Жан мен тән үйлесімі
Нағыз өмір – жүректің әмірімен өмір сүру, яғни рухани өмір. Жүрек қалауымен өмір сүрген адам өткен мен келешекті бір бүтіннің екі беті сияқты көріп, уақыттан тәуелсіз болмысқа айналады. Мұндай жан өткен күннің көңілге қаяу салып кеткен уайым-қайғысынан мұңайып, алдында не күтіп тұрғанынан қорықпайды. Ал жүрегінде өзін таба алмағандар өмірін бірсарынды әрі мәнсіз бос тірлікке айналдырып, үмітсіздік пен сенімсіздік ішінде өткізуге мәжбүр болады. Мұндай адамдар үшін өткен шақ – қараңғылығымен қорқытатын мазар, ал болашақ – түпсіз құдық. Сондықтан өлім де, өмір де олар үшін азап.
Адам ұшы-қиыры жоқ өткен шақпен және көз талатын келешекпен тек күйбең тірліктен асып, жүрегімен және рухымен өмір сүргенде ғана байланысқа түсе алады. Осындай берекелі өмір сүріп, оны түйсінген бақытты жандар өткен шақты ата-бабаларымыздың салтанатты отауындай, ал келешекті жолаушыны Жәннат бағына бастайтын жолдай көреді. Ардың айтқанымен ғана жүретіндіктен, қамшының сабындай келте әрі бейопа жалғанда көп аялдамайды. Мұндай өмірдің мәнін түсіне алмаған бақытсыздардың өмірі өлімнен бетер, ал ажалы Жәһәннамнан жаман.
Адамның іс-қимылы оның жан дүниесін бейнелейтін айна болып табылады. Бұл екеуі бір-бірін бір жүйеге салып, толықтырып отырады. Оны біз «логикалық тұйық» ұғымына қарсы «салиқалы шеңбер» деп атауымызға болады. Осыған орай, бір жағынан, адамның қайрат, жігер, батылдық, табандылық сияқты қасиеттері оның ішкі әлемін нұрландырса, екінші жағынан, осы нұр оның ерік-жігерін қамшылап, оны одан да биік көкжиектерге баcтайды.
Іс-әрекетін рухына бағындыра білген бақытты жандар әрқашан Жаратушының разылығын көздеп, адамдық пен ізгілік жолынан ауытқымайды. Олардың компасы үнемі дұрыс бағытты нұсқайды. Жүріп келе жатқан жолынан ауытқи қалса, ішінен терең тәубе қылып, жүрегі қан жылап, киіздей тұмшалап еңсесін езген күнәдан арылып, даңғыл жолына қайта түсіп, сапарын жалғастырады.
Болмашы айырмашылықтарына дейін бүкіл міндетін қалтқысыз орындаған бақыттылар көзге көрінетін мына әлемдегі үйлесімділік пен міндетіне сүйіспеншілік танытып қана қоймай, іштей маздап жанып, күніне сан рет көкке қанат қағып, періштелер әлеміне барып-қайтады.
Сан ғасыр бойы мәңгілікке ұмтылған ой-арманымыз және жүректерімізге шексіздік сүйіспеншілігін еккен түсініктің орнын уақыт өте келе өлі шарттылық пен әрекетсіздікті қоса ала келген мистикалық түсінік басты. Сол кезден бастап қазірге дейін жылтырауық қоңыздың денесінен бөлінген әлсіз жарық секілді шолақ әрі шабан шабытын уахидің айналаны нұрға бөлейтін қуатты жарығымен бірдей көретін бұл қортық ұғымдар жолымызды тұмшалап, көкжиегімізді тарылтты.
Осы айтылғандардың бәрін қорыта келе ақиқат жаршысының сипатын былайша суреттеуге болады: ол ең ауыр сынақтарға төтеп бере алатындай күшті әрі берік. Ақыл-ойы тұрғысынан өз заманының түсінігі мен Аллаһтың Сөзін (Құран) ұштастыра алатын және әрдайым мүлдем жаңа қосындылар мен мәліметтер алатын химия білгірі тәрізді. Бұл талай ғасырлар бойы адам рухының Мәуләна , Юнустар сияқты ұсталарының қалыптарында жаңа пішін мен мазмұнға ие болған рух. Бұл – «адамдардың ішінде қарапайым бір адам бол» пәлсәпасына сенген, толықсыған, парасатты көңіл және басқалардың бақыты үшін өз бастарын бәйгеге тіккен жанкешті жан.
- жасалған.