6. Жомарттықтың «исар» дәрежесі

Исламға дейінгі қоғамда бас пайда мен жеке мүдде ғана көбірек күйттелетін. Өзгеге қол ұшын беру, көмектесу деген ой олардың түсіне де кірмеген еді. Әсіресе, өзгені өзінен артық көру турасында бір сәтке ой жүгіртіп көрмеген. Оларды Аллаһ елшісі әдеттегідей тура жолға бастап, сараңдықтан арылтып, жомарттық пен исар қасиетін рухтарына сіңірді.

Бір күні Аллаһ расулының құзырына біреу кіріп келеді. Бұл  Әбу Һурәйра (р.а.) болатын. Ол Пайғамбардың қасына тақап: «Пайғамбарым! Бірнеше күннен бері нәр татпадым. Күнде аш күйімде ауыз ашпай, ораза ұстап жүрмін», – дейді. Ақиық елші айналасына көз жүгіртті. Бірақ оны қонақ етуге ешкімнің шамасы жоқ еді. Бір уақытта Аллаһ елшісі-не жақын адамдардың бірі Әбу Талха (р.а.) орнынан тұрып: «Уа, Аллаһтың елшісі! Оны мен үйіме қонақ етейін», – деді. Одан кейін оны ертіп, үйіне апарды. Бірақ барлық дүниесін Ислам жолына сарп еткен мұның да үйінде тіске сыздық қылар азық қалмаған еді. Анда-санда ғана ошағында қара сорпа қайнайтын. Қонақ сондай күндердің біріне тап келіп еді. Жары Үммі Сүлейім балаларына ас қамдап жүрген. Бір мезет отағасы қонағын ертіп кіріп келеді. Қонақ төрге жайғасқан соң, ерлі-зайыптылар оңаша шығып: «Бұл түні сорпаны Аллаһ елшісінің қонағына ішкізейік. Өзіміз бүгінше ауыз ашпай-ақ, ертең де ауыз бекітіп, кешке дейін шыдай тұрармыз. Балалардың да көңілін аулап, жатқызалық. Таңертең бір жолын табармыз», – деп сөйлеседі. Одан кейін олар қонақ күтудің қамы бойынша кеңесіп, былайша келіседі: сорпаны әйелі әкеліп дастарханға қоя бергенде, байқамай сол жердегі шырақты сөндіріп алады. Сол кезде үй иесі қонаққа «асқа қараңыз» деп алдырта бастайды. Қонақ ортадағы тостақтан қасықтап алып ішіп отырғанда, үй иесі де қасығын тостаққа батырады да, бос күйінде қайта шығарып, алып отырған болып көрінеді. Өйткені сорпа бір адамның ғана қарнын тойғызатындай мөлшерде болатын. Ерлі-зайыптылар дереу келіскендерін іске асырады. Көп ұзамай таң да атып, намазға жамағат жиналып, Аллаһ елшісі намазға тұрғанда, бұл екеуі де сол жамағаттың арасында тұрады. Намаз оқып біткен соң, Хақ пайғамбар жамағатқа бұрылып, Әбу Талха мен Әбу Һурәйраға қарата: «Түнде өздерің жайлы аят түсетіндей нендей нәрсе істеп едіңдер? Сендер хақында мына аят түсті: «Өздері таршылық көріп отырса да, өзгелерді өздерінен артық санайды» (Хашыр, 59/9)[1]

Исламнан бұрынғы кезеңде өмір сүрген адамдардың кітаптарында «Исар», яғни өзгені өзінен артық санау, аш кісіні тамақтандыру, жалаңашты киіндіру, өзгеге өмір сыйлау жолында өз өмірін қию, бақыт беріп, өзі бақыттан бас тарту сияқты ерекшеліктер жоқ болатын. Жоқ еді, бірақ Аллаһ елшісі үйретіп, сөзін өткізді. Тас ойған өнершідей осы қасиеттерді олардың бойларына өшпестей етіп, әшекейлеп өрнектеді. Осы өзгелер үшін өмір сүру қасиетін сіз сабырлық, төзімділік және мойынсұнушылық деп атасаңыз да болады. Ол осы мағыналардың бәрін де қамтиды. «Иман мойынсұнушылықты, мойынсұнушылық нартәуекелділікті, нартәуекелге бару дүние мен ақырет бақыттылығын тудырады» деген осы бір өшпес сөзді тағы бір рет қайталап өтейік. Сенім білдірсеңіз, Аллаһ тағалаға мойынсұнуыңыз тиіс. Ұлы Жаратушыға мойынсұнғанда, нартәуекел етіп, соған ғана арқа сүйейсіз. Міне, сонда бұл дүние мен ақыретте бақытты боласыз.




[1] Бухари, Тәфсир, (59) 6; Муслим, Әшрибә, 172; Айни, Умдәтул-Қари, 19/227, 228.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.