2. Сауда, шаруашылық және дін насихаты

Пайғамбарымыз қандай да бір істе тепе-теңдікті сақтаудың керемет үлгісін танытқан. Бір хадис шәріпте:
«Сендер өздеріңді «Инә» саудасына салып, егін шаруашылығымен айналысуды ғана жеткілікті санап, сиырларыңның артына түсіп (яғни тек  мал шараушылығы-мен айналасып), дін насихатын доғарған кездеріңде, Аллаһ тағала сендерді қор қылады. Қайта діндеріңе оралғанға дейін  осы қорлықтан құтыла алмайсыңдар,»[1] – дейді. «Инә» саудасы –  құнын кейін өтеуге келісіп біреуден бір зат сатып алып, оны дәл сол адамға өте арзан бағаға сату. Сауда-саттықтың бұл түрі мейлі жасырған өсімқорлық, не басқа болсын, бәрібір шариғатта бұған тыйым салынған. Осы хадисте меңзеген мәселелерді шамасы біз өнеркәсіп төңкерісінен соң ғана  ұқтық қой деймін. Онда да дұрыс түсіне алсақ... Дін насихатын да  ұмытқалы қашан. Өнеркәсіп деп жүріп, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығын да жетістірмей, арадағы тепе-теңдікті ұстай алмай  дал болдық.

Алайда, аталмыш істің мәні жайында бұдан он төрт ғасыр бұрын Аллаһ елшісі хабар берген еді. Ол осы мәселе төңірегінде де өте орынды бағыт таңдап, тепе-теңдікті сақтай білді.

Әлбетте, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығына жеткілікті көңіл бөлу керек. Бұған ынталандыратын хадис-шәріп те бар. Бірақ, барлық күш-жігерді осыған ғана сарп ету біржақтылыққа ұрындырады.

Қала өміріне араласпай, бір таудың етегінде бей-жай күй кешіп, өз жайын ойлаған адамнан бастап, ісі кері кеткен егінші мен малшыға дейінгіні қамтыған бұл сөз  маңызды  экономикалық мәселелерді қозғап отыр. Сонымен қатар, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен тереземіздің теңесуіне арқау болған Исламға деген қызметті, яғни дін мен Хақ тағаланы елге танытуды ұмытқан тұста, Аллаһ тағала көтере алмайтын қорлыққа душар етіп, бодандық күй кешіп, масқара болатындығымызды ескертеді. Осы жағдай қайтадан дінге оралып, Исламды өмірдің тірегі еткенге дейін жалғасады. Айтылған мысал теңізден бір тамшы ғана. Ақиық елшінің бұдан басқа да қаншама сөздері бар. Бірақ осымен ғана шектелуге тура келеді. Пайғамбарымыз кісі бойындағы қарым-қабілеттің шыңдалуына шектеу жасамаған, тіпті хадистерінде күшті, қуатты болуға шақырған: «Әлсіз мұсылманға қарағанда әлді (денсаулығы мығым) мұсылман Аллаһқа анағұрлым ұнамды».[2] Аллаһ тағаланың жақсы көруін қалаған жандар жүрек, рух һәм он екі мүшесінің саулығына көңіл бөлуі қажет. Мұнан түйетініміз Пайғамбарымыз: «Диета ұстап, әлсіреп, дененің күшін жойыңдар. Сонда ғана Аллаһ сендерді жақсы көреді» деп тұрған жоқ. Керісінше, христиандардағыдай монахтық өмір сүруге қарсылық білдіріп, әр нәрсенің өз  табиғатымен санасуда әрі бізді де соған тәрбиелеуде.  




[1] Әбу Дәууд, Буиу, 54; Муснәд, 2/84.
[2] Муслим, Қадәр, 34; Ибн Мәжә, Муқаддимә, 10; Муснәд, 3/366.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.