ӘЙЕЛ ТАБИҒАТЫ ХАҚЫНДА БІР ҮЗІК СЫР

Жан дүниесі жадыраған әйел – мейірімділіктің бейнесі, ал мейірімділік оның жаратылыс болмысынан туады. Егер осы асыл табиғат әртүрлі сұрқия күштердің батпағына былғанбаған болса, онда ол айналасына үнемі мейір-шапағатын төгіп, мейіріммен ойлайды, мейіріммен сөйлейді, мейіріммен елжірейді және өмір бойы жанында жүргендерге мейіріммен сүйсіне қарап, әрбір жанға шоқ-шоқ мейір гүл шапағаттарын сыйлайды. Әркімге емірене құшақ жайып, гүл шоқтарын сыйлаған сәтінде, нәзіктік пен шын адамгершілігін сақтап, әрқашанда мұң-қайғыға төзіп, сабыр сақтайды. Әке-шешесіне, бауырлары мен туысқандарына, жолдастары мен құрбыларына, сондай-ақ, кезі келгенде, жұбайына, ұл-қыздарына және айналасындағылардың барлығына құшақ жайып, жаны ашып, құрақ ұшады. Олармен рақатын, ләззатын, қуанышын бөліскенде, раушан гүлі іспетті ашылып, жан-жағына балаша күлім қағып, сәулелі шуағын шашады. Ал, олардың жүздеріндегі мұң-қайғысын байқағанда, қоңыр күздің жапырағындай сарғайып, құлазиды.
Әрдайым сұлу жандарды ғана көріп, тек сұлулықпен ғана қоян-қолтық араласқысы келеді. Кейде аңсаған арманына жетеді, ал кейде жете алмайды. Кей-кейде жан-жағынан дауыл соғып, оған тиесілі дүниені күл-талқан етеді. Міне, сол сәтте күйзіліске ұшырап, асқар таудан асып, терең теңізді кешіп өтеді... Жүрегі шерге, көзі жасқа толады, кейде тыныс алуы қиындап, демін тоқтата жаздайды... Ал, кейде қиялында қалықтап ұшқан сұлулықты көргенде, балаша қуанады. Қуаныштың ортақ тілін ұғынатын әрбір жанға шаттық сыйлайды.
Рухани болмысымен жан жарын тапқан және жас бала-шағасын емірене сүйген асыл ананың Жәннаттағы хор қыздарынан және рухани байлығымен өрнектеп тоқыған отбасы да, Фирдаус Жәннатынан ешбір айырмашылығы жоқ. Оның пейіштік іс-қимылына, хал-ахуалына және ағлақ-мінезіне көз салып, бітпес мейірім-шапағатын көкіректеріне ұялатып, мойындарына бойтұмардай таққан ұл-қыздарының да рухани болмыстағы періштелерден ешқандай айырмашылықтары болмайды. Рас, мұндай отбасыда тәрбие көрген және мәңгі бақытқа кенелген әрбір бақтияр жан төбесі Фирдаус Жұмағына жеткендей, өмірдің және мәңгілік дүниенің қызығына қолы жетеді, сондай-ақ, жан-жағына қуаныштан нұр сыйлайды.
Мұндай ұяда тән мен бәдендер бөлек-бөлек болып көрінсе де, әрқайсысына сөзін өткізіп, өкім жүргізетін «жан» біреу ғана. Әр уақытта әйелдің асыл жан-жүйесінен жанартаудай атқылап, сол ұяны өзіне еншілеп алатын әлгі «жан» рухани түрде сиқырлық немесе рух іспетті үнемі өзін түйсік арқылы сездіріп жатады және отбасы мүшелерін белгілі бір бағытқа бұрады. Жүрек жауһарларын сақтайтын және рухының дамуына күш қосатын мүбәрак бір әйел, отбасында Темірқазық іспетті үнемі бір орында айналып жүреді. Ал бұл жүйенің өзге мүшелері болса, болмыстарын және мінез-құлықтарын ылғи да темірқазықтың айналасында қалыптастырып, беріктік пен адалдықтарын сақтап мақсаттарына қарай бет бұрады. Сонымен қатар, әлгі темірқазық әйел қандай да бір ісі болсын, болмасын, мейірім, қамқорлық, сүйіспеншілік қазанында қайнап, сол қазан асылған киелі үйдің ошағында өз рухын сақтап, сана-сезімдерімізге қажетті мәңгілік азықты пісіріп жетілдіреді.
