Бір дұғадағы төрт негіз туралы

Фетхуллаһ Гүлен: Бір дұғадағы төрт негіз туралы

Сұрақ: Ардақты елшінің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) жиі қайталайтын:

اَللّٰهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ الْهُدَى وَالتُّقَى وَالْعَفَافَ وَالْغِنَى

«Алла тағалам, Өзіңнен хидаят (тура жол), тақуалық, арлылық (иффа) пен байлық (ғина) сұраймын» (Мүслим, Зікір, 72) деген дұғасында өтетін төрт негізді түсіндіріп берсеңіз?

Жауап: Әуелі мынаны айтқан жөн, бұл дұғада аталған мәселелердің әрбірі ардақты пайғамбарлардың елеулі қасиеті болып табылады. Тіпті мынаны айтуға болады, бұл қасиеттер олардан ажырағысыз күйде еді. Олар қай қырынан да барша мүминдер үшін жолбастаушы болғандықтан, өз өмірін адамзатқа, ақиқатты дәріптеуге арнаған иршад пен тәблиғ (үлгі бола отырып, дінді жеткізу) ерлері де осы ұлы қасиеттерге сай әрекет етіп, тілмен айтудан бөлек, іс-әрекет, қимыл-қозғалыстарымен де اَللّٰهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ الْهُدَى وَالتُّقَى وَالْعَفَافَ وَالْغِنَى деуі тиіс.

1. Хидаят

Пайғамбарлар сәруарының (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) тілінен тастамаған осы дұғадағы алғашқы сұралған жайт – хидаят. Ол шындықты көре білу, шындықты есту, шындықты табу, туралықтан таймау деген сөз. Осы тұрғыдан Алла елшісінің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) дұғада әуелгі ретте хидаятқа орын беруі өте маңызды. Өйткені хидаят болмастан әлдекімнің шындықты көруі, өмірін соған сай реттеуі мүмкін емес. Бұл мүмкін болмаған соң, тақуа, иффет және ғина туралы жақ аша алмаймыз. Дұғада орын алған кейінгі үш тілекке қол жеткізу бір жағы хидаятқа байланысты.

Барлық нәрсенің басы мен негізі болып табылатын «хидаяттың» бастауы әуелі Құран кәрім, кейіннен Ардақты елшінің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) сөз мен іс-әрекетін қамтитын сүннет. Мәселен, «Бақара» сүресінің екінші аятында ذٰلِكَ الْكِتَابُ لَا رَيْبَ فِيهِ هُدًى لِلْمُتَّقِينَ «Міне, кітап. Онда күмән жоқ» деген сөзімен Құранның әлеуеті тақуалар үшін хидаят бастауы екеніне назар аудартылған. Үшінші әрі төртінші аяттарда тақуалардың ерекшеліктері саналғаннан кейін бесінші аятта أُولٰئِكَ عَلَى هُدًى مِنْ رَبِّهِمْ «Міне, бұлар Раббыңның өзі тура жолға салғандар» делініп, қайта хидаятқа басымдық берілген. Бұдан бөлек, бұл жерде ашық мұғжиза Құранды толықтай игілікке жаратудың негізгі шарты ретінде тақуа болу айтылған. Хидаят пен тақуа арасындағы қатынасты көрсету тұрғысынан назар аударарлық.

