалық сүйемелдеуге айналады. Расында, таңдайы тақылдаған көсемсөздің лирикалық назым-поэзиясындағы сөздер шабытпен бұрқана құйқылжыған тәрізді естіледі. Дастанның дара сезімімен құлшынған жүрек түкпіріндегі сөз, сөйлем, я болмаса, өлең жолдары құлағымызда әнұрандай жаңғырып тұрады. Шебер жазылған драма жанрындағы сөз бен сөйлемдер жан-жүйеміздің тереңдігінде драмалық бір оқиғаның үніндей әуелетеді. Иә, әдебиетші әр жерде күнделікті туған ішкі сезімдері арқылы ойын жеткізгісі келген жай адамға қарағанда, ерекше ойлайды, өзгеше бағалайды, басқаша талдайды және үнемі кемелділікке қарай ұмтылып, келешек ұрпаққа сүйіп қабылдайтын және үлкен құрметке бөленетін өлмес мирас қалдырып кетеді. Міне, осы тұрғыдан келгенде, ол үнемі ұстаз, ал өзгелері шәкірт; ол сәулетші, өзгелері қарапайым жұмысшы болмақ.
Затында, күнделікті тілдің де әдеби тіл тәрізді өзіне сай тамсандырар тұстары, жайбарақаттығы, жанға жылы көрінетін тартымдылығы мен кіршіксіз таза ләззатқа толы ашық табиғаты бар. Алайда, әдеби тілдегі, тілдің өзегінде жатқан өлеңге, әуенге, ырғаққа және бір-бірімен біте қайнаған мағыналар үндестігін қамтыған ерекшеліктеріне, сондай-ақ, үнемі тақырыпты тұтас көтеріп, сөйлем мен сөздер арасындағы байланысты көздейтіндей тәжірибе, ләззат және эстетикалық қабілетке ие жасампаздығына таңданбай тұра алмайсың. Ол қабілетке жете алмағандар бұны сезуі немесе ләззат алуы былай тұрсын, кейде түсіне білуі де мүмкін емес.
Сонымен қатар, әдеби мәнерді – жоғарғы қауымның немесе ақсүйектердің тілі деп есептеу дұрыс емес. Керісінше, оны ішкі байлығы, әртүрлі тұспал, ишарамен және «мүстетбеатүт теракиб»  деп аталатын жалпы сөз жүйесі мен күрделі құрылысының жеткізіп отырған тұрлаусыз мағыналары арқылы болмаса да, әр өредегі адам міндетті түрде түсініп, белгілі бір мөлшерде сол қайнардан сусындай білуі керек. Осылайша, уақыт өте келе сезімдерін және ойларын мейілінше емін-еркін жеткізе алатын деңгейге көтеріледі және сөйлеу барысындағы тілінің аясын, өрісін кеңейтіп, тіл қолданыста тым асқан икемді орамдылық қабілетіне жетеді. Әрине, бұл тұста, тілге қатысты білімін одан әрі дамытып, түсіне білген жағдайда өз тәсіліне сай толықтырып, тілді байыта түседі және ой-өрісін тереңдете береді.
Қай деңгейде болсын, бұл күнде баршамыздың қолданып жүрген асыл тіліміз – ұрпақтан ұрпаққа жетіп көкейімізде сақталып, баршамыз мойындайтын сөзден сурет салатын ақын мен прозаиктердің ортақ талпыныстарының жемісі. Кім біледі, бүгінгі күнге дейін әлгі сөз көсемдері зергерлік сезімталдықпен сөз жауһарларынан қандай да баян сырғаларды, сөз зергерлік туындыларды сомдап, бізге сыйлай білді. Белгілі мөлшерде болса да, біз қазіргі уақытта ылғи сол байлығымызбен өз құндылықтарымызды жеткізіп отырамыз. Әркім олардың ортаға салған сөз шеберлігін және шеберлік рухында орын алған эстетикалық тереңдікті түсінбесе де, біз оларды үнемі дәріптейміз, сүйеміз, мадақтаймыз, ұнатамыз және «Басқасы жоқ па, тағы тағы...» деп әрдайым күтіп отырамыз. Шынында да, әдебиетшінің көркем тілін, жаңалықты ашу өнерін, ой мен пікір таластыруын, туындыны өмірге әкелу қабілетін соншалықты біліп сезу үшін «гауһар тастардың қадірін білген зергер» болудың қажеті жоқ.
Рас, сөз патшалары – әдебиетшілерге белгілі топтар сенім білдіріп, олардың талпыныстарын көріп қошеметтеп, еңбектерін бағалады. Көп ретте оларды пір тұтып құрметтегенін байқауға болады. Олай болса, әдебиетшілер сөз сөйлеу шеберліктерін және көркем өнер қабілеттерін үнемі хақ пен жақсылықтың әміріне бағындырып, шәкірттері болып саналатын бұқараны дұрыс жолдан адастырмай, жалғандықтан бойын аулақ ұстау керек. Ел-жұрттың кіршіксіз ойын лас қиялдармен былғамай, нәпсіқұмарлықты суреттеп Аллаһтың құлдарын еш уақытта тән құмарынан құтыла алмас, азаттыққа жете алмас «тәннің құлдары» болуға ынталандырмауы керек. Өткен шақтың ойшылдарының бірі әдебиетшінің әдепті болуы керектігін, Құран ұсынған әдеп жолымен астасу қажеттігін айтады және қайнар көзге айналған адамдық сипатымыздың ең маңызды тереңдіктерінің бірі – «баянға» деген құрметіміз зор болу керектігін тілге тиек етеді.
Бұдан басқа, «ғылым мәнерінде» ақылдық, қисындық және көңіл күйлік ұстамсыздыққа жол бермейтіндей түзу қисын, жүйелі ой және хикметке сүйенген сөз орныққан. «Сөйлеу мәнерінде» болса, дәлел мен айғақтардың негізінде тілге тиек болған тақырыптың көбінесе ашық талқылануы, керек кезде баламалы сөз тіркестерімен толықтырылып, аталған баянның түрлі түске боянуы және кей уақытта ілтипаттармен көмкеріліп, сөзге жан сыйлауы сынды мәселелердің бір-бір негіз болып саналғанына қарамастан, «әдеби мәнерде» сөздердің жандылығы, тіл ережелеріне толық сәйкестігі, дыбысталу көркемдігі, қиялға байлығы, сондай-ақ, асыра айтпау шартымен аллегорияға, мысалдарға, метафораға, перифразға, метонимияға орын берілуі және сөздің табиғилығын бұзбай, екіұштылық, аллегория, ұйқастырылған қара сөз, теңдестіру сынды эстетика мен просодия элементтерін пайдалану да қош көрілген.
Әйтсе де, әдеби ортада асырып айтып, сөздің табиғатын бұзып, баян кәусарын лайлап уландырғандықтан көп жағдайларда эстетикалық талғам иелері тарапынан мұндай туындылар қабыл етілмейді. Осы тұста, С.Нұрсидің айтқанындай, «Сөз – (мағынаның табиғаты бұзылмаған жағдайда) әшекейленуі керек, бейне мен мазмұнына қарай сұлу суретке ұқсау керек, суреттелгенде де, аудармасы назардан тыс қалмауы, мәнердің айқын да ұғынықты болуына мән беру шарт, алайда мақсат пен мұрат еш уақытта ұмытылмауы тиіс... қиял кең әрекет кеңістігінен қолдау көру керек, алайда ақиқат еш уақытта шет қалмау керек».
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.