«Хауа ана Адам атаның (а.с.) қабырғасынан жаратылған» дейді. Осы мәселе туралы айта кетсеңіз...

Адам баласы қазіргі күйіне бір түрден екінші түрге өту арқылы бойына түрлі қабілеттерді жинақтай отырып, эволюциялық жолмен жеткен болмыс емес. Адамды Хақ тағала о бастан жеке түр ретінде дәл қазіргі қалпында жаратқан. Адам ата да бір жағынан алғанда Иса пайғамбар тәрізді мұғжиза[1] ретінде жаратылған. Мұғжизаны себеп пен салдар (табиғат заңдылықтары) арқылы түсіндіру мүмкін емес. Шынтуайтқа келгенде жер бетіндегі тіршіліктің қалай пайда болғанын натуралистер мен эволюционерлер позитивті түрде дәлелдей алған жоқ. Олардың теориялары ғылыми негізі жоқ желбуаз сөз ғана. Айтылған тегеурінді сындарға да тиянақты жауап бере алмаған. Оқимын дегендерге бұл туралы жазылған еңбектер жетіп артылады.

Егер физикалық әлемге қатысты мәселе қозғалса, оны себеп пен салдар шеңберінде қарастыру қажет екендігі белгілі.

Мысалы, бір дақылдан бір ағаштың өсуі үшін жер, топырақ, атмосфера, дақыл және дақылдың өнуіне лайық алғышарттар қажет. Міне, осы себептердің бәрі бірлескен кезде ғана ағаштың көктеп өсуіне жол ашылады. Осы себептердің бәрі орындалған жағдайда ғана нәтиже пайда болады. Яғни Аллаһ тағаланың рұқсатымен, осы себептер бірлескенде дақылдан қылтанақ өнеді, жұмыртқадан балапан жарып шығады.

Адамның алғашқы жаратылысы мұғжиза болып табылады. Бұл мәселені себеп пен салдар тұрғысынан былайша талқылай аламыз. Мысалы, бір түрден екінші бір түр алу үшін бір құс пен бір тауықты немесе бір бие мен есекті жұптастырдыңыз делік. Біріншіден, еш нәрсе шықпайды. Екіншіден, есек пен биеден ұрпағы жалғаспайтын қашыр туады. Бұл жерде себептің өзінде нұқсандық бар. Яғни, себеп‑салдар заңдылығы бойынша нәтижеге бару жолында бір кемістік тұр. Бірақ, ер мен әйелден бір адамның пайда болуы үшін ердің спермасы әйелдің жатырындағы жұмыртқамен бірлескен жағдайда себептер толық жүзеге аспақ. Сол кезде Аллаһ тағаланың қалауымен ұйыған қан құралады. Ол өсіп-жетіліп, белгілі сатылардан өтіп, дүниге келеді. Бұл жерде себептер толық бірлескендіктен күткен нәтижеге қол жеткізесіз. Негізінде, Хақ тағала кереметін көрсетіп оны да өзгертіп, басқа жолдар арқылы, өзгеше түрге ендіріп те дүниеге әкелуі мүмкін...

Иә, бұл кез-келген істі себеп пен салдар арқылы түсіндіру жолы. Ал, мәселе себеп пен салдар заңдылығынан тыс болып жатса, оны эволюциялық не табиғи сұрыпталу арқылы емес, Аллаһ тағала және Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) айтқанына қарай қабылдауымыз қажет. Ал Аллаһ тағала: «Сендер түсіндіре алмайтын нәрсені мен өзім айтайын, бұл – мұғжиза» дейді. Адам ата ата‑анасыз, Иса пайғамбар әкесіз мұғжиза ретінде дүниеге келген. Аллаһ тағала кез‑келген болмысты кейде анасыз, кейде әкесіз жаратқаны тәрізді кейде анасыз да, әкесіз де жарату құдіретіне ие. Міне, Адам атаның жаратылуы да дәл осылай болған. Осы жаратылысты себептер арқылы түсіндіру мүмкін емес. Құран Кәрім барша ақыл иелеріне жар салып: «Жер бетін аралап жаратылыстың қалай басталғанын көрсін»[2],– дейді. Жоқтан бардың пайда болуын олар қалай түсіндіре алмақ?!

