• Басты бет
  • Конференциялар
  • Фетхуллаһ Гүленнің жаһандану заманы тудырған күмәндар мен әлемдік рухани құндылықтар мәселесіне жауабы

Фетхуллаһ Гүленнің жаһандану заманы тудырған күмәндар мен әлемдік рухани құндылықтар мәселесіне жауабы

Фетхуллаһ Гүлен

Көрнекті ойшыл, ақын, жазушы және ірі қоғам қайраткері Фетхуллаһ Гүлен тек түркі әлемінің ғана емес, сонымен қатар әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы ойшыл ғалымдардың қатарына жатады. Ұлан ғайыр философиялық дүниетанымымен, әсіресе өзіндік үнқатысу философиясымен ғылым кеңістігіне жол ашқан ислам ғалымы өз тұғырының биіктігін әлем алдында таныта білді және соның айғағы ретінде адамзат баласының мүддесін көздей отырып, ұлттық және әлемдік ақыл ой қазына көмбесінің қыр сырларын жан-жақты зерттеумен айналысты. Жарқын болашақтың бет бейнесін айқындауда ұлы да, құпия күш болып табылатын «өркениет» атаулының замана тудырған өзекті проблемаларын ғылыми еңбектерінің арқауы ете білді. Ол жаһандану жағдайындағы әлемдік дамудың мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білу жайындағы жаңа идеяларымен бүкіл әлемге танылды. Ал оның дүниені дүр сілкіндірген озық ойлы жаңа идеялары негізінен ислам дінінің уағыздарына және оның қасиетті кітабы Құранға негізделген. Оны өз халқының немесе ислам әлемінің ғана емес, сонымен қатар бүкіл адамзат баласының тағдыры қатты ойландырды. Сондықтан да болар, мәдениет пен өркениет, прогресс пен ғылым, әдебиет пен өнер, қоршаған орта мен этикалық құндылықтар сияқты өзекті проблемалар төңірегіндегі философиялық пайымдаулары мен ғылыми тұжырымдары әлем ғалымдарының басты назарында болды. Ол өзінің орасан зор ғылыми шығармашылық қабілеті мен рухани қуатын жарқын болашаққа ұмтылған өз халқының болмысының нығайып өркендеуіне, одан әрі қанат жаюына, одан қалды кезек күттірмейтін әлеуметтік мәселелерді шешуге арнады. Олай болса, Фетхуллаһ Гүленді біз әлеуметтік реформалар саласындағы ерекше жаңашылдығымен көзге түсіп және оларды шешудің нақты жолдарын көрсете білген дарынды ғалым ретінде де бағалауға болады. Сонымен қатар бүкіл дүние жүзіне өз ықпалын тигізіп отырған ислам өркениетіннің даму заңдылықтары, оның жарқын болашағы мен ислам дініне тікелей қатысты өзекті проблемалар төңірегінде де философиялық ойлар өрбітіп, оларды әлем ғалымдарының игілігіне айналдыра білген талантты ойшыл ғалым. Сондықтан да болар ол рухани ұстаз ретінде танылып, алдыңғы қатарлы ислам ғалымдарының қатарынан ерекше орынға ие болды. Фетхуллаһ Гүлен «Ғаламның рахым нұры Мұхаммед пайғамбар», «Ақырет ақиқатына сенім», «Иман аясында», «Ғұмырлық өлшемдер», «Ғасыр тудырған күмәндар» сияқты толып жатқан сүбелі ғылыми еңбектерінде исламның рухани адамгершілік, мәдени философиялық, ғылыми және тағы да басқа мән мағынасын жан жақты ашып бере алды. Ең бастысы − ислам дінінің гуманистік құндылықтарын жан жақты насихаттауда заман ағымына байланысты туындаған ең басты мәселелерді дөп басып, оны ғылыми тұрғыдан саралауда сұңғыла зерделілік танытты.

