Иләһи ілтипат
Аллаһ тағала сүйікті Пайғамбарына бір аятта былай дейді:
«Ей, Расул! Раббыңнан саған түскендерді тәблиғ ет. Егер іске асырмасаң, онда жүктелген елшілік міндетіңді орындай алмайсың. Аллаһ сені адамдардан сақтайды. Күдіксіз, Аллаһ кәпірлерді мұрат-мақсатына жеткізбейді» (Мәида, 5/67).
Аллаһ тағала ешбір пайғамбарға дәл осылай ілтипат білдірмеген. Өзге пайғамбарлардың есімдерін ғана атаса, Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) «елшім» деп ардақ тұтқан.
«Ей, Расул!» сөзі – Хақтан хабар әкелген, иләһи жалғастығы бар адам дегенге саяды. Осылайша Аллаһтың оған ерекше қасиет дарытуы бізге де сол Пайғамбардың абыройы мен қадірін еске түсіреді. Бұны оның беделінің паш етілуі деп те айтуға болады. Ол осындай абыройға ие бола отырып, бізге жеткізуі тиіс хабарларды жеткізеді. Яғни, пайғамбарлардың үлкендік ерекшелігі сол – бейне бір Аллаһ оған құрмет көрсетіп, «Ей, Ахмет, ей, Мұхаммед, ей, Мұстафа, ей, Махмұд» демей, «Ей, ұлы расул!», яғни, сана-сезім мен жүректі тірілтіп, иләһи хабармен адамзатқа жәрдемдесуге ұмтылған пайғамбар дейді. Өйткені Ұлы Аллаһ көкке шарықтаған нұрдың шыңына шығарып, оны өзімен тікелей жүзбе-жүз дидарласатын адамы еткен. Әлемнің Ұлы Жаратушысы пайғамбарын құзырына шақырып, жүзбе-жүз сөйлескен. Айтқандай-ақ, кейбір зерттеушілер Пайғамбарымыздың Миғражда Аллаһпен тікелей сөйлескенін айтады. Басқа уақытта уахи арқылы перде артынан көрінбей сөйлессе, ал Миғражда тікелей жүздескен[1].
Міне, Мұхаммед Мұстафа осындай адам. Аллаһ пайғамбарын өзге ешкім жете алмайтын биікке шығарып: сен өзіңе жүктелген хабарларды адамзатқа тоқтаусыз жеткізуің керек. Және осы істе еш нәрсе саған бөгет болмауы тиіс. Иә, сен жолыңда бөгеліп қалмауың қажет. Қорқу да, абыржу да, тосқауылдар да, шөл мен аштық та, атақ, мансап та сенің дінді жаюыңа кедергі жасамауы керек, – дейді.
Аллаһ елшісі бір сәт тоқтап қалмай, өзіне жүктелген міндетті орындаған. Оған пайғамбарлықтың есігі ашылған соң көп ұзамай соның төріне озады. «Қаб қаусайни әу аднә» (Нәжім, 53/9) аятын да осылай түсінуге болады... Оған арнайы шарықтау шегі берілген болатын. Пайғамбар осы шектен көп асып кеткен еді. Миғражға көтерілгенде белгілі бір шекке жеткенде Жәбірейіл оған: Ары қарай жүр, Мұхаммед! Бұдан кейінгі жол – сен ғана жүре алатын жол. Мен сәл ғана ілгері бассам, Раббымның ұлы нұры мені күйдіріп күлге айналдырады! – деп қасиетті жолды нұсқады.
Бұл – мүмкіндік әлемінің шегінен асу.
Бұл сөздер Аугусте Комтені еске түсіреді. Француз ойшылы Аугусте Комте (1798-1857) – позитивизмді құрушылардың бірі. Өмір бойы дінге жауығып өткен адам. Оның ойынша, білімнің тәжірибе саласына жатпаған барлық нәрсе тек сандырақ қана. Бірақ «Тарихи мұратта» оған байланысты мына жай айтылады. Бір кездері Комте Андалусияға барып, сол жердегі Ислам өнер туындыларын таңырқай тамашалап, осы дін жайында тереңірек білу үшін, кейбір адамдарға сұрақтар қойыпты. Алған жауаптарына, әсіресе, Пайғамбарымыздың умми болғанына қайран қалыпты. Сонда да сеніңкіремей Римге барып, IХ Папамен кездесіп, осы жайлы сұраған екен. Ол да айтылған жайттардың шындық екенін растаған кезде, философ таңданысын жасыра алмай: «Мұхаммед құдай емес, бірақ адам да емес», – деуге ғана шамасы келіпті.
Негізінде, біздің Бусайриіміз де осылай демейтін бе еді?
«Ғылымның жеткен ең қиыр нүктесі мынау: ол – адам, бірақ Аллаһтың жаратқан болмыстарының ең жақсысы».
Яғни, ол Әминадан туған Абдуллаһтың ұлы, Абдулмутталибтың немересі. Ол пайғамбарлық көгінде шарықтаған қыран құс. Сол себепті біз оны терең тани алмаймыз. Біздің сөзіміз бен ісіміз үнемі оның айналасында өрбіп, одан ары асып кете алмауда. Сардар миғражда көтеріліп қиянға жеткені соншалық – аяғын қайда қойғанын біле алмаймыз. Өйткені оны адами ұғыммен немесе адами санамен түсіну мүмкін емес.
Тәблиғ аса маңызды міндет болғандықтан, Аллаһ өзінің сүйікті құлына осы міндетті жүктеген. Әрі осы берілген уазипаны орындамаса, пайғамбарлық міндетті іске асыра алмаған болып есептелетінін айтып, қатаң ескерткен.
Ендеше, оның үмбеті болып саналатындықтан маңызды міндетіміз – дінді тарату міндеті. Иісі адамзат Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) әкелген ақиқат пен ізбасарларының абылқаят емінің арқасында ғана өмірдің барлық саласында жан-жақты өркен жаятынын әсте ұмытпайық.
[1] Бухари, Салат, 1; Муслим, Иман, 259; Ибн Кәсир, Тәфсир, 7/424.
- жасалған.