Фетхуллаһ Гүлен және өзара түсінісу философиясы

Фетхуллаһ Гүлен

Жаһандану заманындағы Қазақстан жеріндегі діни дүниетанымның өрбуіне діни-философиялық өзіндік жүйе болып қалыптасуына көрші жатқан мұсылмандық дәстүрді біршама тереңінен игерген және оны заманауи рухани кеңістікке тарата білген елдердің өмірлік тәжірибесіне біздер барынша көңіл аударуымыз керек іспетті. Мәселен, қазіргі Түркияның ішінде Батыстық демократиялық сипаттағы құндылықтар мен мұсылмандық дүниетанымның іргелі құндылықтары арасында өзара байланыстар анықталуда және кейде олардың арасында өзіндік қайшылықтарға толы қатынастар да орнауда. Дегенмен, осы күрделі мәдени синтезді өзіндік арнаға түсіруге еңбек сіңіріп жүрген ойшылдар бар екенін ескертуге болады. Түрік халқының көрнекті парасатты тұлғасы ФетхуллаҺ Гүлен осындай құбылыстардың біріне жатады. Оның көптеген шығармаларында қазіргі заманғы мұсылмандық дүниетанымның терең сипаты модернизациялық үрдістермен астастырыла ашылып көрсетіледі[1]. Бұл жаңа заманның ерекшеліктеріне, сипаттарына сәйкес келетін әрекеттер жиынтығы деп бағаланатын қадамдар болып таылады.

Ойшыл-қайраткер өзінің дүниетанымдық бағдарын жалпыадамзаттық құндылықтармен барынша астастырады. Сонымен қатар, ол мұсылмандық шеңберден, ауқымнан шығып, әлемнің даму үдерістеріне қайшы келмейтін дүниенің әлеуметтік, рухани және саяси тұтастығына қол жеткізу идеясын ұсынады. Исламның іргелі принциптерін мойындау арқылы қазіргі ғылым мен білімнің өзіндік дамуымен қайшы келмейтін тұстарын іздейді. Ол өзінің “Дінаралық диалогтың қажеттілігі” деген мақаласында төмендегідей ой түйіндейді: “Түрлі дін өкілдерінің арасындағы диалогтың мақсаты – рухани бірлік пен келісімді жүзеге асырып, сонымен қатар діннің жан-жақты бесаспаптық қасиетін қолдау болып табылады. Дін барлық сенім түрлерін қамтиды, әрі оларды табыстыра отырып, үлкен талпыныспен алға жылжиды. Олар өз пайғамбарлары арқылы сүйіспеншілік, кешірімділік, мейірімділік, адам құқығы, бейбітшілік, бауырмашылдық және еркіндікті ұлықтайды.” [2]

Адамзат тарихында өзінің терең және зерделі ойларымен, саналы ғұмырымен, пендешіліктен жоғары тұратын руханилығымен танылған, өркениеттік кеңістікте өзінің деңгейіне сай лайықты орын алған көрнекті тұлғалар кездесіп отырады. Мәселен, даналардың қатарына гректің Сократын, Платон мен Аристотелін, түркі әлемінің Қорқыты мен Қожа Ахмет Иассауін, әл-Фарабиі мен Жүсіп Баласағұнын, қазақтың Абайы мен Шәкәрімдерін жатқызсақ қателеспеуіміз анық. Дегенмен, олардың қатары сансыз көп те емес және тарихта ғұламалардың көп болмауының өзі әзірге адамзаттың өзіндік рухани жетілу жолында екендігін, оның жас, балаң кезеңін өзінің тарихында басынан өткеріп жатқандығын білдіреді.

