2. Дін жаю ісінің әлемдік әлемдік ауқымды қамтуы
Екіншісі, тәрбиешінің кемелдігі – дін насихатының кеңдігі және ізбасарларының саны мен сапасы арқылы өлшенеді. Хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көзі тірісінде-ақ оның тәрбиелеп өсірген мүбәрак ұстаздары мен мүршіттері Мароккодан Өкюз[1] өзеніне дейінгі ұлан асыр аймақта дінді жаюға қай жағынан алғанда да лайық деңгейде еді. Назар салсаңыз, сол кезеңде осы ұлан асыр аймақта әрі бірегей тәблиғшы әрі ұстаз һәм тәрбиеші Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ғана еді. Осындай бір-бірінен өзгеше әр түрлі елдерден жиналған жамағаттар оның әкелген иләһи жүйесі арқылы дерттеріне дауа тауып, ирандық, тұрандық, қытайлық тәрізді әр түрлі өлке мен әр түрлі дәстүрде өскен адамдар оған ұмтылып, оны асқан шынайылықпен қабылдап жатты. Ендеше, Ақиық елшінің әкелген тәрбие негіздері күллі адамзаттың дерті мен жан-жараларына шипа болғандықтан, шартарапқа жайылды. Сондай-ақ, әрбір ұстаздың ұлылығын – оның тәрбие негіздерінің өміршеңдігі танытады. Оның ұсынған тәрбие негіздері қаншалықты баянды әрі тұрақты болса, соғұрлым ұзақ қолданылады. Енді қараңыз, арада ауыз толтырып айтарлық едәуір заман өткеніне қарамастан, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тәрбиесін көріп өскендер әлі күнге дейін тіпті, періштелердің де қызыға қарайтын тақуалық деңгейінен түскен емес. Ол белгілеген тәрбие негіздерімен қазіргі уақытта да дәл сондай ұрпақты өсіріп жетілдіруге болады.
Иә, ол қараңғы қоғамнан ғасырымыздағы мемлекеттердің ешбіріне де ұқсамайтын мәдениеті өркендеген қоғам құрды. Сондықтан да шындықты жасыра алмай, Мольер былай дейді: «Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келмей тұрып, қараңғылық ықпалында қалған, түзелуден кеткен басқа бір қоғамды көрсету мүмкін емес. Жиырма үш жылды ғана құрайтын аз уақыттың ішінде тұтас бір қоғамды түзету мүмкін емес қиын іс. Бұл Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ғана қолынан келген». Басқа бір еуропалық былай дейді: «Адамзат биікке көтерілудің жиырма пайызына өзінің жаратылған күнінен бастап хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманына дейін ғана қол жеткізсе, оның заманында бұл сан бірден артып, елу пайыздың үстіне шықты. Сол күннен бері жұмсалған күш-жігер бұл деңгейді жетпіс пайызға дейін ғана көтере алды». Осы шынайы мойындауға қарасақ, Адам атадан Аллаһ елшісіне дейін келген барлық пайғамбарлар мен философтардың және барлық алып мемлекеттер мен ғалымдардың ортақтаса жұмсаған күш-қайратының жемісі Ақиық Елшінің жиырма үш жылдық мерзімде қол жеткізген нәтижесіне жете алмады. Яғни, осыншалықты техникалық өркендеуге қарамастан, он төрт ғасырда адамзат бар-жоғы оның қол жеткізгенінің небәрі жиырма бес пайызындай ғана деңгейге қол жеткізе алған. Қалған жиырма бес пайызына егер тіршілік тоқтап қалмаса, болашақта қол жеткізбек. Міне, Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осындай пайғамбар! Оның адамзатқа қызметі осыншалықты ауқымды да пәк әрі ар-ождандарға ашық. Британдық энциклопедияда осы тақырыпқа қатысты былай делінген: «Адамзат тарихында көптеген дара жол салушылар, жөн көрсетушілер келген. Бұлардың арасында пайғамбарлар да бар. Бұлардың кейбіреуі жетістіктерге қол жеткізді. Бірақ бұлардың ешбірі хазірет Мұхаммедтің көтерген биігіне қол жеткізе алған жоқ». Олардың арасында ғылымдағы еңбекқорлығымен көзге түскен Уәһил былай дейді: «Әрбір алып тұлға артында сөзсіз бір із қалдырған. Пайғамбардың қалдырған ізі, ағартушының қалдырған ізі және басқарушылардың артта қалдырған өздеріне тән іздері бар. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) те өзіне тән із қалдырған. Тіпті «із» дегенде ойға оралатын тек соның ізі. Һәм ол басқаларымен салыстыруға келмейтіндей жоғары дәрежеде». Осы сөзді айтқан адам – ғылыми ортада досы да, дұшпаны да мойындаған кісі. Дос мойындайды, дұшпан да мойындайды. Ал бірақ кейбір көрсоқырлардың қылығы «көрмес – түйені де көрмеспен» барабар.
