«Бәрін Құдай жаратса, Құдайдың өзін кім жаратқан?» дейтіндер де кездеседі. Оларға не деуге болады?

Бұл да жиі қойылатын сұрақтардың бірі.
Мен бұл сұрақты Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) пайғамбарлығына бұлтартпас дәлел ретінде санап, Жаратқанның сездіруімен болашақты болжап айтқан көрегендігіне басымды иіп: «Әшһәду әннә Мухаммадар-расулуллаһ» деп куәлік келтіремін.
Иә, Хақ пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) – Аллаһ тағаланың абыройлы елшісі. Жаратқанның сездіруімен ол қияметке дейінгі болатын барлық жайтты көз алдында тұрғандай бізге анық жеткізген. Болашақта болатын оқиғаларды да тайға таңба басқандай дәл айтып, айтқаны айдай келіп отырған. Міне, осы сұрақ та солардың бірі.
Бірде сахабаларына: «Бір заман келеді. Сонда кейбіреулер аяғын айқастырған күйі (барлық мәселені шешіп тастағандай көкіректеніп): «Мынаны да, ананы да Аллаһ жаратыпты, ал Аллаһ тағаланың өзін кім жаратыпты?» дейтін болады» дейді[1].
Маған осы сұрақ қойылғанда иманым қайта жаңарғандай еріксіз «Мұхаммедтің пайғамбар екеніне куәлік етемін» дедім. О, тоба, қалай дөп біліп айтқан десеңізші?! Менмендіктен қара басын жарты Құдайға балап, арадағы себептерге құдірет теліп шатасып, барлық нәрсені себептер арқылы түсінуге тырысқан қуыскеуде пенделердің жайын басқаша жеткізу расында да мүмкін емес екен.
Енді негізгі мәселеге көшсек, бұл да атеистердің әдейі ойлап тапқан сұрақтарының бірі. Көбіне ілімі таяздау адамдар осы тектес сұрықсыз сұрақтарға жауап таба алмай қиналады.
Иә, көңілі қарауытқан көркеуде жандар шексіздіктің мәнін түсіне алмайды. Себептердің тізбектеліп жалғаса беруін әрі бұндай көзбояушылықтың соңы неге апарып соғатынын парықтай алмай дал болады.
Сондықтан да ойша күмәнға беріліп, «Кез-келген себеп тәрізді Аллаһ тағала да арадағы бір себеп, ендеше, Оны да жаратқан біреу болуы кәдік» дейді. Яғни оның ойынша Аллаһ тағала да – бір себептің нәтижесі. Әлбетте, бұл түбірімен қате. Бұл сорақы қателіктің түбінде Хақ тағаланы танымау жатыр. Аллаһ тағала – Мусәббибул-әсбәб. Яғни, күллі себептерді Жаратушы, оларды жоқтан бар етуші. Сондықтан Аллаһтың бар болуының қандай да бір бастауы жоқ.
Кәләмшылар[2] себептердің осылайша тізбектеліп жалғаса бермейтіндігін белгілі бір тәсілдермен анықтап, «мусәббибул-әсбәб» болған Аллаһтың бар екенін күні бүгінге дейін қисынды түрде дәлелдеп келген. Олардың осы мәселедегі ойларының бас-аяғын бір-екі мысалмен түсіндіре кеткен жөн секілді. Кәләмшылар былай дейді: Себептерді шексіз тізбектеліп жалғаса береді деп ойлау – сол себептердің мәнін білмеудің, сондай-ақ Жаратушыдан мүлде бейхабар көрсоқырлықтың белгісі. Иә, күллі болмыс әлмисақтан бері себептер арқылы жалғасып келе жатыр деп ойлау әсте дұрыс емес. Мұндай нәрсені мүмкін деу – қатты қателескендіктің белгісі. Мысалы, жер бетінің құлпырып, бетегелі белге, көк майсалы шалғынға орануы ауаға, суға және күнге қатысты делік. Ауа, су, күн болса сутегі, көмірқышқыл, азот секілді кейбір газдарды және т.б элементтерді қажетсінеді. Бұл элементтер де өзінен кішілеріне, олар да өзінен ұсақтарына қатысты бөлініп кете барады. Осылайша шексіз жалғастыра беру, я күллі болмысты осы тізбектің аясында ғана түсінуге һәм түсіндіруге тырысу – барынша алдану әрі адасу деген сөз. Әсіресе, бір тұста бұған антиматерия, антиатом қарсы тұрып, метафизика физикадан басым түскенін байқаймыз. Алғашқысы бар, соңғысы бар бүкіл себептер өзара үйлесім-үндестікпен белгілі заңдылық арқылы, әрқайсысы өзіне берілген міндетті мінсіз орындайтын қызметкер сияқты әрекет еткенін көріп-біле тұра ондай санасыздыққа бармау керек қой.
