БҰРЫН ДА БЕЙНЕ БІР ПАЙҒАМБАР-ДЫ

Сенім
Оның балалық, жастық шағы, қылыштай қайратты кезі  пайғамбарлықтың баспалдақтары болатын. Сондықтан оны жастайынан танитындардың басым көпшілігі пайғамбарлығын жария етісімен-ақ сенім білдіріп, толық мойынсұнды.

Ол өмірінде жалған сөйлеп көрмеген еді. 

Міне, сол адам енді Аллаһ тағаладан хабар алып, өзінің пайғамбарлық міндетіне кіріседі. Жайшылықта жалғыз ауыз жалған сөйлемеген жан ұлы да асқақ мәселеде қалайша жалған сөйлей алсын[1]. Бұл ақылға сыймайды ғой?! Осылай деп ойлаған сол кездің адамдарының бәрі болмаса да қырсықтық пен іштарлыққа баспағандары иманға келіп жатты.

Иә, ол өмір сүрген кезең «қараңғылық дәуірі» деп аталса да, ол оны ешқашан бастан кешірмеді, яғни оның қағынан аман қалған адам.

Өйткені ол – аса сенімді жан еді.

Барлық адамдар оны осылай қабылдады. Егер сіз сапарға шығар алдында әйеліңізді біреудің қамқорлығына қалдырғыңыз келді делік. Ойланбастан хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қалдыра аласыз. Өйткені сіз қайтып оралғанға дейін оның жарыңызға көз қиығын да салып қарамайтынына сенесіз. Малыңызды біреуге тапсырып кеткіңіз келді ме? Бір шарасы жоқ па екен деп, ойланып-толғанып жатпай бірден  Мұхаммед-Әминге (Сенімді) тапсыра аласыз. Тапсырып жатқанда малыңызға қандай да бір зиян тиеді-ау, деген түйірдей түйткіл ойыңызға кіріп те шықпайды. Сөздің турасын білгіңіз келсе, соған барып шындықтың шырайын ашып, сізге күндіз күлкі, түнде ұйқы бермеген сауалдың жауабын аласыз. Тегінде, оның өмірінде шаңның тозаңындай жалған сөйлемегені хақ.

Бірде ол Әбу Қубайс төбесінде тұрып жиналған қарақұрым халықтан: «Мына таудың арғы бетінен бір қосын әскер сіздерге шабуыл жасағалы келе жатыр десем, маған сенесіздер ме?– деп сұрағанда, бәрі де бірауыздан: «Иә, сенеміз. Өйткені сенің ешқашан жалған сөйлегеніңді естімедік»,– дейді.

Бұл сөзді айтқандардың арасында Әбу Ләһаб пен Әбу Жәһил секілді дін дұшпандары да бар еді[2]. Бірақ бәрі де оның туралығын растап, сенімділігін мойындаған.

Ол ана құрсағында жатып әкесінен, бес-алты жасқа жеткенде анасынан айрылды. Осы кезде оны атасы Абдулмутталиб қамқорлығына алды. Сегіз жасына толар-толмаста атасы да көз жұмды. Аллаһ оны барлық жақынынан айырып, өзіне шексіз мойынсұндыруға дайындап жатқандай еді. Оған қол ұшын беретін барлық қолдап-қорғаушылары өмірден ерте өтіп кетті де, ол тікелей Жалғыз Жаратушының қамқорлығына алынып, оған тек Аллаһ тағаланың ғана қорған болу керек екені ескертілді. Өйткені ол «Таухид»[3]  пен «Хасбун Аллаһ»[4]  сөзін сонау кішкентайынан ар-ожданымен сезіп, Жаратушысынан басқа арқа сүйер тірегі, демеу болар сүйеніші болмауы тиіс еді. Осылай болды да...

Ол сенімді, шыншыл әйел мағынасындағы «Әмина» есімді сенімділіктің аманатшысы атанған ананың құрсағынан жарық дүниеге келді. Пайғамбарлығынан бұрын да ғибадатымен танылған осы қадірлі адамның әкесінің есімі – Абдуллаһ, яғни «Аллаһтың құлы» дегенді білдіреді.

Бұл кездейсоқтық емес.

Әрине, осының бәрін жазмышқа жазған Аллаһ болатын.

Жетімдік сыры
Жастайынан жетім өскен ардақты пайғамбарымыздың  болашақта арқалайтын ауыр жүгі мен қасиетті уазипасы бар болатын. Сондықтан, оған ерте бастан дайындалуы қажет-тұғын. Оған тәуәкелдің асқар шыңына шығып, шыңдалып, барлық қиыншылықтарға қарсы тұра алатындай өсіп-жетілуі керек. Ұлы Аллаһ оны байлықтың буына мастанудан, қайыршылық пен жоқшылықтың салдарынан, шарасыздыққа салынудан сақтады. Ғұмырының әр кезеңінде орта жолды көрсете отырып, тура бағытынан айырмай, астамдық пен кемшіліктен бойын аулақ ұстап жетілуіне жағдай жасады.