«Әнғам» сүресінде Аллаһ Өзін «Ол – өліден тіріні, тіріден өліні шығарушы. Міне – Аллаһ осы. Ал енді қалайша хақтан бұрылып бара жатырсыңдар» (Әнғам, 6/95) – деп танытады. Жаратқанның құдіретімен топырақ – тіршілікке, көмір алмасқа айналады. Аллаһ тағала ғажайып, ұлы сипаттары арқылы бейне бір хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жігерін жанып жатқандай... Аталмыш жабайы сахарадағы бәдәуи адамдар арасынан хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қолына тас пен топырақ және көмір мен бақырды алып, олардан Әбу Бәкір, Омарлар, Османдар, Әлилер, Халидтер, Уқбә ибн Нафилер, Тарық ибн Зияд (р.а.) секілді сом алтындар шығарған (Аллаһ тағала мәңгілік олардан разы болсын).
Ақырғы елшіге пайғамбарлық келіп, замандастары оны танығанға дейін, әлбетте, олардың да өзіндік санасы, жүрегі, рухы мен ар-ожданы бар еді. Аллаһ елшісі бұлардың ешбірінің түбіріне балта шаппады. Қайта оларды түзеп, қанаттандырып, оларды одан да күшті тіректер етті. Бір алып ойшылдың: «Исламнан бұрынғы Омар, Исламнан кейінгі Омар» деген сөзі осыған тамаша мысал ғой деймін. Исламнан бұрын Омар алып тұлға болуға лайық адам еді. Балалық шағында қатарымен жарысуы, күресуі тіпті түйелерді мойнынан бұрап, жерге жығуы – оның тұла бойының түрлі қасиеттерге ие болғандығының дәлелі. Исламнан кейінгі Омар құмырсқаны да басуға дәті бармайтын, шегірткені өлтірмейтін жүрегі жұмсақ, аса сезімтал адам болды. Оның жүрегіндегі аяушылық, мейірбандықтың тереңдігі сол: «Евфрат өзенінен өтіп бара жатқан бір қой суға батып өлсе, Аллаһ оның есебін Омардан сұрайды» – деп қорқатын[2]. Міне, Омар (р.а.) және сол сияқтылар Аллаһ елшісінен алған тәрбие арқылы осы деңгейге жетіп, бүкіл адамзатқа өнеге болған.