Иә, «Мынау анадан шыққан, одан мынау пайда болған...» дей беру – мәселені шешу былай тұрсын, қайта одан сайын күрмеп байлағанмен тең. Өйткені, бұны қисынды деп ұғу «Жұмыртқа тауықтан, ал тауық жұмыртқадан шыққан» деп алма кезек айтылып кете баратын, ұстауға келер ұшығы, тоқтамға келер тиянағы жоқ мәнсіз сандыраққа ұқсайды. Тауықты немесе жұмыртқаны құдіреті шексіз, «әзәли» бір Жаратушы Ие жаратқан деп тоқтатқанға дейінгі арадағы барша жорамалдардың сүйенетін негізі, байламы болмайды. Қайта бұлардың барлығының түп негізін Ұлы Жаратушыға апарып телігенде ғана мәселеге мән кіреді. Сонда ғана бірклеткалы жұмыртқаның жаратылуы яки ұрпағын жалғастыру үшін тауықтың жаратылып, одан жұмыртқа пайда болуының арасында ешқандай айырмашылық қалмайды. 
Мұны қасарыса мойындамай «Мынау мынадан шыққан, ал анау анадан...» деу мәселені шешу былай тұрсын керісінше әрбір жауаптан бірнеше қосымша сұрақты үстін-үстін туындата түседі. Мысалы, жауын – бұлтқа тәуелді. Бұлттар оң және теріс зарядты тамшыларға, олар булану құбылысына, бу – суға, су – өз ішіндегі бөлшектерге т.б... Осылайша себептер тізбегі одан әрі қарай жалғаса береді. Жалғасқан сайын «Мүмкін былай ма екен, жоқ мынадай ма» деп адам өз жорамалына өзі иланып көңілін жұбатқысы келеді. Бұл болса, таңғажайып жүйені, яғни бір-бірімен жүйелі түрде тығыз астасып, бір құдіретпен мінсіз жаратылғандығы анық байқалатын күллі ғалами болмысты баланың былдырымен, ақымақтың сандырағымен түсіндіруге тырысу және ілімнің өрісі мен ілкі мақсатын аяқ асты ету деген сөз. Алайда, әрбір нәтижеге жету үшін ақылға қонымды бір себепке зәрулік бары сөзсіз. Ақылға сыйымсыз әрі қисынсыз себептердің үздік-сонар жалғаса беруі, осылай мәнсіз жалғастықты ақылға қонымды деп ойлау – қиын істі күшпен болдыртам деуі тәрізді бос қиялилық. 
Мәселені мысалмен түсіндіруге тырысайық. Айта-лық, мен артқы екі аяғы жоқ орындықтың үстінде отырмын. Құлап кетпеу үшін оны дәл өзі тәрізді яғни артқы екі аяғы жоқ бір орындыққа тірейміз. Ол орындықты да құламауы үшін басқасына сүйеп, әрі қарай жалғастыра береміз. Мұны қанша жалғастырғанымызбен төрт аяғы түгел, орныққан бір толымды затқа сүйегенге дейін әлгілердің нық тіреу бола алмасы белгілі. 
Тағы бір мысал: нөл санын елестетіңіз. Нөлдің сол жағына сан қойылмайынша оң жағына қанша нөл тіркесеңіз де ешқандай мәні болмайды. Тіпті триллион рет нөлді қаз-қатар тізіп шықсаңыз да мәнсіздіктің мәнін өзгерте алмайсыз. Сол жағына нақты сан қойғанда барып сол санға қарай тізбектелген нөлдер белгілі бір мәнге ие болады. Бұл мынаны меңзейді: бір зат өздігінен бар бола алмаса, өзі секілді осал себептердің оны жаратуы әсте мүмкін емес. Әрқайсысы жеке бір себепке мұқтаж нәрселердің бір жерге жиналуы қажеттілікті көбейту мен осалдықты арттырғаннан өзге ештеңеге жарамайды. Себептердің араласуын мақұлдаған күннің өзінде физикадағы бұлжымас заңға сәйкес, себеп пен салдар арасында ақылға қонымды байланыстың болуы шарт. Осыған орай, мысалы, жер шарының тіршілік етуге оңтайлы күйге келгенінен бастап, саналы болмыс ретінде адамның жаратылғанына дейінгі әрбір нәрсеге ақылға қонымды әрі соны жүзеге асыра алатындай қауқарлы бір себеп табу қажет болады.