Сол сияқты Хауа ананың Адам атадан (а.с.) жаратылуы мәселесі де, сондай мұғжиза болып табылады. Сондықтан мұны себеп пен салдар заңдылығы бойынша түсіндіре алмаймыз. Түсіндіре алмадық екен деп бірден жоққа шығару да таяздық болса керек. Өйткені, Адам ата (а.с.) да, хазірет Иса да осылайша жаратылған-ды.

Адам ата (а.с.) мен Хауа ананың жаратылуын адам баласы ұмытқандықтан, хазірет Исаның жаратылысы арқылы Аллаһ тағала қайтадан алғашқы жаратылысты еске салды. Исаның (а.с.) дүниеге келуі жайлы сұрағандарға Жаратқан Ие: «Аллаһ үшін Исаның жағдайы Адамның жағдайы тәрізді. Аллаһ оны топырақтан жаратты. Кейін оған «бол» деді, ол сол мезет болды»[3],– деп жауап береді.

Енді, Хауа ананың Адам атаның қабырғасынан жаратылу мәселесіне келейік. Мен бұл мәселе де сөз таластыру үшін қозғалған деп ойлаймын. Сөз таластыруға негіз болған мәселе мынау: «Адам атаның ең кішкене қабырғасынан Хауа ана жаратылады. Неге қабырғадан және неге хазірет Адамнан?». Алдымен мынаған көңіл аударуларыңызды өтінемін: Адамның (а.с.) Аллаһ тарапынан жаратылғанына аса қуатты дәлелдер бар. Мұны жоққа шығару мүмкін емес. Сондай‑ақ, бұл Хақ тағаланың бар екендігіне нақты дәлел болмақ. Ғаламзаттағы мыңдаған заң, жүйе және ұстанымдар осы шындықты жар салуда. Адамның ішкі әлемі, жүрегі, сыры, бұдан өзге де ашылмаған жұмбақтары қашан да Аллаһ тағаланы танытады. Бұдан өзге де Хақ тағаланың бар екендігіне сөзсіз куә болатын мыңдаған дәлелдер бар. Философ, ойшыл, кәләмшылар осы дәлелдерге сүйеніп, солар арқылы туралыққа жетуге ұмтылуда. Әсіресе, бұлардың мыңы бірауыздан келісіп, сол ақиқатты паш етіп жатса, Аллаһ тағаланың бар екендігін танытатын, оны жоққа шығару мүмкін емес ғажайып қуатты дәлел болмақ.

Ал енді кейбір атеистер осы дәлелдердің барлығына көзжұмбайлық танытып, тек қана хазірет Адамның қабырғасынан Хауа ананың жаратылу мәселесін алға тарта отырып, Хақ тағаланы теріске шығаруға арқау еткісі келеді. Бұлардың осы жағдайын кемеңгер бір ойшыл мынадай бір мысалмен түсіндіреді: «Бауырым, нәпсінің көзі байлаулы. Ол шешілмейінше ақиқатты көруге кедергі келтіреді. Иә, тәжірибе арқылы мына нәрсе дәлелденген: Бір шебердің қолынан шыққандығы анық көрініп тұрған үлкен бір қамалдың кішігірім тасынан болмашы кемістік байқалса, көзің шыққыр нәпсі қамалды тұтастай мойындамай жоққа шығаруға бар. Міне, нәпсінің надандығы мен ақымақтығы осындай мінезінен аңғарылады».

Бұл барып тұрған сыңаржақтық. Иә, мейлі адам, мейлі әлем болсын, барлығы Аллаһ тағаланың бар екендігіне мыңдаған дәлел, мыңдаған дастан болып осы ақиқатты паш етіп тұрса да, барлық нәрсеге біржақты қарау надандық емей немене?

