Аудармашыдан

Жалпы ғаламзаттағы барша мадақ пен мақтаулар, алғыс атаулы мен марапаттаулар һәм жер мен көктерде жасалған күллі құлшылықтар – осынау жеті қабат әлемді шексіз құдіретімен жоқтан бар етіп, ұлы һәм әсем есімдерінің айнасы еткен, ғаламат арыштың Раббысы – Ұлы Жаратушы Жаббар Иеге тән.  Әрі Оның күллі әлемдерге рақым етіп жіберген екі жаһан сардары, жәннаттың гүлзары, парасат падишасы, Құдай тағаланың сүйіктісі, әлемді Хақ дінімен нұрға бөлеген ғаламның рақым нұры, ақырғы ақиық пайғамбар – Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) сансыз салауат айтып, сәлем жолдаймыз!

Ұлы тұлғалар жайлы қалам тарту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әсіресе, әңгіме хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) хақында болса. Жазушының ол туралы ізденісі өз межесіне жетті деп және айта алмаймыз. Оған деген шексіз сүйіспеншілік, сол сүйіспеншіліктен туған өкінішке толы сұлу сағыныш, одан ары жалғасын тапқан ыстық ықылас пен терең құлшыныс қажет. Осы кітап авторының  қолжазбасын оқыған адам осыны айқын аңғарады.  Жазушы бейне бір жүрегінің түкпірінен хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) деген  сарқылмас сүйіспеншілігінің сағыныш жалыны жарқылдап барып жанарынан жан шыдатпас ыстық жас төгіліп, қауырсын қаламын сол көз жастарына малып отырып жазғандай. Кітапта Пайғамбарымызға ғана емес, барлық сахабаларға деген шынайы махаббат бояуы әрбір парақ бетіне мөр етіліп басылған.
Иә, одан және сахабалары хақында терең ізденістен телегей теңіз сүйіспеншілік, сол сүйіспеншіліктен тағатсыз сағыныш, ал сағыныштан ақыр соңында мұңлы зар туады. Мінекей, жазушының олар жайлы ізденісі сонау жастық шағынан басталған. Ол өзінің айтуынша, бала күнінде жалғыз өзі қой бағып жүріп, ақырғы Пайғамбар мен оның достары жайында жазылған кітаптарды қолынан тастамай оқыған. Сондықтан болар, бір қолынан таяғы түссе де, бір қолынан кітабы түспеген баланың сол кезден-ақ оларға деген махаббат жүрегін шарпып өтіп, қос қарашығынан мөлдіреп жас төгілген. Сол сәттен бері итін айтақтатып қой қайтарып жүрсе де, оның бар есіл-дерті соларға ауып, Пайғамбарымыз тұрмақ жай бір сахабаның өзін тым құрыса түсінде бір рет көру асу алмас арманына айналған. Кейіннен жасы елуден асқан шақта сол бір сүйіспеншілік пен сағынышы әбден ұлғайып, жан шыдатпас дертке айналып, дертінің дауасы солармен тезірек қауышу болған.

Негізінде, Пайғамбар мен сахабаларға деген мұншалықты ыстық ықыластың түп төркіні – Ұлы Жаратушы Жаббар Иеге деген ұлы сүйіспеншіліктен туған еді. Меккені бір көрген мұсылман сол жерге баруға неге  сонша ынтық болып тұрады? Себебі, ол жерде қасиетті Қағба һәм иләһи шуақ бар. Осы қасиетті мекен мен оның таңғажайып әсерлі күші адамды баурап алып, жүрегіне Аллаһ тағалаға деген жақындық нұрын себе түседі. Қағбаға қараған адам одан Ұлы Жаратушының ұлылығы мен жаббарлығын әйтеуір бір сезінбей қоймайды. Яғни, Қағба арқылы Хақ тағала өзінің орасан зор ұлылығының шағыл-ұшқынын шашыратады. Сонда мұсылман сол ұшқынды қайта сезінуге тырысып, Қағбаға баруды көксеп тұрады. Оның Қағбаға деген сағынышы негізінде Аллаһ тағаланы тағы бір сезінсем екен деген ұлы сағыныштан туындайтыны белгілі.