Жалпы өмірде даналық деңгейі асқақ, биік болған жандардың рухы айналасына өзінің нұрын шашып, әлеуметтік дүниені гүлдендіріп тұратындығын көңілінде саңлауы бар пенделер бірден аңғара қояды және одан қуат алуға ниеттенеді. Міне, сондай абзал жанның бірі көнеден келе жатқан түрік халқының асыл тұяғы, онан қалды жалпыадамзатқа ортақ көрнекті тұлға, өскелең ұрпақтың өнеге тұтар рухани шамшырағы – Фетхуллаһ Гүлен болып табылары анық. Осы айтылған бағалауларымыз бен тұжырымдарымыз дәлелді болуы үшін ғұламаның дүние туралы, өмір мен күрделі проблемалар жайлы пайымдаған көптеген гуманистік ой-пікірлері ішінен ерекше, көңілге қонымды, қисынды және дәйектілігімен танылған тұстарына нақты тоқтала кетелік. Олар қазіргі заманның өзара түсінісу философиясының іргетасын қалайтын пайымдаулар болары анық.

Оқырман қауымға бірталай еңбегімен танылған жазушы-ғалым тек түркі әлемі ғана емес, ол сонымен қатар түгелдей адамзатқа танымал болып үлгергенін айтуымыз керек. Ойшылдың көптеген еңбектерінің ішінде ерекше орын алатын шығармасы Мұхаммед пайғамбардың Ислам дінін әлемге жаю жолындағы өнегелі өмір жолы, дәлелдері мен парасат пайымдары жайлы “Мұхаммед пайғамбар ғаламның рақым нұры” деп аталады. Бұл еңбектің кіріспесінде қазіргі кезеңде Мұхаммед пайғамбар өмір сүрген “Алтын ғасыр” қайта оралғандай заман келді дей келіп, “Ислам әлемі де қазір өрлеу кезеңін бастан өткізіп отыр. Бұдан бір-екі ғасыр бұрын ауқымды ой өрбіте алмаған ақ көңіл мұсылман жандардың орнын енді бүгін Ислами ғылымды шырақ етіп, хазіреті Мұхаммед Мұстафаның (с.а.у.) ізімен жүрген, көкірек көзі ояу, білімдар мұсылман қауымы басқан” - деген тұжырымдарды зерделейді. Бұл қазіргі замандағы мұсылмандықтың әлемде белсенді өрбуіне, кең қанат жаюына берілген сипаттама болып табылады, яғни жаңа ғасырда ислам тарихи болмыста сапалы тұрғыдан тереңдей түскені айтылып отыр. Бұл жұмыстағы негізгі идея – Мұхаммед фәтәнаты, асқан даналығы мен сөз қисынын тапқыштығы кездейсоқ нәрсе емес, оның халықтардың игілігіне арналған құбылыс екендігін дәлелдеу. Осы талпыныстарын жүзеге асырудағы Гүленнің еңбегі орасан зор. Оның ерекше қасиеті - тарихи жағдайдың түпкі астарын жете түсініп, исламның тарихи маңыздылығын қазіргі уақытқа бейімдеп түсіндіре білуінде, сонымен қатар адамаралық, халықаралық қатынастардағы өзара түсінісу философиясын уағыздауында болып отыр. Әрине, бұл ұстанымдарға сыни көзқараста болатын әріптестер де кездеседі. Оларға айтар уәжіміз төмендегідей – жалпы адамзаттың ортақ проблемаларын шешудегі өзара келісімнің, өзара түсінісудің іргетасы ғана көптеген рухани бастаулардың өркендеуіне негіз болады. Ал жіктелуге, текетірестікке, шендесуге негізделген қатынастардың болашағы жоқ. Ол тек өз кезегінде келесі бір қайшылықтар топтамасын туындатады және оларды тек саяси жолдармен де, әскери күштермен де, экономикалық тетіктермен шешу мүмкін емес. Сондықтан қоғамдағы әрбір адамның рухани жетілуі, Ақиқатқа қарай ұмтылуы барлық сындарлы дамудың өзегі болып қала бермек. Осы тұрғыдан алғанда автордың көптеген ой-тұжырымдары жас ұрпаққа өнегелі нақылдар кейпінде қабылданады деген ойдамыз.