Ұлы адамның дәл осылай қиыншылық күндерді бас-тан кешіруі өте маңызды. Қарамағындағыларға әкелік мейірімнің ыстық құшағын танытуы үшін жетімдіктің де дәмін татып көруі аса қажет болды. Қол астындағылардың жағдайын  түсініп, оларға жылы шырай танытып, қолынан келгенше көмек көрсетуі үшін жоқшылықты да көруі ләзім. Аллаһ елшісі жетім-жесір мен жоқ-жітіктерге қол ұшын беріп, қамқор болуы – ананың ақ сүтінен, туған өлкесінің топырағынан сүйегіне сіңген мінезі. Кейін ол асқақ шыңдарға көтерілген шақтарда осы бір туа бітті мінезінен еш таймай, өмір бойы түп-түзу ғұмыр кешкен теңдессіз тұлға күйінде қалды. Өмірінде жетім-жесірге зекіп, қабақ шытып көрмепті.. Сұраушының да қолын бос қайтармады.

Өйткені, Аллаһ оған осылайша әрекет етуін әмір еткен.

«Ол (Аллаһ) жетім қалғаныңда, қамқорлыққа алмады ма? Қатты абыржып мұңайғанда, тура жолға салмады ма? Кедейлікке түскеніңде, дәулетке кенелтпеді ме? Ендеше, жетімді басынба, сұраушы, тіленшіге зекіме. Раббыңның ырыс-берекесін тоқтаусыз, толассыз айтып түсіндір»  (Духа, 93/6-11)

Абдулмутталиб[5]
Абдулмутталиб оның бойындағы пайғамбарлық нұрын күні бұрын сезген еді. Пайғамбарымызбен бірге болған күндері нұрлы да берекелі өтті. Оны үлкендердің салихалы мәжілісіне қатыстырып, құрмет көрсетті. Бойынан әрқашан адамзатты азат ететін ғажайып күшті көретін. Себебі, Аллаһ елшісінің жанарында ешбір пендеде жоқ терең сыр тұнып жататын. Бәлкім Абдулмутталиб пайғамбар болғандығы айтылып жүретін Луей атты ата-бабасының  өз нәсілінен де бір пайғамбар шығатынын айтқан, сүйіншісін естіп осы сүйіншіге сүйене отырып, немересінің пайғамбар болатынын білген, сезген болуы бек мүмкін. Сондықтан да немересін жанындай жақсы көріп, тіпті өзінен де қызғанатын. Дүниеден өтерде осы бір алып тұлғалы адам жас балаша еңіреп жылады[6]. Әбу Талиб[7] неге жылағанын сұрағанда, ол: «Мұхаммедімді бұдан былай бауырыма басып, сүйе алмайтынымды ойлаған сайын өзегім өртеніп барады. Мен соған жылаймын», – дейді.

Ойлап қараңыздаршы, шүйлігіп келген Әбрәһа[8] әскерінің алдында селт етпеген әрі көп жылға созылған Фижар[9] соғыстары кезінде қаншама дұшпан руларға қасқая қарсы шығып, сүрен салып айқасқанда, көзі жасаурамаған осы кісінің берекелі немересінен айырылар сын сағатта жас балаша жылауында не сыр бар?

Абдулмутталиб соңғы өсиетін айтып, дүниеден озды. Енді сол бір «Тұлдыр Інжуді» Әбу Талиб қамқорлығына алмақ.

Әбу Талиб
Әбу Талиб сөзінде тұрды. Аллаһ елшісіне қырық жылға жуық қамқор болып, қиын-қыстау кезінде жәрдемдесті. Оның жақсылығы текке кетпеді. Аллаһ тағала  оған Әлиді (р.а.) берді. Әдетте әр пайғамбардың нәсілі өзінен тарайтын. Бірақ Аллаһ елшісінің нәсілі хазірет Әлиден өрбиді. Тіпті бұл туралы кейбір ғалымдар Пайғамбарымызға барып тірелетін хадис те бар дейді[10].

Әли (р.а.) – екі дүние Шырағының әулиелігін жалғастырушысы әрі күллі әулиенің басы. Оның қияметке дейінгі мұсылмандардың құрметпен еске алатын сұлтандардың сұлтаны, «хайдар кәррар» (айбарлы арыстан), пайғамбардың күйеу баласы, Алиул-муртаза (Аллаһтың разылығына кенелген Али) болуы – Аллаһ елшісіне жасаған қамқорлығы үшін Әбу Талибке берілген сый кейпін танытқандай.

Негізінде, Пайғамбарымыздың өміріне жай көзбен назар салғанда,  Әбу Талиб те атасы Абдулмутталиб секілді оның негізгі қорғанышы болып көрінетін. Бірақ оны тікелей тәрбиелеп, қорғаған күллі әлемнің жалғыз жаратушысы әрі қамқор иесі Аллаһ болатын. Біріншіден, сол бір Таңдаулы тұлғаны пайғамбарлықтың көгіне көтерсе, екінші жағынан, қоршаған ортаға, қоғамның тіршілігіне бейімдеді.

Күн өткен сайын оның пайғамбарлық белгісі анық біліне түсті. Хазірет Мұхаммед алейһиссәләм ізгіліктері арқылы қалың жұртшылыққа танымал болып, біртіндеп өзінің  ұлық мәртебесінен арайлап атқан таңдай көріне бастады.

