АДАМ – БОЛМЫСТЫҢ МӘНІ ӘРІ МАЗМҰНЫ


Адам көңілі кейде теңіздей тебіреніп, шалықтаса, енді бірде жер-жаһан жанына тар келіп, құлазиды. Адамдағы кейбір сезімдер толағайдай тау қопаруға бейіл бол-ғанымен, кейбір сезімдері тозаң қондыра алмайтын нәзік келетінін қалай түсінген жөн?

Адам баласы ғаламның мәні әрі мазмұны ретінде жаратылған. Аллаһ тағала адамның тұла бойына періштелер әлемінен бастап рухтар әлемінің, жанды-жансыз жаратылыс атаулының қасиеттерін, түйсіктерін, сезімдерін жинап, түгел дарытқан. Адамның болмысынан кейде жансыздар әлемінің қасиеттері қылау беріп қалады. Егер анықтайтын құрал болғанда, адам бойынан өсімдіктерге тән қаншама қасиеттер табылар еді. Сонымен қатар, адам баласы хайуани ерекшеліктерден де құр алақан емес. Мұны да анықтау мүмкін болса, адам бойында хайуандық ерекшеліктерді көріп, таңырқаған болар едік. Дегенмен, адам баласы – иләһи қасиет дарыған тамаша жаратылыс екенін де ұмытпау қажет. Сондықтан да, адам бойына дарыған осынау түрлі қасиеттер әрдайым бүршік атып, көктей өретіні шындық. Адамда Хақ жолына бет бұрып, кемелдікке қарай әуелеп қанаттану қабілеті де бар. Кейбір адамдардың осынау ізгілік тұнған абзал қасиеті кемелденіп, толыса түседі.

Әрине, кез келген адам мұндай қасиетін нақты біле алмаса да, іс-әрекеттерінің нәтижесіне қарап, сезіне алады. Осыған қатысты батыс елдерінде ғалымдар бірқатар адам бойындағы өсімдік пен жануарларға тән ерекшеліктері мен адами қасиеттерінің ара-жігін ажыратып, айқындау тұрғысынан түрлі зерттеулер жүргізуде. Мәселен, кейбір бұзақы жастардың мінездерін зерттеу арқылы ғалымдар олардың тұла бойындағы жағымсыз әдеттердің қабаған иттікімен сәйкес келетінін анықтаған. Басқаша айтқанда, бойындағы итке тән ерекшеліктер адами қасиеттерінен басым түскен. Адам бойында хайуандық сипаттар үстемдік құрса, туа біткен Раббани рухани түйсіктері тасада қалып, мінез-құлқы айрандай бұзылады. Мұндай түйсіктің құлына айналған адам құдды ит секілді адал мен арамның ара жігін ажырата алмайды. Құран аятында баяндалғандай, тілін салақтатып[1] , алақтап жүреді. Құтырған иттей адамдарға тарпа бас салудан, оларға қиянат қылып, қансыратып кетуден тайсалмайды. Ізгі амалға мән берудің орнына, сүйекке таласқандай ырылдасуға бекем тұрады. Өз ісіне қисап беруден қалады. Міне, осындай адамды зерттеу айлағына айналдырған оқымыстылар кейбір жеткіншектердің бойындағы жаман әдеттердің қаңғыбас итке ұқсайтынын дәлелдеген.

Демек, адам бойында жақсы мен жаманның дәні қатар болады. Адам осы дәндердің қайсысының бүршік атып, көктеуіне жағдай жасаса, сол қасиет дами түседі. Мәселен, хайуандық дәнінің тамыр жаюына мүмкіндік жасаса, адами қасиеттері тасада қалып, хайуандық үстемдік құрады.

Дегенмен, пенденің бойында адами қасиеттер де өте берік орныққан. Осы қасиеті арқылы адам барша жаратылыспен қоян-қолтық байланыс орнатып, ғарышты бағындырып, шексіздік әлеміне бойлай алады. Руханият бұлақтарынан сусындап, айтуға тіл жеткісіз тылсым сырларға қанығады. Осылайша көңілді шаттық пен қуаныш кернейді.

