8. «Инсибағ» қаһармандары

8. «Инсибағ»[1] қаһармандары

а. Икрима
Мекке алынған кезде, Икрима қашып кетіп, кейіннен әйелі іздеп барып, көндіріп, қайта әкелген еді. Аллаһ елшісінің ең адуынды дұшпаны оның құзырына кірген сәтте екі әлем Сардары оған жылы шыраймен: «Қош келдің, Ракибул мұхажир!» – дейді[2]. Осы сөз оның жүрегін баурап алуға жеткілікті болды. Ол осыдан кейін өз-өзіне сөз берді: өзі де, жалғыз ұлы Әмір де осы жолда барын сарп етіп, жандарын қиюға да дайын болмақ. Ярмукта ауыр жараланып, өлім аузында жатқан кезінде: «Ұлың шейіт болды», – деген хабар келеді. Икрима жаралы күйі бойын тіктеп отырды да, бейне бір алдында Аллаһ елшісі тұрғандай: «Пайғамбарым! Ұлымды да жолыңа қиямын деп саған сөз берген едім. Ракибул мұхажир[3] сөзінде тұрды» – дейді. Әбу Жәһілдің баласынан «Ракибул мұхажир» шыға ма? Осы бір Аллаһ елшісіне қарсы айқасып, оны өлтіруді ең үлкен арманы санаған адамнан, яғни зұлмат қараңғылығына оранған адамнан періштелерді басып озатындай «Ракибул мұхажир» шыға ма? Сөйтсек шығады екен. Шықты да.

Ол – мұсылман болмай тұрғанда, аса бай, күші бойына сыймаған әрі өте мықты адам еді. Әрқашан қауқарсызды қанап, қарақшылық жасайтын. Қауқарсыз жанның онсыз да сол заманда өмір сүруге құқығы жоқ болған. Әсіресе, әйел затының әсте өмір сүруге құқы жоқ еді. Сәби бүлдіршіндер жазықсыз өлтіріліп кедейлер «менің де құқым бар» дей алмайтын. Заң күштіні жақтап, әлсіз бен қауқарсыздарға қарсы пайдаланылған. Аллаһ елшісі мұншама тағы, ақиқат пен әділдікті һәм тура жолды білмейтін қоғам арасынан жер бетінде әділдік рәмізі болатын періште тәрізді адамдар шығарды.

ә. Хазірет Омар (р.а.)
Ол Омардың (р.а.) Йеменге, Өкюз өзеніне дейінгі аралықты алып жатқан мемлекеттің халифасы болған кезі еді. Бір күні Халифа Омар Үбей ибн Қағбпен сөзге келіп қалады. Үбей оған: «Ей, Аллаһтың Пайғамбарының халифасы! Сен қатты қателесіп тұрсың. Мұның жөн емес», – дейді. Ол сол кезде онымен бірге әділ қазыға барып, ақ-қараны сол жерде анықтайық деп ұсыныс жасайды. Сол кезде Зәйд ибн Сәбит  даулы мәселелерге төрелік айтатын қазы болатын. Олар қазыға бірге барды. Сот сол жерде болмақ. Мәдинаның қазысы Халифаның ішке енгенін көргенде, ел басшысына ілтипат жасап жанындағы мінберді нұсқап: «Мұсылмандардың әміршісі! Мына жерге отырыңыз!», – дейді. Бұл сөзге бірден қабағын түйіп, қатуланған алып Омар тарихқа таңба басып: «Қазы! Сен төрелігің басталмай жатып әділетсіз қылыққа бардың», – деп ескерткен еді.[4]





[1] Инсибағ – Аллаһ расулының рухани атмосферасы және осы атмосферадан нәр алу
[2] Мустәдрәк, 3/241-243; Ибн Хәжәр, әл-Исәбә, 2/469; Мәжмәуз-Зәуәид, 9/385.
[3] Аттылы жолаушы
[4] Кәнзул-Уммал, 5/808.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.