Кәмілдік және кішіпейілдік

Фетхуллаһ Гүлен: Кәмілдік және кішіпейілдік

Сұрақ: Бір жағынан нағыз мүршит (дін насихатшысы) болу үшін көптің бірі ретінде, қарапайымдықтан таймау, екінші жағынан үнемі өзімізді жетілдіріп отыру керектігі айтылады. Сырттай бір-біріне кереғар көрінген осы жағдайларды қалай біріктіруге болады?

Жауап: Пайғамбарлардың міндеті болып табылатын дінді насихаттау тұрғысынан мәселені бағалайтын болсақ, адамның әрі кемелдікке ұмтылуы, әрі өзін тым төмен ұстай білуі бұл екі қасиет те адамға өте керек. Иә, айтылуы қажетті мәселелерді басқаларға түсіндіре алу әрі Алланың рұқсатымен ар-ұжданға әсер ете алу үшін әрі кемелдікке ұмтылу, әрі Құдайдан қорқып, асқан кішіпейілдікпен өзін көптің бірі ретінде көру шарт. Неге десеңіз, ғылым мен мағрифатқа сүйенбейтін дін насихатшысының сөзі тыңдаушының әлгі адамға деген сеніміне сызат түсіреді. Тәкаппарлық пен өркөкіректікпен кірленген ауыздан шыққан сөз де жүрекке еш әсер етпейді, етсе де әсері тез өтпелі болады. Сондықтан мұсылман ғалымдар ең үлкен бәле надандық екенін, қазіргі адамдарда тәкаппарлық тым асқынып кеткенін, оның да өзінше бір кесел екеніне назар аудартқан.

Дін насихатшысының қос қанаты: мағрифат пен махфиет (Құдайдан қорқу)

Ал енді қаласаңыздар, дін насихатшысы үшін қос қанат іспетті екі мәселеге тоқталайық.

Қазіргі заманда мүминге өзі дәріптеген ақиқаттарға сай болуы үшін бір жағынан өзі өмір сүріп отырған дәуірді, әлеуметтік жағдайды, әлемдегі жағдаяттар мен ғаламдық құбылыстарды жақсы тануы, ұғынуы, дұрыс бағалауы, келесі жағынан әсіресе қазіргі уақытқа қараған жағымен шариғат заңдарын білуі, осы арқылы өз заманының перзенті болуы керек. Кері жағдайда өзінің деңгейінің төмендігімен ақиқаттарды жеткілікті дәріптей алмайды, сөйтіп құндылықтардың бағасы кеміп, тыңдаушылар үшін қарабайырланып кетеді. Иә, барлық нәрсе нәтиже тұрғысынан ғылымға сүйенетініндей, біздің де өз құндылықтарымызды дәріптей алуымыз үшін ғылым ең маңызды факторға жатады. Бұл жердегі ғылымнан мақсат ретінде қазіргі айтылып жүрген білім емес, оқиғалар мен жағдаяттардың астарына үңілетін, біздің Алланы тануға жетелейтін мағрифатты меңзеудеміз.

Әсілі, адамның бұндай ғылымды игерместен өзгеге емес өзіне де әлденені ұғындыруы мүмкін емес. Ол ғылым мен мағрифатты игергенге дейін нәпсінің біршама қарсылығын жеңе алмайды, пікір қайшылықтарынан арыла алмайды. Өз ішінде, өз миында әрі өз жүрегіндегі түйткілдерді шеше алмаған бұндай жан басқаларға әлденені түсіндірмек болғанда айтарлықтай қиналады. Тіпті өзі байқамастан демагогия жасайды, диалектикаға барады. Өз ішіндегі күдік-күмәннан толық тазарғанға дейін, бұндай келеңсіздіктерден арыла алмайды.

Осы тұрғыдан біз әуелі мәселені астарымен жақсы ұғынып, өз мәселелерімізді білуіміз, артынша ғылыммен қол жеткізетін мағрифатты, мағрифат арқылы келетін сүйіспеншілікті, осылармен Аллаға туындайтын ғашықтықты ар-ұжданымызда сезінуіміз керек. Егер осыларды бойға сіңіріп, аузымыздан шыққан сөздің бейнесін жүрегімізде, санамызда көре алсақ, іштей қайшылыққа ұрынбас едік.

