Нәжаши

Нәжаши – Хабәш әміршісі болатын. Ол Аллаһ елшісін жүзбе-жүз көрмеген сахаба еді. Аллаһ елшісі оған Амр ибн Умәйрді аттандырады.

Нәжашиге жіберілген хатта екі әлем Сардары былай деген еді:
«Аллаһтың елшісі Мұхаммедтен Хабәш Нәжашиі (әміршісі) Асһамға:
«Сәлем саған! Мен сенің арқауыңмен Мәлік, Құддыс, Мумин, Муһәймин болған Аллаһқа мадақ айтамын. Мен Исаның Рухуллаһ әрі Аллаһтың ар-намысты, кіршіксіз тап-таза да пәк әйел Мәриямға берген сөзі екеніне куәлік етемін. Сені серігі болмаған жалғыз Аллаһқа шақырамын».
[1]

Екі әлем Сардары, алдымен Нәжашиға алыстан орағытып жатпай «Сәлем саған» деу арқылы одан жақсы нышан байқағанын білдіреді. Бейне Аллаһ елшісі оның тура жолға түсетінін ғайыптан анық көріп, сенімді болып осылай айтқандай. Екіншіден, хаттың жазылу тәсілдері де ғажап. Аллаһ елшісі оны хақ дінге шақырғанда, ол пір тұтатын хазірет Мәриямды қозғай отырып шақырған. Негізінде, біз үшін Мәриям үлкен құрмет иесі. Мәриям – үлкен пайғамбарды дүниеге әкелген әйел және иләһи (құдайдық) шабытқа ие болған әулие жан.

Бұл жерде мына мәселеге қырағы болу керек. Нәжаши  христиан болатын. Аллаһ елшісі хатында Құраннан сол тақырыпқа қатысты аяттарды келтірген. Бұл – Нәжашидің көңілін табу үшін ең әсерлі, ең төте жол. Айтқандай, солай болды да.

Нәжаши хатты тағынан түсіп өзі алды да, сүйіп маңдайына басты. Хатты оқыған соң, мұсылман болғанын жария етіп, уақыт өткізбей, Екі әлем Сардарына мына хатты жаздырды:
«Аллаһтың елшісі Мұхаммедке Хабәш патшасы Нәжашиден:
Мен сенің Аллаһтың елшісі екеніңе куәлік етемін... Егер әмір етсең, дереу сенің қасыңа барайын. Бірақ мен өзіме ғана жауап бере аламын. Дәл қазір мен қол астымдағыларға бұл мәселеде құзыретім жүрмейді. Айтқандарыңның бәрі де рас екеніне куәлік етемін»,
– дейді[2].

Нәжаши – иманның не екенін жақсы білген адам. Бір күні жақындарына былай дейді: «Әттең-ай! Патша болып ел билегенше, Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жанында болсам ғой».

…Арада көп жылдар өтеді. Бір күні Аллаһ елшісі мешітке келіп, сол жердегілерге: «Тұрыңдар! Бауырымыз Нәжашидің жаназа намазын оқимыз», – дейді[3].

Ғалымдар арасында ғайыптан жаназа намазын оқу көзқарасы әр түрлі. Ханафи мәзхабынан басқа мәзхаб имамдары мұндай намазды оқуға болады десе, ханафи мәзхабы кері пікір айтады. Өйткені олардың айтуынша, мұғжизалы түрде Нәжашидің табыты Аллаһ елшісінің алдына әкелінді де, оның жаназасы шығарылды. Ол Исламдағы фықых іліміне қатысты мәселе болғандықтан, бұл жерде оны қозғаудың реті жоқ[4].




[1] Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 3/104.
[2] Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 3/105
[3] Бухари, Жәна’из, 4,65; Муслим, Жәна’из, 62-67
[4] Жазири, Мәзаһиб, 1/522-523.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.