Сөзіміз нанымды болу үшін шағын бір мысалмен тақырыбымызды кеңейте түселік. Темекі тарту тәрізді кішігірім нашар қылықтың өзін тыю үшін мемлекет барлық мүмкіндіктерін сарқа жұмсағанымен еңбектері еш кетіп жатыр. Тоқтату былай тұрсын, тіпті осы жаман әдеттің белең алу қарқынын аз-кем болса да бәсеңдете алмай отырмыз. Бұған қатысты бүкіл әлемде ұдайы үгіт-насихат жүргізіліп, симпозиумдар ұйымдастырылып, конференциялар өткізілуде. Ғылым мен медицина тізе қосып, темекінің өңеш, ауыз іші және таңдай қатерлі ісігіне себепкер болатындығын айтып дәлелдеуде. Статистикалық мәліметтер бұл деңгейдің тоқсан бес пайызға өскенін ескертсе де, бәрібір адамдар осы дерттен арыла алмауда. Ал Пайғамбарымыз өмір сүрген қоғамда шылымқорлық тәрізді мыңдаған жаман әдеттер бойларына әбден сіңіп кеткен еді. Сөйте тұра Аллаһ елшісі бір серпінмен-ақ түбірімен қопарып тастап, олардың орнын ең көркем мінез бен ең әсем қасиеттермен толықтырды. Тіпті сол бір сүйкімсіз әдеттерінен арылған жандарды көргендер: «Құдая тоба! Мыналар періште емес, бірақ періштеден де жоғары жандар ғой» деп таңдай қағысты. Алайда олар періште де, пайғамбар да емес еді. Тек хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үмбеті болатын. Соның тәрбиесімен өскендер еді.
Абдуллаһ ибн Мәсғұд (р.а.) Уқба ибн Әби Муайттың қойларын бағатын[3]. Аллаһ елшісі оны дәріс алқасына қосып, осы қой баққан адамнан алып ұстаз шығарды. Тіпті Куфа мектебі осы атақты сахабаның еңбегі деуге болады. Ойлап қараңызшы, Алқамалар, Нәхәилар, Хаммадтар, Сәурилер, Әбу Ханифалар барлығы да осы мектептің шәкірттері болған. Өз саласын бес саусақтай білетін жүйріктер іргесін қалаған ілімдердің басым көпшілігін Ибн Мәсғұд қайнарынан алған. Ибн Мәсғұд түйеші болатын (жанымыз сол түйешіге құрбан болсын). Міне, Аллаһ елшісі түйешіден осындай кемеңгер данышпандар тәрбиелеп шығарған.
Еуропа ғалымдарын қызықтырған Исламның бірнеше үлкен ғұламалары бар. Олардың әрбіреуі том-том кітаптарға арқау болған. Солардың бірі – құқық саласында даңқы артқан Имам Ағзам Әбу Ханифа. Солон[4] мен Хаммурапи[5] оның шәкірті ғана бола алады... Осындай алып тұлғалы Әбу Ханифа – Аллаһ елшісі тәрбиелеген түйеші Ибн Мәсғұдтың (р.а.) шәкіртінің шәкірті ғана. Құдай куә, бұл жерде Әбу Ханифаны төмендеткім келіп тұрған жоқ. Ең үлкен ұстаздың ұлылығын білдіру мақсатымен айтып отырмын. Иә, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тәрбиелеп жетілдіруі арқасында жай адамдардан ұлы адамдар шыққан. Өліден тірі, көмірден алмас пайда болған.
Осы тәрбиенің арқасында әу баста тағылықтың шеңберінде жүрген құл анасынан жаңа туғандай екінші рет жаңа есімге ие болып, теңіздің арғы жағындағы елдерге сол күнге дейінгі естімеген жаңалықтарды айтып, олардың ұғым-түсініктерінен ғажайыптарды көрсеткен. Еуропа мұсылмандармен танысқанға дейін, өмірден шейіт болудың артықтығы мен өлімнен қаймықпай, жанпидалықтың не екендігін білмейтін. Сондықтан да сол күні Тарықтың Андалусияның жағасына өткен соң, кемелерін жағып жіберіп, бес мың қолмен тоқсан мыңдық Испания әскеріне қарсы тұруын және ең қиын-қыстау шақта да босаңсымағандарын түсіне алмай жағаларын ұстаған. Ол өзінен жиырма есе көп дұшпанға қарсы тұруға әзірленіп, әскеріне: «Сарбаздарым! Алдарыңда теңіздей дұшпан, арттарыңда да дұшпандай теңіз бар. Не жаудан қашып, оққа ұшып қорлықпен өлесіңдер, не болмаса жауға айбаттанып қарсы тұрып, күресіп жеңіске жетіп, Аллаһ тағалаға қауышасыңдар!» – дейді.