Пайғамбарлықтың ақша бұлты
Сиәр[11]  кітаптарында Аллаһ елшісі алғашқы сапарына әкесінің ағасы Әбу Талибпен бірге он екі жасында шыққаны баяндалған.

Бұл Шам сапары болатын. Жолда керуен түнемеге тоқтайды. Пайғамбарымыз керуенді қарауылдап қалады, ал басқалары тынығып алу үшін керуен сарайларына орналасады. Керуенді алыстан барлап  тұрған монах Баһираны бір жағдай өзгеше қайран қалдырады. Керуеннің үстінде бір ақша бұлт не артта қалып қоймай, не алға да озып кетпей, я басқа жаққа ауып кетпей, қалықтай ілесіп келе жатты. Тіпті керуен тоқтаса, ол да тоқтап, қозғалса, ол да бірге қозғалады. Осыны көргеннен кейін тынышы кетіп, көкейін күпті ой билеген Баһира керуеншілерді өзіне қонаққа шақырады. Бұрын-соңды  ешқашан керуеншілермен байланысы жоқ монахтың бұл әрекеті адамдарды айран-асыр қалдырады. Пайғамбарымыздан басқасының бәрі де қонаққа барады. Бірақ монах келгендердің арасынан іздеген адамын таба алмай, керуеннің басында әлдекімдер қалып қоймады ма деп сұрайды... Оған керуенді күзетіп бір адамның қалғанын айтады. Бахира оны шақыртып алады. Кіріп келген кезде, Бахира жас баланың болашақта Пайғамбар болатындығын салған жерден сезеді. Монах Әбу Талибтен оның кім екенін сұрайды. Оның «балам» деген жауабына Баһира толық сене қоймайды. Бахираның пайымдауынша бұл бала «соның» нақ өзі. Бірақ пайғамбардың әкесі ол ана құрсағында жатқанда-ақ өмірден озуы тиіс еді. Содан соң Баһира Әбу Талибті оңаша шығарып алып, мән-жайды сұрап білгеннен кейін осы сапарынан бас тарту керектігін айтады. Өйткені ол яһудилердің[12] күншіл адамдар екенін білетін. Баланың бөлекше жаратылған таңғажайып бітімі мен нұр тамған жүзінен оның ақырғы пайғамбар екенін сезіп қойса, өздерінен шықпағандықтан, қастандық жасауы мүмкін еді. Әбу Талиб оның айтқанын құп көріп, қайтуға себеп тауып, Меккеге оралады[13].

Баһира шындықты айтқан еді. Алайда ол Аллаһтың оған қамқор болатынын, оны өмірінің соңына дейін Аллаһ қорғайтынын терең пайымдай алмады.

Осыған қатысты Құранда «Ей, Пайғамбарым! Аллаһ сені адамдардан (ішкі, сыртқы дұшпандардың жамандықтарынан) сақтайды»,-делінген. (Мәида, 5/67).

Күн ілгері мойындау
Екі әлемнің Сардары екінші сапарына жасы жиырма бес шамаларында Хадишаның (р.анһа) керуенін бастап жолға шықты. Бұл сапарында Баһирамен тағы кездеседі. Ол кезде әбден қартайған монах Аллаһ елшісін көріп балаша қуанады. Көп жылдан бері осы бір күнді зарыға күткен ол Аллаһ елшісіне: «Сен ұзамай пайғамбар боласың. Әттең-ай! Сенің пайғамбарлығыңды жариялаған күнге өмірім жетіп, аяқ киіміңді тасысам да, сенің қызметіңе жарағанымда ғой, шіркін! Беу, дүние-ай!» – деп ішіндегі шерін білдірген еді. Бахира сол күндерге жете алмады, дегенмен, оның Аллаһ елшісіне деген ыстық ықыласы  сөзсіз ақыретте көптеген игілікке бөленуіне сеп болары анық.

Нышан
Оны күтіп сүйіншілегендер көп еді.

Солардың қатарында Зәйд ибн Амр да бар болатын.

Жәннатпен сүйіншіленген он адамның бірі әрі әйгілі Сайд ибн Зәйдтің әкесі әрі Омардың туысқан ағасы болып келетін ол Ханифтік[14] сенімді ұстанатын. 

Бұл кісі – пұт-мүсіндерге табынбай, олардың ешқандай пайда да, зиян да бере алмайтынын жаһанға жар салып кеткен, таңның атуына санаулы сәттер қалғанда өмірден өткен жандардың бірі.

Оның: «Жақында бір дін келеді. Тіпті сендерге көлегейленіп рақым көлеңкесі түсіп тұр. Бірақ мен ол күнге жете алар ма екенмін, әлде жете алмас па екенмін, оны білмеймін»,– деп, қаншама жүрекке үміт шырағын жағып кетті.

Зәйд – ар-ожданы Хақты таныған жан. Ол бір ғана Аллаһқа сеніп, мойынсұнатын. Бірақ ол сенген Аллаһқа «Аллаһым» деп те айта алмайтын әрі қалай құлшылық ету керектігін де білмейтін-ді.