Осы тақырып Бухари, Муслим, Ахмәд ибн Ханбәл-дің «Муснәдінде» де қозғалады. Кітапта хазірет Хауа-ның, хазірет Адамның қабырғасынан жаратылғандығы жайлы хадистердің мәні сараланып, Құран Кәрімнің «Ниса» сүресіндегі: «Әй, адамдар, Аллаһқа қарсы келуден сақтаныңдар. Қорқып, қорғанына кіріңдер! Ол сендерді бір нәпсіден жаратты және одан оның зайыбын да жаратты» деген аяттарды дәлел ретінде келтіреді. Бұл жерде араб тілінің бір ерекшелігіне назар аударуларыңызды өтінемін. Араб тілінде әйел затына қаратыла айтылған «ол» тәуелдік есімі «һа» түрінде келсе, ер кісіге қатыстылықты білдіру үшін «һу» деген тәуелдік жалғауы жалғанады. Мұны төмендегі аяттан айқын көруге болады: «Сендерді бір нәпсіден жаратты, одан оның зайыбын да жаратты»[4]. Осы аятқа терең үңілсек, Хақ тағала хазірет Хауаны Адамның нақ өзінен емес, оның болмысынан жаратылғандығын анық көреміз. Бұл – өте нәзік мәселе. Адамның сыртқы бітімі мен ішкі болмысы бір емес. Мысалы, бір адамның «денесі мынадай, бойы мұншалық, салмағы мынадай» деп айтылады. Сонымен қатар оның жаны, тәні, ойлары, Аллаһ тағалаға жақындығы мен алыстығы бар. Егер бір адамның кім екендігі қолға алынатын болса, екінші тұрғыдан қолға алынбақ. Негізінде бірінші жағы құр қаңқасы ғана. Ендеше, бір адам кісілігі тұрғысынан бір басқа, денесі тұрғысынан бір басқа. Құран Кәрім хазірет Хауаның жаратылысы жайлы айтқанда «минһа» сөзін қолданған. Яғни, Адам атаның өзінен (тәнінен) емес, соған тән болмыстан дейді.

Сондай‑ақ, хадис мутәуәтир[5] емес, жалғыз адам арқылы бізге жеткен хадис болғандықтан оны аят арқылы түсіндіруге тура келеді. Бұл аят пен хадистерді түсіндіруде маңызды тәсіл болып табылады. Аят бұл жерде көпшілік жолымен жеткен Аллаһтың сөзі. Олай болса, хадисті аятқа салып, аят арқылы түсіндіру қажет. Алдымен осы хадистегі сөздің айтылуына негіз болған мәселені білу аса маңызды. Сондықтан бұған көңіл аудару қажет. Ол: «Әйелдерге жақсылықты насихаттаңдар», – дейді. Яғни, оларға әрқашан жақсылық пен ізгілік туралы айтыңдар. Өйткені, әйел қабырғадан жаратылған. Егер оларды бірден түзетуге тырыссаңдар, сындырып аласыңдар. Немқұрайлы қарасаңдар, онда қисық қалпында қалады. Демек, бұл хадис әйелдің тәрбиесі мен отбасын басқару мәселесіне назар аудару үшін айтылған. Иә, оны тез арада түзетемін десеңіздер морт сындырып аласыздар. Түзетпеймін десеңіздер онда қисық күйінде қала бермек.

Хақ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бұл жерде аса маңызды бір мәселеге назар аударады. Бұл ерге қарағанда әйелдің майысқақтығы, нәзіктігі мен өкпелегіш екендігі... Ендеше, негізінде хадис шәріпте айтылмақшы болған негізгі жайт – хазірет Хауаның қисық қабырғадан жаратылуы емес, асығыстықпен, күшпен түзелтуге тырысқанда әйел затының «морт сынып кетуі» мәселесі.

Әрине, сөздің дәл осылай айтылуында қандай хикмет бар екені өз алдына жеке мәселе...

Хақ Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) осы сөзді айтқанда «мин дыл’иһи» (қабырғадан) дейді. Бұл жерде «мин» сөзі шығыс септігінің «-дан, -ден, -тан, -тен» жалғауы ретінде аударылады. Бірақ, кейде бір нәрсенің бір бөлігінен деген мағынаға да келеді. Кейде, «мынау мына түрден» деген «баяндау» мағынасына да саяды. Сондықтан да бұл жерде Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) мәселені айқын айтпағанына қарағанда, бұл хадистің астарында басқа да астарлы мағыналар болуы мүмкін.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) осыған ұқсас сөздері көптеп кездеседі. Мысалы, ойқастап маңып бара жатқан түйені меңзеп: «Әрбір тіршілік иесінің бір шайтаны бар. Жан‑жануарлардың шайтаны мынау», – деген. Іле сөзін әрі қарай сабақтап: «Түйе шайтаннан жаратылған» дейді. Негізінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бұл жерде шайтанның өзінен гөрі шайтани қылықтарға назар аудартқан. Задында біз де аяушылық сезімнен жұрдай адамға: «Өзі бір тас жүрек екен» деп жатамыз. Әлбетте, ешкім оны тастан жаралған деп ойламайды. Мінезі қатал болғандықтан солай айтылады. Осы сияқты «Пәлен адам шайтан» дегенде, ол пенденің өзге адамдарды азғындыққа бастап, тура жолдан тайдыратын нашар қылығы меңзеледі.

