1. Пайғамбардың отағасылығы

Сөз жоқ, бұл отбасы әлем әлем боп жаратылғалы жер бетінде бұрын-соңды теңдесі болмаған һәм одан кейін де болуы әсте мүмкін емес, ең бақытты, құт-береке дарыған отбасы екені белгілі. Оның отбасын гүлзарға теңеуге болады. Бұл отбасы жұпыны ғұмыр кешті. Өйткені, айлар бойы бұл шаңырақтың қазанында сылдыр сорпа да қайнамайтын. Жарлары қуықтай бөлмені місе тұтты. Қиындықтың тігісін жамап-жасқап күн кешті. Сөйте тұра, бұл ардақты жандар аптасында бірер сағат Аллаһ елшісімен жүздесуді дүниедегі барлық нәрседен артық санайтын. Олар аса бақытты, көңілдері де күн шуақты көктемдей еді.
Ақиық Пайғамбардың кіндігінен тараған балаларының барлығы да өзінен бұрын өмірден озған-ды.  Жалғыз хазірет Фатима ғана көз нұры, көңіл қуанышы боп аман қалды. Ол да ғұмырын таршылықпен өткізді. Яғни, Аллаһ елшісі оған да рахат  ғұмыр кешетін жағдай жасаған емес. Сөйте тұра, жарлары да, бірегей үміті Фатима да оны өте қатты жақсы көріп, оны бәрінен де артық санайтын. Аллаһ елшісі олардың жүрегінен терең орын алған-ды. Әрине, мұндай тереңдікті өзгелер түйсіне де, сезіне де алмайды.

Хазірет Фатима әкесі қайтыс болғанда бірнеше күн қатарынан көз жасын төкті, әлемді күңірентіп, естігеннің жан-жүрегін сыздатар жоқтау айтумен болды. Асқаралы әкесінің жоқтығына ол небәрі алты ай ғана шыдай алды. Ішқұсалық-пен алты айды әрең өткерді, артынша әкесіне қарай құстай ұшып, өмірден озды. Ешбір перзент нақ хазірет Фатимадай әкесін ыстық ықыласпен жақсы көре алмаған. Ешқандай әке де балаларын дәл Пайғамбарымыздай емірене сүймеген. Оның жарлары хақында да дәл осылай айтуға болады. Ешбір әйел Аллаһ елшісінің жарларының оны сүйгеніндей ерлерін сүйе алмаған. Оның отбасындағы мұншалықты сүйіспеншіліктің әлбетте өзіндік себебі бар. Хақ пайғамбар отбасындағы жақындарына көрсеткен тәрбиесімен олардың жүректеріне өзіне деген сарқылмас құрметпен сүйіспеншілік дәнін еге білді. Кейін осы сүйіспеншілік ұлғая келе күллі ғаламды қамтыды. Міне, бұл да екі дүние Сардарының фәтәнатының тағы бір ерекше қыры.

Аллаһ елшісі қайтыс болған кезде жарларының жеке баспаналары болмаған. Олар өмір бойы құжырадай тар бөлмелерде ғұмыр кешті. Тарихшылар олардың еншісіне сүтін сауып ішерлік бір-бір ешкіден ғана тигендігін жазады. Бірақ Аллаһ елшісінің асыл жарларының ешбірі де өмірінде осы жағдайына шыдамсыздық танытып, бір ауыз шағым айтып көрмепті. Аллаһ елшісінің көзі тірісінде кейбіреуіне мұндай ой келгенмен, Құранның ескертуімен тез естерін жинап, сабасына түсетін. Аллаһ елшісі өмірден озған соң олар мемлекет қазынасынан Әбу Бәкір (р.а.) бөлдірген қаржымен күнелтті. Бұл әркімге шақтап берілетін болмашы ғана қаржы болатын. Пайғамбардың дәстүрін бұзғысы келмеді. Алайда Омар (р.а.) халифа болғанда Ақиық Пайғамбардың жарларына бірінші дәрежелі айлық бергізді. Оның көзқарасына тоқталсақ, Пайғамбардың жарлары алғашқы Исламға кіргендермен дәрежелері тең болмағанмен, Аллаһ елшісінің ең жақындары һәм қияметке дейінгі мұсылмандардың аналары ретінде алғашқы қарлығаштардың қатарынан саналуы тиіс. Хазірет Омар осы тоқтамға келіп, шешім шығарған. Бірақ біздің негізгі тоқталмақ мәселеміз бұл емес. Біз Аллаһ елшісінің өз жарларын екінің бірі оңайлықпен қол жеткізе алмайтын шырқау шыңға шығара білген қасиетін сөз қылмақпыз. Ол қамшының сабындай аз уақыт қана бірге тұрған жарларының жүректері мен рухтарына терең бойлай білді. Ендеше, онда өзгеде жоқ, басқаның бойынан табылмайтын бір тартымдылық, адамды өзіне тартатын ерекше күш бар деген сөз. Ол осы тартымдылығымен айналасындағыларды өзіне үйіріп, тез баурап алатын. Бұл да хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығының өзге бір бөлекше қырын танытатын дәлел.     

