Тәсіл

Пайғамбар берілген міндетін ғана ойлайды дедік. Уазипаларын орындап, олар да өмірден озды. Кейбір пайғамбарлар күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, жұртын өмір бойы жақсылыққа шақырып, тәблиғ етсе де, олардың сөзіне сеніп, соңынан ерген бірде-бір жанның болмағаны ащы шындық[1]. Бірақ олар сонда да мойымай, сенімді күй кешкен. Өйткені міндеттерін толық орындады. Олар ғұмырында: «Неге қызмет ете алмадым? Неге маған сенген жан жоқ? Бұл іс неге нәтижесіз аяқталды? Жаңсақ іс-әрекет неге тоқтамайды?» – деп абыржуды білмеді.

Әр пайғамбар өз міндетін қалай орындайтынын ойлайды. Әрбір оңтайлы сәтті қапы жібермейді, жағдайға қарай әрекет етті. Ал, басқалардың ақиқатты қабылдауы немесе қабылдамауы, олардың өз еркі, оған пайғамбарлар жауапты емес. Соңғы үкімді Аллаһ тағала белгілейді.

Бір аятта Хақ пайғамбарға: «Сен қалағаныңды тура жолға сала алмайсың. Бірақ Аллаһ қалағанын тура жолға салады», – дейді (Қасас, 28/56).

Осы тұрғыдан алғанда, пайғамбарлар дағуаларын ешкім қабыл етпесе де, жан адам мойын бұрып құлақ аспаса да, ерінбей-жалықпай, бөгеліп, дағдарып қалмай, өзгелерге кінә артпай, өз міндетін ары қарай жалғастыра береді. Сондықтан барлық пайғамбарлар әр түрлі қорлыққа, зорлық-зомбылыққа, келекеге ұшыраса да, өз міндетіне адал болып қалды. Тәблиғ етудің осындай тұтастай күйін пайғамбарлар болмаса, өзгелерден ұшырастыру мүмкін емес. Мұндай жағдайда өзгелердің беті тез қайтып қалады. Адами тұрғыдан қанша кемелденсе де істеген ісіне қайтарым дәметеді. Кері жағдайда реніш білдіріп жатады. Тек пайғамбарлар ғана кею, ренжу, жасу дегенді білмейді. Бұл соларға ғана тән ерекшелік.

Ухуд соғысын алайық. Сол шайқаста қаншама ауыртпашылық көре тұра, Аллаһ елшісі қабағын да шытпады. Тісі сынып, дулығаның шығыршықтары жүзіне қадала кіріп, бетін қан жуып кетті. Пайғамбарымызға болысып Әбу Убайда бұларды тістеп суырмақ болғанда, өз тістері де сынып кеткен еді[2].

Сонда  да, екі әлем Сардары қаймана елін ойлап: «Аллаһым, еліме тура жол нәсіп ет. Өйткені олар білмейді!»[3] – деген.

Білмейді, егер менің пайғамбар екенімді білсе, бұлай істемейтін еді). Айтқанындай-ақ, кейін оны біліп таныған кезде, олар да Аллаһ елшісі үшін малдарын да, жандарын да аямады. Бұл оқиғалар бізге Аллаһ елшісінің кеңпейілділігін көрсетеді.

Пайғамбарымыз бен ізбасарлары – «ұрғанға қолсыз, сөккенге үнсіз қалар кеңпейіл жандар». Бастары жарылып, тістері сынып жатса да, «уф» деп шағым етпейтін сабыр иелері.

Міне, солардың бірі – Нұх (а.с) Құранда еліне былай дейді: «Ей, елім! Менде ешбір адасқандық жоқ. Алайда  мен  әлемдердің Раббы жіберген елшімін» (Ағраф, 7/61).

Нұхтың (а.с.) осылай деуіне жұрттың өзіне азғын деп жала жауып, айып таққаны себеп болды. Олар пайғамбарға құрмет көрсетудің орнына, надандыққа салынып : «Біз сенің ап-анық адасқаныңды көреміз», – деген еді (Ағраф, 7/60).

Бұл күнде де өзгере қойған еш нәрсе жоқ. Сол баяғы таз кепешін тастамаған жаман әдет, лас қылық: пайғамбарларға жала жабу әлі толастаған жоқ. Сен азғынсың, сен кертартпасың, сен ғасырдың ең артта қалған адамысың, т.б. Қысқасы, айтпағандары жоқ!

Аяттың жалғасында Нұх (а.с) халқына былай дейді:
«Сендерге Раббым уахи еткен ақиқаттарды тәблиғ етіп, сендерге насихат етемін. Және мен сендердің білмеген нәрселеріңді Аллаһтан келген уахи арқылы білемін» (Ағраф, 7/62).

…Жөңкіліп өткен ғасырлар кәпірлерді өзгерте алмады. Бұл жолы да Һуд пайғамбар дінсіз халқына былайша үн қатады: «Ей, халқым! Мен ақылсыз емеспін. Бірақ мен  әлемдердің Раббысы жіберген елшімін. Сендерге Раббымның жіберген ақиқаттарын тәблиғ етемін һәм сендер үшін сенімді насихатшымын» (Ағраф, 7/67-68).