Мәселені материямен ғана байланыстырып ұғатындар өзін үнемі материалдық түсініктің тар қапасына қамайды. Мұндайлардың көңіл көкжиегін толайым қараңғылық басады. Олардың болашағы қашанда бұлыңғыр болғандықтан жаратылыстың тылсым сырларына бойлай алмайды. Руханияттан бейхабарсыздықпен Аллаһтың әсем есімдері мен көркем сипаттарын тани алмайды. Тіпті, ұлы Жаратушының бар екеніне шүбәланады. Өйткені ақыл-ойын материалдық түсінік тұмшалайды. Ішкі дүниесі ұдайы қайшылыққа толы болады. Материалдық құндылықтарға арқа сүйеген таяз түсінігі кәміл адам болу үшін күресуіне мүмкіндік бермейді. Мұндай жандардың жан дүниесі Жаратушыны танудан, Оның есімдері мен сипаттарынан мүлде ұзақ болғандықтан, көңіл көкжиегін тұңғиық қараңғылық басады. Сондықтан, олар аттап басқан сайын мың-сан кедергіден көз ашпайды. Мұндайлардың болашағы да күңгірт. Әрқашан да тар танымымен материалдық дүниені барлығынан жоғары санап, бар күш-жігерімен соған беріліп, өмірін мақсатсыз іске құрдан-құр сарп етеді. Мұндай адам-ның ой-пікірлерінде тұрақсыздық байқалады. Тойымсыз менмендігі және айналасындағылармен тіл табыса алмауы, ғибадатта шала шарпылыққа, жалқаулыққа салынуы, тәнқұмарлықтан аса алмауы – бәрі де оның жаратылысындағы мінез-құлқына байланысты. Егер ол өзін-өзі қолға алып, хайуани сезімдерден арылудың қамын жасамаса, сол қараңғы абақты өмірін сүруге мәжбүр болады. Ондай адамның құдды бір құтының ішінен шыға алмай оңға-солға ұрынып, ақырында өліп тынған жынды көбелектен айырмашылығы шамалы. Ал, егер, керісінше өзінің адами қасиеттерін тірілтуге барынша тырысып бақса, кәміл адам болудың жолдарын қарастырса, бірте-бірте Жаратушының көркем есімдері мен сипаттарының нұрлы шуағына бөленіп, мәңгілік бақытқа қарай бағыт түзейді. Хақ тағаланың құдіретімен нұрлы руханиятпен тыныстап, көңілін шаттық билейді.

Адамның әр қилы қасиетін осылайша қысқаша баяндадық. Ал енді адам баласының кейде жер-көкке сыймастай күй кешетіні, кей кездері қатты құлазып, тарығатыны, кейбір сезім күйлерінің зіл батпан ауырлыққа шыдас беретіні, ал енді біреулерінің зәредей салмақты ауырсынатыны жайлы түсіндіріп өтейік.

Кейбір жандар сезімнің жетегіне көгенделіп, жансыз дене сияқты немесе өсімдікке тән қасиеттер-мен ғана тіршілік кешеді. Сол сезім немесе хал күйінен өзі түйсініп, арылуға тырыспаса, біз оны сол күйінде қабылдауға тиіспіз. Жалпы мұндай жолмен өмір сүру – адамның атмосферадан, күннен, топырақтан өзіне қажетті нәрселерді алуы, олармен азықтануы, қорытылған массаны қайта беруі өсімдіктерге ғана тән дүние. Ол өсімдік секілді осылайша алып-беру функциясын ғана жалғастырумен болады. Мұндай адамдардың бар ойы – қоректену және бойынан қажетсіз қалдықты шығарып тастаумен шектеледі. Бұл – өсімдіктердің ерекшеліктерінен аса алмаған адамның сыр-сипаты. Алайда, мұндай пендені мәңгі осы сезімнің айналасында арқандаулы аттай шектеліп қалады деу дұрыс емес. Адамға әу баста біз атаған сезімдер беріліп, ол қасиеттер басым болғандықтан, осындай жағдайға тап болуы мүмкін. Алайда, бұл жайтты көпке созбау керек. Көңілінде зәредей де болса иман нұры бар адам өз ықтиярымен жігерленуі, ұнжырғасын түсірмей, бойын тіктеп, қайраттануы қажет. Сонда ол өмірдің мәнін түсініп, анадан жаңа туған сәбидей кейіпке енеді де, рухани мәртебесін биіктете түседі.

Ал, енді біреулердің хайуандық сезімдері басым тартып кетуі мүмкін. Осындай сезімге құндақталған жан айналасын азан-қазан қылып, бақырып-шақыру арқылы ұрсысып, өзгелерге күш көрсетіп, қиянат жасап, ықтырып, мойындатуға тырысады. Олар басшылық жасауды өзгелерді айтқанына көндіріп, айтағына жүргізіп, езіп-жаншу деп ұғады. Соның салдарынан өзі де, өзгелер де беймазаланып, арбасып отыратын жағдайға жетеді. Хайуандық сезімдердің жетегіне ерудің салдары, міне, осындай. Мұндай жағдайдан құтылу оңай емес. Дегенмен, дер кезінде арылуға болады. Міне, жоғарыдағы сауал осындай жағдайға қатысты туындаған. Адам хайуандық дәрежеге түсіп, өз нәпсісіне ерік берген жағдайда демде тоз-тозы шығып, күйзеліске ұшырайды. Мысалы, жыртқыш жануарлар сәт сайын өзін қорғап, қақпанға түсіп қалмау үшін әбігерге түсіп немесе оққа ұшпау үшін сақ болады. Жанын сақтау үшін тарпа бас салуға дайын тұрады. Әрдайым хайуандық сезім оларға тыныштық бермейді. Дәйім мазасыз күйде болады. Бағзы жануарлар бір түйір дән үшін қақпанға түсіп, кейбіреулері бір сәттік ләззат үшін оқ құшады. Міне, мұның бәрі жыртқыштардың хайуандық ерекшеліктері. Адам баласы осындай күйге душар болмау үшін бір сәттік құмарлыққа аңсары ауғанда, бірден есін жиып ақылға келуі, хазірет Пайғамбардың насихатын еске алып дәрет алуы, маңдайын сәждеге тигізіп «Уа, Раббым! Саған сыйынамын, Сен мені қолдап- қорғағайсың!» деп жалбарынуы қажет. Сөйтіп, тез арада хайуандықтан арылып, сол ойдың салдарынан туындайтын жаманшылық атаулыдан іргесін аулақ салғаны жөн. Негізінде, мұндай жағдай кез келген жанның басына келуі мүмкін. Алайда, адами қасиеттері басым адам мұндай күйге душар болғанда тез арада одан арылуға тырысып, рухани түсінікке арқа сүйеп, жоғары мәртебеге көтеріле алады.