Ұлы сахабалардың бірі болған Амр ибн Рәбианың хабарына қараңыз:
«Бір күні маған Зәйд ибн Амр: «Мен Ибраһимнен (а.с.) жалғаса келіп, Абдулмутталибтің ұрпағынан келетін бір пайғамбарды күтудемін. Бірақ оған дейін тірі боламын ба, жоқ па, көзім жетпейді. Бірақ пайғамбар екеніне иман келтіріп, растап, мойындаймын. Егер сенің өмірің жетіп кездессең, менен сәлем айт! Сондай-ақ, саған оның түр-түсінің қандай екенін айтайын. Байқа, жаңылысып қалма!» – деді.

Мен оған: «Тыңдап тұрмын, айт», – дедім.
Ол сөзін жалғастырды:
«Орта бойлы. Ұзын да емес, қысқа да емес. Шашы жатық та емес, бұйра да емес, сәл толқындау. Туған жері – Мекке. Есімі – Ахмет. Пайғамбар болып келетін орны – осы жер. Бірақ кейін елі әкелген дінін мойындай қоймай, өзін Меккеден қуады. Ол Ясрибке (Мәдина) хижрәт  етіп (көшіп), әкелген діні сол жерден тарайды. Одан бейхабар қалма. Мен сан елді аралап, Ибраһимнің (а.с.) дінін іздедім. Кездесіп әңгімелескен  яһуди мен христиан ғалымдарының бәрі маған «сенің іздегенің кейін келеді» деді. Барлығының  сөздері: «Ол – ақырғы пайғамбар. Одан кейін ешқашан пайғамбар келмейді!» – дегенді  айтатын».

Ал, Амр ибн Рәбиа әңгімесін: «Сол бір күткен күн де келіп, мұсылман болдым. Аллаһ елшісіне Зәйдтің айтқандарын түгелдей жеткіздім», – деп тәмамдады.

Осыны естіген кезде, ол ыңғайланып отырып, оның сәлемін алады. Содан соң «Мен Зәйдтің етегі жер сызған желбегей шапан киіп Жәннатта жүргенін көрдім», – деді[15].

Уарақа ибн Нәуфал христиан ғалымы, Хадишаның туысы болатын. Аллаһ елшісіне алғаш рет уахи[16] түскенде, Хадиша анамыз (р.анһа) мұның не екенін білуге келгенде, Уарақа: «Хадиша! Ол – турашыл адам. Көргендері – пайғамбарлық келерде байқалатын алғашқы белгілер. Оған келген – Намус Әкбар. Мұса мен Иса (а.с.) пайғамбарларға да сол келген. Демек жақында пайғамбар болады. Егер мен сол күндерге жетсем, мен де иман келтіріп, оған міндетті түрде қол ұшын беруден аянып қалмаспын,– деп жауап берді[17].

Абдуллаһ ибн Сәләм – яһуди (еврей) ғалымы. Оның Исламға қалай кіргені жайлы өз сөзін келтірейік:
«Аллаһ елшісі Мәдинаға хижрәт еткенде, жұрт секілді мен де оны көруге бардым. Айналасы толған адам. Мен ішке кіргенде мүбәрак аузынан мына сөздер ақық секілді төгіліп жатты: «Алдарыңа келгендерге сәлем беріп, тамақтандырыңдар».

Айтқан сөздерінің сиқырлы әсері мен ойлы дидары мені қатты толқытып, іші – бауырым елжіреп кетті. Дереу сол жерде тілімді кәлимаға келтіріп, мұсылман болдым. Өйткені оның жарқыраған нұрлы жүзі тек пайғамбарда ғана кездеседі[18]».

Абдуллаһ ибн Сәләм (р.а.) – дара тұлға. Ибн Хажар (р.а.) «Исабәде»[19] жазғанына қарағанда, ол Жүсіп пайғамбардың ұрпағы[20]. Өзі аса парасатты адам еді. Оның куәгерлігі Құранның өзінде құрмет түрінде көрсетіліп, дәлел ретінде айтылды:
 «Оларға айт: Сендер ойға салып саралап көрдіңдер ме? Егер бұл Құран Аллаһтан келе тұра,  сендер оған  қарсы шықсаңдар, сонда Израйыл ұрпақтарынан бір куәгер оның (тәухид, ақырет, т.б. иман негіздері секілді Құранда айтылған ақиқаттардың) ұқсасына иман келтіріп тұрғанда да сендер көкірек қағып иман етпесеңдер, сендерден артық залымдар болуы мүмкін бе? Аллаһ залым елді тура жолға салмайды» (Ахқаф, 46/10).

Аятта сөз болған адам – Израйыл ұрпағынан шыққан куәгер Абдуллаһ ибн Сәләм. Кейбір тәфсиршілер[21] бұл сүренің Меккеде түскенін ескере отырып, аятта айтылған кісінің Мұса (а.с.) екенін айтса да, аяттың Мәдинада түскені жайлы көзқарастар әлдеқайда басым. Яғни, «Ахқаф» сүресі  меккелік болғанымен осы аят қана – мәдиналық. Демек, аят Абдуллаһ ибн Сәләм хақында деуге толық негіз бар.

Тосқауыл
Жалпы барлық әһли кітап иелері Аллаһ елшісінің келетінін күні бұрыннан білетін. Бірақ иман келтіруге күншілдіктері мен кекшілдіктері жібермей, аяқтарына тосқауыл болды. Анық танып білетіндері сонша – иман келтіру үшін Аллаһ елшісіне бір сәт көз тоқтатып қарағандары жеткілікті еді. 

