3. Пайғамбарлардың үлкенді-кішілі күнәлардан пәк болуы
Ислам ғұламаларының бірегей көзқарасы бойынша пайғамбарлар күнәның кішісінен де, үлкенінен де арнайы қорғалған. Ал кейбір пайғамбарлардың болмашы ағаттықтары мен қателіктеріне келсек, біріншіден олар күнәға жатпайды. Екіншіден, олар осы болмашы ағаттықтарды өздеріне пайғамбарлық міндеті жүктелмес бұрын жасаған. Олай болса, ол екі жағдайда да пайғамбарлық тұрғысынан күнәдан пәк болып шығады. Әрі «зәлләт» деп аталған осы болмашы ағаттықтар тек пайғамбарлардың дәрежелерінің биіктігі мен жағдайларына қатысты. Яғни, олардың осы болмашы ағаттықтары қарапайым адамдар үшін әсте қателік емес. Олар Хақ тағалаға өзгелерден әлдеқайда жақын болғандықтан, қателік боп саналған.
Сондықтан да олардың дәрежесіне қатысты осы болмашы ағаттықтарды кәдімгі біз білетін ағаттық деп қарау үлкен қателікке жатады.
Олар қалай ғана күнә жасай алсын! Ол тұрмақ, біздің өзіміз осы дүниелік істерде бір міндет жүктеп, біреуді бір орынға қойғымыз келсе, сол адам жайында егжей-тегжейлі сұрастырып, мәлімет жинап жатамыз. Ал жүктелетін міндет пайғамбарлық міндет болса ше? Дүниелік істердің өзінде адам таңдау мәселесіне осыншама маңыз берілген болса, онда екі дүниені қамтыған қасиетті міндет мәселесіне қаншалықты сақтықпен қарау керектігін пайымдай беріңіз.
Ойлап қараңызшы, Пайғамбарға уахи әкелетін Жәбірейіл періштенің өзі жай періште емес. Қай жағынан болсын басқалардан озық, таңдаулы, сенімділердің сенімдісі болғандықтан, оған осы қасиетті міндет жүктелген. Құран Кәрім Жәбірейіл (а.с.) хақында «Сол жерде оған бағынады, ол сенімді» (Тәкуир, 81/21) деп айтылуда. Ол һәм Аллаһ тағалаға құлдық ұра бағынған һәм уахи апаруға ең сенімді. Уахиды Пайғамбарға жеткізуші періште де, уахиды адамдарға жеткізуші пайғамбар да дәл осындай сипатқа ие болуы қажет.
Иә, Аллаһ тағала қасиетті әрі ұлы міндетті нәпсімен арпалысып жүрген қарапайым жанға бермейді. Ал, тіпті, құлқынына ерік берген адам болса, кіршіксіз пәктік пен мөлдір тазалықтың өкілі бола алмайды. Негізінде, пайғамбарлардың санасы күнәсіздікті қажет ететін сипатқа ие.
Бейкүнәлық аса маңызды. Негізі күллі пайғамбарлар өз өмірлерін бәйкүнәлықпен өрнектей білген. Бұрмаланған кітаптардағы кейбір санасыздардың оларға жапқан жалаларын былай қойсақ, былайғы жұрттан пайғамбарларға күнә таңған ешкім жоқ. Құран Кәрім оларды өз дәрежелеріне сай қолға алып, рухани пәктіктерін басқаға өнеге еткен.
Көкте Жәбірейіл, Әзірейіл, Микайл мен Исрафил қандай болса, жерде де пайғамбарлар нақ сондай. Бір өкініштісі, біз осы ұлы тұлғаларды тек Құран аяттары арқылы ғана біліп, осылардың ғана есімдерін атай аламыз. Пайғамбарға арналған өлеңінде ақын Ибраһим Хаққы олардың аттарын тегіс атап шыққан[1].
Осы пайғамбарлардың барлығы да түгелдей кіршіксіз таза, үстіне тозаң да жұқпаған, жазылмаған ақ парақ тәрізді. Аллаһ тағаланың қалауы бойынша олардың пешенесіне рухани қолбасшы болу жазылып, адамзатқа үлгі-өнеге көрсеткен.
Кейбір ғалымдар олардың пайғамбарлықтан бұрын болмашы ағаттықтар жасауы мүмкін деулері олардың өздеріне тән көзқарастары ғана. Болмаса, олардан басқа барлық Ислам ғұламалары пайғамбарлардың балалық кезеңінде де күнәдан қорғалатындықтарын айтады. Осы көзқарасты қуаттайтын көптеген аяттар да бар.
[1] Адам ата, Ыдырыс, Нух, Худ, Салих, Ибрахим, Ысхақ, Исмайл, Яқуб, Жүсіп, Шұғайп, Лұт, Яхья, Зәкәрия, Харун, Мұса, Дәуіт, Сүлеймен, Ілияс, Әиюб, Иса, Зулқифл, Юнус, Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), Құранда бұдан да басқа Ұзайр, Лұқман, Зұлқарнайнның (а.с.) аттары аталған. Бірақ олардың пайғамбарлықтарында талас бар.
- жасалған.