Пайғамбарымыз:
«Нағыз мұсылман сол – оны көргенде, Аллаһ тағала  еске түседі», – дейді.
Яғни олар – Ұлы Жаратушының жер бетіндегі жаршысы, айғақтаушы айнасы. Пайғамбармыз – осының кәміл куәсі. Оның сәжде еткен халіне қарап, Хақтың ұлылығын байқамау әсте мүмкін емес. Сондықтан да еврейлердің атақты ғұламасы Абдуллаһ ибн Сәләм оны алғаш көрген сәтте: «Жоқ, мына кісінің жүзінен иненің жасуындай да жалғандық нышаны байқалмайды», – деп мұсылман болған. Сондықтан да барлық сахабалар Пайғамбарымызды қатты сүйіп, оған ұқсауға бар қажыр-қабілетін жұмсаған. Олардың сүйіспеншілігі сол – ақырғы ақиық Пайғамбар бұл өмірден өткенде, Мәдинадағы сахабалар онсыз тұруға тағаттары қалмай, басқа өлкелерге көшіп кетеді. Солардың бірі – азаншы Біләл бірде Мәдинаға зиярат етіп, азан оқиды.

Пайғамбарымыз бақилық болғалы азан оқуды доғарған хазірет Біләлдің азанын естіген сахабалар бейне бір ол қайта оралғандай күй кешіп, көз жастарына ерік береді.

Мәдиналық бір сахаба: «Аллаһ елшісі алғаш Мәдинаға келгенде, қаланың қабағы жадырап, күлім қақты. Мен бұрын-соңды Мәдинаның дәл бұлай жадырап, қуанғанын көрген емеспін. Ол кеткенде, гүлдей солып, содан қайта қабағы бір ашылмады. Мәдинаның мұндай қасіретін де бұрын-соңды көрген емес едім», – дейді…

Жазушының да Аллаһ елшісіне деген сағынышы осындай еді. Ол Пайғамбарымыз һәм сахабалардың өмірін өнеге ету арқылы Хақты жақыннан тануға тырысқан. Оларды өнеге еткені сол – он мыңдаған сахабаларды ағайындарымен қоса жатқа біліп, жақыннан таниды. Сондықтан да бұл кітаптың басқа кітаптардан ерекшелігі – жазушы бейне бір солармен бірге емен-жарқын, қоян-қолтық өмір сүргендей әсер қалдырады. Тағы бір ерекшелігі – кітапты оқи отырып, оларды бұдан он бес ғасыр бұрын емес, күні кеше ғана өмір сүрген жандардай сезінесіз. Автордың оларға деген өзекті өртер өкінішке толы сұлу сағынышы – соның айғағы.

Жазушы елуден еңіске қарай аяңдай бастаған шағында бойындағы сол зар-сағынышын басу үшін олар туралы жүрегіндегі жыр–дастанын қағаз бетіне түсірген. Сонда жазушының бұл кітабы сүйікті Пайғамбарымыз бен сенімді сахабаларына деген шамамен елу жылдық сүйіспеншілік-сағынышы мен ой-толғағынан туған.

Иә, бұл – жарты ғасырлық ауыр еңбек. Ал, менің аудармам – шамамен төрт жылдық еңбектің жемісі. Әрі бар-жоғы тәржіма ғана. Сондықтан көтерілген тақырыптың түпкі дертін дөп басып бердім деп те айта алмаймын. Әсіресе, терминдердің қазақша баламасын беру оңайға соқпады. Құран аяттарының мағынасын Халифа Алтайдың мағыналық аудармасын негіз етіп алғанмен, көбінесе арабша түпнұсқасымен салыстырып, қайта өңдеп жазуға тура келді. Кітаптың пәлсапалық салмағы қалың оқырманға ауыр келетіндіктен, неғұрлым жеңілдетіп беруге тырыстым. Ғалымның бұл кітабы араб, ағылшын, неміс, орыс, т.б. көптеген тілдерге аударылып, сол елдердің зиялылары, әсіресе, араб ғалымдары тарапынан жоғары бағаға ие болған.

Қысқасы, осы туынды қазақ халқының көкейінен шығып, Пайғамбарымызға деген жүректеріндегі сүйіспеншіліктің артуына арқау болып жатса, Абай атамыздың сөзімен айтқанда «өлсем орным қара жер сыз болмас» еді…

Ахмет ӘШЕН
Дінтанушы ғалым

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.