Алайда, жер шарын: яғни, жылдамдығы, Күнмен арақашықтығы, атмосфера қабаты, хикметпен жасалған еңкіштігі, атмосфераны құрайтын газдардың құрамы т.б. сол сияқты жайттардан бастап, топырақ пен өсімдік жамылғысы, теңіздер мен ондағы таңғажайып заңдылықтар, желдер мен олардың атқарып отырған міндеттеріне дейінгі аралықтағы мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған құбылыстардың керемет бір жүйе арқылы іске асып жатқандығын саңырау себептер мен көрсоқыр кездейсоқтыққа жатқызу – ақылдың өз тынысын өзі тарылтуы деген сөз.
Бұл тұста кәләмшылар «дәуір мен тәсәлсул»[3] әдісі арқылы барлық себептерге талдау жасап, ақыры сол себептердің барлығын жаратушы (Мүсәббибул-әсбаб) Аллаһ тағала екендігіне көз жеткізген. Барлық нәрсені «мүмкинул-ужуд»[4] деп бағамдап, себептер тізгінінің иесі Жаратушы «уәжибул-ужуд»[5] деп біліп, тәухидке түңлік ашқан. Бірақ олардың көп күш салып барып түйген бұл нәтижесіне бұдан да төте жол арқылы жетуге болады. Иә, әрбір жаратылыстың бойында құдіретке тән мөр мен таңбаның болуы – Жаратушының бар екендігінің бір емес, мыңдаған дәлеліне жатады. Ғылым атаулы ғалам сырларын ұғынуға сәуле түсіре бастаған бүгінгі заманда әр сала өзіне тән тілде бір Жаратушының бар екендігін паш етуде.
Бұл жайында ғалымдардың көптеген білікті еңбектері барын еске сала отырып, біз негізгі тақырыпқа оралайық.
Иә, барлық нәрсе Аллаһ тағаланың құдіретімен кейіннен пайда болған. Жаратушы болғандықтан Аллаһ тағаланың Өзі жаратылмаған. Жаратылған қай нәрсе де мақұлық әрі басқаның мейіріміне мұқтаж. Ал Ол болса, бар болуы өздігінен, ешкімге мұқтаждығы жоқ Шексіз Жомарт Ие (Ғани алал-ытлақ). Барлық нәрсе Соған арқа сүйейді. Сол арқылы ғана адам баласына күңгірт әрі бұлыңғыр жайттардың мәні ашылады. Болмысты жаратқан да, жаратқандарына тіршілік жасатып отырған да, белгілі бір мақсатқа қарай бағыттап отырған да Өзі. Ендеше, Одан асып кететін ешкім жоқ, Ұлы Құдіретті жарататындай тағы бір құдірет іздеу – ақылға қонымсыз жайт.
Бұны да бір-екі қарапайым мысалмен түсіндіруге тырысайық. Мысалы, денемізді аяқтарымыз көтеріп тұр. Ал аяқтарымызды қара жер тіреп тұр. Ендеше, ақылға қонымды жауап тапқан кезде «ал жерді не көтеріп тұр?» деп өзеурей берудің қажеті жоқ.
Мәселен, пойыздың ең соңғы вагонын алдыңғы бір вагон тартып барады делік. Әр бір вагонның қозғалысы осы тізбектелген механизм арқылы жүзеге асатыны белгілі. Алайда, вагондардың барлығын ең алдындағы локомотив өздігінен, «өзіндегі күшпен» тартып келеді деп түйіндейміз.
Осы мысалдарға қарасақ, «Жаратушының өзін кім жаратты?» дейтіндер ең соңғы локомотивті де місе тұтпай ары қарай себеп іздеуді жалғастыра беретін парықсыздықты аңғартады. Бірақ, қанша жерден теріс пікірін тоқтатпағанымен, олардың түптеп келгенде тұйыққа тірелетін бір тұсы болады, сол кезде ғана «бір Құдірет жаратқан» деген сенімнің қаншалықты бұлтартпас қисынды екендігін еріксіз мойындайды. 
Адамның санасын шатастыратын тағы бір мәселе бар. Ойы шектеулі адам баласының «әзәл» (ежелден бастауы жоқ, бастаусыз) деген ұғымды түсіне алмауы. Айталық, материяны бастаусыз-әзәли деп санай отыра, кейіннен ол әйтеуір бір уақытта өздігінен пайда болған деп тұжырым жасауы әуелгі пікіріне қайшылықты білдіреді.
«Әзәл» – жоғарыда айтып өткеніміздей бастау-көзі жоқ белгілі бір уақытпен шектеуге келмейтін ұғым. Кентриллиондық жылдары бар заманды әзәлмен салыстырғанда бір секундты да құрай алмайды. Алайда, себептердің тізбектелуіне арқау болған материяның бір бастауының бар екендігі – қазіргі кезде ғылыми тұрғыда анықталған мәселе. Электрондардың қозғалысы, ядролық физиканың сыры, үнемі радиация тарататын Күннің тылсым үдерістері, күллі әлемде анық көрініс тапқан термодинамикалық заңдылық, барлық нәрсенің соңы болатындығының мың сан дәлелінің бірқатары. Ал соңы бар барлық нәрсенің бастауының болуы дау тудырмайды. 