Аллаһ елшісінің бірнеше әйелмен отау құруы оның пайғамбарлығына ап-айқын бір дәлел екендігін орны келген кезде айтамыз. Бұл тақырыпты әзірге қозғамаймыз. Алайда, осы жерде мына ерекшелікті айта кету керек. Пайғамбарымыздың мүбәрак шаңырағы әйелдерге қатысты діни үкімдерді үйрететін медреседей еді. Отбасылық өмірге қатысты үкімдердің тоқсан пайызы бізге Аллаһ елшісінің пәк жарлары арқылы жеткен. Сол себепті оның шаңырағында дәреже жағынан әр түрлі әйелдердің болуы заңдылық. Ақиық Пайғамбар дін үкімдерін көпшілікке жаю мақсатымен ғана жанқиярлық танытып, елу үш жасынан кейін бірнеше әйелмен үйленуге бел буады.

Иә, Аллаһ расулының шаңырағында көп әйелдің болуы ауадай қажеттілік еді. Өйткені ер кісілер әрқашан мешітте отырып, Пайғамбарымызды тыңдай алатын. Егер біреуі бір күн келмей қалып, сұхбатын тыңдай алмаса, достары арқылы сол күнгі мәселелерді түгелдей біліп алатын. Өйткені сахабалар тыңдағандарын өңін өзгертпей қаз қалпында жеткізе білетін. Бірақ, әйелдердің басым көпшілігі мұндай мүмкіндіктен жұрдай еді. Өйткені әрдайым Аллаһ елшісін тыңдауға жағдайлары келе бермейтін. Мұндай кездері оларға, әсіресе, әйел затына ғана қатысты мәселелерді кім түсіндіре алмақ? Ақырғы елшінің жеке өмірі мен табиғи болмысына тән халдерін және үйдегі тұрмыстық өміріне қатысты әдептілігі мен мінезін үмбетіне кім жеткізбек? Дінді және оның барлық ұстанымдары мен күллі негіздерін тұтастай жеткізуге жалғыз әйелдің шамасы келер ме?

Табиғи болмысына қарай әйелдің өзіне тән жағдайы һәм ерлі-зайыптылардың арасындағы құпия нәзік жағдайлар болады. Осыған қатысты мәселелерді Пайғамбарымыздан жалғыз әйелдің түгелдей үйреніп, өзгелерге ұқтыруға шамасы қайдан келсін?!
Ендеше осындай мәселелерді бізге жеткізу үшін оның ішкі өмірімен етене араласқан бірнеше әйел қажет болды. Осы қажеттілік әсте Пайғамбарымыздың өзіне қатысты емес. Бұл – тұтастай діни зәруліктен туындаған қажеттілік. Ақиық Пайғамбардың да осы қажеттілік үшін ғана осындай ауыр міндетті көтеруіне тура келді.

Бұл абзал әйелдер өз рулары мен тайпаларының Аллаһ елшісімен туыстық байланыс орнауына арқау бола отырып жүздеген, мыңдаған хадистің сақталуына да ең басты себепкер болды. Осы жерде Аллаһ расулының жарларына бүкіл әйел атаулының борыштар екендігін айта кеткен орынды. Барша әйел қауымы олардың мүбәрак аяқтарының астына түкті кілем болып жайылса да, борыштарын өтей алуы неғайбыл. Иә, олардың дінге деген қызметі мен ерен еңбектері ұшан-теңіз.
Негізінде, апталап сылдыр сорпа да іше алмаған, иіні бүтін киім кимеген оның әйелдеріне адами болмыстарынан аспай күңкілдеп, наразылық танытуына да болар еді. Алайда, олай болған емес. Олардың ақырғы Пайғамбарға ризалық танытудан өзге бөтен ойлары болмады. Тарихи деректерге зер салған кісі бұған көз жеткізе алады.

Ол пайғамбарлығының рухындағы байсалдылық пен салмақтылығына қарамастан әйелдерімен әзілдесетін. Әркез етене араласып, емен-жарқын күн кешкен. Араларында бар-жоғы нәзік бір перде ғана қалатын. Ол – Пайғамбарымыздың Хақ тағаламен байланысынан туындаған, тек өзіне ғана тән рухани ерекшелік. Өйткені, ол – пайғамбар, жарлары болса оның үмбеті еді.

Аллаһ расулының адал жарларына Ақиық елшісіз өткен өмірдің ешбір мәні жоқ еді. Онсыз өткен бір күннің орнын күллі ғұмырды құйсаң да, толтыру әсте неғайбыл болатын. Сол себепті жарлары онсыз өткен өмірді бос санайтын. Тіпті ондай ойды саналарына сыйдыра алмайтын.

