1. Балалары мен немерелеріне шапағаты
Муслимнің жинаған хадис кітабында Аллаһ расулының он жыл бойы қызметшісі болған Әнәс ибн Мәлік: «Бала-шағаға деген мейірім-шапағатқа келгенде, хазірет Мұхаммедтен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) асқан ешкімді көрмедім»[1], – дейді.
Иә, Пайғамбардың асқар таудай әкелік мейіріміне еріксіз бас шайқайсыз.
Бұл мойындау бізге ғана тиісті болса, әрине, маңыздылығы шектеулі болар еді. Алайда, құмырсқа екеш құмырсқаны да басуға дәті бармайтын миллиондаған рақымшыл да мейірімді жандар Аллаһ елшісінің күллі болмысты мейірім-шапағатымен қамтуда ешбір теңдесі жоқ адам екендігін мойындап, жар салуда.
Иә, өзгелер тәрізді ол да адам болып жаратылды. Бірақ Хақ тағала адамдармен етене аралассын деп оның жүрегіне күллі жаратылысқа деген сүйіспеншілік, ізгілік дәнін септі. Сондықтан да Рақым елші отбасына да, өзге адамдарға да ерекше рақым-шапағатпен мейірлене қарайтын.
Ұлдары жастай кетті[2]. Мәрия анамыздан көрген кенже ұлының да ғұмыры тіптен келте болды. Хақ елшісі осыншама маңызды істерінің арасында уақыт тауып, сүт анасының қолындағы баласына барып, оны бауырына басып, маңдайынан иіскеп, басынан сипап қайтатын[3]. Баласы көз жұмғанда бейкүнә сәбиді ыстық құшағына басып, қос жанары жасқа толып қайғырған еді. Оның бұл халіне таңырқағандарға: «Көңіл мұңайып, жанардан жас ағады. Бірақ, Аллаһ тағаланың дегені мен оның разылығынан өзгені айтуға құқымыз жоқ» деп, артынша тілін нұсқап: «Аллаһ мынамен жазаға тартады»[4], – деді.
Хазірет Хасан мен Хұсейінді арқалап көшеге шығатын. Осылай жасау арқылы Пайғамбарымыз олардың болашақтағы асқар таудай салмақты абыройын меңзегендей еді. Бір күні хазірет Хасан мен хазірет Хұсейінді арқалаған бақытты шаңырақтың табалдырығынан ішке хазірет Омар енеді. Олардың мынадай абыройлы тұғырда тұрғандарын көріп: «Қандай ғажап аттарың бар!» – деді. Сонда Аллаһ елшісі дереу: «Иә, қандай тамаша атты әскерлер бұлар!»[5] – дейді. Олар бұл мәселені ұғына қоярлық жаста еместін. Бірақ Хақ елшісі оларды осылайша қадірлейтін. Тағы бірде хазірет Хасанға: «Мінгенің неткен әсем!» – дегенде, Пайғамбарымыз: «Ол неткен сымбатты мінуші!» – деп бірден түзету енгізді[6]. Иә, ол қияметке дейін келетін барлық әулиелердің әкесі және күллі әулиеге тиісті абырой мен беделінің дақылдарын бойларында алып жүрген Әһли-бәйттің[7] осы екі маңызды имамына ерекше көңіл аударып, жиі-жиі оларды мойнына мінгізетін. Оларға көрсеткен осы ерекше құрметтің астарында өзін өкілдік ететін Әһли-бәйт пен барлық әулилердің де үлесі бар еді. Сондықтан да Әһли-бәйттен келген алып ғұлама Абдулқадыр Гәйләни аталарының Аллаһ елшісінің иығында болғандығын меңзеп: «Аллаһ елшісінің мүбәрак аяқтары менің иығымда, ал менің аяғым барлық әулиенің иықтарында», – дейді. Бұл қасиетті дәстүр дәл осылай қияметке дейін жалғаса бермек.
Кейде немерелерін арқалап сыртқа шығып: «Астарыңдағы мінгендерің қандай ғажап, үстіндегі сендер де неткен ғажап жүксіңдер!»[8] – деді. Ол балалары мен немерелерін осылай әзиз тұтып, қастерлеп, олардың жүректерінен терең орын алып, әке һәм ата болудың асқан үлгісін көрсетті.
Аллаһ елшісі әр саладағыдай бала тәрбиесінде де үнемі орта жолды ұстанды. Барлық балалары мен немерелерін жанындай жақсы көретін. Осы сүйіспеншілігін оларға сездіретін әрі оған селкеу түсірмеуге барын салатын. Онсыз да оның балалары мен немерелерінің арасында мұндайға бара қоятын ешкім болмады. Бірақ білмей қателікке қадам басқан кезінде түсін суытып, артынша жылы шырай танытып, оларды күмәнді істерден қақпайлап отырды. Мысалы, бірде балдырған кезінде хазірет Хасан яки Хұсейін садақадан келген құрмаға қолын созады. Аллаһ елшісі: «Бізге садақа құрмасы харам»[9] – деп оның қолын қағып үлгереді. Осылайша Пайғамбарымыз оларды жастайынан ақ пен қараны, адал мен харамды, бір-бірінен ажырата білуге үйретті.
Мәдинаға кірген сайын балаларды көлігіне мінгестіріп алатын[10]. Рақым Елшісі өз немерелерін ғана емес, жол-жөнекей кездескен барлық балаларға мейірім-шапағатын төгіп, бауырына басып, олардың да жүректерін баурап алатын.
Иә, оның мейірімділігін ұлдары мен немерелері ғана көрген жоқ. Ол Хасан мен Хұсейінді (р.а.) қалай жақсы көрсе, немересі Умамәні де солай сүйетін. Оны жақсы көргені сонша – кейде оны иығына отырғызып алып, жұртшылықтың алдында жүргенін көпшілік талай рет көрді. Тіпті кейде нәпіл намаз оқыған кезде де, Умамәні мойнына отырғызып алатын. Тек сәждеге барғанда, оны жерге қойып, сәждеден тұрған кезде, қайта иығына отырғызатын[11].
Хақ елшісі Умамәге деген мейірімі арқылы кешегі күнге дейін қыз балаларын тірідей жерге көміп келген қоғамға үлгі көрсетті. Міне, Аллаһ елшісі қараңғы дәуірдің керітартпа дәстүрін жойып, немере қызына айрықша мейірімділік танытуы арқылы тың дәстүр енгізді. Бұл бұрын-соңды болмаған жаңаша бір әрекет еді.
[1] Муслим, Фәдәил, 63; Муснәд, 3/112.
[2] Ибн Кәсир, әл-Бидая, 5/328.
[3] Мәжмауз-Зауаид, 9/161; Муслим, Фәдәил, 62.
[4] Бухари, Жәнәиз, 44; Муслим, Фәдәил, 62,63; Жәнәиз, 12; Ибн Мәжә, Жәнәиз, 53; Муснәд, 3/194; Әбу Дәууд, Жәнәиз, 24.
[5] Мәжмәуз-Зауаид, 9/181.
[6] Кәнзул-Уммал, 13/650.
[7] Әһли-Бәйт – пайғамбарымыздың қызы Фатима және хазірет Алиден тараған пайғамбар үрім-бұтағы
[8] Мәжмәуз-Зауаид, 9/182; Кәнзул-Уммал, 13/663.
[9] Муснәд, 2/279; Муслим, Зәкәт, 161.
[10] Хаятус-Сахаба, 3/182.
[11] Бухари, Әдәб, 18; Ибн Сад, Табақат, 8/39.
- жасалған.