«Жоқтан бар болмайды, бар нәрсе жоқ болып кетпейді» деп айтылады. Қазіргі заманда бұл қағида қаншалықты дұрыс?

Француз ғалымы Лавуазьенің[1] бұл сөзі бар болғаны жорамал ғана. Оның ойынша, «материя тек энергиядан құралған, ол энергияның кеңістіктегі жиынтық пішіні болып табылады. Материя-энергия, энергия-материя негізінде бұл айналмалы құбылыс осылайша жалғаса береді. Олай болса, бар нәрсе жоққа, жоқ нәрсе барға айналмайды. Мәселен, адамдар өлгеннен кейін шіріп топыраққа айналады. Осылайша болмыстарын топырақ ретінде онан әрі жалғастыра береді. Күндегі гидроген гелийге айналар болса, одан тарайтын сәуле радиация немесе түрлі толқындарға айналып, жеті қабат көкке тарайды немесе басқа аспан жүйелеріне дейін жетеді. Олар да өз ерекшеліктеріне қарай бұдан пайдаланады. Яғни, өзгеретін тек заттардың пішіні ғана, ал өздері ешқашан жоқ болмайды.

Біріншіден, Лавуазье «еш нәрсе бардан жоққа айналмайды немесе жоқтан бар пайда болмайды» дей отырып, мұның тек материяның өзіне ғана қатысты құбылыс екенін айтып отыр. Яғни, ешбір материя өздігінен жоқ болмайды. Жоқ нәрсе өздігінен пайда бола алмайды. Бар немесе жоқ болу себеп пен салдардың, кездейсоқтықтың, тіптен  тіршілік иелерінің сұлтаны адамдардың да қолынан келмейді. Яғни адам да жоқтан бар, бардан жоқ жасай алмайды. Бұлар тек заттардың пішінін ғана өзгерте алады. Біз сөз етіп отырған бұл құбылысты ғаламның жаратушысы Аллаһ тағалаға байланыстырып айтсақ, онда жағдай күрт өзгереді. Әрбір көктемде мыңдаған тіршілік иесінің жоқтан пайда болғанын көре тұра, жоқтан бар пайда болмайды дейтіндердің өздері жоқтыққа жұтылса обалы жоқ шығар. Расында да Аллаһ жоқтан барды жаратып, барды да жоқ қылады. Лавуазьенің пікірі де осыған саяды.

Екіншіден, бар болу немесе жоқ болу секілді жаратылыстың сырлары біздің ақыл-ой өрісімізге шақ келмейді. Сондықтан мұндай сәуегейлік жасау орынсыз болар еді.

Эпикур мен Фалестен бастап сөз еткен материяның ең кішкентай бөлшегі саналған атомның, қазіргі таңда мұнан да ұсақ бөлшектерге бөлінетіндігі баршаға мәлім болып отыр. Атом, өз ядросының айналасында қозғалатын минустық электрондар, плюстық протондар және бейтарап нейтрондардан құралған. Кеше ғана беймәлім болған бұл жайт бүгін баршаға аян. Танымымыз толысып, білім қазыналарымыз тың деректермен молығып отыр. Атомдық теорияда болып жатқан өзгерістердің өзін он орап алатын фотон теориясы шықты. Осылайша ғалымдар барлығын жиып қойып, партикулдарды зерттей бастады. Біз көп білеміз деп ойлаймыз, алайда жаратылыс жөнінде білгендеріміз білмегендеріміздің жанында дарияға тамған тамшыдай.

Осы уақытқа дейін барлық нәрсе атомнан құралады деп келдік. Алайда бүгінгі таңда анти-материя теориясы бойынша атомға қарсы анти-атомның бар екендігі жөнінде пікірлер қалыптаса бастады. Бұл мәселені «Сіз білмейтін басқа да нәрселерді жұп қылып жаратты»[2], – деген аяттың шеңберінде қарастыруға болады.