Құран Кәрім осы ақиқат жайлы былай дейді:
«Өздеріне кітап бергендеріміз оны өз ұлдарын танығандай тани­ды. (Бұған қарамастан) олардың бір тобы біле тұра шындықты жасырады» (Бақара, 2/146). Аятта Аллаһ елшісінің есімі аталмай, «оны» деуі мынандай мағынаны меңзейді. Әһли кітаптармен таныс адамдар соңғы келетін пайғамбарды сөз еткенде «Ол» дегенді  Тәурат пен Інжілде есімі жазылған кісі деп білетін. Ол, сөз жоқ, Ақиық елші Мұхаммед алейһиссәләм еді. Яһуди мен христиандардың соңғы пайғамбарды өз ұлдарынан да жақсы танитынының мәні осында жатыр.

Бір күні Омар (р.а.) Абдуллаһ ибн Сәләмнан:
 – Аллаһ елшісін өз балаларың секілді танитын ба едің? – деп сұрады. Ол:
 – Өз баламнан да жақсы танитын едім – деп жауап қайырды.

Омар (р.а.) екінші рет: «Қалай?» – деп сұрағанда: «Балама күмән келтіруім мүмкін. Бірақ Аллаһ елшісінің ақырғы пайғамбар екендігіне ешбір күмәнім жоқ», – деді. Бұл жауапқа дән риза болған Омар (р.а.) орнынан тұрып барып Абдуллаһ ибн Сәләмнің маңдайынан сүйді[22].

Қызғаныш
Олар Аллаһ елшісін өте жақсы танитын еді. Алайда,  тану бар да, иманға келу бар. Олар танып-білгендерімен, жоғарыда айтқанымыздай, қызғаныш пен күншілдіктері иман етулеріне кедергі жасады. 

 «Оларға Аллаһтан өздеріндегі Тәуратты растаушы Құран келген шақта, бұрыннан  кәпірлерге қарсы жеңіс тілеп жүрсе де, сол білген еді (Құран) өздеріне келген кезде, оны теріске шығарды. Теріске шығарушыларға  Аллаһтың  лағынеті жаусын» (Бақара, 2/89).

Аятта олардың Аллаһ елшісін мойындамауының басты себептері баяндалған. Мәселенің төркіні соңғы пайғамбардың Израйыл ұрпағынан шықпағандығында жатыр. Соңғы пайғамбар Израйыл ұрпағынан шыққанда, олардың іс-әрекеттері де мүлдем басқаша сипат алар еді...

Айтқандайын, Абдуллаһ ибн Сәләм (р.а.) бірде Аллаһ елшісіне келіп:
«Уа, Аллаһтың елшісі! Мені бір жерге жасырып, Мәдинадағы барлық яһуди ғалымдарын түгел шақыр! Сосын олардан мен жайлы, әкем жайлы сұра! Сөзсіз, олар білгендерін жасырмай айтады. Сол кезде мен жасырынған жерімнен шығып, мұсылман болғанымды жария етейін», – деп ұсыныс жасайды. Аллаһ елшісі оның бұл ұсынысын мақұлдап, Абдуллаһ ибн Сәләм үйдің бір бұрышына жасырынды. Шақырылған яһуди ғалымдары келіп жайғасқанда, Пайғамбарымыз олардан: «Сендер Абдуллаһ ибн Сәләм мен оның әкесі жайында не білесіңдер?» – деп сұрады. Олар: «Ол да, әкесі де арамыздағы ең мықты ғалым һәм ардақ тұтар ең абзал адамдар»,– деп жауап береді. Аллаһ елшісі: «Ол мені растап, мұсылман болса, оған сендер қалай қарайсыңдар?» – деген кезде, олар бірауыздан: «Жо-жоқ, олай болуы мүмкін емес!» – дейді.

Дәл осы сәтте жасырынған жерінен шыққан Абдуллаһ ибн Сәләм (р.а.) иман келтіріп, Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) пайғамбарлығын растайды. Келгендер не дерін білмей абдырап қалады. Сөйтті де жаңа ғана айтқан сөздерінен айнып: «Ол – арамыздағы өте нашар адам, әкесі де оңып тұрған жоқ» десті. Пайғамбарымыз  ендігәрі мұндай екіжүзділердің бетіне қарағысы да келмеді[23].

Бұл оқиға яһудилердің Аллаһ елшісін танитындарын толық растап берді. Бірақ шұғыл шешімге бару, мен алған бетінен қайтпау секілді қасиеттер олардың иманға келуіне кедергі жасады.