Аллаһ елшісінің екінші жары Сәудә анамызбен Пайғамбарымыз Меккеде жүрген кезінде некелескен-ді. Бірақ қандай жағдайға қатысты екені белгісіз, бір күні Ақиық Пайғамбар анамызбен ажырасуды қалайды. Жары осыны естіген кезде не істерін білмей, есеңгіреп қалады. Дереу Аллаһ елшісіне: «Пайғамбарым! Сенен ешқандай дүниелік нәрсе сұрамаймын. Маған бөлген бір күнді де Айшаға қидым. Қаласаң, өмір бойы халімді сұрап жаныма да келмей-ақ қой. Тек бір тілегім: менімен ажыраспа! Мен ақыретке сенің жарың болып кетуді қалаймын. Одан өзге ешбір ойым жоқ»[1] – деп жүрекжарды өтініш тілегін білдірді. Сәудә анамыздың қалауына Аллаһ елшісі құлақ түріп, өтінішін жерге тастамайды. Ол пәк жарлардың бірі болып қалады.

Міне, Аллаһ расулы олардың жүректерінен осылай орын алған. Егер олардың біреуімен ажыраса қалса, ол оның есігін күзетіп, қияметке дейін күтер еді.

Бірде Хафса анамыздың (р.а.) беймаза күй кешкенін сезгенде, «қаласа, оған жол ашайын» деген мағынадағы сөз айтты. Осы сөздің өзі Хафсаның өмірін селдей бұзды. Ортаға адамдар түсіп, Хафсаның көп намаз оқитындығы мен нәпіл ораза тұтатын әйел екенін Аллаһ елшісіне жыр қылып айтып, тауыса алмай жатты. Олар оның осы ерекшеліктерін айта келе, оған жалынып, Хафсаны жіберме деп өтінді[2]. Пайғамбарымыз да осы ең берік жарын шаңырағынан шығарудан бас тартып, райынан қайтты.

Олар Рақым елшісінен ажырасуды ауыр қасірет санайтын. Иә, асыл жарларының барлығының да тілегі бір еді. Ешбірінде өзгеше ой болмады. Ол сол бір мүбәрак, жұп-жұмсақ һәм боямасыз өмірін олармен бөліскені сонша – одан айрылысулары да мүмкін емес-ті. Егер одан жырақтап кетсе, қайраңда қалған балықтай өліп кетер ме еді, кім білсін?!

Ол көз жұмғаннан кейін қайғының қара бұлты төніп, нағыз қасірет басталды. Әбу Бәкір (р.а.) мен Омар (р.а.) Аллаһ елшісінің жарларына барған сайын, олардың көздері жасқа толып, жылап отырғандарына куә болатын[3]. Тіпті олар өмірден озғанша көздерінен жас, көңілдерінен шер тарқамады. Аллаһ елшісі олардың саналарында өшпес із қалдырды. Олармен бірге сүрген өмірі қысқа бола тұра екі жаһан Сардары олар үшін бейне бір ғұмыр қайнары болған-ды. Біздің айтқымыз келген ерекшелік те осы. Иә, оның отағасылығы да Хақ тағаланың елшісі екендігін паш етуде.

Тоғыз шақты жарын бір шаңырақтың астында және ешқандай келеңсіздікке жол бермей басқара білген.

Көз жұмуынан бірнеше күн бұрын: «Құлға Раббысы мен дүние екеуінің біреуін таңдауына тура келді де, ол Раббысын қалады», – деді. Сүйегі асыл, үлкен парасат иесі Әбу Бәкір (р.а.) осы сөзді естігенде көз жасына ерік берді[4]. Аллаһ елшісінің науқасы көпке созылған жоқ. Күн өткен сайын дерті меңдеп, басы ауырып, қатты қиналып жатса да, ол жарларына деген ыстық ықыласы мен нәзік әдептілігін сақтай білді. Зайыптарын алма-кезек аралайтын шамасы жоқтығынан бір бөлмеде қалуды жөн көріп, олардан рұқсат сұрады. Оның бұл қалауын барлығы бірауыздан мақұлдады. Аллаһ елшісі ақырғы күндерін хазірет Айшаның бөлмесінде өткізді[5]. Ең ауыр шақта да ол жарларының құқықтарын құрметтеп, әділеттіліктен танбады.




[1] Мәжмәуз-Зәуәид, 9/246; Муслим, Рада, 47.
[2] Нәсаи, Талақ, 76; Мәжмаууз-Зауаид, 9/244.
[3] Ибн Хишам, Сирә, 4/305.
[4] Бухари, Салат, 80; Фәдәилул-Асхаб, 3.
[5] Ибн Сад, Табақат, 2/231; Ибн Хишам, Сирә, 4/298.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.