Құран Кәрімнің алға тартып отырған ғылыми жаңалықтарына және иман мәселесіне назар аударар болсақ, атомнан жұлдыздарға дейін барлық нәрсені Аллаһ тағала жұп етіп жаратқан. Жалғыз болып табылатын тек қана Аллаһ тағаланың өзі. Ол бөлінбейді, бөлшектелмейді, ішіп-жеуден пәк, уақыттан тыс, сандық және сапалық қасиеттерден де пәк. Ол өздігінен бар әрі мәңгілік бола бермек. Ол – ең ұлы әрі құдіретті, өзгермейді, пішіннен де, түрден де пәк.

Көпшілік тарапынан қолдау тапқан Андерсон[3] мен Азимовтың[4] антиматериялық, антиатомдық, антипротондық және антинейтрондық теориясы білімімізді кеңейте түсті, сонымен қатар білімнің шектеулілігін де көрсетіп берді. Мұны оқыған сайын адамның білімі тереңдей түседі, ал тереңдеген сайын көп нәрсе білмейтіндігіміз байқалады.

Андерсон позитронды тапқаннан кейін  электронның орнында айналатын басқа нәрсені ашты. Бұл тапқаны оң зарядты болатын. Бірақ электрон теріс зарядты болуы тиіс еді. Бұл материяның жанында антиматерияның бар екендігін дәлелдеді. Ғылыми орта қазіргі таңда осы жайдың қыр-сырын іздеп, қызу зерттеулер жүргізіп жатыр. Әрбірін санамалайтын болсақ, мәселенің қай жерге барып тірілетіндігіне назар аударайық: анти-х сәулелер, антибөлшек, антипротон, антинейтрон, антиэлектрон, антимолекула. Енді жанды тіршілік иелеріне келер болсақ (алайда қазірге дейін мұндай ұғым мүлдем болмаған): антиөсімдіктер, антижануарлар, антиадам және антидүние, т.б.

Көрегендікке барабар бірқатар пікірлер қалдырған Эйнштейн: «Көзге көрінетін үш өлшемді кеңістіктен бөлек төртіншісі бар, ол – уақыт» – деген екен. Әрине, бұл қаншалықты сезіп тани білу қабілетіңізге байланысты нәрсе. Егер сіз осы кеңістіктің ішінде болсаңыз онда заттарға қатысты пікіріңіз де өзгеше болары анық. Ендеше қазір өзіміз өмір сүріп жатқан кеңістіктен өзге және бір кеңістік бар. Ал бұл кеңістіктің қандай да бір материяның өзгерісі салдарынан пайда болмағандығы айдан анық.

Материя мен антиматерияның арасындағы байланыс қалай болмақ? Бұлар бір-бірін жойып жіберуге бейім етіп жаратылған делінеді.

Ғалымдардың пікірінше келешекте ғаламда материя антиматерияны жояды. Осылай деуін дегенімен, олардың өз пікірлерін растайтын ешбір дәлелдері жоқ. Мені таңдандыратыны, осындай пікір айтатындай ғалымдардың дүниедегі барлық нәрсені білетін болғаны ма?

Олардың пікірлерімен келістік делік. Яғни, жер бетінде антиматериядан материя көп. Енді осы тұжырым төңірегінде ойланып көрелік. Мәселен, ғалымдардың пікірінше, ғалам жаратылғанда материя мен антиматерия бір-біріне қарама-қарсы жаратылған. Мәселен материяның сандық өлшемі екі мың екі болса, антиматерия екі мың болған. Сонан соң материя антиматерияны түгесті. Нәтижеде екі материя артық қалған болатын, міне, осы екі материядан қазіргі әлем пайда болды. Осылайша материя антиматерияға үстемдік етті. Ал бірақ, шындығында мүлдем олай емес. Егер бұл рас болса онда жер бетіндегі антиматерия жайлы мүлдем сөз қозғамаған да болар едік. Өйткені жоғарыдағы тұжырым бойынша антиматерия әу бастан-ақ жойылып кетті емес пе?

Енді былайша ой өрбітіп көрелік. Антиматерия материяға қайшы, ал антиатом атомға қайшы тұжырым. Бұл біздер үшін құпия‑сырға толы тылсым бір ғаламнан хабар беруде. Біз материялық әрі  көзге көрінетін  тіршілік иелеріміз. Мәселен, жындар неліктен антиматериядан жаратылған тіршілік иелері болмасқа? Періштелердің нұрдан жаратылғандығын неге қабылдамасқа? Оларда бізді жойып жіберердей күш неге болмайды?