Басында да айтуға тырысқанымыздай, хидаят пайғамбарларға тән туабітті негізгі қасиет. Өйткені Алла тағала өте маңызды міндетпен жіберген ол қадірлі кісілерге алдағы уақытта кейбір қасиетсіздер келіп бетіне басатындай қылықтар жасауына жол бермеген. Осы тұрғыдан хазірет Дәуіт пен хазірет Сүлейменді (ала нәбиинә уә алайхимассалам) жамандап айтқан сөздер Исрайылұлдарының жаласы болғаны секілді хазірет Нұх пен хазірет Хұд (ала нәбиинә уә алайхимассалам) секілді пайғамбарларды жамандаған сөздер де өз қауымдарының жаласына жатады. Осы тәрізді Адамзаттың мақтанышы (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) жайында хидаят шеңберінің тысында айтылған жағымсыз сөздер адамның әрі өзін білмеуі, әрі Арышты қозғайтындай үлкен жала. Сөз орайы келгендіктен, وَوَجَدَكَ ضَالًّا فَهَدَى (Дұха сүресі, 93/7) аятына қатысты кейбір теологтар айтып жүрген түсіндірменің қате екенін де айта кетейін. Олар бұл аятты «Алла сені адасып жүрген жеріңнен тура жолға салды» деп түсіндіруде. Осы жерде өтетін ضَالًّا сөзіне хидаятқа қарама-қарсы мәндегі сөзді береді. Осыдан өрбітіп, пайғамбарлық нұрына бөленіп, санасы сәулеленгенге дейін (Құдай өзі сақтасын) екі жаһан сәруары хазірет Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) адасып келгенін алға тартады. Анығын айтқанда, оны адасқан деген адамның өзі адасқаны (Алла тура жолға салсын). Неге десеңіз, Құран кәрім «Нәжм» сүресінде مَا ضَلَّ صَاحِبُكُمْ وَمَا غَوَى «Иелерің (хазірет Мұхаммед Мұстафа алайһи акмалу тахая) ешқашан адасу мен теріс жолға түспеді, ешқашан әсірелікке беріліп, өлшемінен асқан емес» (Нәжм сүресі, 53/2) деген. Аятта өтетін әрі Расулалланың адаспағандығын білдіретін مَا ضَلَّ етістігі өткен шақ формасында келгендіктен, оның ғұмырының үнемі хидаятпен өткендігі білдірілуде. Ендеше, сырттай бір-біріне қайшы көрінген екі аяттың арасын жарастыру үшін «далалат» сөзінің түрлі мағыналарына қарау керек. Далалаттың бір мағынасы «жүретін тура жолдан шеттеу», таю болса да оның басқа мағынасы «түрлі жолдарға тап келгенде дұрыс жолдың қайсысы екенін дәл біле алмау, бұл мәселеде екіұшты ойда болу» деген сөз. Міне, «далалат» сөзі Расулаллаға (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) қарата айтылғанда, ұғыну керек мағына осы екіншісі. Көк нұрына бөленгенге дейін хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) түрлі жолдарға тап келгенде, екіұшты ойға барып, дұрыс жолды табу үшін талпыныс жасаған. Осымен бір жағы болашаққа тән аса маңызды қорғандар тұрғызған.

Бұдан бөлек, وَوَجَدَكَ ضَالًّا فَهَدَى деген аяттан пайғамбарлар падишасының (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) уахи кезінде бастан өткерген дахшат, қалақ, хайман[1] да меңзелген болуы мүмкін. Неге десеңіз, ол бұндай көктің тосын сыйымен бетпе-бет келгенде, айтарлықтай үрейленіп, не істеуі керектігін түсіне алмаған болуы мүмкін. Осыған қарамастан ол сұңғыла, тепе-теңдікті сақтай білетін, мінезі орнықты әйел хазірет Хадишаға келіп, ішкі толқынысын білдірген. Хадиша әуелі өзінің жалпы мінезіне салып жарына баға беріп, оның адамгершілігі зор екенін тілге тиек еткен. Артынан Жаратушы ие ондай құлын жалғыз тастамайтынын айтып, артынан күйеуін христиан ғалымы әрі ағайыны болып келетін Уарақа ибн Нәуфалға апарып жолықтырған. Ендеше, «Дұха» сүресінде өтетін осы аяттың мағынасын былай деп түсінуге болады: «Сен белгілі бір кезеңде Жұмақ деген не, Тозақ деген не екенін білмейтінсің. Халықтың жалпы жағдайына қарап қабырғаң қайысатын. Бірақ жұртты түзеу үшін не істеу керектігін білмейтінсің. Хазірет Ибраһимнің дінінен қалған жұрнақтан аздаған мағына сезсең де, барлық нәрсені өз орнына қоюда нақты ұйғарым жасайтындай жағдайда емес едің. Алла өзі жіберген уахи арқылы сенің осы таңданысың мен екіойлылығыңды кетіріп, саған тура жолды көрсетті».

