Аллаһ тағала неге құлдарын бірдей етпей, бірін мүгедек, бірін сау қылып жаратқан?

Біріншіден, Аллаһ тағала күллі ғаламның Иесі. Өз мүлкіне қалауынша иелік етеді. Ешкім Оның ісіне араласа алмайды. Хақ тағала бізді бір тамшы судан жаратып, саналы адам етті. Осындай нығметтің бәрін берген Ұлы Жаратушыға қарсы дау айтатындай біз алдын ала Оған бір алашақ өткізіп қоймаған шығармыз.
Егер алдын ала бір алашақ бергені болса, «Бір көз емес, екі көз бер, бір қол емес, екі қол бер»! деп дау айтып, мүгедек жанның қарсы шығуы сірә орынды болар еді. Алайда, біз Жаратушы Жаппар Иеге қарсы шығып (Мұндайдан Құдай сақтасын!) «мұның әділетсіздік» дей қоятындай не өткізіп қойып едік?! Әділетсіздік еңбегін яки берген нәрсесін қайтарып ала алмағанда ғана болады. Ал біздің ақымыз өтелмеді деп бұлданатындай өткізіп қойған неміз бар?!
Аллаһ тағала бізді жоқтан бар етті. Бар етіп қана қоймай ардақты адам етті... Егер айналаға назар салып қарасақ, бізден әлдеқайда төмен тіршілік иелерін көреміз. Оларға қарап өзіміздің қандай жоғары дәрежеде екенімізді және бізге нендей нығмет берілгенін аңғарған болар ек.
Екіншіден, Хақ тағала кейде адамның бір аяғын алғанмен, қайтарым ретінде ақыретте көптеген сый-сыяпат береді. Аяғын алу арқылы пендеге өзінің қауқарсыздығы мен әлсіздігін сездіреді. Жүрегін Өзіне қаратып, сезімдерін оятатын болса, аз нәрсесін алып, көп нәрсе берді деген сөз. Ендеше, сырттай білінбесе де, негізінде бұл Аллаһ тағаланың шарапаты. Бейне бір шейіт етіп, жәннатты нәсіп еткені тәрізді... Бір адам қан майданда елін қорғау жолында шейіт болады да, бір серпілісте ғарасат майданы мен Хақ тағаланың құзырында сыддықтар (адал, турашыл, шыншыл), салихалы құлдар қызыға қарайтын мерейлі мәртебеге жетеді. Кемістігі үшін ілуде бір адам өзін қор сезініп налығанымен, көптеген адамдар үшін мүгедектік Аллаһ тағаланы тануға, дінге бет бұруға себеп болған. Осы тұрғыдан алғанда кей кісілер үшін кемістігін сөз етіп мұң шағуы орынсыз қылыққа жатады.
Бұл тақырыптағы негізгі мәселе −адамда о дүниенің мәңгілік өміріне деген құштарлық сезімін оята білу. Мүгедек жандар осы бір кемістігі арқылы хақ дінге бет бұрып, өзгелер бұдан ғибрат алып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Ибраһим Хаққы айтқандай:
«Әр ісінде Аллаһтың хикметі бар,
Ол еш нәрсені мәнсіз жасамайды...»[1] дегім келеді.

Сілтемелер

[1] Ибраһим Хаккы, Әһли Сүннет инанжы, 11 - бәйіт.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.