Пайғамбарлардың басында мұндай оқиғалар болды ма екен? Алайда, Құранда, әсіресе «Хижр» сүресінде материялық түрге енген періштелер түскен жерді жермен-жексен етіп, жоқ қылғандары айтылады. Ендеше, Аллаһтың әмірі мен рұқсаты болса періштелер тізбекті реакция тудырып, күллі ғаламды жоқ қылуы мүмкін. Сондықтан да бір жерде материя өрмек тоқып жатса, басқа бір жерде анти-материя, мәселен, жын мен рухтарды өрмектей өруде. Материя мен анти-материя, мекен мен анти-мекен, заман мен анти-заманның қақтығысуы қандай болса, дүние мен ақырет әлемінің де жағдайы дәл солай. Сол себепті, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) осы өмірде жүріп жаннатты көріп ұмсынған, жаһаннамды көріп шошынған. Иә, ол материя әлемінде жүріп, анти-материя әлемімен байланыс құратын...

Материя  мен анти-материяның арасындағы қатынас өте күрделі әрі қарама-қайшы. Ендеше біреудің жүз жыл бұрын айтып кеткен сөзін дәлел етіп, «бар нәрсе жоқ, жоқ нәрсе бар болмайды» деудің ешбір ғылыми негізі жоқ.

Осы  жерде  әлем  туралы  көп нәрсе білмей-тіндігімізді тағы бір рет еске сала кетуіме тура келіп тұр. Бір кездері эфир ұғымы туралы шу шықты. Оның бар екенін жақтағандар әр түрлі дәлелдер айтуға тырысқанымен Майкельсон[5] және өзге де ғалымдар терең зерттеулер арқылы эфирдің жоқ екендігін дәлелдеуге тырысты. Осы кезде Лоренц[6] араға түсіп «оны жоқ деп айта алмайсыңдар», – деді. Бәрі де өз тұжырымдарын зерттеулердің қорытынды нәтижесіне сүйеніп айтты. Сол себепті, ғаламның көп сыры бізге белгісіз болғандықтан, тіпті адамның өзін жөнді тани алмай жатқанда, бар мен жоқ жайында үзілді‑кесілді бір шешімге келуіміз қисынсыз болмақ.

Күндердің бір күнінде Исрафил[7] сұр үрлейді. Сол кезде материя яки анти-материя екеуінің бірі басым түсіп, бірі жойылады. Басым түскені әрі қарай өсіп‑өніп жетіледі. Сіздер сол кезде адам тәріздес болмыстарға жолығасыздар. Алайда, созған қолыңыздың әлгілердің денесінен ары өтіп кеткеніне куә боласыздар. Сіздер оны қаласаңыздар жын, мейлі періште яки рух деп біліңіздер. Осы орайда айта кетерлігі: болмыстың тек қана материядан тұрмайтындығының бұлтартпас шындық екендігі. «Барлық нәрсені материядан іздейтіндердің ақылдары тұманданып, тек көргенімен ғана шектеліп қалған. Көз рухани әлемді көре алмайды». Материяның арғы жағында оған ұқсамайтын ерекше бір әлем бар. Илаһи нұр мен Хақ тағала осы әлемде басқаша көрінбек. Бірақ біз ол жайлы еш нәрсе білмейміз. Өйткені ғылымның өресі әлі ол межеге жете қойған жоқ.

Үшіншісі: бәріміз де бардың жоқ, жоқтың бар болып жатқанын көріп жүрміз. Міне, көз алдымызда Аллаһ бір сәтте жарықты бар етіп, артынша жоқ қылып, оның орнына қараңғылықты түсіреді. Одан соң қараңғылықты серпіп, жарығын шашады. Біз осы құбылыстарды өз көзімізбен көріп жүрміз. Қыста өлі табиғаттың әр көктем сайын жан алып тірілуі, өсімдіктердің құлпырып, жан-жануарлардың қайта қыбырлап тіршілігін бастауы жоқтан бар болудың қалайша жүзеге асатынын көрсетсе, күндердің күнінде солардың бәрі түгелдей жоқ болып, бардың қалайша жоқ болғанын көрсетеді. «Ондағы барлық нәрсе жоғалады»[8] ақиқаты салтанат құрып, жер бетіндегі барлық материя жоғалады.