Осы себепті дін насихатшысы шамасы келгенінше Аллаға ұнайтындай әрекет етіп, ғылымды сала-саласымен терең игеруге тырысуы қажет. Алайда дін насихатшылары үшін тек ілім мен мағрифат жеткіліксіз. Бұған қоса, адам баласының осы аса маңызды қасиеттерді өзіне Алланың бергенін жақсы ұғына білуі де қажет. Бұндай қасиеттер анығында Ұлы Патшаның адамға кигізген ішегі тәрізді. Сондықтан бұндай нығметтерге көз жұмып қарауға болмайды. Алайда бұлардың біздікі еместігін де еш қаперден шығармауымыз керек. Яғни біздің міндетіміз әсемдікке көз жұмып қарамай, оның өз иесіне бар екенін сезіну. Міне, осы көзқарасты ұстана алсақ, кішіпейілдік пен Құдайдан қорқуға бет бұрып, хазірет Али айтқандай «қарапайым бұқара халықтың бірі бол» деген сөздің мәнін түсінеміз. Бұл кішіпейілдікпен бірге кемелдікті біртұтастыра білуді білдіреді.

Осы сана-сезімнің бойға бек орнығуы адам бойында бар барлық жақсы қасиеттердің шынайы егесі Алла екенін білуі, әрі өзінің ешкім де еместігін мойындауына байланысты. Бұдан бұрын да әзілге сүйеп айтқанымдай, егер бізге «Аллаға тән нәрселерді бір шетке ысырып қойыңдар, десе, онда менікі дейтіндей ештеңе де қалмас еді». Осы тұрғыдан біздің міндетіміз үнемі Құдайдан қорқып, ұяла отырып Жаратушыға бет бұру болуы керек.

Әсілі күнделікті бес уақыт намаздың орындалуында осы ақиқатты білдіретін хикметтер барын айтуға болады. Өйткені адамның күніге бес рет Алланың құзырында қол байлап тұруы бас июді білдіреді. Оның рукуға баруы кішіпейілдікті, маңдайын сәждеге тигізуі Құдайдан қорқуының белгісі. Міне, сіз құрыған кезіңізде, хадисте айтылғандай, Аллаға барынша жақындай түсесіз. Әсілі сәжде кезі адамның өзінен арылып, Аллаға тән түске боялғандығының белгісі. Яғни сіз сәжде кезінде өзіңнен де асып «менге» барасыз, осы «мен» Алладан келген қасиетті білдіреді. Демек, адамның Аллаға ең жақын болған кезі адамның өзін, менмендігін жоқ санауына байланысты.

Ең кішіпейіл жан адамдардың ең кәмілі

«Алла елшінісінің бойында сендер үшін нағыз үлгі-өнеге бар» (Aхзаб сүресі, 33/21) деген аятта айтылғандай, отыруы, тұруы, сөйлеуі, қысқаша айтқанда, барлық іс-әрекетімен бізге жақсы үлгі болған Алла елшісі (саллаллаһу алайхи уә сәлләм) осы мәселеде де біздер үшін ең жақсы үлгі. Биік дәрежедегі келісті жан Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұған қоса өте кішіпейіл әрі Құдайдан шын қорқатын. Бір жолы өзіне «Сіз біздің мырзамызсыз» делінгенде, анығында солай болса да, әлгі сахабаға осы сөзі үшін ескерту жасаған.

«Раббыңның үкіміне сабыр ет әрі балықтың жолдасындай (хазірет Юунус) секілді болма!» (Қалам сүресі, 68/48) деген аят түскенде де, ардақты сахабалардың кейбіріне өзгеше ой келмесін деп «Мені Юнус ибн Маттадан артық көрмеңдер» деген. Басқа бір жолы өзінен сескеніп, қорқып, дірілдеген әлдекімге «Қорықпа, мен де сүр ет жеген әйелдің баласымын» деген. Пайғамбар мешіті салынып жатқанда ел бір кірпіштен тасыған уақытта өзі екі кірпіштен тасыған. Сахабаларымен бірге шыққан бір сапарда ас пісіргілері келгенде, бәрі ортақ істі бөлісіп алып жатқанда, ол отын теріп келуге орнынан тұрған. Өйткені көпшілік болып атқармақ істен қалыс қалғысы келмейтін.

Міне, аспандағы жұлдыздардың өзі жолына шашылатын хазірет Акмали куммалин (кемелдердің ең кемелі) барлық қырымен кәміл әрі кішіпейілдік пен Құдайдан қорқу тұрғысынан да екі ұшқары қасиеттерді бір бойында жинауымен әрі сенімді түрде басқаларға әсер еткен. Ендеше, біздің міндетіміз шынайы мағынада Кәміл пірдің, расулалланың соңынан ізбе-із жүріп отыру болуы тиіс.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.