Пайғамбарларда бар хидаят қасиетіне қатысты тағы бір тоқталуды қажет ететін мәселе мынау: «Шура» сүресінде وَإِنَّكَ لَتَهْدِي إِلَى صِرَاطٍ مُسْتَقِيمٍ «Сен расында адамдарды тура жолға саласың» деп бұйыру арқылы өзі тура жолдағы Расулалланың бұл мәселеде жолбасшы екені де білдірілген (Шура сүресі, 42/52). Тура жолдағы пайғамбарлар Алланың рұқсатымен адамдарды да тура жолға бастайды, осы мәселеде жұртқа жолбасшылық жасайды, жол көрсетеді, олардың алдын ашады әрі оларды тура жолмен таныстырады. Жихад пен иршад (жол көрсету) мәселесіндегі жалпы анықтамамыз шеңберінде айтатын болсақ, олар адамдармен Алла арасындағы кедергілерді жойып, халық жүрегінің Алланы табуына септігін тигізеді. Әрине, иләһи нұрдың тыңдаушылардың көкірегінде маздауы Аллаға тән құдіретті істердің бірі.

2. Taқуа

Кәміл жолбасшы болған пайғамбарымыздың (алайһи әлфу әлфи салатин уә сәлам) дұғасында екінші ретте аталған тақуаға «Алланың әмірлерін орындап, тыйымдар мен үлкен күнәлардан бойды алыс ұстап, Алланың ашуы мен азабынан қорғану талпынысы» деп анықтама бере аламыз. Мәселен, хидаятта дәрежелер болғаны секілді тақуада да дәрежелер бар. Әуелде парыздарды орындап, тыйымдар мен үлкен күнәлардан бойды алыс ұстаумен қадам басқан орын – тақуалықтың дәлізі болып табылады. Кейіннен күмәнді нәрселерден алыс тұрып, харам істерге жоламау арқылы тақуа есігінен ішке қадам жасалады. Артынан бірқатар мүбахтарды «күмәнді» деп ойлап, бойды аулақ салу арқылы негізгі тақуалыққа қол жеткізеді. Бұдан бөлек, тақуалыққа толық мағынада тек шариғат ұстанымдарын аса бір сезімталдықтпен орындау талпынысымен қатар шариаты фытрия деп атайтын Жаратушы иенің ғаламда енгізген заңдарына бағыну арқылы да қол жеткізуге болатынын ұмытпау керек.

Бір мүминнің хидаяттан не хидаят жолбасшысы болып саналатын Құран мен сүннеттен толықтай сусындауы міне осы деңгейдегі тақуалыққа байланысты. Осы тұрғыдан қарағанда, хидаят пен тақуа тура бір егіздер секілді. Тақуаға жету хидаятқа байланысты болғаны секілді Құран мен Сүннеттің белгілеген жүйесі дұрыс түсіну, оның рухын, асқақтығы мен ұлылығын ұғыну да тақуалықта тереңдеумен байланысты.

3. Арлылық

Дұғада үшінші ретте айтылған арлылық (иффа) болса, арын қорғау жолында адамның сергек өмір сүруі, жан-жағын абайлауы, құлағын керек жайттарға ғана түріп, тілін қадағалауы, ешкімге алақан жаймауы, барлық жағдайы мен іс-әрекетінде ұят пен әдептен аттамауы деген сөз. Егер жеке адамдар арлы болса, қоғам да арлы болады. Әйтпесе жеке адамдары күнәдан бас алмайтын қоғам арлы бола алмайды. Арын жоғалтқан қоғамда ұрлық, тонау, қарақшылық, өтірік пен алдап соғу секілді түрлі нашар қылықтар қылаң береді. Жасы кішілер кішілерше, үлкендер үлкендерше ұрлап-тонауға, ұрлық пен парақорлыққа баса бастайды.