Ол өзінің жарық көрген көптеген еңбектерін дін мәселесіне арнайды. Мәселен, “Ислам мен демократияға салыстырмалы көзқарас” деген мақаласында дін мен демократияның өзара айырмашылығын жіктеп, олардың қоғамдық ортадағы, адам өміріндегі мәндік сипаттамасын ашып береді. Бұл екі құбылысты зерттеу барысында механикалық түрде салыстыруға болмайтындығын айта келіп, олардың ерекшеліктерін төмендегідей сипатта көрсетеді: “Дін өмір мен болмыстың өзгермейтін, бұлжымайтын аспектілеріне негізделген, ал саяси, әлеуметтік, экономикалық жүйелер мен идеологиялар біздің дүниелік өміріміздің үнемі өзгеріп, құбылып тұратын қоғамдық аспектілеріне ғана көңіл аударады”. Сөйтіп, құбылыстар арасындағы орнықтылық пен өзгермеліліктің арасындағы диалектикалық байланыс бұрынғы, қазіргі және болашақ өмірдің өзегін, ырғағы мен үдерісін құрайтындығын байқатады. Ал, енді мән мен құбылыс сияқты байланысқан осы құрылымдардың бір жағы ақсап, жетілмей жатса, онда қоғамда орнықтылықтың, рухани пәрменділіктің жоғалатындығын Гүлен жақсы пайымдай алған. Мәселен, күні кешегі атеистік сипаттағы қоғамдардағы адамға, руханилыққа деген қатынастың қандай болатындығын Кеңес Одағының, социалистік сипаттағы әлеуметтік ортаның қоғамдық және тарихи тәжірибесі көрсетті. Сырт көзге игілікті болып көрінген мұраттарға, құндылықтарға шынайы рухани негіздерсіз жетудің мүмкін еместігін әлеуметтік дүние байқатты. Дүниеге деген осындай сыңаржақты қатынастың ғұмыры қысқа болғандығы бекер емес еді.

Сол тарихи кезеңді еске алсақ, сонда ғана біз кейде әлеуметте дінге деген қатынастың қандай үстірт және теріс болатындығын, кертартпалық дүниетанымның қоғамда үстемдік ете алатындығын аңғарамыз. Ондай қоғамның өмірінің қысқа болуының себептерінің негізгісі де осындай рухани әлемге деген қатынаста жатқан іспетті. Әлде де әлемде дінді тек апиын, жалған дүниетаным, кертартпалық, ғылыми түсініктерден алыс болғандық деп жүргендер жетерлік. Әрине, әркімнің бұл дүниені қалай түсінем десе де өз еркіндігі бар екені рас, бірақ ол дегенмен Ақиқат заңдылығын айналып өте алмайды, адам рухани даму жолына түспесе, міндетті түрде пендешілік құлдыраудың қақпанына түседі. Дінге сенуші, оған сенбейтін пенденің өмірінің, дүниетанымының сапалық айырмашылығы да осында. ФетхуллаҺ Гүленнің өмірлік шығармашылығы осы жіктеменің сипатын айқындап беруге, адасқанға жол көрсетуге арналғандай кейіпте. Жалпы ақиқатты ғылым рационалдық тұрғыдан пайымдауға тырысқанмен, оның ауқымы шектеулі. Нағыз ғылыми жаңалықтың түпкі негізі руханилыққа қызмет етпесе, онда ол әлемді құртушы, қиратушы күшке айналары анық.