Жан дүниесінің інжу-маржандары – сана-сезімі арқылы мәңгілікке қарай қанат жайған әйел бірде-бір ұстаздың жеткізе алмаған ақиқаттарын үйретіп, рухани дүниемізді байытып отырады. Көңілімізді заманның ескірте алмайтын, ешкімнің мұқалта алмайтын, сондай ғажап болмыстық мағыналардың ең әсем жолдарымен өрнектейді, содан ақыл мен пайымнан тыс жан-жүйемізбен біздерді бұдан кейінгі өмірімізде сан алуан дүниелерге бергісіз зор байлықтарға жеткізеді, десеңші!.. Біз мұндай мінсіз «кемел» әйелдің алдында бас иіп, рухымызға жаратылыстың арғы жағынан сыйлаған мейірімділік пен өлеңнің әрдайым жаңбыр тамшыларындай жауып жатқанын сезінетін боламыз және ақыреттік сезімдерімізбен қанаттанамыз.
Біздің көзқарасымыз бойынша, әйел – әсіресе, анаға тән қасиетке ие әйел, аспан әлеміндей шексіздікке жетелейтін өте терең әлем және көңілінде жұлдыздар іспетті отты сезімдердің, ой-пікірлердің жалындап тұратын түйсік пен мейірімділік шуағы. Ол әрқашанда ащы-тәтті оқиғалардың арасындағы ең жарасымды, қуаныш-қайғылардың ортасындағы ең бейбіт, шаттық пен шер-шеменнің жетегінде әркіммен аралас-құралас, кекшілдік пен дүрдараздыққа қарсы тұратын адал және әрбір хал-жағдайы мен мінез-қылығы арқылы жасампаз да өңдеуші, сондай-ақ, жер бетіндегі иләһи патшалығының (Құранға қарай «халиф» ) ең пәк ұйытқысы, шынайы сезімталдығы мен нәзіктіктің де өзегі тәріздес. Әсіресе, сенімінің арқасында шексіздікке қарай көңіл керегелерін кеңейткен бақтияр әйел, материя мен мағынаның, тән мен рухтың ұштасып жататын ортақ әлемі – ортақ нүктеде елестерден асқан, нұр үстіне нұр жауған жайлы орынға ие екендігін көре білсеңіз... Оны бұдан да жоғары бағалап, берген мәртебелері мен дәрежелердің өзі, оның күндей жарқыраған шынайы құндылықтарының қасында (орны мен мәртебесі әсіре мадақталғандықтан, шынайы хал-күйіне көлеңке түсірілгені үшін) өлеусіреп барып сөнген балауыз шам құрлы құны жоқ.
Біздің санамызда ұялаған, көкейімізден құнды сұңғаттай орын алған әйел – ең алғашқы жаратылыс құбылысының асыл қазыналы әсем бояуы, адамдық әлемінің ең берекелі және таңғажайып тірегі, үйіміздегі Жәннат сұлулығының кіршіксіз таза кескіні, тіршілік пен мәңгілігіміздің де ең дәйекті кепілі. Ол жаратылмастан бұрын Адам Нәби (ғ.с) жалғыз, экожүйе рухсыз, адам баласы түгіл тірі жан жоқ, ұя тастардан қаланған үңгірде, адам өмір қапасында жападан жалғыз тұтқындай күй кешкен. Онымен екінші полюс қалыптасты және полюстер бір-бірімен қосылды. Жаратылыс жаңа және ерекше бір дыбыспен, көрініспен көмкерілді, жаратылыс үрдісі аяқталуға жақындады және адам ғана тіршіліктің бір мүшесіне айналып, әлемнің ең маңызды құрамдасы болды. Және жұбайына нұр үстіне нұр сыйлады.
Шынтуайтында, әйел физиологиялық және психологиялық тұрғыдан өзге бір табиғатқа ие және басқа ерекшеліктері де бойына сіңген. Алайда, бұл ер адам әйелден жоғары, не болмаса, әйел еркектен төмен деген сөз емес. Әйел мен еркекті ауадағы оттегі мен азотқа ұқсатсақ, әрбіреуінің жеке орны бар, өте маңызды рөл атқарады және осы өлшем бойынша бір-біріне ауа мен судай қажет. Ауадағы элементтерді бір-бірімен салыстырып, «азот оттегіге қарағанда құнды» немесе «оттегі азотқа қарағанда пайдалы» деп, ойлау қаншалықты әбес болса, әйел мен еркекті де дәл осылайша салыстыру соншалықты орынсыз. Иә, әйел мен еркек жаратылыс пен дүниедегі миссиялары тұрғысында бір-бірінен айырылмайды және бір дененің бір-біріне мұқтаж екі жағы іспеттес болады.
«Бір-бірінсіз ер мен әйел, адырнасыз жебедей,
Жалғыз қалған әрбір зат, құрғақтағы кемедей».