Бұл жайға Сәлман Парсының өмірі де дәлел бола алады. Бұрын ол мәжуси[24] еді. Бірақ кейіннен бойында хақ дінге деген құштарлық пайда болып, сол дінді тапсам, көрсем деп ынтықты. Сөйтіп, христиандықты қабылдады да, шіркеуден шықпай, қамалып отырды. Жан-тәнімен беріліп ұстаз тұтқан монахтан өлер алдында басқа бір ұстазға жөн сілтеуін өтінеді. Ол өзі сенім артқан бір монахқа баруын насихаттады. Ол осылайша көптеген монахтардың тәлімін көреді. Соңында көз жұмғалы жатқан қарт монахтан жөн  сұрағанда, христиан ғалымы оған: «Балам, дәл қазір саған насихат айтатын ешкім қалмады. Бірақ соңғы пайғамбардың келетін заманы өте таяу. Ол Ибраһимнің ханиф дінімен келіп, Ибраһимнің хижрәт (көш) еткен жерінен шығады. Басқа жерге хижрәт етіп, сонда орналасады. Оның пайғамбар екеніне анық дәлелдер бар. Шамаң келсе, сол жерге жеткейсің.

Мен білетін үш айқын дәлелі мынау: Ол садақа алмайды,  сыйлықты қабылдайды және екі иығының ортасында пайғамбарлығын дәлелдейтін мөрі бар», – дейді.

Әңгіменің жалғасын Сәлман Парсының өз аузынан тыңдайық:
«Монахтың айтқан жеріне бару үшін керуен іздедім. Ақырында сол жерге баратын керуен тауып, олармен жол ақысын келісіп, сапарға шықтым. Алайда, «Уадил-Қураға» келген кезде олар маған опасыздық жасап, мені бір яһудиге құлдыққа сатып жіберді. Барған жерімнің құрма толы бау-бақшасын көргенде, бәлкім, монахтың маған айтқан жері осы шығар деп ойлап, сол жерде тұрақтап қалдым.

Бір күні Бәни Қурайза яһудилерінен біреу мені сатып алып, Мәдинаға апарды. Ол жердің де құрма өскен керемет бау-бақшасы бар екен, сол жерде жұмыс істеп қалдым. Алайда Аллаһ елшісі туралы ешқандай хабар ала алмай зарықтым. 

Бір күні ағашқа шығып құрма жинап жатқанмын. Яһуди қожайыным ағаштың саясында отырған. Күтпеген жерден туыс ағасының яһуди баласы шыға келді. Өзі ашулы екен: «Құдайдың қаһарына ұшырағырлар! Бүкіл халық Қубаға[25] ағылып жатыр. Меккеден келген бір адам өзін пайғамбармын деп жариялапты. Ел-жұрт сеніп қалғанға ұқсайды!» – деді. Сол сәтте қатты толқып кеткенім соншалық – екі тізем өз-өзінен қалтырап кетті. Сәл қалса, қожайынымның үстіне құлап түскендей едім.  Ағаштан лып етіп түскен бойы әлгіге: «Не дейсің? Не дедің? Бұл қандай хабар?» –  дей беріппін. Қожайыным ашуланып, жағымнан салып кеп жіберді: «Елде не шаруаң бар? Сен өз жұмысыңды біл!». Мен не істерімді білмей күмілжіп: «Ешқандай. Жай әншейін, білгім келіп сұрап едім», – деп қипақтай бердім. Сөйттім де ағашқа қайта шықтым. Ымырт үйіріле, барымды алып, Қубаға тартып кеттім.

Қубаға жеткенімде, Аллаһ елшісі сахабаларымен бірге сұхбаттасып отыр екен. Мен оларға: «Кедей екендіктеріңді көріп тұрмын. Мен садақа беретін жер іздеп жүр едім. Мына құрмаларды алыңдар», – дедім.

Аллаһ елшісі жанындағыларға қарап: «Сендер жеңдер», – деді. Өзі ауыз тимеді де. Ішімнен: «Бұл Монахтың айтқан бірінші белгісі», – дедім. Ертеңіне тағы барып: «Бұл садақа емес, сендерге арнаған сыйым, дәмнен алыңдар», – дедім.

Аллаһ елшісі сахабаларға қарап: «Алыңдар», – деді. Өзі де жеді. Ішімнен: «Екінші белгі де анықталды», – дедім.

Бір күні сахабалардың бірі қайтыс болды. Аллаһ елшісі де жаназаға қатысып, «Бақиул-Ғарқадқа» (Мәдина мазараты) келді. Жанына барып сәлем бердім. Сосын арқа жағына барып, пайғамбарлық мөрін көруге тырыстым. Ол ниетімді сезе қойды. Онсыз да иықтары ашық болатын. Осылайша көзге ұрып тұрған пайғамбарлық мөрін де көрдім. Монахтың сан жылдар бұрын айтқанындай үшінші белгісіне де куә болдым. Өз-өзіме ие бола алмай қатты толқып, арқасынан қапсыра құшақтап, мөрінен сүйе бастадым. Аллаһ елшісі: «Тоқта, тоқта», - деді. Мен кейін шегіндім. Содан кейін жанына отырып, бастан кешкенімді бірін қалдырмай түгел баяндап бердім. Оның қуанышында шек болмады. Тіпті айтқандарымды сахабалардың да естуін қалады..»[26].

Иә, қыңырлық пен күншілдікті тастап, жүрек лүпілін тыңдай білгендер оны тапты деуге болады. Тіпті тауып қана қоймай, жан-тәнімен оған ғашық болды. Кешегі мен бүгінгі күннің арасында мағына жағынан көп өзгеріс жоқ. Бүгін де сан мыңдаған жандар ақиқатты көріп, растауда. Соңғы елші екенін растап, әлемге жар салуда. Бірақ кешегі мен бүгінгінің арасында өзгермеген бір ғана жайт бар. Ол – қыңырлық пен күншілдігін тастай алмаған жандардың Ақиық елшінің пайғамбарлығын біле тұра әлі де мойындағысы келмеуі.