Ақиқатты іздеуге деген талпыныс ғылым мен білімнің даму эволюциясында, философияның тарихында әртүрлі тұжырымдамалардың пайда болуына алып келгені белгілі. Дегенмен, мұсылмандық дүниетаным барлығынан биік тұратын дүние – Ақырет Ақиқаты екендігіне меңзейді. Ол туралы оқымыстының “Ақырет ақиқатына сенім” атты еңбегінде төмендегідей кейіпте тұжырымдалады. Алдымен Құранның «Әнбия» сүресіндегі “Қиямет күнінде Біз әділет таразысын құрамыз. Ешбір адамға қылдай қиянат жасалмайды. Егер оның бойында кішкентай ғана жақсылық болса, ол ескеріледі. Есеп алуға біздің қабілетіміз толық жеткілікті” деген аятты келтіре отырып “Аятта да айтылғандай бұл өмірде адамның ішкі жан дүниесінің байлығын өлшейтін таразы жоқ. Жан дүниеміздің әрбір қалтарысында пайда болатын нәзік сезімдердің жемісін салмақтай алмаймыз. Адамның Аллаһтан басқа өзге нәрселердің бәріне қолды бір сілтеп, тәрк еткен, тек Ұлы Жаратушысынан басқа ешкімге де көңілі толмайтын, разы болмайтын күйге түсірген ұлы сезімдерді өлшейтін құрал атаулыдан хабарсызбыз. Олай болса, осы ұлы сезімдерді таразыға тартатын ақырет күні туады” деп ескертеді. Бұл жерде ойшыл тарапынан “Ақырзаман” идеясымен пенделерді қорқытудан гөрі, әрбір адамның бойында жинақталған нәпсілік әлсіздіктерді жоюға бағытталған қадамдар өрнектелген іспетті. Әсіресе, әрбір пенде тәкаппарлық пен өркөкіректіктің құлы болмай, менменсу мен қайырымсыздықтан алыстау болуға шақыру жатқаны байқалады. Бұл нағыз этикалық құндылықтарды дәріптеу болып табылады. Ал енді теріс жолдағы азамат тек өзін ғана емес, сонымен қатар өзінің үрім-бұтағын құрайтын, тектің жалғасын білдіретін ұрпағына “теріс сипаттағы рухани мұра”, ақпараттық мирас қалдырады. Ал одан тазару үшін, жаңа деңгейге көтерілу үшін көптеген сынақтардан өтуге тура келері анық.

Ойшылдың күрделі де, көрнекті өмірі руханилық жолына түсуге талаптанған әрбір азамат үшін өзіндік үлгі және бағдар болары хақ. Ислам ғалымы - Мұхаммед Фетхуллаһ Гүлен нағыз гуманист-ойшыл ретінде діндегі абсолюттік фанатизмді қолдамайды. Ол “Ғұмырлық өлшемдер” деген кітабында өзінің діни сенім туралы тұжырымдарын былай өрнектейді: “Жаратқанның еркіне толық мойынсұнғандарға қарағанда бірбеткей фанатиктер айналасын қиратып жоюды ғана біледі”(122б). Шыныменде, тарих көрсеткендей фанатизмдік сипаттағы діни сенім негізінен табиғи өзімшілдікті, менмендікті бәрінен жоғары қояды. Егер сондай дүниеге қатынастағы бірнеше адам бір алдамшы идеяның төңірегінде біріксе, онда әлеуметтік ортада террористік бағдардағы топ та пайда болуы мүмкін. Олардың діни сенім туралы түсініктері барынша бұрмаланған болып келеді, олар қанша Жаратқан үшін, халық үшін әрекет еттім деп өздерінің пендешілік әрекеттерін “ақтап” алмақ болса да Ақиқат заңдылығынан, руханилықтан алыстай түсетіні анық, сондықтан оларды діншілдікті, немесе өздерінің бір дінге өкілділігін бетперде етіп қана ұстағандар және топтық эгоизмнің құлына айналғандар деуге болады. Міне, осы құбылысты Гүлен терең сипатта аңғарған және оған дәл бағасын бере білген деген ойдамыз.