Құран кәрім бір аятта арлылық ерлері يَحْسَبُهُمُ الْجَاهِلُ أَغْنِيَاءَ مِنَ التَّعَفُّفِ تَعْرِفُهُمْ بِسِيمَاهُمْ لَا يَسْأَلُونَ النَّاسَ إِلْحَافًا «Арлылықта барынша мұқият болғандықтары себепті, шын жағдайын білмегендер оларды бай деп ойлап қалады. Уа, елшім! Сен оларды жүзінен танисың. Олар ұяттан жиып, халықтан еш нәрсе сұрамайды» деген сөзімен олардың аш-жалаңаш, баспанасыз қалса да бәрібір елге алақан жаймағандарын айтқан (Бақара сүресі, 2/273).

Иә, олар нағыз маңдайынан сүюге тұрарлық адамдар. Бұған қоса, мынаны да айта кету керек, ислам жағдайы нашар адамдарға белін тіктеуге жетерліктей ғана жұрттан қайыр көмек сұрауына рұқсат еткен.

4. Ғина

Расулалланың дұғасында аталған төртінші мәселе – ғина. Бұның да екі мағынасы бар. Бұлардың бірі көңіл байлығы истиғна; екіншісі еңбек етіп, адал табыс тауып, материалды байлыққа кенелуді білдіреді. Бұлардың екіншісін сұрауда еш оқастық жоқ. Өйткені дүние нығметтерін өз орнымен іске жаратқанда, иманы мен құлшылығын қуаттайтын маңызды фактор бола алады. Алайда материалды байлық сұрағанда, оның адалдан болуына барынша көңіл бөлу керек. Бұндай байлықтың өтемін жасауда ешқашан сараңдыққа баруға болмайды. Есіл-дертін дүние-мүлік жаулап алмауы тиіс. Мал-мүлік, дүненің Алланың игілігі екенін ұмытпай, қолдағы мүмкіндіктерге қарап, «Мұны мен өз ептілігіммен таптым» деу арқылы Қарұнның кебін құшпауға көңіл бөлу керек (Қасас сүресі, 28/78)

Осы тұстарға мән беретін болсақ, Жаратушы иеден байлық сұраудың оғаштығы жоқ. Бұдан бөлек, пайғамбарлар сәруары (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) дұғаларында басқа бірқатар мәселелермен қатар аштық пен кедейліктен де сақтай гөр деп Аллаға сиынған (Әбу Дәуіт, Уитр, 32). Өйткені бұндай жағдайға тап болған адам өз жағдайына налып не қайыр тілеп кетуі мүмкін. Осы тұрғыдан келгенде, байлық сұрауға ислам діні қырын қарап я тыйым салмаған. Сірә, бұл жерде көңіл бөлу керек мәселе қазына жимау, жеке басына байлық әрі болашақ үшін ақша не қор жинап алмау болса керек. Өйткені қазына жинап, одан қайыр жолына жұмсамаған адамдардың ақыреті оңбайтыны анық мұғжиза Құранда былай деп ескертілген: وَالَّذِينَ يَكْنِزُونَ الذَّهَبَ وَالْفِضَّةَ وَلَا يُنْفِقُونَهَا فِي سَبِيلِ اللهِ فَبَشِّرْهُمْ بِعَذَابٍ أَلِيمٍ «Алтын мен күміс жинап, Алла жолында жұмсамағандарға жанын шырқырататын азап барын қуана хабарла!» (Тәуба сүресі, 9/34)