Бақталастық
Муғирә ибн Шу’бә былай дейді:
«Бірде Әбу Жәһилмен бірге отырғанбыз. Аллаһ елшісі келіп, ақырын үгіт айта бастады. 

Бұны естігенде Әбу Жәһил тұрпайылығына басып:
«Ей, Мұхаммед! Егер о дүниеде үгіт-насихат айтқаныңа куәгер таппай істеп жүрсең, арамтерлікті қой, керек болса өзім-ақ куәгерлік етемін. Тап қазір мені мазалағаныңды доғаршы»,– деді.

Аллаһ елшісі үндеместен тұрып кетіп қалды.
Мен Әбу Жәһилден:
– Расында, сен оған сенесің бе? – деп сұрадым. Ол сонда:
– Негізінде, оның пайғамбар екенін білемін. Бірақ Хашимилармен[27] бұрыннан бері арамызда бір бақталастық бар. Олар рифадә[28], сиқайә[29] бізде деп ұдайы мақтанады. Енді «пайғамбар да бізден шықты» десе, онда  бұған төзе алмаймын», – деді»…[30]

Бірде құрайыш атқамінерлері бас қосып, өзара ақыл-кеңес құрады. Соңында Аллаһ елшісіне Утбә ибн Раби’аны жіберуге шешім қабылдады. Утбә онымен тіл табысып, ойдағыдай көндіріп, дағуасынан (Аллаһқа шақыру) бас тартқызбақшы болған. Бұл кісі сол заманның зиялы қауымынан саналған һәм араб әдебиетін терең, жетік білген адам еді. Ол екі дүние Шамшырағының жанына барып, орға итеретін қитұрқы сұрақ қояды:
«Ей, Мұхаммед! Сен артықсың ба, әлде әкең Абдуллаһ па?».
Пайғамбарымыз бұл сұраққа жауап бермеді. Абзалы, ақымақтың сұрағына жауап бермей, үнсіз қалу болатын. Утбә сөзін ары жалғастырып:
– Егер әкем артық десең, ол сен қарсы шыққан құдайларымызға табынып өтті. Жоқ, егер өзіңді одан артық санасаң, онда, қане, сөйле, уәжіңді тыңдайын, – деп тоқтады.

Әлгіден бері үнсіз тыңдап тұрған Аллаһ елшісі оған:
–  Айтып болдың ба? – деді.
–  Иә, – деп Утбә үнсіз қалды.
Сол сәтте Аллаһ елшісі жүгініп отырды да, «Фуссиләт» сүресін оқи бастады:
 «Олар бет бұрса: «сендерге Ғад, Сәмуд елінің басына келген нажағай секілді апатты ескертемін», – де» аятына келгенде, Утбә одан ары төзе алмады. Бойы сеңдей сіресіп, аяқ-қолдары қалтырай бастады. Ары қарай тыңдауға шыдамы жетпей, қалтыраған қолымен Аллаһ елшісінің мүбәрак аузын басып:  «Тоқта, Мұхаммед! Иман еткен Тәңірің үшін тоқта!» – деп жалынды. Көп ұзамай орнынан тұрып, кетіп қалды. 

Меккенің игі-жақсылары соңын күтіп тұрған-ды. Әбу Жәһил Утбәнің жүрісін жақтырмады. Жанындағыларға «мынаның баруынан қайтуы жаман» деп күбірледі. Утбә ешқайда бұрылмай, үйіне тіке тартты. Тыңдаған аяттары оның тұла бойын жай отындай осып өткен болатын. Аздан соң шайтанға ақыл үйрететіндей қара ниетті Әбу Жәһил Утбәнің үйіне бет алды. Ол Утбәнің иманға келгенінен іштей қауіптеніп, ізін суытпай өзімен сөйлескенді жөн көрді. Оның осал жерін өте жақсы білетін. Салған жерден намысына тиіп былай деді:
– Утбә, естуімше Мұхаммед саған қатты ілтипат көрсетіпті. Сені қонақ етіп, қошеметтеп қарсы алып, ішкізіп-жегізіп, сыйлап, дән риза етіпті. Мұндай қошемет пен сый-сияпатқа масаттанып, көңілің иіп, оған иман келтіріпсің. Жұрт гу-гу етіп, осыны сөз етіп жүр», – деді.
Утбә ашуланып терісіне сыймай кетті.

–  Мен оған ас-ауқат немесе қошемет іздеп барғаным жоқ. Мұны барлығың да білесіңдер. Араларыңда менен дәулеті асқан бай адам жоқ. Бірақ Мұхаммедтің айтқандары мені қатты толқытып, жүрегімді еріксіз шымырлатты. Өйткені оның оқығандарын өлең дейін десем, өлең емес, сәуегейдің сөзіне де ұқсамайды. Сондықтан дал болып, не дерімді білмей тұрмын. Әрі ол – тура сөйлейтін адам. Оқығандарын тыңдаған сәтте Ад пен Сәмуд халқының басына келген бәлелер бізге де келсе, қайттік?» – деп қорықтым»[31].