Өкінішке орай, адамзат тарихында көптеген діндер ежелгі заманнан бері өмір сүріп келе жатса да, әрбір ғасырда небір гуманизмнен ауылы алыс сойқандықтар, теріс әрекеттер көптеп көрініс бергені белгілі. Күнәсіз жандардың қанын ағызған, талай тағдырды бақытсыз еткен көптеген соғыстар мен қырғындар болды. Солардың барлығына адамдағы шынайы Жаратқанға деген сенімнің, құрметтің, мойынсұнудың жоқ болғандығы себепкер болған. Шіркеуге, мешітке, синагогаға және т.б. діни храмдардың ішіне кіріп шығудың өзі адами руханилыққа шақырып, оның өзі сияқты басқаға пендеге қарай қару қолданбауға шақыруы тиіс емес пе? Демек, дін арқылы гуманист, кеңпейіл, ақжарқын, кешірімшіл, төзімді бола түсуі керек болатын. Оның орнына тарихта өкінішке орай екіжүзділік сипаттағы діншілдіктің әлемді бұрында да, қазір де жайлап алғанын, сананы билеп алғанын байқаймыз. Адамзат соның зардабын үнемі көріп келеді және әлі де бірталай уақыт көре берері анық. Әйтеуір, көптен қалмай діншіл деген атқа ие болсам деген идеямен малданып жүргендер қаншама. Дүние туралы, өмір жайлы алдамшы сезім мен алдамшы түсініктер пендені руханилық әлемінен, адамгершілік құндылықтарынан алыстата түсетіні белгілі.

Басқаны жазалауға, жазғыруға, кінәлауға асығатын пендешілікке қарсы айтылған ойшылдың “Жазықтыны жазалауға соғұрлым мүмкіндігі бола тұрып, оны кешірген адамның қадірі артады” деген сөздері бар. Бұл кеңпейілділіктің түпнегізінде адамзатты бірлікке, сұхбаттастыққа, келісімге шақырып, қиындықты бірге жеңуге деген ыстық ықылас жатыр. “Сүрінбейтін тұяқ жоқ, қателеспейтін жақ жоқ” деген қағидаға сүйенген Фетхуллаһ әрбір адамның Ақиқатқа қарай ұмтылуына демеу болуға тырысады. Сондықтан ол жазықтының өзін кешірудің қажеттігін пайымдайды. Әрине, бұл жерде есерсоқтың дүлей күшін, жылпостың екіжүзділігіне тоқтау айтпау керек деген ой туындамайды. Адамның әрбір ісі жоғарыдан өзіндік үйлесімділік заңымен реттеліп отыратындығына меңзейді. Ал пенденің басқаны жазалауға ұмтылысы Жаратқанның реттеуші қызметін өз қолына алуға ұмтылысымен барабар. Адам өзін соншама биіктетіп, жазалаушы күшке айналсам өзімнің пенделік өзімшілдігімнің құлқынын қанағаттандырамын деп ойлайды. Ал одан игіліктірек, сауабы мен руханилығы басымдау әрекет – жазықтыны, жаңылысқанды кешіре білу болып табылары анық. Бұл қағиданы көп адамдар теориялық тұрғыда, бейтарап күйде мойындағанмен, әркімнің жеке мүддесіне олар жанасып кеткенде толық кешірімге жете алмайтын кездері болады. Олардың көп жағдайда пендешілік қақпанына түсіп кетуі де ғажап емес. Дегенмен Рухани жетілмеушілік тарихта әрбір пенденің бойындағы заңды қасиет. Өйткені, жетілмеушіліктен кемелденуге қарай ұмтылу, үнемі дамудың биігіне қарай асқақтау жалпы адамзат тарихының да, жеке адамның да өмірінің түпкі мәні мен мағынасы. Онсыз тіршіліктегі ешқандай эволюцияда, әлеуметтік және рухани дамуда қисын да, болашақ та жоқ.

Қазіргі замандағы халықаралық жағдайлардың ең негізгі саяси қатынасы екі діннің арасындағы өзара түсіністікке көп байланысты. Сондықтан толеранттық, немесе төзімділік мәселесі күн тәртібіне қойылып, көптеген жиындарды оның әр түлі қырлары талқылаудан өтуде. Осы ескерілетін жағдай бұл төзімділіктің тек қана бір сипаты ғана болашақ үшін тиімді екенін айта кеткен жөн. Ол басқаға деген құрметтің, сыйластықтың рухани деңгейде жоғары болуымен байланысы. Ал іштегі психологиялық қысымның негізіндегі, сенімсіздік құрсауындағы төзімділік құбылыс мәселені шешімін табуға жетелемейді, ол тек уақытша ғана шыдаумен бірдей және өз уақыты келгенде қайшылықтар түрінде көрініс береді. Осыған орай біз үнемі адамаралық қатынастарға түбегейлі орнықты іргетас болатын дүниелерді іздеуге ұмтылуымыз керек. Фетхуллаһ Гүлен пайымдаған құндылықтар әлемі осы мәселелердің өзіндік қырларын қозғайды, дүниеге адами бірлікті уағыздаған тұжырымдармен, ой-пікірлермен танылады. Оның төзімділікке, диалогқа, өзара түсіністікке шақыруы зерттеушілер арасында біршама оңды бағасын алуда екенін атап өтуіміз керек.[3]

