23. Бұрынғыларға берілмеген бес нәрсе

«Маған менен бұрын ешкімге берілмеген бес нәрсе берілді: Айшылық жердегі дұшпанның жүрегіне қорқыныш ұялату арқылы (иләһи) жеңіске ие болдым. Жер жүзі маған мешіт пен тазаланатын мекен етілді. Сондықтан да үмбетімнен кімде-кім намаз уақытының кіргенін көрсе дереу намазын оқысын! Ғанимет[1] менен бұрынғы өткендердің ешбіріне адал емес-тін. Міне, сол маған адал етілді. Әрі маған шафағат (хұқы) берілді. (Ақырғысы) Әрбір пайғамбар өз еліне ғана жіберілген болатын, ал мен күллі адамзатқа елші етіп жіберілдім»[2].

Аллаһ әрбір үмбетке, әрбір пайғамбарға қалауынша рақымдылық пен қамқорлық жасаған. Адам ата мен балаларына жүрек пәктігі мен Жаратқанның сипаттарына айна болу; Нұхқа (а.с.) күрескерлік, қайсарлық, өжеттік; Ибраһимге (а.с.) көптеген пайғамбарларға әке болу мен тәухид ғашықтығы; Мұсаға (а.с.) тәлім-тәрбие, қоғамдық білімдер мен қоғамды басқара білу; Исаға (а.с.) адамдармен қатынаста мейрімділік, сабыр, төзімділік, кеңпейілділік және махаббат; әлемнің ұлы тұлғасы Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пен үмбетіне келсек, пайғамбарларға берілген ерекшеліктермен қоса, хикмет, тепе-теңдік, терең ғылым, т.б. әлемдік дін болудың ерекшеліктері берілген. Ең соңғы Ислам дінінің жауапкершілігі өте ауыр болса да, ол адам баласы қиналмай емін-еркін көтере алатын берекеті мол жеңіл дін. Бұл да әлемдік ерекшелегінің бірі саналады.

Жоғарыда айтылған хадисте осы әлемдік діннің өткен діндерден қаншалықты ерекше екендігін әр түрлі тәсілдер арқылы алдымызға жайып салған.

Осы әлемдік дінді оның алғашқы өкілдері (пайғамбар мен сахабалар) шартарапқа жайған кезде міндеттері мен
жауапкершіліктерін терең сезінетін. Барша әлемге Жаратқанның жарлықтарын жеткізу жолында бар ықыласын, күш-жігерін салып, Аллаһ жолында күресетін, тіпті жанын да беретін. Олар осы күш-жігерлері арқылы жәннатқа кіріп, Аллаһтың дидарын тамашалауға лайық екендігін дәлелдейтін. Осы дағуа жолында өз өмірлерін де қиюға әркез дайын болуы өзгелердің өмір сүруге құштарлығы секілді Аллаһты көруге ынтызар болып, жер жүзіне бақыт орнатуға тырысатын. Міне, сондықтан да ақыретпен байланысты орбитада жүрген қаһармандармен ешкімнің де соғысуға батылдары бармайтын. Өз өмірлерін қатерге тігіп, оларға қарсы шыққандар айшылық жерден қорқып, жарты жолға жетпей жатып, іштей жеңіліске ұшырайтын. Әсіресе, Аллаһ деп соққан жүректерінің дүрсілі артып, имандары ақиқат шыңына жеткен мұсылмандар үшін:   (Айшылық жердегі дұшпанның жүрегіне үрей салу) неткен ғажап қару, неткен алынбас қамал десеңізші?!

Жер бетінің мұсылман баласына мешіт болып, қалаған жерде ғибадат жасау мүмкіндігі,  жиһаттың қияметке дейін жалғасуы үшін соғыс олжасының адал етілуі, ақыретте Пайғамбарымыздың «ең үлкен шапағат» жасап, үмбетін қауіпсіз жерге апаруы – Ислам дінінің әлемдік қырын байқататын ерекшеліктерге жатады. Және әрбір пайғамбар өз халқына ғана елші болғанда, оның барлық адамзатқа жіберілуі де осы істің өзгешелігін аңғартады.

Мұнымен қоса, осы хадистен ешқандай ауыртпалықтарға түспей-ақ, мына қорытындыларды шығаруға болады:
а. Пайғамбарлық және сол арқылы келген хабар айрықша иләһи рақымдылыққа жатады.

ә. Осы бес ерекшелік толығымен Пайғамбарымызға ғана тән болып, басқа ешқандай пайғамбарға берілмеген.

б. Айшылық алыстан дұшпандарының жүректеріне үрей салу – пайғамбарлықтың белгісі. Бұл – тек сол атмосферада болған жандарға ғана берілетін иләһи сыйлық.

в. Ғибадаттың мінәжатхана мен дін адамдарына байланысты болмауы[3] – осы діннің әлемдік ерекшелігін көрсетумен қатар, барлық жерде, әр уақытта, әрқашан Аллаһпен байланысудың жеңілдігін білдіреді.

Осы жерде Ислам хабарымен келген басқа бір ерекшелікке де тоқтала кету керек. Ол топырақтың да су секілді тазартушылық қасиетке ие екендігі.  Исламдағы жуынудың маңызы және су мен топырақтың тазартушылық қызметін әр мұсылман біледі.

г. Әу бастан ғаниметтің өзі тікелей харам болмаған, ол заманға байланысты сынақ еді. Пайғамбарымыздың заманында, тыйым салуға негізделген мәселелердің шешілуі-не байланысты адал болды. Әрі маңызды болғаны үшін де уәжіп болмаса да, мүбаһ етілген. Сонымен бірге дағуаның ең маңыздысы саналған ықыласқа да кедергі емес.

ғ. Пайғамбарымыздың ақыретте кең көлемде шапағат етуінің растығы. Бұған әр мұсылман үміт артады. Ол – біз үшін үлкен мақтаныш.

д. Бұрынғы өткен пайғамбарлар өз қауымына, тайпасына келсе, Пайғамбарлардың Сұлтаны барлық адамзатқа, тіпті барлық болмысқа елші болып жіберілуі осы алып пайғамбарлықтың қияметке дейін жалғаса беретініне ишарат етеді.

Мазмұны мен сөздеріндегі қуаты һәм ауқымы жағынан қоғамдық өмірге тығыз қатысты нұрдан тағы бір сөз алқасы мінекей осындай.



[1] Соғыста қолға түскен олжа
[2] Бухари, Тәйәммум, 1, Салат, 56, Муслим, Мәсажид, 3.
[3] Хадистен ғибадаттың мінәжатханалар мен дін қызметкерлеріне байланысты емес екенін байқаймыз.

 


 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.