Иә, бұл жерде қазыналарды жинап, үсті-үстіне тауар жиған, иә, бұл жерде қазыналар жинап, қор үстіне қор жиып, оны көбіне өсімқорлыққа қолданып, тіпті реті келсе, экономиканы шайқап, осыларды жасағанда Алладан қорқу, ақырет туралы ойы жоқ адамдар ертең жаны шырқырайтын азаппен «сүйіншіленген». Әсілі адам қолындағы байлығын орнымен жұмсаса, шын жақсылыққа қол жеткізе алады. Бірақ олар қолдарындағы байлықты қате жерге жұмсағаны үшін бұл сүйінші хабар өз кесірлерінен азапты хабарлауға айналдырған. Артынша келген аятта олардың тозақта көретін азап түрлері егжей-тегжейлі айтылған: يَحْسَبُهُمُ الْجَاهِلُ أَغْنِيَاءَ مِنَ التَّعَفُّفِ تَعْرِفُهُمْ بِسِيمَاهُمْ لَا يَسْأَلُونَ النَّاسَ إِلْحَافًا «Сол бір азап күні дүниеде жүріп жиаған алтын, күмістер, тозақ отында қыздырылып, қыздырылмастан иелерінің маңдайы, бүйірлері мен арқалары осымен күйдіріледі. «Міне, делінеді оларға, бұлар өздерің үшін жиаған алтын, күмістерің. Ал енді тоқтаусыз жиған соларыңның дәмін татыңдар» (Тәуба сүресі, 9/35)

Алла жолында жұмсау үшін жиған байлық бұл қазынадан өзгеше. Иә, ила-и кәлиматулла (Алланың атын асқақтату) жолында жұмсау, әлемнің түкпір-түкпірінде мектептер, университеттер ашу, өз құндылықтарымызды адамзатқа естірту секілді игі ниетпен жиылған байлық басқаша бағалануы тиіс. Тіпті адамдарды осы армандағы мақсатты (гайе и хаял) жүзеге асыру үшін бай болуға ынталандыру керек.

Арлы әрі көңіл тоқтықпен өмір сүре жүріп Алла берген игіліктерден пайдалану Құран кәрімнің әмірлерімен сәйкеседі. Айталық, وَابْتَغِ فِيمَا اٰتٰيكَ اللهُ الدَّارَ الْاٰخِرَةَ وَلَا تَنْسَ نَصِيبَكَ مِنَ الدُّنْيَا «Алланың өзіңе берген барлық нәрседе ақырет мекенін ізде, содан ажырап қалмай үнемі сол жолмен жүр. Бірақ осы дүниедегі нәсібіңді де ұмытпа!» (Қасас сүресі, 28/77) аятында ақыретпен қоса дүниеге қаншалықты мән беру керектігіне де ишарат етілген.

Бірақ бүкіл бұлармен қоса ең негізгі мәселе, адам жанының іштей мұстағни болуы (көңіл тоқтығы). Ардақты пайғамбарлар үнемі осындай көңіл тоқтықпен өмір сүрген. Олар дінді насихаттағаны үшін ешкімнен ештеңе дәметпеген, жұрттан ештеңе сұрамаған. Олар қауымдарына дінді жеткізу үшін сонша ауыртпалық пен қиындықтарға төзген, бірақ сол үшін ешкімнен ақы я марапат күтпеген. Өйткені олар бір Алладан ғана жақсылық күткен (Шуара сүресі, 26/109, 127, 145) Осы тұрғыдан олардың қауымдарына ықпал етудегі ең маңызды құралы осы көңіл тоқтығы болғанын айта аламыз. Өйткені бұндай ұстаным адамды жұрттың сеніміне бөлейді. Міне, бір адамның жасаған міндеті үшін дүниелік пайда көздемеуі, шен-шекпен, биік лауазым сұрамауы, марапатын тек Алладан күтуі ғинаның (көңіл байлығы) өзгеше бір тереңдігін құрайды.

Бұған қоса, әркім Жаратушы иенің өзі жайындағы тағдырына разы болып әрі дүние байлығы мәселесінде ешқашан құнықпауы тиіс. Өйткені кей кісілер жайлы тағдырына жазылған кедейлік анағұрлым қайырлы болуы мүмкін. Кім біледі, олардың байлыққа деген осалдығы болғандықтан, қолына түскен байлық оған Қарұнның күйін кештіріп тозаққа құлдилатуы мүмкін. Осы тұрғыдан әрдайым өзімізге белгіленген тағдырға разылық танытуымыз керек.

[1] Тасаууыф іліміндегі таңғалудың әртүрлі деңгейін білдіретін арнайы ұғымдар – ауд.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.