Осындай халдің шырмауында қалған адам болмашы нәрсеге тарығып, тарылып, өзін өзі жегідей жеп бітіруі де ғажап емес. Ал, ақылын, қисынын және ерік-жігерін басқара білгендер хайуандық ерекшеліктерін жеңе біледі. Осылайша, кемелдік сатыларымен рухани биікке бет түзеудің қамын жасайды. Жаннатқа баруды армандамайтын, көңілінде Аллаһ жайлы күдігі бар жандар тұла бойындағы жақсы сезімдерін көркейтуге асық болмайды. Азғындыққа мойынсұнған қалпы жақсылыққа ұмтылмайды.

Кәміл адам болуға талпынғандар бір сәттік бейқамдықтан туындайтын нашар сезімдерге бой алдырса да тез арада есін жиып, қателігін түзеуге ұмтылады. Егер ол осы қадамы арқылы Аллаһтың рақымдылығына бөленсе, онда шексіз рухани ләззатқа кенеліп, бұл жолға асқан ынтықтықпен беріле түседі. Мүмин жандардың көпшілігі әркез осындай рухани тартуға лайық бола отырып, ұждандарында оның ләззатын татқаны шындық. Тіпті, кейбіреулер Аллаһтың бұл кәдесін нақты түрде сезінген болуы да мүмкін. Адам баласы дінге барынша беріліп, иманы қуаттанған сайын, барша дүниені, түрлі қиындықтар мен күйзелістерді толық ұмытып, Раббының рақы-мына бөленеді. Мұндай халге қол жеткізген жанға күллі дүниенің ләззаты берілсе де, көз қиығын да салмайтын тоқмейіл дәрежеге жетеді. Себебі, дүниенің алдамшы қызықтары оның рухани кемелденуіне кедергі келтіреді. Сүйікті де ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) тіршілігінің 99,9 бөлігін осындай рухани кемелдену жолында өткерген. (Мұны 100 пайыз деуге де болады, бірақ Пайғамбарымыздың да жаратылған пенде екенін және бізге имам ретінде барлық мәселеде жол көрсетуші болғанын ескеріп осылай дедік). Одан кейін дәрежесіне қарай әділетті халифалар (4 халифа), әулиелер, үлкен ғалымдар жоғарыда сипатталғандай шүбәсіз таза ғұмыр кешкен-ді. Осындай бақытқа кенелген жандар үшін жәннатқа кіру мақсат болудан қалады. Мұның жарқын мысалын тағы да құлшылығымен ең жоғары мәртебеге – Миғражға шығуға қол жеткізген хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өмірінен келтіруге болады. Миғраж сапарында пайғамбарымыз жаннатта қалып қоймай, жер бетіне үмбетінің арасына қайта оралғанын білеміз.

Адам баласына әр кезде тап келуі мүмкін мұндай халдерді және осыған ұқсас жағдайларды бір-бірімен шатастырмау керек. Иманы бола тұра, кейде адам ақыл-ойға көңіл бөлмей, айуандыққа барып, имани қасиеттерден жұрдай кісінің кебін киюі де мүмкін. Мұндай тұзаққа кәміл мүмин де ілігуі бек мүмкін. Бірақ, ол тез арада тәубасына келіп, еңсесін тіктейді. Бір сәттік күнәға бой ұрған мүмин Жаратушыға деген иманының әлсірегенін аңдап, күдіктеніп, құлшылығына бұрынғыдан да көбірек мән бере түседі. Ал, істеген амалының бұрыстығын парықтай алмағандар күнә шыңырауына құлаған күйі біржола құрдымға кетері хақ.

 


[1]    «Ағраф» сүресі, 7-аят.

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.