Енді, әуел баста айтылған аяттың мағынасын қаперде ұстай отырып, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) сөзіне назар аударайық: әйел еркектің «қабырғасынан» жаратылған. Бір жағынан алғанда әйел – еркектің бір бөлшегі. Яғни, дәл еркектің түріндей түрі бар, жанындай жаны бар жаратылыс. Яғни, екеуі де бір заттан жаратылған. Бір негізден болмаса, ұрықтану жүзеге асып, ұрпақ та жалғаспайды. Өйткені, аяттың ақырында: «Сосын олардан көптеген еркек пен әйелдер таратты»[6]  деп келеді. Ендеше, екеуінің де бір негізден болуы ләзім...

Хадисте «далаа» сөзінің қолдануы қисық деген сөз емес, майысуға бейім, тез майысқыш екендігіне ишарат етілген.
Хақ пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) осы сөзді әдейі таңдаған. Бұған қазіргі таңдағы әйел баласының ойыншыққа айналып отырғаны, қорланып масқаралануы ой қосатындай. Жұртты еліктіру үшін түкке тұрғысыз жарнамаларға да әйел қолданылуда. Көлік дөңгелектерін жарнамаланғанда, тіпті әжетхана мен монша жабдықтарына, шұжықтарға да баттитып әйел суреттерін жабыстырып қоюды немен түсіндіруге болады? Бұған әйелдің қандай қатысы бар? Демек, белгілі бір азғындаған топтар әйелді құрал ретінде өздерінің пасық пиғылдары үшін қолдануда. Хақ Пайғамбар әйелдің осы бір қисық тұсын білгендей ол еркектің қисық қабырғасынан жаратылған деген. Сірә, бұны бұдан артық ықшамдап жеткізу де оңай болмас.

Осы жерде мына бір мәселеге де тоқтала кеткен жөн. Тәураттың «Тәкуин» (жаратылыс) бөлімінде хазірет Хауаның хазірет Адамның бір бөлшегінен жаратылғаны ашық айтылған. Негізінде хазірет Адамның кез‑келген бөлшегінен хазірет Хауаның жаратылуында ешқандай сөкеттік жоқ. Хазірет Адам су-топырақ аралас балшық болып жатқан кезінде, Аллаһ тағала мұғжиза ретінде сол балшықтың бір бөлігінен хазірет Хауаны жаратуы қисынсыз нәрсе емес. Негізінде, алғашқы жаратылыстың өзі – жеке басына бір мұғжиза. Хазірет Адам да, Хауа да осы мұғжизаның туындысы. Ғылым алғашқы жаратылыс жайында мардымды нәрсе алға тарта алмаған. Сондықтан алғашқы жаратылысқа мұғжиза ретінде қарап, Аллаһ тағаланың айтқанына бойсұну – бізге міндет. Мұны соқыр сеніммен емес, қайта атомнан бастап бүкіл әлемге дейін, күллі жаратылыста Хақ тағаланың ілім, қалау, құдіретінің Қаһһар үстемдігін сезе отырып, ілім мен технологияның биігінен қарап қабылдаймыз.
Барлық ілімдердің иесі Аллаһ болғандықтан ақиқатты да Жаратқанның сөздерінен ғана іздеу қажет.


[1] Қалыпты себеп пен салдарға бағынбайтын, ешкімнің қолынан келмейтін таңғажайып құбылыс. 
[2] «Анкабут» сүресі,29/20.
[3] «Әли Имран» сүресі, 3/59.
[4] «Зүмәр» сүресі, 39/6.
[5] Мутәуәтир – жалған айтуы мүмкін емес көптеген адамдардың бірауыздан жеткізген хадистердің атауы 
[6] «Ниса» сүресі, 4/1.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.