Әбу Талибті шақыруы
Әбу Талиб – қырық жылдан астам уақыт Аллаһ елшісін қамқорлығына алған адам. Хақ елшісі пайғамбарлығын жария еткенде, бүкіл Мекке мүшріктері қарсы шығып, түтіп жеп жіберердей жапа-тармағай ұмтылды. Бірақ алдарынан алынбас қамалдай Әбу Талибке тап болып, одан аттап кете алмаған. Оны таптап өтпей, Аллаһ елшісіне жетуі неғайбыл. Аллаһ елшісі үшін барлық ауыртпалықтарды көтеріп, жоқшылық пен тапшылығын тартқан, үш жылға созылған байкот уақытында да қаймықпай күрескен Әбу Талиб енді өлім төсегінде ажал жастығына әні-міне бас қояйын деп жатыр. Аллаһ елшісі оңтайлы сәтті қапы жібермей, жанына келіп, қоярда қоймай: «Ләә-иләһә иллаллаһ» деуін қалап: «Осы сөзді айтшы, ақыретте саған шапағат етейін», – дейді.
Бірақ Әбу Талибтың айналасын қаумалап тұрған қараниетті адамдар бұған жол бермейді. Ол ең соңғы сәтінде: «Абдилмутталибтің дініне», – дейді де, жүріп кетеді. Аллаһ біледі, сірә, иман кемесіне қол іліктіре алмаған шығар. Аллаһ елшісі көз жасын тыя алмай, сүртуге де шамасы келмей қалады. Ол: «Тыйым салынбайынша, саған кешірім тілей берем», – дейді[1]. Бірақ кейіннен түскен бір аят оның жан-жүрегін сыздатқан осы бір ащы азапқа тыйым салады. Ол енді Әбу Талибке истиғфар ете алмайды, өйткені аятта:
«Пайғамбар мен мұсылмандарға жәһәннамдық екені өздеріне айқындалғаннан кейін өз жақындары болса да, мүшріктер үшін жарылқау тілей алмайды» (Тәубе, 11/113), – делінген еді.
Ол Әбу Талибтің һидаятқа жетуін жан-тәнімен қалады. Пайғамбардың бұл тілегіне Әбу Бәкір қанық болатын. Ол Мекке азат етілгенде, Хақ пайғамбардың алдында иманға келсін әрі қасиетті қолын алсын деген ізгі ниетпен кәрі әкесі Әбу Куһафаны ертіп әкеледі. Қос жанары суалған қарт тілін кәлимаға келтіргенде, Әбу Бәкірдің көзінен жас парлап қоя берді. Аллаһ елшісі себебін сұрағанда, үңгірде бірге болған серігі: «Пайғамбарым, рас әкемнің тура жолға түсуін қатты қалаушы едім. Сол тілегіме бүгін мені Аллаһ жеткізді. Бірақ мен Әбу Талибтің иманға келгенін өз әкемнен де артық қалар едім. Неге десеңіз, бұл сіздің тілегіңіз еді. Өкініштісі, оған һидаят нәсіп болмады. Осыны ойлағанда еріксіз көңілім босады, – деп жауап береді[2].
Аллаһ елшісі Әбу Талибтің һидаятқа жетуін қаншалықты қаласа, өз туысқан ағасы Аллаһтың арыстаны Хамзаны шейіт еткен Уахшидің мұсылман болуын содан кем қаламайтын. Сол себепті де оның иманға келуі үшін барынша табандылық көрсетті. Төменде сол жайлы тарихтың дастанына үңілейік.
[1] Бухари, Жәна’из, 80; Муслим, Иман, 24; Нәса’и, Жәна’из, 102; Ибн Кәсир, әл-Бидаиа, 3/153.
[2] Ибн Һишам, Сирә, 4/48; Муснәд, 3/160; Ибн Хәжар, Исабә, 4/116.
- жасалған.