Тарихшылар бізге былай дейді: «Бірнеше сағаттың ішінде Тарық пен әскерлері дұшпанның қалың қолын бұзып жарып, ар жағынан бір-ақ шықты». Тарық та көп өтпей-ақ Толейтоле королінің қазыналары сақталған сарайда отырды. Осы жерде сәл кідіріп, кеше ғана құл болып жүрген адамның осынау халіне қараңыз. Жақсылап қараңыз да, Исламның адам рухына сіңірген иләһи тәрбиесінің тереңдігін байқауға тырысыңыз! Корольдің қазынасын аяғымен басып тұрып, өзіне: «Ей, Тарық! Кеше сен қол-аяғы бұғаулы құл едің. Аллаһ тағала сені азат етті. Сосын қолбасшы болдың! Бүгін Андалусияны алып, корольдің сарайында тұрсың. Ұмытпа! Ертең Аллаһ тағаланың құзырында тұрасың!» – дейді. Міне, ғажап! Бұл неткен терең парасаттылық! Кейбір жандар қарадан шығып хан болып, қолы жеткен лауазымына мастанып жатады. Асқақтап, кісімсіп, ісініп-кебініп, жүрген жерінде ылғи да өзін мақтаумен болады.
Бұл неткен тәрбие десеңізші! Тәкаппарланып, көкірек қағудың орнына бұл құл қалайша абыройлы, ұстамды, өзіне есеп беруші адамға айналды?
Оның тәрбиесінде өскен Уқба ибн Нафи қалың қолымен көп жерлерді қаратып, ақырында Африканы да алып, Атлант мұхитын атымен кешіп тұрып, көкке қарап, Хақ тағалаға: «Аллаһым, алдымнан мына теңіз шықпағанда, Сенің ұлы есіміңді ұлықтап, теңіздің арғы жағындағы елдерге де жеткізер едім!» – дейді[6]. Абдулхақ Хамит осы сөз хақында: «Уқба ибн Нафидың сөзі ме, әлде көктегі періштелердің сөзі ме, қайсысы асқақ тұрғанын білмей тұрмын»,[7] – дейді. Меніңше, періштелерде де дәл осындай ынта-жігер, ықылас, тілек бар. Бірақ Уқба мүлдем басқа еді ғой. Ол хазірет Мұхаммедтен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тәлім-тәрбие көрген шәкірт болатын.
Ақырғы елші ақыл, жүрек, рух және ар-ождандық қасиеттерді қолға алып, олардың ешбірін жасытпай қайта жігерлендіріп, ең жаман ниетті адамдардан ең ғажап мінезді адамдар шығарды. Бұлардың бәрін толықтай іске асыруын оның пайғамбарлығы арқылы ғана түсіндіруге болады. Өйткені ол өз істерінде ешқашан мүлт кетпеген.
[1] Өкюз – Амударияның көне атауы; Орталық Азиядағы ең үлкен әрі сулы өзен.
[2] Табәри, Тарих, 5/195; Әбу Нуәйм, Һилия, 1/53; Ибн Сад, Табақат, 3/305.
[3] Муснәд, 1/379; Ибн Сад, Табақат, 3/150.
[4] Солон (шамамен б.э.д. 638-559 ж.ж.) – көне Афиндегі ұлы саяси қайраткер. Ол Афинаның мемлекеттік әрі және экономикалық құрылымдарын өрге сүйреген бірқатар жаңа реформалар жүргізген.
[5] Хаммурапи (б.э.д. 1792-1750 ж.ж.) – Вавилон патшасы.
[6] Ибн Әсир, әл-Кәмил фит-Тарих, 4/106.
[7] Абдулхақ Хамит Тархан, Тарык Пиеси.
- жасалған.