Алайда, әйел баласы барлық жерде және әр уақытта осы көзқарас бойынша танылды ма? Меніңше, жоқ. Осы тұста құрметті Шефик Жанның туындысынан алынған бірер мысалдарды келтірелік: «Дүниенің бір жерінде, әйел еш уақытта үйленуге, мирасқа және өзге де адам құқықтарына ие бола алмады... Ол ол ма, ол кесірткіден, жыланнан, улы хайуаннан да зиянды бір мақұлық...» (Үнділердің «Ведалар» кітабындағы сурет). Басқа бір тұрғыдан, «Әйел сезім жетегіндегі мақұлық, оған қарамау керек, ал қарауға мәжбүр болған жағдайда, онымен сөйлеспеу керек, сөйлескенде де ұзақтан қарап сөйлесу керек...» (Будда мен Аменданың арасында болған әңгіменің үзіндісі).
Мәлім бір ортада «...еркек отбасының басшысы, ал қыздары үйлеріндегі қызметші болып, жұмыс істейтін сорлылар. Тіпті, кейде әкелері кез келген уақытта саудаға шығарып сататын тұтқындар... Негізінде, олар мұндай азапқа лайықты, себебі, әйел Адамды алдаған және оны жамандыққа итермелеген. Сондықтан, ол лағнетке ұшыраған...» (Кейбір Ысраил дерек көздеріндегі мәлімет).
Мұнан өзге бір дүниеде «...әйел адам емес. Оның жеке аты да жоқ. «Бір, екі, үш...» деген есімдері бар. Тіпті, кейде шошқамен теңеседі...» (Адамды жиіркендіретін мұндай көрініс Ежелгі Қытай деректерінде кездеседі).
Тағы бір жерде «...әйел бала өндіретін мәшине немесе құнсыз бір мал-мүлік...» (Жалғасын жазуға дәтің бармайтын ежелгі Грек және Рим әдебиеттерінен). Мына сөздер де, осы мәдениеттің биік тұлғаларының көзқарастары: «Әйел – Тозақтың есігі және мал-мүлік...» (Платонның көзқарасы деп жазылған). «Әйел – жаратылыстан жартылай қалған еркек...» (Аристотельдің сөзі). «Әйел, еркектер табыс таппасын деп жаратылған. Ол жаратылмағанда, еркектер тәңірге айналар еді...» (Цицерон). Әйелдің асыл табиғатын мұқатып, былғап отыратын көзқарастар кейін де жалғасқан. Сегізінші Генриге дейін (1509-1547) әйел жұмақта да алғашқы күнәнің себепкері болғандықтан, Інжілге қол тигізе алмайтын. Және сол кездерде мынадай көзқарас қанат жайған болатын: «Әйел – жаратылыстың қатесі!» («Жоғалған жұмақтың» авторы Дж.Мильтон). Ал, әулиенің ауызынан шыққан мына сөз шынымен де масқара: «Егер әйелдер ақыретте жыныстық сезімдерімен тірілер болса, ол жерде де еркектерді адастырып жатады...» (Әулие Агустин).
Кейінгі кезеңдерде де әйелді қаралау үрдісі жалғасқан: Ф.Ницше: «Әйелмен сөйлесетін болсаң, таяқты қолыңа алуды ұмытпа!» деп, бүкіл дүниенің көзқарасын көрсеткендей болатын.
Лев Толстой үйлену туралы естеліктер күнделігінде: «Үйленіп, шаңырақ көтергеніммен бақыттымын. Отбасылық бақыт күндей жарқырап рухымды жадыратады» дейді. Орынды және дұрыс сөздер. Алайда, бір кездерде жазған бір романындағы кейіпкеріне: «Абай бол, үйленбе! Жұбайың өте құнды туындыңды өмірге келтіруге тосқауыл болады. Саған қысым жасап, көрге сүйрейді және сені кәдімгі мақұлыққа айналдырады. Ол бір тұрпайы тіршілік иесі болғандықтан, сені де әдепсіздікке үйретіп, төмендеткісі келеді» деген сөзді айтқызып, әйелдер туралы шынайы ой-пікірін ашықтан-ашық жеткізеді.
Ежелгі араб елінде де Жахилия дәуірі  аяқталғанша мұндай жағымсыз жағдай тоқталған емес. Әйелдің дүниеге келуі, өсіп бойжетуі және тәрбиеленіп жетілуі, содан соң тұрмыс құруы, барлығы қасірет болған-ды. Қыз балалар әр отбасының ең ауыр жүгі, әрі көзге шыққан сүйелдей сұрқия болатын. Сондықтан да, кейбір аймақтарда иттің күшігінше тірідей көміле салатын еді.
