14. Қателіктерін өшіріп, мәртебелерін көтеретін іс
Муслимнің бізге жеткізген бір хадисінде екі әлем Сардары былай дейді:
«Жасаған қателіктеріңді Аллаһ өшіретін әрі сендерді биік мәртебеге көтеретін жайтты айтайын ба? Сахабалар: «Иә, Пайғамбарым»,– деді. Ол сонда былай деді: Қиындықтарға қарамастан жақсылап дәрет алу, мешітке қарай көп жол жүру, сосын намаздан соң келесі намазды күту. Міне,Рибат (шекарада күзетте тұрғандай өзін Хақпен) байланыстыру» деген – осы[1].
Үш ғибадат адамның істеген қателіктерін өшіріп, келешекте оны қайталауына тосқауыл болады және оны Жаратушысына ықыласпен құлшылық қылуға жетелейді.
Біріншісі, су мен ауа-райына байланысты еркін дәрет алуға мүмкіндігі болмаған; судың да, ауа-райының да жайсыз суықтығы әрі су мүлдем тапшы болған сәтте (әлбетте, аса қажеттілік жағдай бұдан тыс) дәрет алу – терең ықыластан, сауап алуға деген ынталылық пен құлшылыққа деген шынайы сүйіспеншіліктен туындайды. Егер адам барлық кедергілерді бұзып өтіп, аса қиын сәтте дәрет алатын болса, онда оның ыстық ықыласын Аллаһ қабыл етеді. Негізінде, мұндай жанның рух әлеміне қылаудай сызат түссе де, одан арылу оған зәредей қиындық туғызбайды. Ал дәрет адам бойындағы жағымсыз энергияны алып, жүйкесін босатады және рух күнде бес рет жанданып жаңаратындығы көпшілікке мәлім болғандықтан, оған тоқталуды жөн көрмедік.
Екіншісі, Аллаһқа жақын болу жолында ұдайы мешітке бару, жан мен тән тазалығына мән беру. Рухтың адам ұға алмас ләззатқа бөленуі, жүректің намаз оқудан бұрын ол жайлы ойға батып, Аллаһ алдында тұру болып саналатын сол намаз ғибадатының шәрбетіне қануы. «Көп қадам» сөзімен айтылған осы ұзақ жолда ерекше әлемнің нұрына малынып, терең ойларға шомуы, сол арқылы өзгеруі. Өзгеру арқылы өткен ғұмырының қара дақтары өшіріліп, сол қара дақтар көзден парлап аққан жастарымен ағарып, жақсылықтың жалғасуына арқау болуы. Мұның бәрі адамды құлшылық әлеміне жетелейді.
Үшіншісі, ғашығын күткендей, намазға асық болу. Сол мүбәрак намаз уақыттарын бейне бір «уақыт кестесіне» айналдырып, өмірі мен өмірдегі істерін соған жүйелеп құру – ғажап бір заман ұғымы. Адам сол арқылы көңіліндегі заман ағымына еруден пайда болған бойкүйездіктің орнын осындай бір ізгі ниетпен ғана толтыра алады. Намаздағы көңіл рахаты мен Хаққа жақындығын намаздың тысында да сақтай алады. Сөйтіп, барлық дүниелік істерін Аллаһпен байланыстырып, түгелдей ғибадатқа айналдыра алады. Сондықтан да осындай ынтызар көңілмен оқылған намазды да дәл рухани және дүниелік жиһат секілді «рибат» сөзімен белгілеп оны адам баласының Раббысымен байланысының атауы еткен.
Бұл да дәретпен қанаттанып, намазбен көкке самғаған мұсылманның нұрлы әлемінен үзінді етіп бізге ұсынған бір мысалы.
Осы айтылатын қасиетті хадистің мағынасы Аллаһтан, сөзі Пайғамбарымыздан болғандықтан «құдси хадис» деп аталған.
[1] Муслим, Тахара, 41; Тирмизи, 39
- жасалған.