Иә, бәрі де фәни, өткінші. Тек жалғыз Бақи (мәңгі) ғана бар. Ол – Аллаһ тағала. Аллаһтың барды жоқ, жоқты бар етуге құдіреті жетіп артылады.

Сонымен, материалистер барды жоқ, жоқты бар еткен Жаратушының орнына материяны жаратушы күш деп біледі. Өйткені олардың болжамы бойынша әлемді тек материя ғана басқарады. Ал, химиялық һәм механикалық күштер материяның сапасын танытады.

Алайда, олардың пікірінше материяның шынайы болмысы беймәлім. Неткен өкінішті десеңізші! Олар Аллаһты түйсіну, дәлелдеу мүмкін емес деп жоққа шығара отырып, шынайы болмысы белгісіз материяны тіршіліктің негізіне балайды?! Осы тәріздес материализмнің қаптаған қарама-қайшылықтарын термелеп жатпай, біз бар болғаны олардың таным‑жүйесі жайлы аз‑кем тоқталсақ.

Материалистердің пікірінше, жаратылыс та, тіршілік те материяның арқасында пайда болған. Барлық күш оған тәуелді, сондықтан баршаны басқаратын да материя. Күш-қуат та оған тәуелді. Олар осылайша әлемнің басқарылуын, ғаламдағы жүйенің сақталуын осы көр, санасыз ұсақ бөлшектер мен атомдарға телу арқылы болмыстың ақиқатын ашуға тырысып жүр. Естіген адам ұялатын мұндай сандырақтарды мақұлдау үшін ең алдымен адамның өзі соқыр әрі санасыз болуы ләзім.

Материалистермен арамыздағы алшақтық осы айырмашылықтан көрінеді. Олар көзбен көріп, қолымен ұстап анығына жеткен адамдай материяны барлық нәрсенің негізі және оның қозғалысы мен түрленуі де тікелей өздігінен болады деп болжам жасайды. Біз болсақ, ғылымға сүйеніп материяның соқыр, саңырау, санасыз болмыс екендігіне, қозғалысы мен қуатын барлық нәрсені ілімі мен құдіреті арқылы басқарған Жаратушыдан алғанына сенеміз. Қазіргі таңдағы өкілдерімен қоса, барлық материалистер түгелдей догматик. Әлі күнге дейін сыры ашылмаған құпия құбылыстарды ғылымның өресі жеткен жаңалық етіп көрсетіп, көз бояуға тырысуда. Христиан дініндегі догматикаға қарсы шыққан материалистер ақырында басқа жол арқылы сол құзға өздері келіп құлады.

Материалистердің жаһанға жар салған тұжырым-дарының бәрі де қате аналогия мен аргументтерге сүйенген.

Олардың бар нәрсе жоқ, жоқ нәрсе бар болмайды деген болжамдары – осы қателіктерінің бірі. Алайда, күндердің бір күнінде ғалымдар олардың осы болжамдарын айқын дәлелдермен жоққа шығаратын болса, онда олар Жаратқанның бар екенін жоққа шығаратын жаңа болжамдар ойлап табудан тайынбайды.


[1] Лавуазье Антуан Лоран (1943-1994) – француз химигі, қазіргі заманғы химияның негізін салушылардың бірі.
[2] «Ясин» сүресі, 36.
[3] Карл Дейвид Андерсон – әйгілі америкалық физик, Нобель сыйлығының лауреаты (1936).
[4] Айзек Азимов (1920-1992) – дүниежүзіне танымал Америкалық жазушы, ғылыми-көпшілік, фантастикалық, детективтік, тарихи зерттеулер және юморлық бағытта 500-ге жақын еңбектің авторы, Інжіл мен шекспиртанушы маман.  
[5] Альберт Абрахам Майкельсон (1852-1931)  – американдық физик-экспериментатор, Нобель сыйлығының иегері (1907).
[6] Хендрик Антон Лоренц (1853-1928) – голландиялық физик, Нобель сыйлығының иегері (1902 ж.).
[7] Исрафил – қиямет күні келгенде сұр үрлейтін періште
[8] «Рахман» сүресі, 26
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.