Бүкіл адамзатқа мәңгі бақи тіршілік ету ақиқаттарымен жеткен Ислам діні (бұл бір немесе бірнеше кітаптың орын алатын тақырыбы болғандықтан, қысқаша баяндап кетеміз) – әйелдің қоғам тарапынан заңсыз тартып алынған құқықтарын қайтарып, оны ашық және заңды түрде өз қорғауына алған және де осы мәселеде ең орнықты да қолайлы ережелерді уағыздайтын ең алғашқы дін. Құран: «Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақылары бар»  деген пәрменімен өзге де түсініктерді қажет етпейтін бейнеде осы ақиқатты ашып көрсетеді және әйелді өзінің шынайы жаратылыс мәртебесіне көтереді. Адамзаттың Асыл Тәжі (с.ғ.с) Соңғы (Уәда) хұтбасында: «Сіздер әйелдердің құқықтарын қорғаңдар және осы мәселеде Аллаһтан қорқыңдар! Әйелдер сіздер үшін Аллаһтың аманаттары» дейді. Әйелдің бүкіл дүниежүзінде мал-мүліктей сатылған сонау сұм замандарда, оларды құрметтеп жоғары мәртебеге көтеру – әйел әлемі үшін ең елеулі тарихи оқиға. Құран мен Сүннетте әйелдің орны мен құқықтары нақты және анық айтылады. Ал, осы тұста әйелдің Ислам діні арқылы құлдықтан азат болғанын сөз етсек, асырып айтқан болмаймыз деген ойдамын.
Ал, ынсабы бар дүниенің әйел туралы дәл осы ойда екені күдіксіз. Ислам әлемі жазушылары жақсы танитын француз ғалымы М.Годфруа-Демомбин: «Құран әйел құқығы тақырыбында бүгінгі еуропалық заңдарға қарағанда, оңтайлы да қолайлы негіздер қалыптастырған» дейді. Ал, британдық тарихшы Стэнли Лэйн-Пул: «Исламның әйел құқығы жөнінде жасаған өзгерістері бірде-бір заң шығарушы институттың қолынан келмеді» деп, мәселенің ең маңызды жағын сөз етеді. Л.Е.Оббалд болса: «Әйелдерді тұтқындықтан сақтап қалып, оларға құқықтық негізде қалай әрекет ету керектігін үйреткен және осы құқықтық негізді жүзеге асыра білген Ислам әлемі ғана» деп, әлгілерді құптай түседі.
Аллаһ әйелді басқаға емес, еркекке жұп қылып жаратты. Адам Хауасыз, Хауа Адамсыз өмір сүре алмас еді. Бұл жұбайлар әрі Жаратушының әрі тіршіліктің тілмаштары және айналары іспеттес. Осы заңдылыққа сай қосылған... екі дене, бір рух болып, бір ақиқаттың бөлек-бөлек екі жүзіндей көрінді... Алайда, уақыт өткен сайын тар түсінік пен кереғар ой бұл бірлікті бұзып-жарып тастады. Ал, бірліктің бұзылуымен, отбасылық тәртіп пен әлеуметтік жүйе де қирады.
Негізінен, Ибн Фаридтің айтуы бойынша, әйелдің сұлулығы мен еркектің сымбаттылығы – Сұлулар Сұлуы Жаратушының дидарынан жұққан нұр-сәуле. Осы екі дүние кереметінің терезесі тең жағдайда өз орындарын біліп, бір-бірін осы күйде қабылдауларының арқасында оларды бұдан да сұлу, бұдан да таңғажайып дүниелерге жетелейді. Ал, иләһи жаратылыс заңдылық шеңберден тыс жүзеге асырылған түрлі түсініктер мен пайымдар, олардың осы қасиетті қарым-қатынастарын бұзып, шаңырақтарын шайқалтады... әсіресе, сұлулықтың ең мәнді тұсы – «дерексіз сезім» бойынша, Хақ дидарының айнасы болып саналатын әйел, пенделік табиғатына бой алдырып, әуелгі хикметтік жаратылыс мақсұтын жоғалтып, бүліктің басты себебіне айналады. Әйелге «бүлікшіл» деген атаудың берілуі осы жеке амалынан туындаса керек.
Сондықтан да, әйел өз жан дүниесінің әлеуетін толық біліп ұғынса және өз табиғатының шеңберінде ғана әрекет етсе, онда ол тіршіліктің өзегінде жатқан сұлулықты бейнелейтін сондай бір жалтыраған айнаға айналар еді. Сол кезде оған қарап адалдықпен баға беретіндер де бір қадамда заттықтың тас қараңғылығынан құтылып, Хақтың сұлулығына қарап, тамашалап асқақтайды. Және жоғары көтерілген сайын: «Сұлу жүздердің сұлулық жұлдызы соңында батып кетеді, / Мен пәни сұлуларды емес, күні батпайтын және аяқталмайтын сұлуларды сүйемін...» дейді.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.