Сондықтан да барлық нәрсе әуелі пайда болу арқылы Жаратушыны дәріптесе, кейіннен жоқ болып кетуі арқылы Құдірет Иесінің бастауы әрі соңы жоқ екендігін дәлелдеп, айғақтайды. Өйткені, бастауы бар нәрсенің әйтеуір бір күні соңы да болатыны табиғи заңдылық, ал бастауы жоқтың ақырының да болмайтындығы абсолютті ақиқат. Осы себепті біз материя не материядан жасалған барлық нәрсеге бүгін бар болғанмен ертең жоқ болып кетеді деген көзқараспен қараймыз. Бірақ, ғаламшарлардың жойылу үрдісінің өте баяу түрде жүзеге асып, материяның аса төмен жылдамдықпен түгесілуі көп адамның көзін байлап, көңілін алдаусыратқандай. Амал нешік, сан ғасырлар қойнауынан бүгінге жетіп, кеңейе түскен ғаламшарлар да күндердің бір күні қаусырылып, бүктетілген күйі жым-жылас құритыны сөзсіз. Иә, бүгінгі күні қалыпты көрінгенімен бірқатар оң әсерлердің ықпалымен материяның өзгеріп бара жатқандығында ешкімнің күмәні жоқ. Осыны және бір мысал арқылы түсіндіруге тырысайық.
А. нүктесінен қозғалған пойыз 50-55 шақырым қашықтықтағы Б. нүктесіне қарай жолға шықты делік. Қозғалыс кезіндегі пойыздың жылдамдығы «55» шақырымды көрсетуде. Олай болса, әлгі арақашықтықты тек бір сағатта ғана жүріп өте алады. Осы жылдамдықпен жарты сағат жүрген пойыз әрі қарай жылдамдығын жарты есе, яғни 50 пайызға төмендетеді. Ендеше, жолдың әлі жүрілмеген 27,5 шақырымдық арақашықтығы қалады. Жылдамдығын жартылай азайтқан пойыз осы 27,5 шақырымның тек 50 пайызын ғана жарты сағатта жүріп өте алады. Осындай жылдамдықпен кетіп бара жатқан пойыз жарты сағаттан соң жылдамдығын тағы да 50 пайызға төмен түсірді делік. Алдағы қашықтықтың қалған жартысын да жарты сағатта жүріп өте алады. Қысқасы, осылайша әр жарты сағат сайын жылдамдығын жартылай азайтқан пойыз ешқашан Б. нүктесіне жете алмайтындай көрінеді. Алайда, әйтеуір бір уақыт арақашықтықтар түгесіліп, оның діттеген жеріне жетері сөзсіз. Бірақ жолаушы, пойыз осындай жылдамдықпен жүрер болса, барар жеріме өмірі жете алмаймын деп ойлайды.
Дәл сол секілді бізді қоршаған материя да бөлшектенуге, ыдырауға бет алып барады. Бірнеше миллион жыл араға салса да бұл бір күні міндетті түрде жүзеге асады. Кейіннен пайда болғандардың барлығы тып-типыл құрып, өздігінен мәңгі-бақи бар болып келе жатқан бір Жаратушы Ие ғана қалады.
Сөз түйіні, барлық тіршілік атаулыны жаратқан Аллаһ тағаланың бар екені күмәнсіз. Оны жара-тылғандарға ұқсату – Жаратушы мен жаратылғанды ажырата алмаудағы таным таяздығының белгісі. Осындай негізсіз тұжырымдар ойлап табу арқылы ақылды болып көрінгісі келген атеистер қаншалықты қисынсыз қылыққа барып отырғанын ұғына алмауда.
Иә, бүгінгі таңда адамның материяны бастауы жоқ мәңгілікке балап, Ұлы Жаратушыны мойындамауы – өрескел қисынсыздық.
Бірақ, амал қанша, әлемдегі құбылыстардың астарындағы мәнге терең бойлап, атомның ыдырап, материяның жойылу себептерін зерделей алғанға дейін материалистер үш қайнаса шындыққа жанаспайтын пайымдарымен әлі де талай аңғал жүректі пенделерді адастыра береді.
Әрбір істің түпкі мәні мен ақиқаты күллі ғаламзаттың иесі Ұлы Жаратушыға ғана аян.

Сілтемелер

[1] Бухари, Бәдул-Халқ, 11.

[2] Кәлам ілімі: логикалық тұрғыда әрі даналыққа негіздей отырып Аллаһ тағаланың бар екенін, Ислам дінінің ақиқаттығын дәлелдейтін ілім.

[3] себептердің тізбегі

[4] болуы мүмкін

[5] болуы қажетті

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.