Мадақ

Мәрт сөзді турашылдар Құранда былай деп мадақталады:
«Мұсылмандар арасында Аллаһқа берген сөздерінде тұрған қаншама ерлер бар. Кейбіреуі сөзінде тұрып, сол жолда жандарын құрбан етті. Кейбірі (шейіт болуды) күтуде. Олар берген серттерін ешқашан да өзгертпеді»  (Ахзап, 33/23).         

Осы аятқа аз да болса тоқтала кетейік:
Әнәс ибн Мәлік[1]: «Бұл аятта меңзелген кісі туысқан ағам Әнәс ибн Надыр және соған ұқсас жандар», – дейді.

Әнәс ибн Надыр Ақабада[2] Аллаһ елшісін көрісімен, сиқырланып қалғандай жіпсіз байланып, оның қасынан кеткісі келмейді. Алайда, оған Бәдір шайқасына қатысу бұйырмады. Бәдір шайқасының Ислам тарихында ерекше орны бар. Тіпті Бәдірге қатысқандардың сахабалар арасындағы орны қалайша ерекше болса, сол соғысқа қатысқан періштелердің де көктегі періштелер арасындағы орны бөлек болды. Бұл Бәдірге қатысып, періштелерге қолбасшы болған Жәбірейілдің сөзі еді[3]. Әнәс ибн Надыр осы мүмкіндікті өткізіп алғанына іштей өкініштен өзегі өртеніп, дөңбекшіп, ұйықтай алмай жүрді. Содан ол Сардарға барып: «Пайғамбарым, егер тағы да олармен шайқасудың сәті түссе, онда кәпірлер менен сазайын тартады», – деп, өкінішін білдіреді. Әнәстің осы ықыласты дұғасы қабыл болып, Ухудта ұрысқа қатысты.

Ухуд деген кезде адамның көңілі босап сала береді. Өйткені сол жерде жетпіс сахаба шейіт болды. Кім білсін, сірә, Ухудтағы осы бір жан сыздатар оқиғадан кейін кейбіреулер сол тауға қарсы ұнамсыз сөз айтып жүрмесін деген болар, Аллаһ елшісі бір күні Ухудтың жанынан өтіп бара жатып: «Ухуд тауы – бізді жақсы көреді, біз де оны жақсы көреміз», – деген еді[4].

Ухуд – асуы қиын тау. Бірақ Ухуд соғысының асуы сол таудан да қиынға соқты. Сахабалар босаңсып, қырағылық таныта алмай, Аллаһ елшісі көрсеткен бекіністі бір сәт ұмыт қалдырған-ды. Бұл күйреу емес стратегиялық тәсіл болатын. Біздің ардақ тұтқан сахабаларға деген көзқарасымыз, міне, осындай.

Осы соғыста Аллаһ елшісі де жараланып, мүбәрак тісі сынып, дулығасы жүзіне батып, денесі қан-жоса болды. Бірақ осыған қарамастан, кешірімшіл Рақым пайғамбары қолдарын жайып, дұға етіп: «Аллаһым, елімді кешіре гөр. Өйткені олар білмейді», – деп жалбарынды[5].

Әнәс ибн Надыр сол соғыста жанқиярлықпен айқасып, бір жыл бұрын Хақ пайғамбарға берген сөздің үдесінен шығуға жанын салды. Арғы дүниеге бірге аттанатын серіктерімен бірге өмірінің соңына жақындай берді. Денесінің сау тамтығы қалмай жараланып, ажал құшты. Соңғы рет күлімсіреп, жанына жақындаған Са’д ибн Муазға: «Аллаһ елшісіне менен сәлем айт. Уаллаһи, дәл қазір Ухудтың арғы бетінен жәннаттың жұпар иісін сезіп тұрмын»,–деді.

Сол күні қылышпен қидаланған шейіттерден кімнің кім екенін түстеп тану мүмкін болмады. Солардың ішінде Баһадүр Хамза (р.а.), Мус’аб ибн Умәйр (р.а.) секілді арыс-тандай айбарлы тұлғалар бар еді. Абдуллаһ ибн Жахштың парша-паршасы шыққан денесінің бөліктері жиналғанда ғана оның Абдуллаһ ибн Жахш екені анықталды. Әнәс ибн Надыр да дәл осындай адам танымас күйде еді. Қарындасы келіп, қылыш ұстаған қолынан (сол жері ғана жарақаттан аман болса керек) танып, көздері жасқа толып, «Бұл Әнәс ибн Надыр, Пайғамбарым!» – деуге шамасы жеткен еді[6].

Аят осы қаһарман жайлы айтқан. Ол берген сөзінде тұрды. «Өлгенше айқасамын» деді және айқасып жүріп өлді. Өлім екеш өлім де оның берген сертін жоққа шығара алмады.

Аяттың ол жайлы айтылуының себебі: иманды адамдарға оны үлгі-өнеге ету. «Ләә-иләһә-иллаллаһ» деген соң, дін ойынға, иман сағымға айналмауы, ал діндік рәміз аяқ асты болмауы үшін әр адам осы сөздің қадірі мен қасиетіне сай сенімді де тұрақты болуы керек.

Әнәс ибн Надыр және сол сықылды жандар сөздерінде тұрды. Сөзге мәрт әрі тура да шыншыл екенін дәлелдеді. Өйткені олар дәрістерін әлемнің ұлы тұлғасы Мұхаммед Әминнен (сенімді) тікелей алған еді. Ол қандай тура, әділ болса, достары да сондай болды...



[1] Аллаһ елшісінің қызметшісі. Пайғамбарымыз Мәдинаға келгенде, анасы он жасар Әнәсті қолынан жетектеп Аллаһ елшісіне әкеліп: «Пайғамбарым! Ұлым саған ғұмыр бойы қызмет етсін», – деп, баласын сол жерге тастап кетеді
[2] Әнсарлардың хазірет Пайғамбарға бият (сенім) білдірген Меккеге жақын жердің аты (ауд).
[3] Бухари, Мәғази, 11, Ибн Мәжә, Муқаддима, 11.
[4] Бухари, Зәкәт, 54.
[5] Муслим, Жиһад, 101, 105; Бухари, Әнбиә, 54.
[6] Муслим, Имарә, 148.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.