Жала
Мойындау тек бір-екі адаммен ғана шектелмейді. Ар-ождандағы түсінік бірдей. Бірақ қорқыныш, ашкөздік және қырсық-қыңырлық тәрізді керітартпа әдеттер кейбір жандардың иманға келуіне тосқауыл болды. Олар біле тұрса да, қасақана сенбеді.

 Құран Кәрім олардың осы жайын баян етіп әрі Пайғамбарымызды жұбату үшін былай дейді:
«Олардың айтқандары сені мұңға бөлейтін. Біз, әлбетте, жақсы білеміз. Негізінде, олар сені өтірікші қатарына қоспайды. Бірақ біле тұра, қасақана Аллаһтың аяттарын теріске шығарады» (Әнғам, 6/33).

Олар саған әр түрлі ат тағып, жала жапты. Іс-қылықтары сені қатты мұңайтты. Абай бол! Жаман әдеттерін тастай алмай, нәпсінің құлына айналған бақытсыздардың сөздері сені кейітпесін. Негізінде, олар сенің жалған сөйлеуден пәк екеніңді жақсы біледі. Олар саған жала жаба алмайды. Өйткені жалған сөйлемейтініңді біледі. Сені «Әмин» (сенімді) деп атаған да өздері. Олардың санасыздығы сол – саған жапқан жалаларына өздері де сенбейді. Өздерінің не дегендерін ақылға салып көрген емес. Ендеше, мұңға берілме!

Иә, қос әлемнің тізгінін қолында ұстаған Жаратушының  нұрынан мақұрым өткен бейбақтар ғана бақытсыз, сен емес солар мұңайсын...


[1] Бухари, Бәд’у’л-Уаһи, 3,6; Муслим, әл-Жиһад, 74.
[2] Бухари, Тәфсир, (111), 1; Тәфсир, (26), 2; Муслим Иман, 355.
[3] Аллаһтан басқа құдай жоқ.
[4] Аллаһ бізге жетіп асады.
[5] Абдулмутталиб құрайыш тайпасының көсемі әрі Меккенің билеушісі болған. Дегенмен билік жүргізуге қатысты түпкілікті шешімдер басқа да құрайыш руларының басшыларынан құралған алқалы мәжілістерде қабылданып отырған.
[6] Ибн Һишам, әс-Сирату’н-Нубуә, 1/178; Ибн Са’д, әт-Табақату’л-Кубра, 1/118.
[7] Әбу Тәліб – Абдулмутталибтің ұлы.
[8] Йемен басшысы Әшірұлы Әбрәһә Қағбаның зияратшыларын өзіне тарту үшін  Санға қаласында «Куллайс» атты салтанатты бір шіркеу жасап, алпыс мың  қол, он үш пілмен Қағбаны бұзуға келгенде танғажайып оқиға болып, аспаннан топ-топ құстар келіп, Әбрәһә әскеріне балшықтан жасалған кесектер жаудырып, жермен-жексен етеді.
[9] Фижар соғысы – қараңғылық дәуірінде пұтқа табынушы тайпалардың тиым салынған айларда (харам) жасаған соғыстары
[10] Хадисте былай дейді: “Аллаһ барлық пайғамбарлардың нәсілін өз нәсілдерінен таратты. Ал менің нәсілімді Алидің нәсілінен таратады”. (Байһақи, Мәжма’уз-Зәуә’ид, 9/172; Бағдади, Тариху Бағдад, 1/317.
[11] Пайғамбарымыздың өмірбаяны егжей-тегжейлі зерттеліп жазылған кітаптар
[12] Еврей
[13] Ибн Һишам, Сирә, 1/191-195.
[14] Исламнан бұрынғы дәуірде пұттарға табынбай, тек бір Құдайға сенген адам. (ауд).
[15] Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 2/298.
[16] Аллаһтың Жәбірейіл періште арқылы пайғамбарларға жіберген хабары (ауд).
[17] Бухари, Бад’у’л-Уахи, 3.
[18] Муснәд, 5/451.
[19] Құран аяттарын талдап, түсіндірме жазушылар.
[20] Ибн Хажәр, Исабә, 2/320.
[21] Құран аяттарын талдап, түсіндірме жазушылар.
[22] Мухтасару Тәфсири Ибн Кәсир, 1/140; қараңыз; Суюти, әд-Дурру’л-Мәнсур, 1/357.
[23] Бухари, Тәфсир, (2),6; Ахмәд ибн Ханбәл, Муснәд, 3/108, 271-272.
[24] Отқа табынушы.
[25] Қуба – Мәдина маңайындағы елді мекеннің атауы
[26] Ибн Һишам, Сирә, 1/228-234.
[27] Пайғамбардың руы (ауд).
[28] Қараңғылық дәуірде кедей қажыларға ақша, азық-түлік, т.б. тарату (ауд).
[29] Сол дәуірде қажыларға су тарату (ауд.).
[30] Алауиддин Али әл-Муттахи әл-Һинди, Кәнзу’л-Уммал, 14/39-40; Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 3/83.
[31] Ибн Кәсир, әл-Бидайа, 3/80-81; Ибн Һишам, Сирә, 1/313.

 

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.