4. Мәуғизатул-хасана (көркем үгіт-насихат)

Мәуғизатул-хасана (көркем үгіт-насихат)

Пайғамбарлар дағуаларында әрқашан құрғақ сөзділіктен ұзақ тұрған. Олар адамдарға «мәуғизатул-хасана» және «хикметпен» айтқан.

Құран Кәрімде Пайғамбарымызға былай деп айтады: «Адамдарды Раббыңның жолына хикмет пен көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен ең жақсы түрде күрес» (Нахыл, 16/125).

Оларға ғаламның жаратылуы мен күллі болмыстың сырын мақұлдайтындай етіп сыпайылап жеткіз! Көңілін ренжітпей, жүрек пен санасын жаңғыртуға күш сал!

Пайғамбарлар демагогия, диалектикалық, пәлсапалық тәсілге жүгінбеген. Өйткені кеше де, бүгін де демагогия кейбір ақымақтардан басқа ешкімді қанағаттандыра алмады.

Олардың міндеті – хикмет пен  «көркем үгіт» арқылы ғана дінді жаю.

Адам жаратылысы тек ақыл мен санадан тұрмайды. Жүрегі, рухы, сыры, жан-сарайы, сезімдері бар. Бұлардың барлығы да қанағат табуы тиіс. Пайғамбарлар Жаратқанның пәрмендерін адамдарға олардың табиғи болмысын ескеріп, санасы мен сезімін қанағаттандыра отырып, жеткізген. Адам баласының қандай да бір ерекшелігін назардан тыс қалдырмай, күдік-күмәнға жол бермей, тыңдаушысын иман әлеміне жеткізген. Бұл да адамның жаратылыс мақсаты.

Олардан тікелей білім алған жандарда біз білмейтін ерекше «иақин сезімі» (көзбен көргендей терең иман сезімі) пайда болады. Ол мынадай сезім: білім алған адамдар олардың сұқбатын тыңдап, дәріс алып отырған сәттерінде, көңіл-көздері ашылып, басқа жан көре алмайтын, біле алмайтын мәселелер оларға ап-анық аян болады. Мұнан соң күллі әлем күдіктің батпағынан шыға алмай, күпірліктің ішінде малтығып жүргенде, олар елең етпейді. Неге десеңіз, олардың ар-ождандарында пайда болған мағрипат қазынасына ешқандай күмәнның  шаң-тозаңы қона алмайды.

Аллаһ олардың білген бір нәрсесін мыңға айналдырып, білмеген нәрселерін үйретеді[1]. Көктен ескен шабыт самалдары жүректерін бейне бір көгілдір аспан секілді тұнық қылады. Олар да үйренгендерін түгелдей іске асырып, «жақсы сөз» арқылы көкке қарай самғайды[2].

Тіпті олардың арасында Әли (р.а.) секілді жандар шығып, «ғайыптың пердесі түрілсе де иманым артып-кемімейді», – деп, сырлы әлемнен сыр шертеді. Яғни, «ғайыптың пердесі ашылып, әлемнің арғы жағын көрсем, дәл қазіргі сенгенімнен артық басқа бір мағрипат шыңына жетемін деп ойлай алмаймын, өйткені ғайыпқа иманның шыңындамын» дегені болатын[3].

Әлидің (р.а.) айтқан бұл сөзі – «ырыс-несібеге шүкір» дәрежесіне сай айтылған сөз. Мұхаммед Мұстафа Хақтың жазмышымен оны қияметке дейін келетін әулиелердің әкесі етті. Бақыт отауына кіргізіп, әйел затының хас сұлуы, ең нәзігі әрі ең әсемі, тіпті хор қыздарынан да сұлу сол бір пайғамбарлық бақтың гүлі – Фәтима анамызбен үйлендіріп, осы құтты некеден көркем де көрікті ұлдары, яғни Хасан мен Хұсейін (р.а.) дүниеге келді. Әрі күллі әулиелер де осы қайнардан шыққан.

Иә, хазірет Әли осындай дара тұлға атанып, одан өрбіген алтын текті шежіреден атасына тартып, дүниені дүр сілкіндірген көптеген қаһармандар шықты[4].

Иә, мұндай даралық Ислам мен иман арқылы «ихсан» сырына ие болған жандарда ғана болады.

Олар бұл дүниеде жүрген кезінде-ақ: «Саған пердені аштық. Міне, бүгін көзің өткір» (Қаф, 50/22) дәрежесіне ие болады.

Батыстықтар интуиция деп атаған осы бір күй адамның ар-ожданында пайда бола бастаған кезден-ақ сыртқы әлем үнсіз қалып, ішкі сезімдердің дүлейі тұла бойын жаңғыртады да, рухы мен жан-сарайы дүркін-дүркін түлеп, жанданып, жаңарған бір күйге енеді. Өйткені мағрипат Сұлтаны сол көңілдің төрінде еді. Оны сырттан іздеудің ешбір қажеті жоқ.

Міне, шәкірттерін осындай деңгейге жеткізген Пайғамбарымыз тәсіл ретінде көркем үгіт-насихатты негіз етіп алып, тәблиғ ғимаратын да осы негіздің үстіне орнатқан.

Біз қозғаған осы мәселе мына аятта өте түйінді сөзбен әрі мұғжизалы бір тәсілмен айтылады: «Сендерге өз араларыңнан аяттарымызды оқитын әрі сендерді тазартып Құран мен хикметті үйрететін елші жібердік» (Бақара, 2/151).

Екі әлем Сардарының осы мәселеге берген маңызын, ұстанымын жоғарыда айтып кеткендіктен, мұнан ары қозғауды жөн көрмедік. Сондықтан сөзімізді былайша қорытындылайық: Ол әрқашан тыңдаушысының жағдайы мен дәрежесіне қарай сөйлейтін. Яғни, ой-санасы мен жүрегін, ар-ожданы мен жан-сарайын қанағаттандыра алатын хикметке негізделген тәсілді пайдаланатын. Сондықтан да оны тыңдағандардың басым көпшілігі қайтарда иман нұрына бөленіп қайтатын.

Уәлид ибн Муғира, Утбә ибн Рәби’а секілді адамдарға келсек, олар хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) сөздеріне сенгенімен, оның растығын мойындағанымен, тәкаппарлықтың бұғауын бұлқынып бұзып, иманға келе алмады. Бұл – тыңдаушының кемшілігі. Арасында шайыр А’ша тәрізді адамдар хақты қабыл етсе де, бұрынғы үйреншікті әдеттерін тастай алмай, уақытша шегінгендері де бар. Кейбірі қорқыныштың құрығынан құтылып кете алмай, хақты теріске шығарды. Егер һидаятқа (тура жол) жете алмай өлсе, бұны олардың алдын-ала жазылған жазмышына қатысты деп қабылдау керек. Бұл жерде Аллаһ расулына байланысты ешбір кемшілік те, ағаттық та жоқ. Болуы да мүмкін емес.


[1] “Кімде-кім білгенін іске асырса, Аллаһ оған білмеген ілімін үйретеді” (Әбу Нуаим, Хилиә, 10/15).
[2] “Жақсы сөз Аллаһқа қарай шығады, жақсы амал (іс) оны көтереді” (Фатыр, 35/10).
[3] Алиу’л-Кари, әл-Әсрару’л-Марфу’а, 286 бет.
[4] Муслим, Фәда’илу’с-Сахабә, 61.


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.