Фетхуллаһ Гүлен өз еңбектерінде, жоғарыда атап өткеніміздей, жаһандану заманы тудырған өзекті ғаламдық проблемаларды өз шығармаларының арқауы етті және оларда адамдарды толғандыратын сұрақтардың нақты жауаптарын беруге барынша тырысты. Оның ойынша, ХХI ғасырда адамзат баласы жаңа рухани жанданудың, өркениеттік құбылыстардың куәгері болады, ал оның басты белгісі рухани құндылықтардың белең алуы болып табылады, нәтижесінде бұл ғасыр өркениеттер тоғысына апаратын толеранттылық пен өзара түсінушіліктің ғасырына айналады. Өйткені, әлемдік өркениеттің қалыптасуының негізі саяси экономикалық, мәдени және т.б. байланыстардың белең алуында жатыр. Осындай өзара тығыз байланыстардың нәтижесінде мәдени құндылықтардың, түрлі идеялардың, ғылыми ой пікірлердің, сан-салалы ережелердің және толып жатқан даналық философиялық ой жүйелерінің алмасуы ойдағыдай жүзеге асады. Шындығында да, бүгінгі таңда түрлі елдер мен халықтардың арасындағы сан-салалы байланыстар барған сайын нығая түсуде, тіпті біртұтас өркениеттің бір жағында болып жатқан тоқырау құбылыстары немесе жетістіктері басқа жақтарға да өз әсерлерін тигізуде. Дәл осындай елеулі өзгерістердің нәтижесінде жаңа ғасыр бастауында әлемдік өркениеттердің ұлы тоғысуы және олардың тұтастануы арқасында қалыптасқан жаңа материалдық рухани құндылықтарды замана ағымына байланысты туындаған жаңа тарихи жағдайларға сай өзара үйлестіру мәселесі күн тәртібіне батыл қойылып отыр. Олай болса, мәдениеттер мен өркениеттердің өзара үйлесімділік табуы әлемдік деңгейдегі дау-жанжалдар мен әскери қақтығыстарға тосқауыл болар сенімді қақпан болып саналады. Мұндай асқаралы міндетті мақсаттың жүзеге асырылуы, яғни қазіргі өркениеттердің тағдыры адамзат баласының өз қолында екендігі даусыз. Біз мұндай қорытындыға келуде ғылыми техникалық прогрестің одан әрі қанат жайып, оның салдарларының дүние жүзіне кеңінен таралуы, одан қалды соңғы ғасырларда туындаған жаһандық проблемаларды шешу сияқты факторларды да еске алдық. Фетхуллаһ Гүленнің ойынша, ХХI ғасыр жаңа рухани өрлеу ғасыры болмақ. Өйткені төзімділік пен толеранттылық, өзара түсіністік дәуірінің басты өлшемі болмақ. Дәстүрлі түркілік дүниетаным мен исламдық өркениет бұлағынан сусындаған ғалым тағы және артта қалған халықтардың қанішерлікке, қатігездік пен тонаушылыққа бейім тұратындығын мойындай отырып былай деп жазады «Алайда, адамзат баласын қырып жою құралымен қаруландырып, басқа халықтардың қанын төгуге әрдайым сақадай дайын тұратын қазіргі заманның «өркениетті» тағыларымен не істейміз» [1]. Бұл замана талабына сай қойылған өте орынды сұрақ екендігін мойындамасқа болмас. Әрине, әлемдік вестернизация құбылысы басталғанға дейін дүниежүзілік дәстүрлі мәдениеттер бір-бірімен толық хабардар бола алмады, сондықтан да болар олардың өзара қарым қатынастары «біз» және «олар» деген бинарлық оппозицияға негізделген болатын. Яғни, «біздер» нағыз адамдармыз, ал «олар» адамдар емес, «біз» өркениеттіміз, ал олар болса «варварлар» деген тағылық қағида үстемдік етіп келді. Тіпті мәдениеттілік пен өркениеттілікті «біз» және «оларға» бөліп алып қарастырудың батыстық ақыл ой жүйесінде ғылыми тұрғыдан да негізделгендігін қалайша ұмытуға болады. Осы орайда Фетхуллаһ Гүленнің үнқатысу философиясының сұхбаттастыққа негізделгендігі жайындағы негізгі тұжырымдарын негізге ала отырып, «мен» және «сен» немесе «біздер» және «олар әлемі» материалдық рухани құндылықтар әлемі екендігін және олар өзара үндестік тапқанда ғана мәдениет пен өркениеттің өз деңгейінен көрінетіндігін ерекше атап өткіміз келеді. Шындығында да, өмірдің онтологиялық болмыстық мінездемесі оның сұхбаттастық сипатында екендігі ешбір дау тудырмайды. Осы жағдайға байланысты ол прогресс пен құлдыраудың ара жігін де ажыратып береді «Құнарлы жерлерді жою мен бау-бақшаларды қоқыс орындарына айналдыру – құлдырау, ал жер ананы құнарландырып, бау-бақшаларды қалпына келтіру прогресс» [2].