Түркияның географиялық жағдайы да, ділі де, тарихы да, мәдениеті де біздің Қазақ Елі іспетті Еуразиялық кейіпте және кеңістікте қалыптасқан. Сондықтан Фетхуллаһ Гүлен осы тарихи шындықты мойындай отырып, оған тұтастай қарсы шығып емес, керісінше, оның ұтымды тұстарын пайдалана отырып дамуды, жетілуді, дүниені үйлестіруді көздейді. Біздің осындай тұрғының тиімділігін және Қазақстан жағдайында Еуразиялық идеяның осы тұстарын айта кеткен жөн. Исламның рухани қайнар көздерінен сусындай отырып, Еуропаның өркениеттік жетістіктерін пайдаланудан қашқақтауға да болмайды, тек солардың тұтынушы құлына айналмауымыз керек. Ал даналықты күйттеген тарихи тұлғалардың естияр, данагөй сөздері белгілі бір этникалық, немесе мемлекеттік шекаралардың ауқымында қалып қоймайды, жекелеген діндердің ішкі мәселелерін айтып қана қоймайды.

Осыған орай жалпы түркі әлемінің ішкі бірлігі туралы айтылатын тұжырымдарға айтар жауап пікіріміз – ол да өзінше бір адами, мәдени топтасудың нұсқасы болып қалады, сондықтан ол өзін басқа дүниеге қарсы болу емес, тек бірегей келбетті анық таныта білудің технологиясы. Жалпы, әрине қазіргі заманда, экологиялық мәселелер өзектеніп жатқан дәуірде, Жер бетіндегі бүкіл адамзаттың бірлігі және барлығының өзара түсіністігі жөніндегі қадамдарды өрбітудің болашағы кеңірек және маңыздырақ. Өйткені, Жер бетіндегі әрбір адамның арманының орындалуы мен бақытқа жетуі - Жаратушының негізгі мақсаты екені белгілі, яғни ол үшін планетада, тіршілікте өгей баланың болуы мүмкін емес. Ал тек біздің пендешілігіміз, өзімшілдігіміз ғана өзіміздің ғана жеке мүдделерімізді көбірек ойлауға, абсолюттеуге бейімдейді. Рухани даму – негізінен басқалардың мүдделерін өзіміздің мүдделеріміздің деңгейінен кем санамаудан басталады, ол достыққа, диалогқа деген ұмтылыспен астасады. Осыны әлемге айтқан, үндеген тұлғаны – даналықты пір тұтушы, адамаралық түсіністікті насихаттаушы жан деуге болады.

Әдебиет:
[1] Гүлен Ф. Мұхаммед пайғамбар ғаламның рақым нұры. Алматы: “Көкжиек-Б” баспасы, 2008.- 656 б.; Ақырет ақиқатына сенім. Алматы: “Көкжиек-Б” баспасы, 2007.-96 б.
[2] Гүлен Фетхуллаһ очерктер – мақалалар – пікірлер [ Ауд. Құрастырған А.Фролов, С. Қоңырбаев. – Алматы: “Көкжиек-Б” баспасы, 2008.- 212 б. (30-31 бб.)
[3] Фетхуллах Гюлен и современный мир: толерантность, диалог, взаимопонимание. Алматы, 2009.- 511с.

С. Нұрмұратов, философия ғылымдарының докторы, профессор

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.