6. Өздерің қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар
Бір хадисінде Пайғамбарымыз: «Қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар»,[1] – дейді.
Өз сиықтарың қандай болса, басшыларыңның да сиқы сондай болады дегені. Бұл сөздің мағынасының тереңдігі соншалық, тіпті басшылыққа қатысты көптеген еңбектер жазуға болады. Біз қысқаша айтып өтейік: «Барлығың шопандай өз қарамағыңдағыларға жауаптысыңдар»[2] дегендей қарапайым адамнан бастап мемлекет басшысына дейін әркімнің өз жауапкершілігі бар. Елбасы елге жауапты. «Сендер қандай болсаңдар, басқарушылар да сондай болар» сөзі ойға ой қосатын, санаға түрткі салатын ғибратты пікір.
Осы хадисті өзімізше таратсақ: «Сендер өздеріңді басқаратын адамды таңдауда аса маңызды рөл атқарасыңдар. Өйткені сендерді басқаратындар қандай жолмен жүрсе де, өз үйірінен алысқа бармайды. Басшының сендерге қалай қарайтыны өздеріңе байланысты.
Физика, химия, астрономияның өзіне тән бұлжымас заңдылықтары тәрізді қоғам дамуының да өзіндік заңдары бар. Бұлар қияметке дейін жалғасады. Сондықтан адамдар жамандыққа жол беріп, өз арасында арам шөптердің қаулап өсуіне мүмкіндік жасаса, өздерін қара ниеттілер мен алаяқтар басқарады. Бұл – Аллаһтың өзгермейтін заңы.
Адамдар жамандыққа салынып, жан-дүниесінде шырмауықша арамдық қаулай бастаса, міне, сол кезде Аллаһ олардың бастарына дәл сол қара лайдан иленген қарау ниетті адамдар әкеліп, тізгіндерін солардың қолдарына береді».
Екіншісі, осы хадис былай дейді:
Заңдар, жүйелер, кітапта жазылған ой-тұжырымдар мәселенің теориялық жағы ғана. Көпшілікке айтарлықтай әсері жоқ. Адамдар ақылдаса отырып ең мықты заң жинағын шығарса да әңгіменің төркіні заңға бағынып-бағынбауында жатыр. Сондықтан, маңыздысы – басқарылған адамдардың мінез-құлқы. Егер олар жүріс-тұрысын түзеп, өздеріне жүктелген тапсырмаларды тиянақты шешсе, онда оларды басқарып отырған адамдардың да көңілі тоқ.
Тағы бір мысал:
Омардың (р.а.) әділдігін үлгі етіп айтқан адамға Хажжаждың[3] қайтарған жауабы аталмыш мәселені түсіндіру жағынан өте маңызды. Ол: «Сендер Омар заманындағы халық секілді болғандарыңда, сөзсіз, мен де Омар секілді болар едім»,– деген екен.
Үшінші, әрбір адам кінәні өзінен іздеуі керек. Өз кінәсін басқалардан көрген адам ешқашан алға баса алмайды. Адамдар жан-сарайын өзгертпейінше, Аллаһ оларды өзгертпейді[4]. Егер адам іштей ірісе, ол сөзсіз басқаларына да әсер етпей қоймайды. Адамдардың ішкі дүниесі де сол секілді. Басқарылғандардың жағдайы басқарғандардың жағдайына байланысты. Осы хадисте басқа біз ұқпаған қаншама мағына барын кім білсін? Қоғам құрылысы жайлы, оның бүтіндігі мен саулығының жолдары төңірегінде тамаша пікір айтқан басқа бір пенденің сөзін есту мүмкін емес. Бұл да Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) пайғамбардың асқан парасаттылығынан туындаған.
Ол – барлық адамдар арасында сөз сөйлеуде ең заңғар шыңға ие. От ауызды, орақ тілді шешен де, сөзден түйін түйген әдебиетші де, ең кемел жазушы да оның деңгейіне жете алмайды. Сөздері Құран емес, бірақ иләһи шабытқа толы. Сол үшін де барлық ділмарлар, жазушылар мен әдебиеттанушылар ары асса оның тыңдаушылары ғана бола алады.
Хассан ибн Сабит ақиық ақын болатын. Аллаһ елшісінің ерекше дұғасы мен ілтипатына кенелген әрі Жәбірейілдің мадақтаған шайыры. Осыған қарамастан, Ханса оның төрт жолды өлеңінен сегіз қате тапқан. Өлең сөздің қадірі мен сырын өте терең білген осы әйел Аллаһ елшісін тыңдап, Исламды қабылдап, одан кейінгі өмірі сөз Зергеріне ұюмен өткен. Пайғамбарымыздың сөздерін ұйып тыңдайтыны соншалық сиқырланғандай күй кешіп, көңілі ерекше толқитын. Ол ол ма, қараңғы дәуірде бауырының өліміне арнап жазған жоқтауымен жұртты тегіс жылатқан осы әйел Қадисияда төрт бірдей ұлы шейіт болғанда, мұң шағу былай тұрсын қайта: «Қатарынан төрт ұлы бірдей шейіт болған мен неткен бақыттымын. Аллаһым, Саған шүкір, мақтау айтамын!» – деп, өзінің тақуалығын паш етеді[5].
Ханса – иләһи шабытқа ие ерекше әйел. Ұлдарына жебе қадалғанда, өзіне оқ тигендей қиналды. Бірақ Пайғамбарымызға деген беріктігі мен адалдығынан таймай, бір ауыз реніш білдірмеді.
[1] Кәнз’ул-Уммал, 6/89
[2] Бухари, Жума, 11; Муслим, Имарә, 20.
[3] Хажжаж – Омаядтар кезеңіндегі зәлімдігімен халықты қан қақсатқан басшы
[4] “Расында, бір ел өзін өзгертпейінше, Аллаһ оларды өзгертпейді” (Ра’д, 13/11).
[5] Ибн Хажәр, әл-Исабе, 4/288.
- жасалған.