Ғасыр тудырған күмәндарға осылайша үн қатқан Фетхуллаһ Гүлен өз ойларын дәл осылай өрбіте отырып, адамзат баласының тарих ағымындағы орасан зор жетістіктерін мәдениетаралық және дінаралық өзара ықпалдастық және сұхбат мәселелерімен орынды байланыстыра білді. Өйткені жаһандану заманында туындаған проблемаларға байланысты әлем халықтарының өзара түсіністігінің қажеттілігі айқын байқалып отыр. Осы орайда Фетхуллаһ Гүленнің мәдени және діни диалогтың адамзат баласының бірегей кеңістігінде өмір сүретін талай ұрпақтар арасындағы жан жақты қарым-қатынастарының ең басты өзегі болып табылатындығы жайындағы пікірлеріне қалайша қосылмасқа?! Шындығында да өркениеттер тоғысы бастауында әрқашанда мәдениет пен дін болғандықтан бүгінгі дәуірде қалыптасқан әлемдік процестерде мәдениетаралық және дінаралық сұхбаттастықтың атқарар рөлі де өте зор болмақ. Осы орайда ғалым, әсіресе, діни диалог мәселесіне ерекше мән бере отырып «дінаралық диалогтың қажеттілігі неде» деген сұраққа жауап береді және діндер арасында диалог орнатуға септігін тигізумен қатар әлі де болса өзінің нақты шешімін таппай келе жатқан түбегейлі мәселердің жеткілікті екендігін де атап көрсетеді. Ең бастысы, Фетхуллаһ Гүлен дінаралық диалогта нақты нәтижелер мен жетістіктерге жетудің басты жолы орын алып келген өзара келіспеушіліктер мен өкініштерді ұмытып, айтыс таластарға бой алдырмай жалпыға ортақ бастамаларға келу болып табылатындығын ескертеді. Ол сонымен қатар дінге байланысты орын алған кейбір келеңсіз жағдайлардың әлемдік деңгейде мойындала бастағандығын да еске салады. Ғалымның өркениет пен дінге байланысты көзқарасының өзіндік ерекшелігі де назар аударуға тұрарлықтай. Ол былай деп жазады «Өркениет қанша жерден дамып кемелденсе де адам баласын осы фәни өмірдің өзінде де бақытқа бөлей алмайды. Ендеше, ол діннің орнын қалай бассын» Ислам дінінің нағыз ақиқат дін екендігін дәлелдеуге бүкіл ғұмырын бағыштаған ғұлама ғалым дінге байланысты туындаған күмәнданушылық көңіл күйлерге де баса назар аударады. Оның ойынша, әлемдік діндер қай заманда болмасын әлемдік тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беретін ең негізгі факторлардың бірі болған. Дін қай уақытта болса да өркениет пен мәдениеттің негізгі компоненттерінің бірі болып келді, бола береді де. Өйткені ол рухани өмірді ғана емес, сонымен қатар қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтиды. Осы орайда ол атеистердің «дін адамдардың дәрменсіздігі мен шүкіршілік сезімдерін білдіру үшін ойдан жасалған жүйе» деген тұжырымдарын толық жоққа шығармай, «олардың мұндай тұжырымға келуіне ірілі, ұсақты негіздемелері де жоқ емес» деген қорытындыға келеді.

Бүгінгі таңда да замана ағымына ілесе алмай, күні өткен, мүлде ескірген стереотиптерден арыла алмай, солардың шылауынан шыға алмаушылықтың кез-келген діннің басына түсіп жатқан жағдай екендігін атап өтпеске де болмас. Осы орайда айтарымыз, кейбір мұсылман елдерінің өткен дәуірлердің өмірге мүлде жанасымсыз діни қағидаларына қайта оралуы, ал кей жағдайларда діни экстремизмге бой ұруы ойланарлық жағдайлар. Өйткені, діни догматтық идеология жағдайында демократиялық қоғам құру мүмкін еместігін баршамыз да түсінетін сияқтымыз. Белгілі ғалым Анри Бергсонның пайымдауынша «Әлемдік өркениеттер мен мәдениеттердің тағдыры діни сұхбаттастыққа тікелей байланысты болып келеді. Тіпті, бүгінгі таңда көп айтылып жүрген «ашық қоғамның» негізі де руханилылық тұрғысынан динамикалық даму үстіндегі әлемдік діндер болып табылады». Демек, әлемдік діндер өз кезегінде өркениеттердің адамгершілік негізін қалады және әртүрлі мәдениеттерді топтастыруда үлкен қызмет атқарды.

Әрине, бір қарағанда Фетхуллаһ Гүленнің кейбір тұжырымдары бұрыннан айтылып келе жатқан көпшілікке белгілі жәйттер болып та көрінуі мүмкін. Тереңірек ойланып қарасақ бұл жағдай бар болғаны сыртқы әсер ғана. Ал, шындығына келетін болсақ оның философиялық тұжырымдарынан, ғылыми талдаулары мен ой толғауларынан бұрын-соңды кездеспеген тың идеяларды, даналық ойларды, одан қалды әлі де болса толық сезіне қоймаған өмірдің тылсым сырларын аңғарамыз. Сондықтан да болар, оның дәлелдері ешбір күмән тудырмайды да.

Әдебиет:
[1] Гүлен Ф. Иман аясында. – Алматы: «Көкжиек-Б» баспасы, 2009. – 448 б.
[2] Гүлен М. Ф. Сомнения, порожденные веком. – Алматы: Издательство «Көкжиек -Б», 2007. – Т.1, Т.2.

Ж. Мүтәліпов, философия ғылымдарының докторы, профессор

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.