Сахабалардың ынтасы мен ықыласы

Мус’аб – Меккедегі ең бай отбасының жалғыз баласы. Исламды қабылдағанда, жасы он жетіде болатын. Ол көшеден өткенде, жас қыздар терезеден үңіле қарап, бет орамалдарын бұлғайтын. Жүріс-тұрысында өте ұқыпты еді[1]. Алайда Исламға кірген соң, үйінен жақсылық көрмеді. Мәдинаға бір-ақ көйлекпен кетті. Одан басқа іліп алар заты жоқ. Қалған ғұмырын да жоқшылықта өткізді. Тіпті Ухудта шейіт кеткенде, барлық дене мүшесін Аллаһқа берді. Сол күні еттей туралып, үстіне жабатын кебін де табылмады[2].

Аллаһ елшісінің шәкірті болған осы бір атақты сахаба Мәдинаға барысымен дереу тәблиғ етуді бастады. Мәдинада қақпаған есігі қалмады. Ол шынайы әрі жүрегі ықылас тұнған тұлға болатын. Оның әңгімесіне құлақ түргендер аз уақытта күпірден алыстап, Исламның нұрлы әлеміне  кіретін. Оның келуімен Мәдина жамылғысын сыпырып, жанданып сала берді. Сахаба бейне қараңғы жан-сарайларды жап-жарық еткен нұр іспетті еді. Әс’ад ибн Зурара (р.а.) оны өзінің құрметті қонағы етіп күтті. Әс’ад ибн Зурара жұма намазы әлі парыз болмауына қарамастан Аллаһ елшісі Мәдинаға келмей тұрып адамдарды бір жерге жинап, жұма намазын оқытқан адам еді[3].

Мәдинадағы барлық жан оның шаңырағына жиналып, Мус’абтың аузын бағатын. Ол үйдің есігін теуіп кіргендер қайтарында мүлде өзгеріп, жаны жадырап, нұрлы шуақтың шуда жібін тарқатып шығушы еді. Са’д ибн Муаз да солардың бірі. Ол бір күні: «Мәдинада ешкімнің бүлік шығаруға қақысы жоқ», – деп терісіне сыймай ашуланады. Өйткені оған Мус’абты «бүлік салушы» деп жеткізген еді. Ол осы бүлікті табан астында басып тастауға бекініп, табалдырықтан аттайды. Бұл кезде Мус’аб маңында отырған жандарға қыр астынан баяу ескен қоңыр самалдай жағымды даусымен әлденені айтып жатқан болатын. Са’д сол сәтте омыраулай кіріп, өрескел әрекеттерге барады. Бірақ Мус’аб аспай-саспай былай дейді: «Алдымен отырып сөзімді зейін қойып тыңда. Айтқан нәрселерім саған ұнамаса, еш кідірмей қолыңдағы қылышпен мойнымды шап. Ант етейін, мен саған қарсы шықпаймын». Осы сөздер Са’д ибн Муазды ерітіп жіберді. Періштелер қонақ болып, құт дарыған үйдің табалдырығынан аттап ішке кірді де, таухид сөзін жүрек түкпірінен жұлқынып шыққан даусымен жар салды. Иә, Са’д ибн Муаз Мус’аб ибн Умәйрдің алдында тізерлеп отырып мұсылман болды[4]. Сол күндері Мәдинада Омардың Меккеде мұсылман болған кезіндегідей толқыныс, тербеліс пайда болды. Са’д ибн Муаздың Исламға кіргені туралы хабардың жаңғырығы бие сауым уақыт шамасында шартарапты шарлап, оның мұсылмандығы үлкен оқиғаға айналды.

Аллаһ елшісі тоқтаусыз, демалмай, ақиқатты жайғанындай, шам-шырақ шәкірттері де шартарапқа тарап, хақты жаю міндетін мейлінше мінсіз орындауға тырысты. Әлем осы шырақтардан жанған нұрлы жүректермен жап-жарық асқақ әлемге айналды. Негізінде, Мус’абты Мәдинаға, Талханы Думетул-Жәндәлге, кейін  Бәра мен Халидті Йеменге жетелеген дәл осындай сана-сезім емес пе?

Кейде сахаба тапсырылған істі орындай алмаған кезде оның орнын басқа біреумен ауыстырады. Бұл әрекеті сәтті жүзеге асып, өз жемісін бермей қоймайтын. Мысалы, Халид ибн Уәлид (р.а.) тәблиғ үшін Йеменге жіберілді, бірақ ісі жемісті болмады. Аллаһ елшісі кейін оның орнына Әлиді жібереді. Халидті Нәжрәндағы христиандар тұрған жерге тағайындады.

Бәра ибн Азиз осы жайды былай жеткізеді:
«Халидпен бірге Йеменде біраз уақыт болдық. Әли келгенге дейін ешкім иман келтіріп, қатарымызға қосылмады. Бірақ Әли (р.а.) келген соң, ахуал өзгеріп сала берді. Адамдар топ-тобымен Исламға кіріп, мұсылман бола бастады»[5].

Йеменде Әлидің (р.а.) ісі жемісті болды. Өйткені ол Аллаһ елшісімен көп жылдар бойы бірге болған. Сонымен бірге Әли (р.а.) Хасан мен Хусейннен келетін алтын нәсіл мен қияметке дейін келетін барлық құтыптардың, муқаррабиндердің, әулиелер мен асфиялардың әкесі саналатын. Бүгін де ақиқат олардың бастап кеткен жолымен қанат жайып келеді. Әли (р.а.) осылайша барлық йемендіктерді жүрек жібітер сөздерімен  баурап алды. Уақыты келіп, Мекке алынғанда, оның үнін тыңдағандардың бәрі жаппай Исламға қосылды[6].



[1] Халид Мухаммад Халид, Рижәлун Хаулә’р-Расул, 42. бет.
[2] Бухари, Жәна’из, 28.
[3] Ибн Һишам, Сирә, 2/77.
[4] Ибн Һишам, Сирә, 2/78-79.
[5] Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 5/120-121.
[6] Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 5/120.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.