Өзгерген еш нәрсе жоқ. Пайғамбарлар және елдері. Халқының оларға жапқан жаласы мен пайғамбарлардың еліне берген жауабы. Кейбір сөзінде айырмашылық бар демесең, бәрінің мағынасы бір.

Пайғамбарлар жайлы айттық. Ал енді сөзді Пайғамбарлар Сұлтанына берейік:
Аллаһ тағала Пайғамбарымызға қарата былай дейді: «Ей, жамылушы! Тұр да, адамдарға ескерт! Раббыңды ұлықта! (Муддәсир, 74/1-3).

«Ей, бүркеніп жатушы (расулым)! Түннің түгелін емес, жартысын немесе жартысынан азын немесе көбін ғибадатпен өткіз. Құранды анықтап оқы! (Мүззәммил, 73/1-4).

Дәл қазір бүркеніп жатудың заманы емес, тұр! Қараңғылықта қалғандарға жәрдем ет! Мына абдырап дағдарысқа түскен адамдарға бұралаң жолдың құрдымға апаратынын ескерт. Жер мен көкті күркіретіп, ұлы Раббыңның ұлылығын бар күшіңмен жар сал! Жер мен көк сенің даусыңмен  жаңғырсын! Жын мен адам осы әз үніңнен Раббыңның қандай ұлы екенін тағы бір рет естісін.

Ей, түнде жамылғысына оранған Дос! Пайғамбарлық секілді ауыр жүк сені күтуде, тұрып ғибадат ет! Сенің Аллаһтан қуат алуың қажет. Саған айтылатын барлық нәрсені адамзатқа жеткізуің керек. Мұндай ауыр істі Раббыңның демеуі болмаса, еңсере алмайсың. Бұған ғибадат, шынайы құлшылық қажет.

Пайғамбарымыз секілді әрбір пайғамбар да тәблиғ үшін келгенін жар салып әрі қарымын күтпей, жоқтан өзгеге құмартпай, көңілі дүниеге аумай, көзқарастары өзгермей, адамдарға ақиқатты айтып кетті. Олардың нұрлы хабарлары болмағанда, адамзат қараңғылықтан көз ашпай, хайуаннан айырмашылығы болмас еді. Сондықтан да адам баласының тағдыры пайғамбарлардың пайғамбарлығымен тығыз ұштасқан.  Пайғамбар жіберілмеген жердің адамдары о дүниеде жауапқа тартылмауы мүмкін. Алайда, пайғамбар жіберілді ғой. Ендеше, олардың сөзіне құлақ аспағандар сөзсіз есепке тартылады.

Міне, иләһи жарлық: «Біз пайғамбар жібермейінше ешкімді азаптамаймыз» (Исра, 17/15).

Басқа аятта:
«Раббың өздеріне аяттарымызды оқитын бір пайғамбарды мемлекеттерінің орталығына жібермейінше, ол жерлерді жермен-жексен етпейміз. Негізінде, Біз халқы залым болған елдерді ғана жермен-жексен етеміз» (Қасас, 28/59).

Хақ тағала әуелі пайғамбар жібереді. Пайғамбар өз міндетін орындап, халқына дінді айтып жеткізген кезде елі оған құлақ аспай, сөзін теріске шығарса, Аллаһ сонда ғана оларды азапқа салады. Әр дәуірде осылай. Аллаһ өздеріне тиісті тәблиғ міндетін толық орындамаған мұсылмандарды жазасыз қалдырмайды. Өздеріне тәблиғ етілгенімен, қасарысып, қарсылық көрсетсе ғана жазаға лайық.

Сол үшін де әрбір пайғамбар шаршамай-шалдықпай, тәблиғтың барлық тәсілін қолданып, тура жолға шақырған. Нұх (а.с.) Құранның тілімен сөйлейді:
«Раббым! Расында, мен елімді күндіз-түні шақырдым. Бірақ шақыруым олардың қашуын ғана арттырды. Расында, мен оларды Сенің кешірімің үшін шақырған сайын саусақтарымен құлақтарын бітеп, киімдерін бүркеніп алып, қасарысып, паңданған үстіне паңдана түсті. Сосын оларды жар салып жариялап шақырдым. Одан кейін оларға ашық әрі жасырын түрде де айттым. Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол – аса жарылқаушы», – дедім» (Нұх, 71/5-10).

Нұх (а.с): «Раббым, халқымды күндіз-түні ақиқатқа шақырдым. Есіктерін қағудан шаршамадым. Бірақ мен шақырған сайын олар қашқанымен қоймай, менен безіп кетті. Қасарысып, сөзіме құлақ аспады. Мені тыңдамау үшін әр түрлі сылтау айтып, жаңа тәсілдер ойлап тапты. Кейде құлақтарын тығындап, сөзімді естігілері келмеді. Кейде киімдерін бүркеніп алып, жүздерін де ашқысы келмеді», – деп, Жаратушыға мұңын шағады.


[1] Қараңыз: Бухари, Рихақ, 50; Муслим, Иман, 374; Тирмизи, Қиамә, 16.
[2] Ибн Хишам, Сира, 3/85
[3] Қади Иад, Шифа, 1/105. Бухари, Әнбиә, 54; Муслим, Жиһад, 105:

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.